Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадір түнін үйде қалай өткіземіз?

Мұхаммеджан Естеміров muftyat.kz 19.05.2020 9897 0 пікір
Қадір түнін үйде қалай өткіземіз?

Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. Бүгін мешіт таңғы сағат 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара болып саналады.

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды.

Мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбәрак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған  түн.

Қадір кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері  мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» және де «Кім қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» - деген.

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадір кеші рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.

Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн және оған мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз.  

Биылғы жылы төтенше жағдайға байланысты елімізді Қадір түнін үйлерінде өткізуге шақырамыз. Бұл рухани кеш – адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.

Сондай-ақ, қасиетті Қадір кешінде үйде отырып мынадай амалдарды орындай аламыз:

- Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
- Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазын оқу;
- Құран, хадис кітаптарын оқу. Немесе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихын оқу;
- Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкағатт нәпіл намазы оқылады.

Бұл төрт рәкағат намазға былайша ниет етіледі: «Я, Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкағатта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадір» сүресін оқу. Екінші рәкағатта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші рәкағаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң, Алла Тағаладан өзімізге, барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық-несібе тілеп, бұл дүниенің және ақыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.

- Тәспі тарту;
-  Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіп оқылады.
-  Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
- Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

Осындай мүбәрак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп,  көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды  Алла Тағала қабыл еткей! Әмин! 

Мұхамеджан Естеміров, 

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы

бас имамының орынбасары

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру