Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДОСТЫҚТЫҢ МӘНІ МЕН ШАРТЫ

Алғадай Әбілғазыұлы muftyat.kz 23.02.2022 12807 0 пікір
ДОСТЫҚТЫҢ МӘНІ МЕН ШАРТЫ

«Доссыз өмір – тұссыз ас», «Досыңды сатпа, аққуды атпа» деп,достықтың салмағының ауыр екенін сезініп өстік. Сүйіп жаратқан Құдіретті де Мейірімді Иеміз біз пақырға досты, достарды нәсіп етті! Мың қайтара шүкір! Сол достықпен сынады, әлі де сынап келеді. Бұл – заңдылық. Қандай да бір нығметке ие болсаң, сынағы қатар жүретіні – өмір заңдылығы. Сынағынан өтсең, нығметтің де ләззаты арта түседі, шыңдала түсесің – Жаратушыңа жақындай түсесің... 

Достық – көбіне балалық шақтағы риясыз көңіл тазалығынан басталады, сол нәзік көңіл жақындығын сақтау арқылы бекиді. Сол себепті достық дегеніміз – көңіл аманаты. «Дос көңілі – шарайна, сындырып алма, абайла!» демей ме?! Ал кісінің (досыңның) көңілін «сындырып» алмау үшін асқан сергектік керек. Ол үшін назар бағыты өзіңе (нәпсіңе) емес, сыртқа (досқа) бағытталуы қажет. Яғнитуындаған жағдайда өз сезіміңнен бұрын досыңның көңіл ауанын барлау, «маған ұнамайды, ренжідім, жыным кеп тұр» деген ойларды ысыра тұрып, «мені қойшы (нәпсім тұра тұр), досыма қалай әсер етеді? Ренжіп қалмай ма?» деген ой жүйесі мен уайым алға шығуы қажет.

Пенде үшін ең қиыны – көңіл қалауын басқару, әсіресе мың құбылған көңіл-күйіне ие болу. Шарт ете қалған ашу мен лап ете қалған сезім толқынысы кезінде ар-иман талабы мен досыңның қымбат көңілін ойлап, ішіңде қайнап тұрған отты тізгіндеу – достың қадірін түсінуің: нәпсіңнің емес, ар-иманыңның күштілігі. Жалпы адамның жансарайында, санасында «менінен» (нәпсісінен) жоғары тұрған қасиетті-киелі дүниелер болмағы шарт.Мысалы, Құдай (үкімдері), Құран (қағидаттары), Пайғамбар тұлғасы (сүннеті), ата-анамыз, досымыз, адалдық, уәдеде тұру, ардан аттамау секілді асыл құндылықтар. Міне осы қасиеттілер алдында өзіңді (нәпсіңді) кішіпейіл күйде ұстай білу, көңіл қалауыңды да ауыздықтап тоқтай білу – адамшылық, мұсылмандық.

Бұдан бөлек «Ал кім Алланың (бекіткен) рәміздерін ұлықтаса, күдіксіз ол жүректердің тақуалығынан» - деген («Хаж» сүресі, 32-аят.) аятқа сай, дінімізде, салт-дәстүрімізде қасиет тұтылған барша дүниелерге құрмет көрсету – өзін «құдай» көретін нәпсіні тәрбиелеу жолындағы шекаралар. Негізі барша жаратылыс – Алланың мүлкі, ал адам баласының орыны тіпті ерек. Түйіндей айтсақ,Жаратушыңды қадірлеу – өз қадіріңді арттыру һәм тақуалық басты шарты мен көрінісі де осы. Ендешедостық – тақуалық мектебі.

Адамның бір аты – пенде. Мың жерден тырыссаң да, нәпсінің көлеңкесі қалмайды. Сондықтан достықты сақтаудың бір шарты – кешірімді болу, кең болу; өзіңе қатал, өзгеге (досыңа) жұмсақ болу;бір сәттік кемшілігіне емес, досыңның көңіліндегі саған деген құрмет-махаббатына назар салу;өзіңнің де періште емес екеніңді естен шығармау. «Жаңылмайтын жақ болмайтынын» білсек, «үйірін тапқысы» келетінді қалай кінәләйміз? Қателік – сабақ, ғибрат. Қателігі үшін достан бас тарту – көңілде достық сезімнің болмағанының немесе достық туралы танымның қате болғандығының белгісі немесе бойдағы нәпсінің «семіздігінің» әсері...

Достықтың басты шарты – адалдық. Ішіңе кір сақтамау, ашық сырласу. Сын айта білу және қабылдай білу. Көңілді аялау мен көңілге қарап қателікке көз жұму – бір дүние емес. Көңілін аялай отырып қателігін түзету,ащы сөзді тәтті сөйлей білу – достық талабы. «Дос жылатып айтады» дегеніміз осы...

Достықтың келесі шарты – құндылықтар мен мақсат-мұраттың ортақтығы, сол жолдағы қолдау мен бірлік, беріктік. «Ақылың асып тұрса да ақылдаса жүргейсің, жақсылармен жанасып, жақындаса жүргейсің» демекші, ақылдасу, сыр бөлісу – достарыңа деген сенімің мен құрметіңді білдіру, өзіңнің пенде екеніңді мойындап нәпсіңді сындыру (негізі ақылдасу – Алла үкімі, Пайғамбар сүннеті).

Досыңның досын сыйлау, досымен дос болу – тағы бір шарт. «Құдай Тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек» деп Абай хакім нұсқаған дос көбейтудің жолы – осы. Тағдыр бөлек, мінез бөлек, нәпсі бөлек болғандықтан, досыңның достарыңның барлығы ұнай бермеуі әбден мүмкін.Бірақ ол адамның досыңмен дос болғанында гәп бар емес пе? Алланың даналық-хикметі бар емес пе?!

«Дос қиындықта білінеді» дейміз. Алайда шынайы дос – қуанышта, сенің басыңа бір нығмет төгіліп, абыройың аспандап жатқан кезде білінеді. Сондай кезде еш қызғанышсыз, титімдей күншілдіксіз, сенің қуанышыңды өз қуанышындай сезіне алған, тіпті сенен ары қуана білген адам – нағыз дос! Өйткені (хадисте айтылғанындай) қызғаныш – адам баласының, пенденің ажырамас сипаттарының бірі. Міне сол пенделігін жеңе алған, тіпті саған қатысты ондай сезімі жоқ жан – досың.Ал ол дәреже – өзін таныған: нәпсісі мен рухани өзегін ажырата алған; тірлігін сол өзегіне, ар-иманына байлай алғантұлғаның қолынан келеді! Нақтылай түссек, өзінен (өз менмендігі-нәпсісі-эгосынан) асып түскен, пенделігінен көтеріле білген адам ғана достық нығметін сезіне алады, сақтай алады. Сол себепті нәпсіні тану, оны тәрбиелеу, өз мінезіңді түзету, рухани өзегіңе табан тіреу – керектің керегі! Осы тұрғыда, «Дос бола білу – мұсылмандық тұлғаңды сомдаумен тең» десек те болады. Яғни достықтың мәні, «достық» мектебінің жемісі – нәпсі тәрбиесі, тұлға кемелдігі. Демек нәпсісін игерген, рухына сүйенген адам ғана дос бола алады. Достық мақамына (дәрежесіне) сай бола алады.Өз нәпсіңнен қаншалықты азатсың – соншалықты жақсы доссың.Қаншалықты мұсылмансың – соншалықты доссың...

Өзіңді тану – Құдайыңды танумен тең, қат-қабат жүретін үрдіс болғандықтан, достықтың шынайылығы мен беріктігі осы рухани үдеріске (процеске) тәуелді. Рухани даму биіктеген сайын – достық беки бермек; мал-жан үшін болған достық рух бірлігіне, ақыреттік достық дәрежесіне көтеріле бермек.Қаншалықты адамсың – соншалықты доссың. Шын дос – Жаратушыңды еске түсіретін дос.

Достық – Тәңіріңді әрі өзіңді тану жолындағы Тәңірінің сыйы! Достың басты уайымы досының рухани хәлі, имани ахуалы болуы керек. Өйткені сол өзек дұрысталғандақалған тірлік өзінен-өзі реттеле бермек. Дос үшін мал аямау, қажет болса жан аямау – жазылмаған заңдылық. Бірақ достың ар-намысына қол сұғуға болмайды, достық үшін оны құрбан етуді талап ету – шектен шығу.

Достық – теңдікті талап ететін, негізінен ер кісілер арасындағы құбылыс. Өйткеніер адам асыл идеяға басын тігетін, рух жауынгері, ал әйел кісі – бала-шаға қамы, ерінің жағдайын жасау жолында, яғни сүйікті адамдарының жолында барын беретін ғажап жан. Әйелдің досы – күйеуі, бұл отбасы бақытының – басты шарты. «Жақсы әйел (ер) – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деген баба тағылымы сол.

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос!» деген Абай хакімнің өсиеті – ұлттық мұрат. «Дос керек болса – Құдай бар, дұшпан керек болса – нәпсі бар, насихат керек болса – өлім бар» деген Мәулана Руми әулиенің айтқаны – мұсылманның мұраты. Инаят Хан деген ойшылдың: «Дана адам әр адамға өзінің досындай қараса, ақымақ досына бөтен адам сияқты қарайды»дегені – адамшылық мұраты. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Махаббат жоғалса – ұрпақ азады, достық жоғалса – қоғам азады»деген ескертуі – харекетке бастар өсиет.

 

Қорыта айтқанда,достық – аманат, көңіл аманаты, Тәңірі аманаты.Достық –рух жақындығы, мақсат-мұраттың ортақтығы.Достық – Алла Тағалаға жақындаудың жолы, Тәңірінің сүйікті құлы болудың жолы. Құдайға дос бола білген – досына да, барша жандарға да дос бола біледі. Нәсіп болсын!

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №21 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру