Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕСКЕН МҮБАШШИР АТ-ТАРАЗИ

Шамшәдин КЕРІМ "Мұнара" газеті 22.05.2021 7048 0 пікір
АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕСКЕН МҮБАШШИР АТ-ТАРАЗИ

Еліміздің егемендігіне 30 жыл толып, ашық пікірге, жариялыққа жол ашылса да Ұлт-азаттық қозғалысының дінмен байланысты тұстарының әлі де бүкпеленіп келген тақырыптары, қазақ оқырманына жете қоймаған шынайы шындықтар, қалтарыстағы құпия тарихи фактілер кездеседі. Отан тарихын зерттеушілер назарынан елеусіз қалып келген ақтаңдық оқиғаның бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде, 1942-1943 жылдары Ауғанстанда Кеңес Одағына қарсы дайындаған қарулы операция. Бұл операцияның жетекшісі кеңестік дәуірде коммунистік жүйенің тәртібіне төзбей, бас көтеріп, ақтық демі таусылғанша алған бағытынан таймай өткен тұлғалардың бірі, Тараз қаласының тумасы, дін ғұламасы Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази әл-Хусейни (1896-1977) болған еді. Оның тәуелсіздік жолындағы күресі Әулиеатада басталып, кейін шет елдерде Ауғанстанда, Мысырда жалғасты.

Кеңес үкіметінің Ислам дініне қарсы бағытталған саясатына өжеттікпен, батыл да ашық қарсылық көрсеті үшін үш рет қамалып, бір рет жер аударылған Мүбашшир ат-Тарази өлім жазасынан аман қалу үшін 1930 жылдың сәуір айында 7 жасар ұлы Насрулланы жетектеп Ауғанстанға жан сауғалады. Түркістан өңірінен коммунистік билікке қарулы қарсыласудан жеңілгендер,  жазадан, қуғын-сүргіннен бой тасалағандар,еріксіз босқындар ауып,көп топтасқан ел Ауғанстан еді. Осы қоныс аударушылар арасында ресми билік ғұлама ат-Таразиді құрметпен қарсы алған.

Сырттан пана іздеген діндарғашекараны кесіп өткенде Андхой қаласында  барынша сый-құрмет көрсетілді. Оның Мазар шәриф қаласында қырық күн  қонақ етті. Соған қарағанда Мүбашширдің аты, күрескерлігі Ауғанстанның ресми билігіне мәлім болған. Андхойда ат-Тарази өзінің араб тіліндегі «Дурратут-тижан фи мадхис-султан» деп аталатын қасидасын Ауғанстан билеушісі Мұхаммед Надир шаһқа жолдайды. Ардақты Пайғамбарымыздың «Дін – насихат» деген сөзіне сүйене отырып, қасиданың бас жағына өзінің көшіп келу себебін баяндайтын парсы тілінде кіріспе жазған. Шаһ оған ресми түрде алғыс жауабын білдіріп, егер қаласа, астанаға келуге шақырады. Кабул әкімі Мұхаммед Яғқуб ханға жолығу ниетін білдіргенде1349/1931 жылы сапар айының 10-ында арнайы хатпен Премьер-министр (әс-Cадр ул-ағзам)cардар Мұхаммед Хашим шаһтың қабылдайтын жеткізді. Премьер-министрдің қабылдауынан кейін шаһ Далкошадағы сарай дастарқанында дәм татқызып, сұхбаттасады.

Негізінде Ат-Таразидің Ауғанстанның киелі жерлерін зиярат етіп, одан ары Мысырға өтіп, сол жақта елінің азаттығы жолындағы күресін қалам арқылы жалғастыру ойы болған. Алайда Ауғанстан шаһы оны ұнатып, орайы келген сәтте «Түркістанға ораларсың, оған дейін осы еліңе шекаралас жерден күресіңді жалғастыр» деп, қорғаныш болатына уәде береді. Ат-Тарази әмірдің бұл ұсынысына алғыс айтып, қабыл алады. Осылайша ол жергілікті Орта Амания мектебіне араб тілі және дін ғылымдары пәндерінің оқытушы болып қызметке кіріседі.

Кабулге орналасқан Мүбашшир ат-Тарази бөтен елдің жағдайына тез бейімделіп, қоғамдық белсенділігін танытады. Ұшқыр ойларымен өте маңызды әрі қауіпті күреске ғылыми, пікірталас жолымен араласты. Ұзамай ат-Тарази Ауғанстан Ағарту министрлігінің мектептердің оқу жоспары мен жүйесін қадағалайтын комиссия мүшелігіне, талапкерлерден емтихан қабылдау комиссиясына және құқық факультетін бітірушілердің диплом қорғау қомиссиясына енді. Сондай-ақ ол Мұхаммед Надир шаһпен кездесуінде Ауғанстан білім жүйесін реформалау және елдің басқа да мәселелері жайында өз ой-пікірін айтты.

1933 жылы Ауғанстан мұсылмандары және Кабулдың алынуы тақырыбында жазылған зиялылар мен қаламгерлердің еңбектерін талдау және бағалау комиссиясына мүше болды. Бұл алқалы комиссия құрамында Ағарту министрі, Сыртқы істер министрі, Шаһ кеңсесінің басшысы және Ауғанстан әдебиетшілер қоғамының басшысы кірді. Осылайша ат-Тарази Ауғанстандағы діндар ғұламалар мен мәдениет қайраткерлерін жақындатуға үлес қосты.

  • Ауғанстанның тәуелсіздігіне арналған әскери парад. Шеруді тамашалаушылар қатарында Ауғанстан шаһы Мұхаммед Заһирмен бірге ат-Тарази де отыр, 1936 жыл

Ұзамай Ат-Таразиге кезектен тыс арнайы қарар арқылы Ауғанстан азаматтығы берілді. Ауғанстан атынан Сауд Арабиясына баратын үкіметтік делегация төрағасының орынбасары болды. Ауғанстан мен Сауд Арабиясына үкіметі арасындағы халықаралық қатынастарға қан жүгіртті. Ауғанстан азаматтарының қажылық сапарын ұйымдастыру, Мекке қаласынан Ауған такиясын (қонақ үйін) салу үшін жер телімін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізеді. Ауған делегациясын Сауд Арабиясының патшасы Абдул Әзиз әл-Сауд қарсы алып, барынша сый-құрмет көрсетіп, талаптарын оңды шешуге уәде берді.

1932 жылы қажылық маусымындағы Ауған үкіметінің үлкен делегациясын Шаһ сарайы министрі Сардар Ахмет шах ханбастап барды, төраға орынбасарлығы тағы да ат-Таразиге жүктелді. Үкіметтік топ сапар кезінде  өткен жылғы мәселелерді пысықтады. Осы жылы Сауд Арабиясы мен Ауғанстан мемлекеттері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Оның араб және парсы тілдеріндегі мәтінін Мүбашшир ат-Тарази дайындады. Кабулға оралғаннан кейін Мұхаммед Надир шах оны Шаһ кеңсесінің Редакция және аударма үйінің жалпы меңгерушісі етіп тағайындады. Мұндай қызметат-Таразидің мұсылман әлемімен қатар араб елдерімен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік туғызды. Ол Ислам ұйымдармен, араб қауымымен байланыс орнатты. Журналистермен араласып, оларға Ауғанстандағы ахуал мен Шаһ сарайы атынан хат жолдап отырады. Шаһ кеңсесінде жұмысістеген жылдары Мүбашшир ат-Таразидің мақалалары Мысыр, Сауд Арабиясы, Ирак, Сирия, Ливан басылымдарында жарық көреді. Осы қарым-қатынастары арқылы ат-Тарази Ауғанстан мен бүкіл Ислам әлемі арасында өз саласы және БАҚ арқылы байланыстар орнатуға септесті.

Оның Ислам мәселелері төңірегіндегі көптеген мақалалары мен араб тіліндегі қасидалары 25 жыл бойы араб басылымдарында жарыққа шығып отырды. Сондай-ақ «Бүгінгі ғасырдағы Ислам ғұламаларының маңызы» атты мәселеге көзқарастары 1353/1935 жылы Мысырдағы әл-Әзһар ұстаздарына арналып жазылып, олар «Нурул-Ислам» атты басылымның бесінші томының алтыншы бөлімінде «Ұлағатты ғалымға алғыс» деген тақырыппен арнайы мақала жариялаған.

Мүбашшир ат-Таразидің елеулі мақалалары«Көктеген білім» журналында, Мысырдағы «Шығыс мінбесінде» және Бағдаттағы «Һидаят» журналында басылды. Ол журнал бетінде Дамаск пен Бағдат ғұламасы арасындағы бұрыннан жалғасып келе жатқан дауды төрелікпен тоқтатып, Ислам бірлігі мен тұтастығына төнген қауіпті сейілтті.

Ат-Тарази Шаһ кеңсесінде қызмет етіп жүрген кезінде Ауғанстанға сапарменкелген ғұламалар мен көсемдер, араб журналистері және Ислам әлемінің өзге де танымал адамдарын патша сарайына, Ауған шаһының алдына кіргізген. Мысалы, Дамаскідегі «әр-Рабитатул-Исламияның» төрағасы, профессор Мұхаммед Әдиб Абдул Әзиз, Саих әл-Ғирақи деген атпен танымал болған профессор Юнус Бахри, сондай-ақ Палестина мүфтиі, шейх әл-Хаж Әмин әл-Хусейниді Кабулға келген кезінде Мұхаммед Надир шах атынан Ауған үкіметінің құрметті қонағы ретінде қабылдаған. Сондай-ақ Ислами мәжілістің жылдық жиынында ат-Тарази сөз сөйлеп, Палестина мұсылмандарын азат ету жолында мұсылмандардың бір жағадан бас бір жеңнен қол шығару керектігі жөнінде үндеу тастады. Оның бұл үндеуі Мысырдың «Шағб» және «Һидаят» журналдарында жарыққа шықты.

1931-1943 жылдары ат-Тарази Ауғанстан астанасында ресми және ғылыми қызметтер атқарды. Оның жетістігі мен білімділігіне радио, кітап, журнал, газет арқылы жұртшылық қанық болды. Ат-Таразишекара асып, Ауғанстанның түпкір-түпкірін паналаған көптеген түркістандықтардың беделді қайраткеріне айналды.

Сонымен қатар Ауған әдебиетшілері одағының құрметті мүшелігіне, урду-ауған тіліндегі «әл-Жәйшул-афғани» (Ауған әскері) журналының редакторлық алқасына мүше болды. Оның әскер мен Ислам тақырыптарындағы мақалалары жиі жарық көрген. Ол қолынан қаламын тастамай, газет-журналдарға алуан түрлі тақырыпта мақалалар жазатын. Ауғанстанға табан тірегеннен кейін артынан cексендегі әкесіәл-Хусейни, оның кемпірі Мәстанхан, екінші жұбайы Болатхан, басқа да туыстары қиындықпен шекараны кесіп өтті.

Мүбашшир ат-Тарази лауызымды қызметтерге тағайындалып, шет елде беделге ие болса да жанына тыныштық бермейтін асыл арманы атамекенге оралу еді. Ауғанстанда тұрып жатқан мұһажирлер арасындағы беделділері Бұхардың соңғы әмірі Сейд Мір-Мұхаммед Әлімхан (1880-1944), басмашылар қозғалысының аңызға айналған жетекшілері Шермұхаммед (Курширмат) Ғази (1895- 1970), Ишан халифа, Қызыл аяқ, Махмуд бек, Қамчи бек т.б еді. Бой тасалаған эмигранттардың ортақтастыратын бір мүдде туған жерлерімен қауышу еді. Алайда осы мақсат-аңсарға Кеңес үкіметі құламай қол жеткізу мүмкін емес-тін. Гитлерлік Германияның Кеңестер Одағына қарсы соғысы бастағаннан кейін бұл топ жетекшілері бейтарап Ауғанстан басшыларын екінші жақтан соғыс ашуға көмек сұрап мазалай бастады. Кеңес одағының емістермен соғысып жатуы екінші тараптан майдан ашуға қолайлы, ыңғайлы сәт еді.

Бұл кезде ат-Тарази Ауған үкіметінің мақұлдауын ала отырып, Ауғанстанда тұрып жатқан түркістандық азаматтардан әскер құрып, шекаралас тұстардан Кеңестер Одағынан Түркістанды азат ету операциясын әзірлеуге кірісті (Еске алу кітабы. Ғұлама Әбу-н-Насыр Мүбашшир ат-Таразиге арналған конференция (материалдары, араб тілінде) Каир, 1987, 24-бет).

Сол үшін немістермен де келісім жасауға, тіпті олардың қаржылай қолдауына сүйенуге мәжбүр болды. Әрине Ауғаныстан үкіметі бұл жағдайдан үнсіз білмегенсігенімен, ат-Таразидің айтуынша, мүһажирлердің жиһадтық күресін құптады. Себебі ресми лауазымды қызмет атқаратын, биліктің тұтқасын ұстаған мансап иелерімен күнделікті етене қарым-қатынастағы ат-Тарази өз ойын жасырмасы анық.

Ауғанстандағы Германия елшілігі мен барлау қызметіне соғыс жағдайында жаңа міндеттер тапсырылды. Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуылжасап тез басып алу жоспары іске аспаған Гитлер қарсыласын тізе бүктіруге әртүрлі күштерді пайдалануды ойластырды. Соның бірі – түркістандықтарды, мұсылмандарды қолдану еді. Осы мақсатта Түркістан легионы құрылып, Палестинаның бұрынғы мүфтиі Мұхаммед Әмин әл-Хусейни (1895-1974) лагерлерді  аралап, тұтқындармен кездесіп, мұсылмандардан дивизия жасақтауға көмектесті. Түркістандық тұтқындармен жұмыс барысында шетелде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайды да пайдалануды көздеді. Немістер бір жағынан Түркістан легионын жасақтап, екінші тараптан Ауғанстандағы Орта Азиядан келген эммигранттарды қаруландырып тұтқиылдын шабуылдауды ойластырды. Шабуылға люфтваффе, яғни әуе күштерінің ұшақтарымен қолдау жасау жоспарланған. Фашистік Гитлердің Азиялық бөлігінде соғыс қимылдарын жергілікті халықтың күшіне сүйеніп  жүргізу, соның ішінде түрікшіл, діншіл сипаттағы наразылықты күшейту діттелді. Осылайша Кеңестер Одағына ту сыртынан соққы беріп есеңгіретуге мұсылмандардың, түрік халықтарының коммунистердің қиянатына ыза-кегін, тәуелсіздік жолындағы арман-аңсарын пайдалануға тырысты. Тәуелсіздік тұсында елімізде Түркістан легионы туралы көптеген материалдар жарияланып, жан-жақты зерттеле бастады. Алайда Ауғанстан жағынан әзірленген екінші операцияескерілмей келеді.

Ат-Таразидің жазбаларына қарағанда, немістермен Түркістан үкіметінің тәуелсіздігін мойындауға келісімін берген соң ғана екіжақты келіссөздер басталған (Араб қолжазбаларындағы Түркістан: өткені мен бүгіні, Орта Азия мен Қазақстан тарихы туралы, Аударған Ы.Палтөре, А, 2017, 372-бет).

  • Мүбашшир ат-Тарази Сауд Арабиясының королі Абдул Азиз Сауд және Ауғанстан шаһы Мұхаммед Надир бастаған топпен бірге, 1931 жыл

Келісім сол кезде Германияда жүрген Палестина мүфтиі Мұхаммед Әмин әл-Хусейнидің делдалдығы арқылы жасалып, Германиядағы түркістандық тұтқындардан құралған және Түркістанды азат ету әскері деген атаумен арнайы дайындықтан өткен әскерлермен бір сағатта үйлесімді соққы жасаужоспарланды. Олардың ұраны «Аллаһу мағәнә (Алла бізбен)» деген діни сипатта болды (Еске алу кітабы, Ғұлама Әбунасыр Мүбашшир ат-Таразиге арналған конференция материалдары, араб тілінде) Каир, 1987, 25-бет).

Ауғанстанда немістермен астыртын байланыс құрған бұл құпия ұйымды «Фаал» деп, ал оның басшысы Мүбашшир ат-Таразиді «Ханза» кодтық есімімен атаған. Бұхардың соңғы әмірі Әлімхан бастаған күшті тарту үшін Бұхар әмірлігін бөліп алып, бұрынғы хандықты қалпына келтіруге уәде берілді. Осы мақсатқа қаражат аямады.

Мүбашшир ат-Таразиді жетекшілікке таңдауы бекер емес. Себебі оның түрікшіл, әрі діндар, әрі харизмалы, Кеңес идеологиясына бітіспес жаны қас,  өлгенше шайқасып өтуге бел байлаған қайратты, бірбеткей қасиеттері де ескерілді. Сондай-ақ Ауғанстандағы мұхажирлерді бір мақсат-мүдде жолында ұйыстырып, топтастыра алуға қабілетті жан екені де есептелген тәрізді. Бұхар әмірлігінің соңғы билеушісі Әлімханның бұл жасырын дайындыққа қатысы болса да, алда-жылда іс насырға шапқан жағдайда өзіне ілтипат-құрмет көрсетіп отырған елдің билігін ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін тасада қимылдауды дұрыс санады. Тіпті қажетті шығындар үшін бағалы тастарын да саттырды. Операцияға әзірлік жұмыстары басталған кезде Мүбашшират-Таразидің үлкен ұлы Насрулланы Әлімханның бәйбішесінен туған қызы Махрам Маһбижиммен некелестіріп, үйлендіруі де үлкен іс алдында жақындығын құдалық жолымен де бекімдеуі еді.

Мүбашшират-Тарази әр жерде бытырап жүрген топ серкелерін біріктіріп, жұмылдыра алды. Алғашқы қадам қырғыздардың құрбашы, 1941 жылы Кеңес Одағы шекарасын бұзып, батыл шабуыл жасаған Қамши-бекпен бірлесе қимылдауға, ол жасақтарымен Әмудария тарапынан соққы беруге келіседі. Кейін Қызыл-аяқпен де жолығып, оның түрікмендердің үлкен тобын бастап, әскери қимылға қатысатыны жайлы уәдесін алады. Осылайша құрамында 20 мыңмен 30 мың аралығындағы басмашылар жасағын соғысқа дайындады.

Кеңес Одағы бұрынғы жауы ағылшындармен немістерге қарсы одақ құрды.Сол себепті ортақ дұшпанға қарсы барлау саласында ақпарат алысып, бірлесе әрекет етті. Бұрын Ауғанстан территориясында Кеңес үкіметіне қарсы жұмыс істеген ағылшын тыңшылары енді одақтас неміс, жапон, италиялық  агенттерге қарсы Сталинге бағынышты барлау қызметімен ымыраласа жұмыс істеді.

Кеңес Одағы ол кезде мазасыз Ауғанстандағы агентура қызметін жақсы ұйымдастыра алды. Ауғанстандағы эмигранттар арасына кіргізілген жансыздар олардың қимылын қапысыз аңдып, орталыққа дер кезінде мәліметтер жеткізіп отырды. Барлау органдарыақпараттарына сүйенген қызыл империяның қарсы қолданған шарасы нәтижесінде аталған жоба іске аспады. Ауғанстан үкіметі тегеурінді Кеңес Одағымен арадағы сыйластық қарым-қатынасын бұзубауға тырысты. Әрине Ауғанстан мұсылман мемлекеті ретінде дінмен күрескен Кеңес Одағына ұнатпаса да бір-бірін мойындап, қол қойған келісімшартқа сәйкес салқындылық танытты. Әліптің артын бағып, ашық соғысты қолдауға бата алмай, жасырын қимылдады.

Аталмыш операция хақында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссары Меркуловтің атынан өте құпия түрде 1943 жылдың 27 сәуіріндегі КСРО Қорғаныс комитетінің комитетіне, Сталинге, Молотовқа, Берияға  дайындалып, бірақ Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жіберілмеген, Сыртқы Барлаудың Фининнің нұсқауымен Берияға, Меркуловке, Кобуловке жолданған мәлімдемеден (ҚР Мемлекеттік архиві, 2300-қор, 1-тізбе, 348-іс) қанығамыз. Біз төменде осы мәлімдемені қазақшалап мазмұндап ұсынуды жөн көрдік.

Мәлімдемеде операцияға әзірліктің 1942 жылдың қысынан 1943 жылдың көктеміне дейін созылғаны айтылған. Бұл немістердің барлау қызметінің  тапсырмасына сәйкес деп көрсетеді. 1943 жылдың сәуірінде залалсызданып, басшылары тұтқындалады. Батыл әрекетке кірісуге бұйрық күткен жасақтар басшылары қамалған соң жоспарды орындауды бастай алмай, аяқсыз қалды.

Түрлі эмигранттық ұйымдардың белсенді, үйлесімді қимылдары алдымен өзара бітіспей, ортақ келісімге келісе алмай келген жетекшілердің басын қосып, ортақ әрекетке көшуге мәмілеге келуімен басталды.

Жансыздар хабарлағандай, 22 қаңтарда бұрынғы Бұхар әмірі Сейд Мир Мұхаммед Әлімхан мен Мүбашшир хан тобы бірігеді, олардың арасындағы келіспеушіліктің түйіні шешіледі. 1943 жылы қаңтар айында Мубашшир хан ат-Тарази басмашылықтың белгілі басшысы Курширматпен (Шермұхаммед) татуласып, күш біріктіреді. Мұндай бастама Тарази тарапынан шығып, Курширматқа қолдау жасауға уәде етеді, көмек ретінде 2400 ауғани (сом) береді.

Кеңестік жансыздар Таразиді айрықша(наиболее колоритной) тұлға деп сипаттап, оны ағылшын агенті және ағылшындар немістерге берген деуге негіз бар мәлімдейді. Кеңестер Одағы территориясында белсенді жаулық әрекеті бастамасының содан шыққанын, соңғы уақытта эмиграттар басшылығын толықтай өз қолына алғанын баса көрсетеді.

Жетекшілері біріккен соң эмигранттық ұйымдардың Кеңес үкіметіне қарсы орталық (комитет) құрып, қимылдарды үйлестіру мақсатында барлық көрнекті басшылары Саид Мүбашшир хан ат-Тарази, Курширмат (Шермұхаммед), Нурмамед (Нур Мухаммед), Абдул Ахмад Кари, Ходжи Вафа кіреді. Ходжи Вафа Комитетте бұрынғы Бұхар әмірі Саид Әлім ханның арнайы өкілі болған.

Ауғанстанның солтүстік аудандарында аталған орталықтың бөлімшелері құрылады. Құндыз қаласындағы бөлімшені Саид Мухитдин-хан төре, ал Ханабадтағы бөлімшені Мырза Хатам Ляшкарбаши басқарады. Имам Саиб қаласында осындай бөлімше ашу белгіленген.

Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази әл-Хусейни (1896-1977)

 

1943 жылдың ақпанында жетекшілер эмигранттар ішінен КСРО-ға қарсы шабуылға қатысуға шамасы келетіндерді алдын-ала есептейді. Ауғанстанның он қаласы мен ауданы бұйрықты орындай алады деп есептеледі. Басмашылардың басшысы Курширмат (Шермұхаммед) Кабулдағы неміс елшілігімен байланыс орнатады. Ол эмираттар ішіндегі неміс барлау қызметінің басшысы Расмусқа, Герман үкіметіне берген жазбаша үндеуінде  эмигранттардың 1943 жылдың көктемінде Орта Азияда көтеріліс ұйымдастыратын, кеңестік аймақта қирату жұмыстарын, ең алдымен теміржол, байланыс желілері, басқа да маңызды нысаналарды жоюды ойластырғанын хабарлап, 1,5-2 миллион афғани көлемінде қаржылық көмек сұраған, өзін бас қолбасшы деп таныстырған.

Орталық соққы жасалатын аудан ретінде Тәжікстан мен Өзбекстанның кейбір аймағын айқындаған. Сол мақсатта Ауғанстанның солтүстік аудандарына, Құндыз қаласында, өзбек эмиграциясы жетекшілерінің бірі Сайд Мухитдин-хан төреге – Рузи Мұхаммедті, түрікмен эмигранттарының жетекшісі ишан Халифа Қызыл Аяққа – Кары Абдулланы, Ауғанстан Памиріне – қырғыз  Қамши-бек Аилчибекке – Махмұд-бек өкілдерін жіберген.

Осыған ұқсас өкілдерді түрікмен эмиграциясының беделділері – Молла Кылыш Аға Коушут-байға және Дәулия Сердарға Бала-Мургаб, Меручак, Мейман, Герат аудандарына, Орталық жетекшілерінің бірі Ахад Кары Құндыз қаласына барып, сол жерден кеңестік территорияға барлау жұмысын жүргізіп, КСРО-дағы антисоветтік топтармен байланыс орнатуға адамдарды таңдап, жіберу мақсатымен барады.

Кабулдегі көптеген эмигранттар солтүстік Ауғанстанға барып, Кеңес Одағына соққы қимылдарына қатысу үшін өз ісін тоқтатты. Бұрын Курширматтің басмашы топтарында болғандар қару, патрондар сатып алды. Кеңестік тарап эмиранттардың бұл әрекеті туралы Ауғанстан үкіметін толықтай құлақтандырды.

Германия КСРО-ға шабуыл жасағаннан-ақ эмиграция жетекшілері Ауғанстан үкіметіне Орта Азия республикаларынан бас тарттыру үшін Кеңес Одағына қарсы батыл қимылдар бастау ұсыныстарын айтқан. Бірақ Ауғанстан үкіметі бұл мәселеде ұстамдылық танытып, олардың көздегеніне көніп, кесімді шараларға бармады. Себебі олар бұған байланысты Ауғанстандағы КСРО елшісі Михайловтың бірнеше реткі мәлімдемесіне қарамастан, үкімет эмиграттардың Отанына оралу үмітін қолдап, көңіл-күйіне түсіністікпен қарады. Соңғы кезде эмиграттардың Ауған үкіметінің басынан аса немістермен байланысы мен белсенділігі арта түскен. Ауған үкіметі біздің эмиграттардың әрбір қадамын бақылап отырғанымызды біледі, сондықтан эмигранттардың бұл қимылдары біздің қарсы шешімді әрекеттерге баратынымыздан қауіптенеді.

Осыған байланысты 1943 жылдың 4 сәуірінде Кабулде жасырын (құпия) полиция Орта Азиядан барған эмиранттардың аталған комитеті құрамына кіретін төмендегі басшылары Саид Мүбашшир хан ат-Тарази, Насрулла-хан (Таразидің ұлы), Курширмат (Шермұхаммед), Нурмамед (Нур Мухаммед), Сеид Хабибулла Тура, Кари Убайдулла тұтқындалады. Тұтқындау тікелей  Премьер-министрдің бұйрығымен іске асқан.

Таразидің үйінде екі рет тінту жүргізіліп, нәтижесінде 1100 мың афғани табылады. Тергеуді жасырын полицияның бастығы өзі өте құпия түрде  жүргізіп, нәтижесі тікелей Премьер-министрге мәлімделді.

Ауғанстан билігі солтүстік аудандарында Кеңестер Одағына қарсы шараларын дайындау мен астыртын контрреволюциялық (ұйымдармен) байланыс орнатуға орталық тапсырмасымен бет алған эмигранттар Абдулла Қары мен Абдул Рассул қожаны ұстады. Ұсталғандар Кеңестер Одағына   Таразидің тапсырмасымен бет алғанын мойындады.

Осы уақытқа дейін жасырын полиция 20-ға тарта адамды тұтқындаған.

Ұсталғандар жауы Кеңестер Одағына қарсы эмигранттар қимылын ұйымдастырғанын және оны Таразидің қаржыландырғанын мойындады. Тұтқындалған эмигрант Ұста Абдукадыр Таразидің немістер мен жопандардан көп ақша алғанын, оның шаралары Солтүстік Ауғанстанның  едәуір аудандарын (Мазар, Имам-Саиб, Андхой) қамтитынын, мұнда Кеңестер Одағына қарсы басмашылар тобы шоғырлануы керектігін баяндаған».

Түркістанды азат ету операциясы сәтсіз аяқталуына ойламаған жерден Германия әскерінің Сталинград қаласында, Курскі доғасы түбінде қатты жеңіліс табуы да әсерін тигізді. Немістердің қанды шайқастарда соққыға ұшырап, шегінуі таразының қай жаққа аууын сақтықпен бақылап отырған  солқылдақ Ауғанстан монархиясы басымдыққа ие болған Кеңестер Одағына нота тапсырып ат-Тарази және өзге де бір топ белсенді адамдарды тұтқынду жөніндегі талаптарын амалсыз орындауға мәжбүр болған деп санаймыз.

Ат-Тарази бұл операцияның сәтсіздікке ұшырауын Курширматтің бауыры Нұрмұхаммедке Ауғаныстандағы астанасы Кабулдадағы орыс елшілігіне хабарлауды өтінуімен, сондағы мақсаты ат-Тарази мен оның көмекшілерін тұтқындатып, бұл қозғалысты жетекші ретінде жалғастыру болғанымен де байланыстырады (Араб қолжазбалары бойынша Түркістан: өткені мен бүгіні. Орта Азия мен Қазақстан тарихы туралы. Аударған Ы.Палтөре. А, 2017, 372-бет).

Курширмат бек қолына Құран алып, орыстарға қарсы жасақталған қозғалыстың көсемі Мүбашшир ат-Таразиді мойындаса да, билікке қызығушылықпен ат-Таразиді ұстатып, басшылық тізгінін өз қолына алу мақсатымен болып жатқан жағдайды бауыры арқылы Кеңестік елшілікке жеткізіп, Ауғанстан үкіметін келеңсіз жағдайға ұшыратты.

Әринеат-Тарази Шермұхаммедтің (Курширмат) бұрынғы жанқиялық күрестерін, соның ішінде Ферғана мен Марғұландағы орыстарға батыл қарсылығын әділ бағалайды. Десе де Шермұхаммедтің (Курширмат) қателіктерге бой алдыруын саясат пен әлемде болып жатқан жағдаяттардан тәжірибесіздігімен, басшылыққа құмарлығынан деп түйіндеп, кейінгі зерделеуге өз естеліктері мен оның жеке күнделіктерін, Ауғанстан барлау мұрағатындағы құжаттардан табуға болатынын да нали еске алады (Араб қолжазбалары бойынша Түркістан: өткені мен бүгіні. Орта Азия мен Қазақстан тарихы туралы. Аударған Ы.Палтөре. А, 2017, 372-373-беттер).

Курширматтың кейінгі өмірін Түркияда өткізіп, 1970 жылы қаза болғаны белгілі. Алда оның архивтік мұра-естеліктерін парақтап, салмақтау осы   оқиғаның ақиқатын жан-жақты айқындай түсуге септеседі деп сенемін. Біз осы мақаламызда әзірше әкелі-балалы ат-Таразилердің естеліктері мен советтік барлаушылардың мәліметтерге сүйенуімен ғана шектелдік.

Бұл жобаның жүзеге аспауына соғыс барысы күрт өзгеріп, жеңіліп жатқандардың жеңе бастауы, немістердің ойсырай шығынға ұшырауы, Ауғанстан мемлекетінің әлсіздігі,сөйтіп Кеңес үкіметінің талаптарына табандылық көрсете алмауы себеп болған деп тұжырымдау абзал.

Тұтқындау кезінде Бұхар әмірі Әлімханның қамауға алынбауы бір жағынан осы жоспарға тікелей емес өкілі арқылы араласқаны әрі оның жеке басына құрмет ықпалын тигізген болу керек. Әлімхан 1944  жылдың 5 мамырында Кабулда дүниеден өтті. Жат жерде көз жұмған ол өз қабіріне «Отансыз әмір аянышты әрі түкке тұрғысыз. Өз Отанында дүниеден өткен кедей – нағыз әмір» деп жазуды өсиет етіпті деседі. 

Кеңестік жансыздардың жинаған мәліметіне қарағанда, Әбу Насыр абақтыда қамалуы ұзаққа созылған соң, еркіндікке шығудың жалғыз жолы Кеңестер Одағының ауанынан аса алмай өздерін тұтқындап, қапаста ұстап отырған Ауғанстанның Премьер-министрі Мұхаммед Хашим ханның көзін жоюға,осылайша билікте ауыс-түйіс жасатуға бекінеді. Түрмедегі Мүбашшир мен Шермұхамметтің көңіл сұрауға келген әмірдің туысы Яхия хан арқылы осы жоспарын орындатуға тапсырма береді. Премьер-министрді Жалалабад-Кабул жолында автомобильмен жүрген кезде жаруға бомбалар сатып алынады. Бұл қастандық хақындағы жансыздар ақпаратын кеңестік тарап дипломатиялық жолмен Ауғанстан үкіметіне тез ескертіп үлгереді. Бұдан әрі ат-Таразидің түрмеден ертерек шығару туралы өтінішін қарау кейінге шегеріліп, жеке камераларға ауыстырылып, тәртіп қатаңдатылды.

Ат-Тарази, оның ұлы мен серіктері 5 жыл, 1 ай, 3 күн абақтыда отырды. Алайда Ауғанстан үкіметі коммунистермен күресушілерді қамауда ұстауына өз діндарлары мен эмигранттардың наразылық көңіл-күйін ескермеуі де мүмкін емес еді.

1948 жылы Ауған парламентінінің қарарымен темір тордан босап шыққан ат-Тарази Кабул әкімінің көлігімен Далкошадағы Мұхаммед Заһир шахпен жолығу үшін сарайына бет алды. Сол кезде жанында болған ұлы Насрулланың куәлігіне қарағанда, шаһ оны барынша жылы қабылдап, дастархан жаяды, бұрынғы патша диуанындағы (кеңсесіндегі) қызметін қайтып жалғастыруын ұсынады. Алайда Әбу Насыр қызметтен бас тартып, кешірім сұрады.

Бостандыққа шыққаннан кейін шамамен бір жыл уақыт өткеннен соң ат-Тарази Мұхаммед Заһир шаһтан Ауғанстаннан отбасымен басқа елге көшуге рұқсат сұрады. Себебі кеңес билігі тарапынан Мүбашширды ажал құштыру мақсатында бірнеше әрекет жасалып, енді оның бұл елде қала беруі өміріне қатер төндірген болатын.

 

Шамшәдин КЕРІМ,

профессор, Нұр-Мүбарак университеті

Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры

«Мұнара» газеті, №5, 2021 жыл

 

(Суреттер Орталық мемлекеттік мұрағаты қорынан алынып, алғаш рет жарияланып отыр)

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру