Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АБДУЛ-АЗИЗ АХМАТОВ: АРМАНЫМ – 10 000 ҚАРИ ДАЙЫНДАУ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 14.12.2021 8823 0 пікір
АБДУЛ-АЗИЗ АХМАТОВ: АРМАНЫМ – 10 000 ҚАРИ ДАЙЫНДАУ

Кейінгі жылдары елімізде Құран Кәрімнен ижаза алған және әдемі әуезімен танылған қарилар қатары көбейіп келеді. Бұған жыл сайын өтіп жатқан республикалық, аймақтық Құран байқауларының, сондай-ақ қасиетті кітап аяттарын әлеуметтік желілерде үздіксіз насихаттап жүрген қарилар оң әсерін тигізіп отырғаны белгілі. «Тәуелсіздік құрдастары» айдарының бүгінгі кейіпкері Абдул-Азиз Ахматов – әлеуметтік желілерде белсенді, қариларға қатысты контенті арқылы көпке танылып жүрген дін қызметкері. Бүгінде Стамбұлда оқып жатқан Абдул-Азиз қаримен онлайн сұхбаттасқан едік.

– Құран жаттауға кім қызықтырды, қари болу бала күнгі арманың ба еді?

– Бала кезімде атам мен әкеме еріп мешітке барып, жамағат намазына қатысатынмын. Достарыммен бірге сауат ашып, Құран әліппесімен алғаш
рет таныстым. 2002 жылы «Сарыағаш» медресе-колледжінің жазғы лагерінде бір ай болып, он сүре жаттадым. Осылайша жазғы лагерь қари болам деген арманыма қанат бітірді. Құран жаттап, қари атануыма алдымен атам мен әкемнің дұғасы, мешіт-медресеге жетектеп апаруы себеп болды. Оның үстіне атам қажылықтан Құран кітабын әкеліп, қолыма ұстатқан кезде: «Осыны оқып, жаттап, қари боласың» деп батасын берген еді.

– «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, ұстаздарың кім? Қайдан білім алдың?

– 2003-2008 жылдары Шымкент қалалық «Тура жол» мешіті жанындағы қарилар медресесінде Құран жаттап шықтым. Ұстазым – елімізге танымал қари Кәмілжан Садықов. Одан кейін 2012 жылы Алматы қалалық «Аманқұл ата» мешітіне қарасты «Көк-Төбе» қарилар медресесінде Жұманазар Садырхановтың жетекшілігімен бір жыл Құран қайталадым. 2013-2017 жылдары Нұр-Мүбарак университетінде оқып, «Исламтану» мамандығын алдым. Қазіргі уақыта Түркияның Стамбұл қаласында Құран Кәрімнен ижаза алуға талпынып жатырмын.

– Байқауымызша, қариларымыз ижаза алу үшін көбіне шетелге барады. Елімізде ижаза беретін қарилар жоқ па? 

– Аллаға шүкір, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ашылып жатқан мешіт-медреселер саны артып келеді. Әсіресе соңғы кездері қарилар дайындайтын орталықтарға ерекше көңіл бөлініп, Құран жаттаған бауырларымыз көбеюде. Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан республикалық, аймақтық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Қарилардың Құранды толық жаттаудан бөлек ижаза алуы – заман талабы. Қазіргі кезде ижаза алған ұстаздарымыз да, қариларымыз да баршылық. Осылай көбейе келе елімізде Құран жаттаумен қатар ижаза беру орталықтарын ашу, қалыптастыру басты мақсатымыз болып тұр.

– Әлеуметтік желілерде белсендісің. Смартфон қолдану зейініңе зиян тигізбей ме?

– Әр нәрсені орнымен, уақытымен қолданса, зияны тимейді. Әлеуметтік желіге қариларға қатысты ақпараттар мен пайдалы кеңестерді бөлісіп отыру үшін, одан кейін ағайын-туыс, бауырлармен хат жазып, байланыста болу үшін ғана кіремін. Құран үйреніп-жаттаудың әдіс-тәсілдерін әлеуметтік желі арқылы үйреніп жүрген оқырмандар бар. Заман ағымына орай жастың да, үлкеннің де бас сұғатын орны осы әлеуметтік желілер болғандықтан, біз де аудиторияны игеру үшін смартфон қолдануға мәжбүрміз. Біздің кеңесімізден аз да болса пайда алып жатса –мақсатымыздың орындалғаны. 

– Қазақстан атынан Кувейтте өткен Құран байқауына қатысқан екенсің. Шетелдегі Құран байқаулары қалай өтеді?

– 2014 жылы Қайырбай Дәукен досым екеуміз Кувейтте өткен халықаралық Құран байқауына қатыстық. Жыл сайын Діни басқармаға Құран байқауын өткізетін мемлекеттерден шақырту келеді. Сол жылы мүфтияттан хабарласып, халықаралық Құран байқауына қатысатынымызды айтқан да қуанғаннан төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Аллаға шүкір айтып, жарысқа дайындықты бастап кеттік. Бір айдан кейін Кувейтке барып, Қайырбай қари 30 пара бойынша, мен мәнерлеп оқу бойынша сынға түстім. Алғаш рет халықаралық жарысқа қатысқан соң ба, біраз қобалжыдық. Ынталандыру сыйлығын иеленіп, керемет әсермен оралдық. Ағайын-туыстар бізді Меккеге барып келді деп ойласа керек. Жайнамаз секілді кәде сыйларымызды алып жатып: «Қажылықтарың қабыл болсын!» деп күлдірген болатын.

– Биылғы Х республикалық қарилар байқауын тамашалай алдың ба?

– Спорт жанкүйерлері үшін Олимпиада, әлем чемпионаты қаншалық маңызды болса, қарилар үшін Құран байқауы сондай маңызды. Түркияда болғандықтан, биылғы байқауды онлайн тамашаладым. Өзім де бұрын аймақтық, республикалық Құран байқауларына қатысып көргендіктен әрі қари дайындап жүрген ұстаз болғандықтан, мұндай байқауларды ұдайы бақылап отырамын. Аллаға шүкір, жыл сайын жарысқа қатысушы қарилардың деңгейі көтеріліп келеді. Әсіресе дауысы сыңғырлаған мектеп жасындағы «балапан қарилардың» республикалық байқауға көптеп қатысуы елімізде қарилар мектебінің ілгері қадам басып, дамып келе жатқанының белгісі деп бағамдай аламыз.

– Өзің қанша қари шәкірт дайындадың?

– 2015 жылы «Көк-Төбе» қарилар медресесіне ұстаз болып орналастым. 2018 жылдан биылға дейін ұстаздықпен қатар атқарушы директор қызметін қоса атқардым. Айналдырған бес-алты жыл да 50-60 шәкірт дайындадым. Арманым – 10 000, тіпті одан көп қари дайындау. Әрбір адам мамандығының биік деңгейіне жетуді мақсат етеді және соған талпынады. Сол секілді ізімізден он мыңдаған қари ерсе, соларға тәлім берсек, олар еліміздің түкпір-түкпірінде келесі толқынды дайындаса деген арманым бар. Омар, Осман деген кішкентай ұлдарымды да қарилыққа баулығым келеді. Бұрын ағаларымыздан 10 000 қари дайындаған ұстаз бар екен дегенді естуші едік. Алла қаласа, он мыңнан аса қари дайындап шығаруға болады. Құран жаттаған бала мешітте қызмет істеуі керек деген шарт жоқ. Құран – ғылымның атасы, қайнар көзі. Абай, Шәкәрім секілді бабаларымыз, Алаш арыстары молдадан тәлім алып, әліппені Құран үйренуден бастады. Солар тарихта атын, соңында өшпес із қалдырды. Демек Құран оқыған, жаттаған адам жерде қалмайды.

– Сұхбатыңа рақмет!

Сұхбаттасқан Ермұрат ШОПАН,

«Мұнара» газеті, №22 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру