Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛЛА ТАҒАЛА ИМАН КЕЛТІРУІМІЗГЕ МҰҚТАЖ ЕМЕС

Балтабай МЕКЕЖАНОВ muftyat.kz 13.05.2020 1358 0 пікір
АЛЛА ТАҒАЛА ИМАН КЕЛТІРУІМІЗГЕ МҰҚТАЖ ЕМЕС

Бүгінде әлеуметтік желілерде басқалардың ойын Ислам дінінен алшақтатып, «тәңіршілдікке», «ата жолына», «жаңа пайғамбардың келгеніне» аударатын жансақ пікірлер айтылып, рухани дүниесін онсыз да  орнықтыра алмай жүрген ағайынның ойын сан-саққа жүгіртіп шатастыруда. Ондай пікірді таратушыларды Құран Кәрім былай деп ескертеді: «Ақиқатын айтар болса (күйкі тіршіліктері) күпірлікпен өтіп, кәпір күйінде өлгендерге Алланың және Оның періштелерінің және барлық адамдардың лағнеті бар» («Бақара» сүресі, 161-аят). Түйсікті жан бұл келтірілген Құран аятына дұрыс мән бере білгені жөн-ау!

Өкінішке қарай, отандастарымыздың ішінде кейбірі арабшаны үйрене алмай немесе мұсылманшылықтың бұйрықтары мен тыйымдарының бірімен келіссе, бірімен келісе алмай жүргендері «тәңіршілдіктің» амал-жоралғыларын орындау оңай деп есептеп, мазмұны мен мәніне бармай-ақ, оны дәріптеп, қолпаштап қолдауға кіріскен. Енді біреулері бес уақыт намазын оқып, мұсылмандық жолда жүрмін дегенмен аракідік өз ойында, салт-дәстүрде, тіпті күнделікті тіршілікте бой көрсетіп қалатын кейбір жұмбақ жора-жосықтардың, құбылыстардың себебін таба алмай «ата жолын» дәріптеп жүргендерге көңілдері ауа бастаған. Ондайлар Құран Кәрімдегі: «Өздеріңе анық дәлелдер түскеннен кейін бір-бірімен келіспей, пікірталасқа түсіп кеткен (яһудилер мен насралардың) жұрт сияқты болмаңдар. Оларға ауыр азап бар» («Әли Ғимран» сүресі, 105-аят) деп айтылғанның байыбына бара алмай отырған сыңайлы. Ол аздай екіұдай болып жүрген отандастарымызды «жаңа пайғамбарлар» өздерін қолдауға шақырып, дінді ұстанудың «жеңіл» жолын ұсынуда. Осының барлығы күні бүгін болып жатқан шындық. Тіпті Рамазан айының қадір-қасиетіне де қарамай, мұсылманның абыройы мен ар-ожданын аяқасты етуде. Айттың не, айтпадың не мұның бәрі өзіміз көзін көрген ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан мұсылмандыққа қаяу салып, одан замандастарымызды, әсіресе жастарды алшақтатпаса, жақындату үшін жасалып жатқан іс-әрекетке ұқсамайды. Бұлардың барлығы белгілі бір мақсатпен немесе біреудің ықпалымен жасалып жатуы да ықтимал.  

Байқап қараса, олардың алға тартатын уәжі «енді қазақ «арабқұл» болып барады, ата-дәстүрді мансұқ етіп араб-парсы, қала берді түріктердің әдебі мен тіршілігін дәріптеуге көшті, жастары адасып террорист, қаныпезер, адамгершіліктен, ұлттық қасиет пен келбетінен айырылуда» деген айыптаулардан тұрады. Онымен қоймай «соның бәріне кінәлі мешіт имамдары мен дін қызметкерлері» деп, Исламды қаралауға көшкен. Сондай-ақ, олар Исламды адамның, әсіресе ен далада еркін өскен қазақтың, жеке басын шектеп, бойында құлдық сана-сезім қалыптастыратын, білім алуға, жасампаздыққа ұмтылысын басып-жаншуға бағытталған діни сенім деп көрсетуге тырысуда. Бұған әрине өздерін «таза исламдамыз» деп жүрген «теріс» ағымдағылардың да, діннен және зайырлы ілімнен білімі таяз молдалық құрып жүргендердің іс-әрекеттері мен ой-пікірлерінің «отқа май» құйғандай кері әсерін тигізіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Осы ретте «адаспайтын пенде жоқ» деген нақыл сөзді қаперге ала отыра,  бір адамның, мейлі жүз адамның қателесуі мүмкін, бірақ күнделікті тіршілігінде амал-әрекеттері мен әдет-ғұрыптарын Исламмен сабақтастырып өткен аталарымыз бен әжелеріміздің барлығын қалайша адасқан деп айта аламыз деген сұрақтың туындауы хақ. Егер олай айта алсақ, онда олардан қалған ұлан байтақ жер мен рухани, мәдени т.б. құндылықтар мен байлықтың қадіріне жете алмаған жетесіздіктен болар. Осындайда Абай бабамыздың мына сөзі еске түседі: «Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» - дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз».

Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың арасында кейбіреулерінің тіршіліктің эволюциялық дамуы мен қоғамдық формациялардың өзгерістерін біле тұра, талай ғасыр бойы адамзатты жақсылыққа шақырумен келген Ислам дініне жала жауып, оны жат дүниеге айналдырғысы келетіндері мұсылмандардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіруде. Болмаса қазақ жеріне Ислам діні келуімен біздің бұрынғы салт-дәстүрлер мен жөн-жосықтардың іс-түзсіз жоғалып кетпегені анық. Қайта «қазақтың ертедегі діни наным-сенімі жүйеленіп, айқындалып, ақ пен қараны, жаман мен жақсыны, адал мен харамды нақты айыруға мүмкіндік алды» деген пікірдің негізсіз еместігіне көз жеткізе түсеміз. Бұл ретте Ислам дінінің білім алуға қатысты көзқарасына тоқтала кеткен жөн болар. Өйткені жоғарыда айтылған ой-пікірлердің барлығы білгенін дұрыстап тоқи алмаудан туындауы әбден мүмкін. Құран Кәрім бұл жөнінде: «...Алла сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар» («Мүжадала» сүресі, 11-аят) дейді. Яғни Ислам ғылым үйренудің мүміндер үшін артықтығын алға тартып, Аллаға иман келтіргендерге оқып, білім алудың маңыздылығы мен қажеттілігін түсінуге шақырады.

Ерте заманда ата-бабаларымыздың сыйынған құдайы Тәңірдің бір Алла екендігін Ислам келіп, дәлелдеп көрсетпегенде қазақ халқы әлі қанша ғасыр күнә мен сауаптың ара-жігін айыра алмай жүрмесіне кім кепіл. Бұған әрине, «тәңіршілдік» жолдағылар қарсы уәж айтып, Исламда қолданып жүрген терминдердің, түсініктер мен атаулардың бұрыннан түркілерде қолданыста болғанын дәлелдеп бағуда. Жалпы бұдан қазақ халқының діни сеніміне келіп-кетер нұқсан шамалы екені рас. Тәңіршілдіктің те, Исламның да бір құдайға сеніп, дәріптеуге шақыратынын ескерсек, онда олардың ұқсас жақтарының болуы заңдылық. Исламды, оның Ханафи мазхабын өздерінің тура жолы деп таңдап алған қазақтан өзге халықтар мен ұлыстар аз емес. Көрші туысқан түркі елдерді айтпағанның өзінде, Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азия елдерінің халықтары тұрмыс-тіршілігінде ұлттық салт-дәстүрінен қол үзіп кетпегенімен, Ханафи мазхабын ұстанатынына арланбайды. Ал біз мұсылмандық сенімнің елдің, халықтың бірлігі мен тыныс-тіршілігіне пайдасы мен маңызын көре тұра, енді одан неге жиренуіміз керек?!

Қазақ бұрын өткен ата-бабаларының әруақтарын еске алып, майдың иісін шығарып «жеті шелпек» пісірсе, қазір де ол әдетінен жаңылмай, Алланың атымен, Құран бағыштай отырып, сол жора-жосындарды кедергісіз атқаруда. Жер-ана мен табиғаттың қадір-қасиетін бағалап, Наурыз мерекесін тойлауды, қалжа той, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той т.б. тойлар мен ас түрлерін беруді де ұмытпай жалғастыруда. Қазақтың Ислам дінін қабылдауының өзінде бір Құдайға сыйынуға деген оның ұлттық дүниетанымымен етене байланысып жатқаны ғылыми еңбектерде талай айтылып, дәлелденумен келеді. Қазақ тіліне аударылған Құран Кәрім мағынасының аудармаларында да Алланы Тәңір деп келтірілетінін аңдамау мүмкін емес. Осының өзінен Жаратушының бір екенін, сыйыну объектісінің де бір екендігін неге түсінбеске. Әрине, мұсылмандық діни құлшылық, ғибадаттарды нәрін жоғалтпай, дұрыс түсініп атқару үшін сүре-аяттарды арабша оқуды абзал санайды. Бұл өз кезегінде кейбір бауырларымызға намаз оқуда тілдік тұрғыдан «қиындық» тудырып жататыны да рас. Дейтұрғанмен, соңғы техникалық жаңалықтарды меңгеруге ақылы мен күші жететін ағайынның өз мүмкіндігі мен қажетіне қарай Құранның сүре-аяттарын жаттап алуға қиналатыны күмәнді. Шындап келгенде ондайлардың ар жағында енжарлық пен жалқаулықтың жар бермей жатқанын айттың не, айтпадың не. Сондықтан, ағайын, онсыз да саны аз қазақты жұлмалап, әрі-бері тартып, жікке бөлудің бүгінде тым қауіпті екенін, аяғы жақсылыққа апармайтынын ұмытпайық! Мұндай әсерлі сөздерді айтуға әуес болғанымызбен, байыбына бара алмай жүргеніміз өкіндіреді. Қазақтығымыздың ерекшелігі мен ертеңін сақтау – әрбіріміздің басты міндетіміз деп біліп, осыны әрдайым парасатпен, өзара түсіністікпен, сыйластықпен іске асыра білейік!

Алла Тағала өзінің рахымы мен мейірімі түскен пендесін жамандықтан сақтайды: «Кім жақсы іс істесе, пайдасы өзіне, ал жамандық істесе, зияны (тағы) өзіне. Раббым Өз пенделеріне қиянат жасамайды» («Фуссилат» сүресі, 46-аят) деп білместіктен адаспауға, күпірлік жасамауға шақырады.      

 

Балтабай МЕКЕЖАНОВ,

Бас мүфтидің халықаралық және іске мәселелер бойынша кеңесшісі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі