Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӨЛЕБИ ОСПАН: ЖАРАПАЗАН – РАМАЗАННЫҢ НАСИХАТШЫСЫ

Әбу НАЗАР muftyat.kz 28.04.2021 7257 0 пікір
ТӨЛЕБИ ОСПАН: ЖАРАПАЗАН – РАМАЗАННЫҢ НАСИХАТШЫСЫ

– Қасиетті Рамазан айы құтты-берекелі болсын! Сұхбатымызды Рамазанның сүйіншісі саналатын Жарапазан жырынан бастасақ. Жарапазан қай кезден бастап айтыла бастады?

Бұхари хадис еңбегінде сахаба Абдулла бин Омардан (р.а) риуаят етілген мынадай хадис бар: «Біләл түнде азан шақырады. Сонда Ибн Үмму Мәктум азан шақырғанға дейін ас-суларыңды ішіңдер», - деген. Бұл риуаятты жеткізуші Абдулла (р.а): «Ибн Үмму Мәктум көзі зағип кісі еді. Ол жұрт таң атып кетті демейінше азан айтпайтын», – дейді. Байқасаңыз, хадисте екі азаншы сахаба Рамазанда жұртты сәресіге оятатын. Біләл (р.а) сәресі уақытында азан шақырса, екінші азаншы Ибн Үмму Мәктум (р.а) ауыз бекіту уақытын жариялаған. Міне, бұл үрдіс жарапазанның негізі деуге болады. Күні бүгінге дейін сәресі уақытында азан айту үрдісі Мекке мен Мәдина қалаларында сақталған.

Ал ең алғаш боп жұртты жар салып сәресіге оятқан Мысыр елінде 852-856 жылдары әкімі болған Ғанбаса бин Исхақ болатын. Сол шақтағы Мысырдың астанасы Фустат қаласында «Амр бин Ас» атындағы орталық мешіттен сәресі уақыты болғанын айтып жар салып бастаған деген деректер бар. Дағыра (барабан) аспабын ұрып сәресіге ояту осы Мысыр елінен бастау алады. Бұл күні бүгінге дейін көптеген араб елдері мен Түркияда кеңінен қолданылып келе жатқан үрдіс.

Бұл тек сәресіге ояту емес, Рамазан айының келгенін хабарлау, сүйіншілеу және ораза айын жырға қосу сипатына ие. Біздің қолданысымыздағы жарапазан жырының да мән-мазмұны осы.

Мәселен, өзіңіз айтып отырған Мысырда Рамазан айында дауылпазшылар көшеге шығып, дабыл ұрады екен. Түркияда кернейлетіп-сырнайлатып Рамазанды сүйіншілейтін дәстүр бар. Араб халықтарында жарапазан жыры жоқ. Жалпы Жарапазанның мұсылман елдеріндегі орны қандай?

– Йемен сияқты араб елдерінде көше аралап таяқпен есік қағу әдісімен оятатқан екен. Шам елдерінде дағырамен сүймелдеген діни ән айту арқылы жұртты сәресіге тұрғызатын болған. Сол әндердің ішінде: «Сәресіге тұрыңдар, Рамазан келді қонақ боп» деген өлең жолдары бар. Міне, жарапазан сөзінің төркіні осыдан шығады. «Жа Рамазан», яғни рамазан келді. Дамаск қаласында әр ауданның арнайы «мусаххарати», яғни сәресіге оятушы адамы бекітілген. Ол шамамен сәресіге екі сағат қалғанда әр үй иесінің аты-жөнін айтып, есігін қағып шығатын болған. Сонымен қатар дағыра сияқты аспаптарды арнайы ырғақпен соғу арқылы сәресіге ояту үрдісі бар. Мусаххарати, яғни сәресіге оятушы дағыра (барабан) соғып немесе сырнай тартып жұртты сәресіге оятады. Сондай-ақ дағыра немесе сырнаймен бірге Рамазан құттықтаулары немесе діни мазмұндағы әндер айтылады.

Жарапазан айту дәстүр ме, діни ғұрып па?

– Ахмет Байтұрсынұлы Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Ташкентте шыққан «Әдебиет танытқыш» («Теория словестности») еңбегінде қазақ ауыз әдебиетін жұмсалатын орнына қарай сауықтама және сарындама деп екіге бөлген. Осындағы сарындама саласына бұрыннан келе жатқан салт-сарынмен келе жатқан сөздерді кіргізіп, оны салт сөзі, ғұрып сөзі және қалып сөзі деген үш тарауға бөлген. Ғұрып сөзіне Ахаң тойбастар, жар-жар, некеқияр, беташар, жарапазан және бата беруді жатқызған. Демек, жарапазан айту – ғұрыптық дүние.

Ахмет Байтұрсынұлы осы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде жарапазан жырына жеке тоқталады. «Жарапазан – Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады» деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Мінеки, бұл жерде қазақ қоғамындағы жарапазан айту дәстүрінің сипаты баяндалып тұр.

Жарапазан сөзі еліміздің кей өңірлерінде жарамазан деп те қолданылады. Жарамазан сөзі «Жә-Рамазан», яғни арабша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан деседі. Арабтарда Рамазан айында айтылатын жырларда «Рамазан келді қонақ боп» деген мәтіндер келеді. Шындығында осы сөз жарапазан жырының мәні мен мазмұнын аша түседі.

Қазақ арасындағы Жарапазан жырының бір нұсқасында: «Мұхаммед сүннет еткен жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деп айтылады. Жарапазанның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті екені жайлы нақты деректер бар ма?

Хадистерде, яки басқа да діни әдебиеттерде мұндай деректер кездеспейді. Бұл жерде сөз тіркесі ретінде қолданылған болар. Жарапазан – сүннет болмаса да Рамазан айының кіргенін сүйіншілейтін, хабарлайтын жыр. «Юнус» сүресінің 58-аятында: «(Ей, Мұхаммед) Олар Алланың кеңшілік-нығметімен мархаматымен болған осыларға қуансын. Өйткені, олардың жиған-тергенінен сол қайырлы де», – дейді. Ал «Дұха» сүресінің 11-аятында: «Раббыңның  (саған арнаған) жақсылықтарын (жұртқа) жария ет», – деген аят бар. Бұл аяттарда Алланың берген нығметтерін жұртқа жар сал деп тұр. Халық жарапазан айту арқылы сауаптар еселенетін Рамазан айын сүйіншілеп, оразамен аман-есен қауышқанын қуанып жеткізеді.     

Алайда әсіредіншілдер жарапазан айтуды бидғат деп біледі. Олардың бұлай «баға беруіне» не себеп?

Әсіредіншілдер жарапазанды ғана бидғат санамайды. Олардың түсінігінше, көп дүние бидғат. «Бидғат» сөзінің араб тіліндегі тілдік мағынасы – бадаъа, яғни бұрын болмаған затты ойлап табу, жаңалық, жаңа ойлап табылған нәрсе деген сөз. Ғалымдардың пікірінше, бидғат екі түрлі болады: жақсы бидғат (бидғатун хасана) және жаман бидғат (бидғатун сәи-ә). Әбу Хамид әл-Ғазали: «Барлық бидғат шариғатта тыйым салынбаған. Тыйым салынған бидғат бекітілген сүннетке, шариғаттағы бір үкімге қайшы келу», – деген. Мысалы, ел аузында айтылып жүрген жарапазан жырына үңіліп көрейікші.

Мінгені пайғамбардың жирен дейді,

Намазды он екіңде үйрен дейді.

Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза, намазыңның несі жұмыс.

Ораза, намазыңды күтіп барсаң
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.

Жыр мәтініне қарап отырсаңыз, тұнған насихат. Адам баласының ойын бұзатын, яки ел ішіне бүлік салатын сөздер айтылмайды. Оразаның келгенін сүйіншілеп, ораза ұстау мен намаз оқу сауапты амал екенін жырға қосады. Ардақты Пайғамбарымыз хадисінде: «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді», - деген. Демек кімде-кім жақсы бір нәрсені бастаса, ол үшін сауап алатынын меңзеп тұр.

Бұрындары ауыл-ауылды аралап, бата беретін жарапазаншылар көп болатын. Қазір сиреп кетті, себебі неде деп ойлайсыз?

– Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, жарапазан жыры – қазақ ауыз әдебиетінің бір бұтағы. Бала күнімізде бәріміз жарапазан айттық. Сонда ешкім қағазға жазып жаттаған жоқ. Үлкендерден естіп, жаттап алып айттық. Ауыз әдебиетінің қазақ үшін орны ерекше. Иә, мүмкін бұл дәстүр қалада кенжелеп қалған шығар. Өйткені қала тіршілігі басқаша. Кісі көп, бірін-бірі тани бермейді. Содан болар қалада кенжелеп қалғаны анық. Алайда ауылдық жерлерде жарапазан айту дәстүрі әлі де бар. Десе де кез келген ұмыт болған дүниеге насихат қажет. Біз жарапазанды жаңғырту арқылы төл мәдениетімізді жаңғыртамыз, қасиетті Рамазан айын да дәріптейміз.   

Жарапазанды жаңғырту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барлық мекемелері мен тұрғындарына «Айтайық Жарапазан елімізге!» атты эстафета жариялады. Осы эстафетаға Ақтөбе облысында үн қосып жатқандар бар ма?

– Аллаға шүкір, Ақтөбеде де жарапазан жырын айтып жүргендер бар. Ағайынды Манас, Алмат Көшербаевтар жарапазан жырын домбыраның сүйемелдеуімен айтып жүр. Басқа да орындап жүргендер кісілер көп. Күні кеше Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Рамазан!» атты меркелік онлайн бағдарламаның түсірілімі болды. Сол жерде ағайынды Көшербаевтар Діни басқарма жолдаған «Айтайық Жарапазан елімізге!» эстафетасын қабыл алып, Ақтөбе жұртшылығының қолдауын білдірді.

 

Сұхбаттасқан Әбу НАЗАР

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру