Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АТА ЗАҢЫМ – АЙБЫНЫМ

Ерболат ЖҮСІПОВ muftyat.kz 30.08.2020 1183 0 пікір
АТА ЗАҢЫМ – АЙБЫНЫМ

Қазақ халқы ежелден заңсыз, жорасыз өмір кешкен емес. Сонау сақ пен ғұннан басталып, Күлтегін-Тоныкөкпен жалғасын тапқан адалдық пен адамгершілікке негізделген дала заңы – Керей мен Әз-Жәнібек құрған қазақ хандығында Алланың хақ дінімен үйлесім тауып, іргелі елдің берік іргетасын қалыптастырды. Одан бертін Есімнің ескі жолы, Қасымның қасқа жолы болып жаңғырып, Жеті жарғымен қайта түледі.

Міне, осындай сан заманды бастан кешіріп, әбден ысылған аталар жолы бір замандар келгенде кәдімгідей қыспаққа түсіп, бөтен жұрттың дегеніне де бағынды. «Ешкімге бас имеймін» деген Кенесары басынан айрылды. «Елімізді өз заңымызға сай, жөнге бастар күн туар ма екен» деп Абайлар күңіренді. Абай арманын іске асыру жолында Әлихандар құрбан болды.

Дүрбелең замандарды бастан өткереіп, ақыр соңында қазақ елі де армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Алайда ұлан-байтақ жер мен ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырған аз ғана халықтың халі – анталаған топ қасқырдың арасында қалып қойған, тұсауын енді ғана кескен жас сәбиге ұқсайтын еді. Сол уақытта еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, Ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталған болатын. Бұл заң басқа заңдардан өзгеше еді. Ол үшін талай адам түнде ұйқысын, күндіз күлкісін қиып, көз майын тауысты. Халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен таным-түсінігін ескере отырып, әлем елдерінің тәжірибелерін де назардан тыс қалдырмай, халқымыздың игілігі мен жарқын келешегін ойлап қабылданған Ата Заңымыз – еліміздің ілгері жылжып, жаһандану заманына жұтылып кетпеуінде маңызды рөл атқарып келеді.

«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталатын (1-бөлім, 1-бап) Ата заңымыз, өз азаматтарын ешқашан далада қалдырмақ емес. Отанымыздың табиғатын да аялап, өсімдіктер мен жануарларын да қамқорлығына алады (1-бөлім, 6-бап).

Алланың қалауы, тағдырдың жазуы айдап келген көп ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне дейін қараусыз қалдырмай, олардың өз тілдері мен дәстүрлерін үйренуіне жағдай жасайды, ешкімді қумайды (1-бөлім, 7-бап, 2-бөлім, 10-бап).

Қару мен жойғыш заттардың шектен тыс дамып, бір түймешеге басу арқылы миллиондаған өмірдің ойранын шығаруға болатын мына заманда, әлемдік деңгейдегі мәселелердің барлығын бейбіт жолмен шешуге, ешкімнің ішкі мәселесіне араласпауға, қарулы күшті бірінші болып қолданбауға шақырады (1-бөлім, 8-бап).

«Дінде зорлық жоқ» деген Алланың сөзімен («Бақара» сүресі, 256-аят) үндескен Ата Заңымыз әр адамның сенім бостандығына құрметпен қарап, діни сенімін таңдауға еркіндік құқығын береді (2-бөлім, 19-бап).

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен сахабаларының жанынан бір кісі өтіп бара жатады. Оның күш-қуатын көрген сахабалар «Шіркін, мына жігіт Алла жолында күрескенде ғой» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол кішкентай балаларына нәпақа табу үшін кетіп бара жатса, онда Алла жолында. Егер қарт ата-анасын асыраймын деп жұмысқа бара жатса, онда да Алла жолында. Егер ешкімге мұқтаж болмайын деп, өз несібесі үшін еңбек етуге бара жатса, тағы да Алла жолында. Ал егер мақтаныш, рия үшін осылай бара жатқан болса, онда шайтанның жолында», - деп (Табарани, Сахиху тарғиб, 1692) адамның еңбек етіп, отбасын асыруға құқығы бар екенін, тіпті сол үшін сауапқа да кенелетінін ұғындырады. Басқа бір хадисінде «Жұмысшының еңбегін тері құрғамай тұрып беріңдер!» (Ибн Мәжа), «Біреуге жұмыс істетіп алып, ақысын бермей қойған кісімен Қиямет күні Мен есептесемін» (Бұхари) деп еңбек еткен адамға міндетті түрде ақы төленуі керектігін ескертеді.

Біздің Конституциямыз да бұл мәселені айналып өтпей, азаматтарымыздың өз қалауы бойынша еңбек етуіне және еткен еңбегі үшін еңбекақы алуына да кепілдік береді (2-бөлім, 24-бап).

Ата Заңымыздың ізгілігін осылай санамалап кете беруге болады. Мәселен, біз мән бере бермейтін тегін орта білім алу, медициналық қызмет, жалақы, зейнетақы, еңбек демалысы, шетелге барып білім алу немесе саяхаттау құқығымыз және т.б. дүниелердің бәрі де Ата заңымыздың негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Еліміздің тәуелсіздігін сақтап, әлемде өзіндік орнын иеленуі де – осы Ата Заңымыздың жемісі.

Тоқ етерін айтар болсақ, «Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы». Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азамат Ата Заңын жетік білсе, бабалар аманатына адал болғанындай, Ата Заңға да адал болса, заң талаптарын сақтаса, еліміз тек биіктерден көрінері сөзсіз. Лайым солай болғай!

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі