Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қажылық сапардың құны неге қымбат?

kazislam.kz 05.07.2019 5161 0 пікір

Биылғы үлкен қажылық сапар уақыты да жақындап келеді. Бұл сапардың маңызы өзге құлшылықтардан ерек. Ауқатты мұсылман қауымға парыз етілген айрықша ғибадатқа дайындық та басталып кеткен.

Статистикаға көз жүгіртсек, тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1993 жылы 150-ге жуық отандасымыз қажылық парызын өтесе, 2013 жылы 5500-ге дейін саны артқан. Өткен жылы Қазақстаннан 3000 азамат қажылық парызын өтесе, биыл 3200 квата бөлініп отыр. Амал-сауаптан рухани азық алуды мақсат тұтып, қасиетті Мекке жеріне табанын тигізіп қайтуды арман еткен әр мұсылман үшін рухани мереке деп айтсақ та әбден болады. Өйткені кәмелетке толған жасы да, жастарға үлгі болып жүрген жасамысы да жылына бір ғана мәрте берілетін үлкен мүмкіндікті зая кетірмеуге тырысады.

Сол себептен де дәстүрлі түрде «Биылғы қажылықтың құны қанша?» деген сауал көптің көкейінде.

Мәселе — қаржының қымбаттап немесе арзандап кеткенінде емес, жүрегінде иман нұры төгіліп тұрған әр мұсылманның арманын іс жүзіне асыру, мақсатына қол жеткізіп, шүкір етушілердің қатарынан табылуына ықпал ету. Сондықтан да бұл сапаржол құнының өсуі ешқандай кедергі келтірмейді.

Есесіне, сапалы қызмет ұсынылып, кемелін толықтырып қайтуға зор мүмкіндік алады. Мәселен, биылғы қаржы көлемі ең төменгі баға 4800 АҚШ доллардан басталып отыр. Ал былтыр 4200 АҚШ долларынан басталған болатын.

«Көршілес ел Тәжікстанның Дін істері жөніндегі комитеті биылғы жылы ел азаматтарына қажылық құнын 3700 АҚШ доллары етіп белгілеген» дейді «Fars news» агенттігі. Агенттіктің хабарлауынша, 3700 АҚШ доллары ішінде барып-қайту билеттері, Мекке мен Мединада қонақүй, азық-түлік, гидтер, құрбандыққа қойларды сатып алу, тасымалдау құны, жергілікті қызметтер, медициналық және басқа да қызметтер кіреді екен. Біздегі қажылық құнынан 1100 АҚШ доллар арзан.

Ал ҚМДБ-ның  қажылық бөлімінің мәлімдеуінше, жыл сайын Ораза айынан 3-4 ай алдын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабияның Қажылық министрлігі арасында келісімшарт жасалып, қажылықтың маусымдық жұмыстарына кіріседі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың қаңтар айында Бас мүфти бастаған делегация елімізден шамамен 3200 адам қажылыққа барады деп жоспарлап, осы санға квота алып келісімшартқа отырған. Ол квота еліміздің қажылық сапармен айналысуға қабілетті деп танылған 18 қажылық компанияларына бөлініп берілді. Бұл компаниялар өз кезегінде эконом, стандарт және жоғары санаттағы пакет түрлерін қажыларға ұсынады.


Әр санаттың қызмет сапасы мен шығынына орай бағасын әр компания өзі белгілейді. Бұл жерде басты айтатын мәселе, қай санат болмасын қажылық жасаушыдан компания шамамен 50 мың теңгеге жуық пайда көреді. Қажылық жасаушыдан алынған қалған қаражат қажының шығындарына жұмсалады. Егер қажылық жасаушыдан компания өкілдері 50-60 мың теңгеден астам пайда көздейтін болса, сапалы қызмет көрсете алмайды. Яғни талғамы жоғары қазақстандық қажыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмесе, дұрыс қонақүй, жаңа автобус, мина-арафатта жайлы шатырлар алынбаса отандық қажылардың наразылығын тудырады. Демек, талап көбейіп, талғам өскен жерде қажылық бағасының қымбаттауы да заңдылық, — дейді ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов.

Сондай-ақ жыл сайын бағаның өсуіне қандай себептер әсер етіп жатыр деген сауалымызға бөлім меңгерушісі бірнеше себебін де айтып өтті.

Біріншіден, Сауд Арабиясында Қажылық министрлігіне қарасты Мекеме (муассаса) деп аталатын мекеме негізгі жұмысты жүргізеді. Осы Мекеме бұрын эконом қызмет түрімен келген қажылардан мүлдем ақы алмайтын. Бүгінде эконом пакетімен келгендердің әрқайсысынан 300 АҚШ доллары көлемінде баға белгіледі. Ал стандарт пакетінділерге баға 2 есеге өсті. Олар мұны осыдан 3 жыл бұрын өздерінің ішкі заңдарына өзгерістер енгізу арқылы негіздеп алды.

Екіншіден, отандастарымызды әуе жолымен тікелей тасымалдау мәселесі шешілгеннен кейін әуе қатынасының қызмет бағасы да өсті. Мысалы, бұрын қажыларымыз Ыстамбұл, Шарджа, Дубай арқылы сапар шексе, бүгінде еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалаларынан тікелей чартерлік рейстер ашылды. Әуе компанияларының ұшақтары осы шаһарларға бос ұшып келіп, біздің адамдарымызды Сауд Арабиясына тасымалдайды. Бір бағытқа жолаушысыз ұшатын болғандықтан бұл да бағаға әсер етпей қоймайды. Мұның барлығы қажыларымызға мінсіз қызмет көрсету үшін жасалып жатқан шаралар. Бүгінде Сауд Арабиясының «Флай нас» әуе компаниясы мен отандық «Скат» әуе компаниясы отандастарымызға қызмет көрсетуде.

Үшіншіден, жолаушыларды әуежайлардан қонақүйлерге жеткізу, қала ішінде және Мина мен Мұздалифаға тасымалдау құны да 3 есеге өсті. Алайда қызмет ету сапасы да едәуір артты. Төртіншіден, 2015 жылдан бастап елімізде теңгенің еркін айналымы енгізіліп, ұлттық валютамыз 1 АҚШ долларына шаққандағы бағасы 180 теңгеден 360 теңгеге дейін көтеріліп, бұрын-соңды болмаған дәрежеде құнсызданды. Сауд Арабиясының қызмет түрлерінің барлығы АҚШ долларымен есептеледі. Бұл жағдай да бағаның көтерілуіне ықпал етпей қоймайды. Бесіншіден, халық арасында «көрші елдерде қажылық қызметінің бағасы бізге қарағанда арзандау» деген пікір қалыптасқан.

Алайда, мұны тікелей сапаға байланысты деп айтуға болады. Мысалы, Қырғыз елі сонау 90-шы жылдардан бастап, Сауд Арабиясының уақыптар қорының тегін қонақүйлерін пайдаланып келеді. Олардың орналасқан жері Харамнан өте алыс жерде. Өзбекстандағы бағаны да бізден арзан деуге келмейді, Қазақстанда орташа баға 4500-5000 АҚШ доллары болса, Өзбекстанда да осы бағамен шамалас.

Ал Ресей қажылары да Қазақстандық қажылар талап ететін қызмет сапасын талап етпейді. Сондықтан едәуір арзан қонақүй алады, чартерлік рейстен 400-500 АҚШ долларына арзан рейстік әуе ұшақтарымен тасымалданады, — дейді ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Мамытханұлы.

Иә, қажылық – Жаратқанның сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан да қажылар Алла Тағаланың қонағы боп есептеледі. Жалпы, қажылыққа барушылардың қатары жыл сайын көбеймесе, азайған емес. Қаржысын босқа ысырап еткенше, сауапты амалға ұмтылатындардың көбейгені құптарлық іс.

Қажылыққа ниет еткен жандардың аман есен барып келулеріне біз де өз тілектестігімізді білдіреміз.


 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру