Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАХАРИДИН АБЛАЗИМОВ: АЗАЛЫ КҮНДЕ АМАЛСЫЗ ОТЫРУ – АЗАМАТТЫҒЫМЫЗҒА СЫН

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ "Мұнара" газеті 10.02.2022 7149 0 пікір
БАХАРИДИН АБЛАЗИМОВ: АЗАЛЫ КҮНДЕ АМАЛСЫЗ ОТЫРУ – АЗАМАТТЫҒЫМЫЗҒА СЫН

КӨП СӨЗДЕН БІТКЕН БІР ІС АРТЫҚ...

– Әуелі «Мұнара» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Сіз елімізде болған дүрбелең кезінде бірінші болып «Қазақстан халқына» қорына 500 миллион теңге аудардыңыз. Сауапты амалыңыз өзіңіз секілді көптеген кәсіпкерге үлгі болды. Айтыңызшы, осындай азаматтық істі жасауға не түрткі болды?

– Осы сәтті пайдаланып, елдегі дүрбелең салдарынан жақын бауырынан айырылып, ауыр қайғыға душар болған барша отандастарыма тағы да көңіл айтамын. Алла Тағала елін, жерін қорғап қаза тапқан бауырларымызды алдынан жарылқап, мейіріміне бөлесін деп тілейміз. Сонымен қатар, қайғылы оқиға кезінде көз жұмған бейбіт тұрғындар да болды. Алла барша марқұмды панасына алғай. Құдай енді елімізге мұндай сынақты жібермесін деп дұға етеміз.

Еліміздегі дүрбелеңді дүниежүзінің белді телеарналары таңнан кешке дейін тоқтаусыз көрсетіп жатты. Қай арнаны басып қалсаң – Қазақстандағы қанды оқиға. Кейбірі «Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала ала ма?» деген керітартпа сөздер айтып, көрерменге күмәнді ой салып жатты. Әлемдегі кейбір ірі телеарналар біздің билігімізді шарасыз, әскерімізді әлсіз, одан қалды халқымызды ынтымағы жоқ ел ретінде көрсетуге тырысты. Осы көріністер менің намысыма қатты тиді. Оның үстіне сүйікті де әсем қаламыз Алматының әп-сәтте бүлінгені жаныма қатты батты.

«Ел басына күн туғанда қазақтың жігіттері неге үнсіз отыр?» деген сұрақ мазалады. Намыстан жаралған қазақпыз ғой. Көп сөзден біткен бір іс артық емес пе? Жаппай бейберекетсіздіктен бүлінген сүйікті қаламыз Алматыны қайта қалпына келтіруге, шығынға белшеден батқан кәсіпкер азаматтарға аз да болса біздің қолдауымыз болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдадым. Бұл – менің азаматтық борышым.

Аллаға шүкір, біздің елімізде жүрегі кең, жомарт жандар жетерлік. Әрбір дәулетті кісі осындай қысылтаң шақта азаматтығын көрсетіп, жомарттығын танытып, халыққа көмектесуі керек деп есептеймін. Өйткені біз халықтың арқасында, еліміздегі тыныштық пен татулықтың нәтижесінде кәсібімізді жасап, Алланың берген ризығы мен нығметіне ие болдық. Сондықтан азалы күнде амалсыз отыру – азаматтығымызға сын. Халық қиналған сәтте оған қол ұшын беру кез-келген бай адамның адамдық борышы деп санаймын.           

 

ЖҮРЕГІ ЕЛЖІРЕП КЕТЕТІН...

– Бөлісуде береке бар дейді. Сізді үнемі қолындағы барымен бөлісіп жүретін жомарт жан ретінде танимыз. Осы қасиет анаңыздан дарыған деседі. Рас па?

– Мен 13 жасымда әкемнен айырылдым. Осындай дәрежеге әуелі Алланың қалауымен, одан кейін марқұм анамның тәрбиесінің арқасында жеттім. Ол кісі 10 баламен жастай жесір қалды. Сол кезде кейбір кісілер «Жалғыз өзің он баланы асырай алмайсың. Оған шамаң жетпейді. Қазірше оларды балалар үйіне өткізе тұр. Аяққа тұрған соң қайтарып аларсың» деп «жанашырлық» білдірген көрінеді...

Анам марқұм қасқайып тұрып: «Оларды балалар үйіне өткізу үшін тумадым. Әрқайсысының өз несібесі бар. Алла аш қалдырмас» депті. Әлі есімде. Анам Жетісай қаласындағы нан зауытында күндіз еденін жуып, түнде қарауыл болып жұмыс істеді. Бар мақсаты бізді асырап, тәрбиелеп, жетілдіру болды.

Анамыз бізді жастайынан бірлікке, бауырмалдыққа баулыды. «Ынтымақ бар жерде ырыс бар. Қай жерде жүрсеңдер де бауырларыңа қамқор болыңдар. Бір-біріңе демеу болсаңдар ғана барлық қиындықты жеңесіңдер» деген өсиетін құлағымызға құйып отыратын.

Анамның осындай ұлағатты сөздері бізді бауырмал болуға, қолда барды бөлісуге тәрбиеледі. Сол кісінің бізге берген тәрбиесінің нәтижесінде осындай дәрежеге жеттік. Аллаға шүкір деймін. Қазір сол тәрбиенің жемісін әлі күнге дейін көріп келеміз. Үлкен әулеттің біріне айналдық. Біз де, балалар да бір-біріне бауырмал. Бауырымның қайғысы мен қуанышы – менің де қайғым, қуанышым. Құдайға шүкір, біздің әулетте осындай бауырмалдық қасиеттер қалыптасты.       

Анам үйге көмек сұрап келген кісілердің қолын бос жібермейтін. Қолындағы қаражатын қайырымдылыққа жұмсайтын. Ол кісіге сыйлық жасасақ, сол сыйлықты садақа ретінде таратып жіберетін. Өйткені анам тағдыр тауқыметін тартқан адамдардың жанын жақсы түсінетін. Тіпті телеарнадағы жаңалықтардан тұрмыстық жағдайы ауыр адам туралы бейнематериал көріп қалса, сол кісінің әлеуметтік тұрмысын түземейінше жаны жай таппайтын. Жүрегі елжіреп кететін...

Телеарна басшыларына хабарласып, сол кейіпкерді тауып, баспаналы болуына көмектесетін немесе ем-домына қажетті қаражатын тауып беретін. Себебі ол кісі де талай сынақты сәттерді бастан кешті, тағдыр тауқыметін көрді. Тоқ адам аш құрсақ жүрген жанның жағдайына ене алмайды, оның күйін түсінбейді.

Бірде бір кісі Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардан: «Жердің бүкіл қазынасы қолыңда бола тұра неге аш жүресің?» – деп сұрапты. Сонда Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Тойып жүрсем ашыққандарды ұмытып кетемін бе деп қорқамын», – деген екен. Мұндайда атам қазақ «Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейді. Менің ойымша, әрбір ата-ана өз баласына көпшіл, бауырмал болуды үйретсе, қоғамда жомарт жандар қатары көбейеді.

ӨЗІМІЗГЕ ҚАЛАҒАНДЫ ӨЗГЕГЕ ҚАЛАМАЙЫНША...

Мұсылман үшін аят-хадистен артық мотивация жоқ. Жақсылық жасауыңызға қандай аят-хадистер әсер етеді?

– Алла Тағала қасиетті Құранда «Тәкәсур» сүресінің 8-аятында: «Дәл осы күні (жер бетінде татқан күнәға толы) ләззаттарыңның сұрауы болады», – деп ескертеді. Осы аятты күніне кем дегенде екі рет оқимын. Мақсатым – Алланың ескертуін естен шығармау. Адам баласы көп жағдайда өзіне берілген нығметтің Иесі кім екенін ескермей қалады. Ал шын мәнінде, біздің қолымыздағы байлық пен бүкіл нығмет, мықты денсаулық пен күш-қуат – Аллаға тиесілі. Байлық пен денсаулық, күллі нығмет – Алланың бізге берген аманаты. Ол аманаттан сұралатынымыз хақ.  

Бұл дүниедегі берілген мықты денсаулық, мамыражай тыныш өмір, парықсыз ішіп-жеу, әдемі тұрмыс, сәнді көлік сияқты көптеген нығметтің ақырет күні сұрауы болады. Мұндай сұрақ-жауаптан тек игі істермен шұғылданған мүмін-мұсылмандар ғана аман-есен өтеді.

Барлық адам жақсы өмір сүруді қалайды. Зәулім үйде тұру, жақсы көлік міну, жақсы тамақ ішіп-жеу кімге ұнамайды дейсіз? Алайда біз мұсылман ретінде осындай жақсылықтардың басқа адамдарда, бауырларымыз бен туысқандарымызда болғанын қалаймыз ба? Міне, мәселе осында.

Егер өзімізге қалаған нәрсені өзгеге де шын жүректен қаласақ, Аллаға толық иман келтірген мұсылмандардан болады екенбіз. Ал өзімізге қалаған нәрселердің өзгелерде болуын қаламасақ, иманымызда, Аллаға деген сенімде кінәрат бар деген сөз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше, ешқайсың иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деп ескерткен. Осы хадис бізді қатты ойландыруы керек. Аллаға иман еткен мұсылман айналасына тек жақсылығын жайып, шарапатын тигізіп жүреді.

 

БАЙЛЫҚ – ҚҰНДЫЛЫҚ ЕМЕС, ҚҰРАЛ

– Сіздің пайымыңызша бай адамның сипаты қандай болу керек?

– Кейде қаланың қым-қуыт қарбалас тіршілігінен өзімді бірнеше күнге босатып, ауыл жаққа әдейі кетіп қаламын. Сөйтіп ауылдағы ағайынның, тіпті танымайтын адамдардың үйіне барып, жағдайын сұрап, үлкен қариялармен күн ұзақ сұхбаттасамын.

Бір күні кішкентай ғана үйде тұратын қарапайым отбасының жағдайын білейін деп әдейі кірдім. Үйде қария бар екен. Амандасып, қал-жағдай сұрасып, сұхбаттасып ұзақ отырып қалдық. Ауылда қоңырқай тіршілік кешіп отырған түтіннің бірі екен.

Үйдің келіні дастарқанға нан қойып, бір тілім май мен шәй берді. Ақсақалдың аузынан шыққан екі сөздің бірі – Аллаға шүкір. Әлгі қария: «Аллаға шүкір, деніміз сау, тозығы жетсе де төрт қабырғалы үйіміз бар. Астымыздан сыз өтіп, төбемізден су тамшылап тұрған жоқ. Ел аман, жұрт тыныш. Осы күнге жеткізген Құдайға мың тәубә» деді.

Ол кісінің сөзі мен болмысынан өзімді шүкірсіз, қанағатшыл пенде сезініп кеттім. Қарияның ұстамдылығы мен өмірге деген көзқарасы мені өте тәнті етті. Өмірде осындай қанағатшыл адамдар көп. Сөйтіп ол кісімен әңгімеміз жарасып, ұзақ отырдық. Енді ғана кетуге ыңғай білдіріп жатқанымда: «Үйден дәм татып кет. Қонаққа дәм бермей шығарып салғанымыз ұят болады» деді. Сонымен келіні пісірген дәмнен ауыз тиіп, көңілім жайланып, рухани есейіп, тәубеме келіп, иманымды күшейтіп қайттым.  

Менің пайымдауымша, қанағатшыл адам – нағыз бай адам. Адамның шүкірі көбейген сайын қанағатшыл қасиеті арта береді. Менің ойымша, жан-дүниенің байлығына жетер нәрсе жоқ. Байлық – мақсатқа жету жолындағы белгілі бір дәрежедегі көмекші құрал. Адам байлыққа құндылық ретінде қараса, құрдымға кетеді. Байлық – құндылық емес, құрал.

ЖАҚСЫ ІСКЕ ЖӘРДЕМШІ БОЛУ – МҰСЫЛМАНДЫҚ МІНДЕТ

– Сіз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі істеріне үнемі қолдау көрсетіп жүресіз...

– Әрине, жақсы іске жәрдемші болу – мұсылмандық міндетіміз. Алла Тағала Құранда: «...Жақсылықта, тақуалықта бір-бірлеріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандық істерде жәрдемдеспеңдер...» («Мәида» сүресі, 2-аят) дейді. Мұсылман адам әрқашан жақсы істің басы-қасында болу керек.

Онсыз да жастарды рухани тұрғыдан аздыратын нәрселер көп. Жаман нәрсемен күресудің бір ғана жолы бар. Ол – жақсылықты көбірек жаю. Сонда ғана жамандық атаулы өздігінен жойылады.

Анам марқұм мешіт тарапынан ұйымдастырылатын Мәуліт кештеріне демеушілік жасайтын. Рухани кеште адамзаттың абзалы болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі жайлы уағыз айтылады, арнайы ғибратты қойылымдар қойылып, терме-толғаулар орындалады. Осындай іс-шараға көмектесудің өзі үлкен сауапты істің бірі деп ойлаймын. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, қолымыздағы байлықпен де сыналамыз. Атам қазақ «Судың да сұрауы бар» дейді. Сол айтпақшы, мына қысқа өмірде барлық нәрсенің сұрауы болады...

Өзіңізге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жас қарилар арасында Құранды жатқа және мәнерлеп оқу бойынша республикалық байқауды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Осы игі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз тарапымнан үлес қосып отырамын. Мақсатым – жастардың Құранға деген махаббаты мен құрметін арттыру, олардың санасына «Құран жаттап та көлік ұтып алуға болады екен» деген ойды сіңіру. Жаман әдеттерге жақын кейбір жастарымыз Құранға ден қойып, мұсылманға, қазаққа жат іс-әрекеттерден алыс жүрсе деген ниетпен Құран байқауын ұйымдастыруға барымызды салатынымыз сондықтан.

Құран жаттаған адам міндетті түрде дін қызметкері болмауы мүмкін. Мысалы, сіз Құранды толық жаттап журналистика саласында кәсіби тұрғыда қызмет етуіңіз мүмкін. Біз қоғамда адамдардың Құранға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруымыз қажет. Көпшілік адам Құран жаттаған адамды молда деп ойлайды. Мен Құранды толық білетін біраз адамды танимын. Бірақ олар молда емес, түрлі салада жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген жандар...

Елімізге белгілі қари Сәдуақас Олжабай бір сөзінде: «Біз балаға Құранды үйретсек, Құран оған бәрін үйретеді. Құран оқыған, оны жаттаған бала ешқашан Отанына опасыздық жасамайды. Ата-анасын, туған-туысын құрметтейді. Жұмысын адал істейді. Мұндай адам жамандық жасамайды»  деген еді. Расында, Құран оқылған үйге Алланың берекесі орнайды. Адам неғұрлым Алланың әмірлеріне бойсұнса, оның осы өмірдегі қажеттіліктері де өздігінен шешіледі екен. Менің осыған көзім жетті...

 

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №3, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру