Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАЛАҒА НАМАЗ ҮЙРЕТКЕН КІТАПША

Ерназар Есқали muftyat.kz 10.07.2021 6755 0 пікір
БАЛАҒА НАМАЗ ҮЙРЕТКЕН КІТАПША

Дүниеде қаншама адам тіршілік кешсе, соншама тағдыр бар. Біреулер исламды көз ашқаннан көңіліне тоқып өссе, енді біреулер жас шағында, жігіт ағасы кезінде, тіпті болмаса, қартайып, ажал сәті жақындағанда ақиқат дінін түйсініп, Тәңірін таниды.

Айтпақшы әркімнің исламды терең түсініп, әсіресе, намазға келуіне түрлі жағдайлар себеп болып жатады. Біреулер қатты сырқаттанып, жаны көзіне көрінгенде-ақ намаз оқуға бекінсе, енді біреулер қиын жағдайға тап болғаннан кейін немесе кейбір адамдардың ізгі іс-әрекетінен, мәмілесінен кейін құбылаға бет түзейді. Бірде әлеуметтік желіден өзге ұлт өкілінің намазға келуіне себеп болған оқиға жайлы әңгімесін тыңдадым. Қысқасы, баяндап отырған мұсылман бауырымызға бір күні жігіт ағасы жасына жақындап қалған бейтаныс біреу келіп, қолына қомақты қаржы ұстатады. Шамамен миллион теңгеден асып қалады. Өмірінде бір де бір рет жолықпаған адамның қолына миллион ұстатқанына қатты таңырқаған жігіт бейтаныс бауырынан мұның себебін сұрайды.

«Осыдан сегіз жыл бұрын сенің көшеде тұрған машинаңды ұрлап әкеткен едім. Өзім сондай қарақшылықты кәсіп қылып, ақыр соңы сол әрекетім маңдайыма тас болып тиді. Ақиқатты мойындап, намазға келдім. Күнәмді толық тастауға бекіндім. Бірақ кісі ақысына Алла Тағала екі дүниеде де араласпайтынын түсінген соң, кезінде өзім тонаған кісілерге мал-мүлкін қайтарумен келем. Әлі де қайтаратын адамдарым бар. Кезек сізге келіпті. Мына қаражат машинаңыздың қазіргі нарықтағы құнына тең. Мені Алланың разылығы үшін кешіріңізші» деп бейтаныс жан ағынан жарылыпты.

«Қайтқан малда қайыр бар» деп қуана-қуана мол қаржыны қалтасына басқанымен, машинасы ұрланғандағы көңіл-күйін есіне түсіріп, ұрлаған адамның араға бірнеше жыл салып кінәсін мойындаған сәттегі жүрек дүрсіліне құлақ салды. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деп Хәкім Абай айтпақшы, адамның көңілі тазарғанда, ақиқатты мойындау тез болады екен. Қарсы алдындағы кісінің қылмысын толықтай кешіріп, оның бұл ісінен үлгі алып, бұл да намазға келіпті. «Бұл әлі тонаған адамдарынан кешірім сұрап бітпегенін айтты. Ал мен қаншама адамның сыртынан ғайбат айттым, кісі ақысына кірдім. Олардың тең жартысын танымаймын, қалғанын ұмытып қадым. Енді Алладан басқа кімнен кешірім сұраймын?» деген ой маза бермеді...

Ал менің Ислам дінін түсініп, иманға келген кезім аса қызық болмауы мүмкін. Бірақ оған себепкер болған адам жайлы айтудың сәті түсіп тұр. Мектепте оқып, жасөспірім шаққа, яғни, «өтпелі кезеңге» аяқ басқан кезімде түрлі ойлар мазалайтын. Күнделікті қайталанып жатқан әрекет, сабаққа бару-келу, тамақ ішу, ұйықтау, ойнау, күлу. Өмірге келгендегі мақсатымыз осы ғана ма? Ішімнен түртпектеп жүрген осы ойларға бір күні ауылдағы үйдегі үлген шкафтың тартпасынан жауап таптым.

Көлемі мектеп күнделігіне келетін «Намаз оқып үйренейік (Әбу Ханифа мәзһабы бойынша)» деген қызыл жұқа кітапшаға көзім түсті. Намаз туралы естігенім болмаса, біреудің оқығанын бұрын көрмеппін. Ішінде ерлер мен әйелдердің намаз оқу үлгісі, дәрет алу үлгісі суретпен беріліпті. Кітапшаны құрастырған Палтөре Ықтияр деп тұр. Мен үшін исламның әліппесі осы кітапша болды. Кириллицамен болса да «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін, салауат, зікір, дұғаларды сол кітапшадан үйрендім.

Кейін студент болдық, оқуды аяқтап, журналистика саласында жұмыс істедік. Дін саласына бүйрегіміз бұрып тұратындықтан, исламға қатысты ақпараттар мен мақалаларға бей-жай қарамадым. Сонда ара-тұра Ықтияр Палтөре есімін оқып қалатынмын. Палтөре тегі, ал Ықтияр кітапша авторының есімі екен. Бірер жыл бұрын Ықтияр ағамен сұхбаттасудың жолын қарастырып едім, реті келмеді. Әйтеуір бір күні жолығып, алғысымды жеке де айтармын деп ойлаймын.

Жуырда ғана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің құрамына қабылданды. Талай шәкіртке жол көрсетіп, жөн сілтеген ғалым кезінде өзі дайындаған кішкене ғана қызыл кітапша арқылы намаз үйреніп, діни танымы қалыптасқан мен секілді мыңдаған шәкіртінің еліміздің түкпір-түкпірінде жүргенін біле ме екен?..

Ерназар ЕСҚАЛИ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру