Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАКСИСТ ЖІГІТТІҢ БАСЫНАН ӨТКЕН ОҚИҒА

15.07.2020 7758 0 пікір
ТАКСИСТ ЖІГІТТІҢ БАСЫНАН ӨТКЕН ОҚИҒА

(болған оқиға ізімен) 

Бұл оқиға Иракта болған. Бір мұсылман әйелдің күйеуі қайтыс болып, үш баласымен жесір қалады. Бұрын қызметте болмаған әйел, жұмыс іздеп қанша есікті қақса да жұмыс таба алмайды. Ал материалдық жағдайы күннен-күнге төмендей береді. Көмектесер адам да болмайды.

Ыстық тамақ ішпегендеріне үш күн толып, аштықтан әбден әлсіреген әйел, бір күні намыс, ұят дегенді балалары үшін жиып қойып,көшедегі бөтен адамдардан көмек сұрап көрмек болады. Сыртқа шығып бірер көше жүргеннен кейін, маңайдағы көп дүкеннің бірінің алдына тоқтаған такси мен одан түскен клиентті байқайды. Әйел «Жаңа ғана адам түсіргеніне қарағанда, маған көмектесетін шамасы бар болар, не де болса барып көмек сұрайын» деп ойлайды. Рөлдегі Хасан есімді жүргізушіге жақын келген әйел: «Алла разылығы үшін көмектесіңізші. Өз басым ғана болса бұлай арымды таптағанша аштан өлуге дайын едім. Бірақ балаларымның аштықтан жылаған көз жасына шыдай алмадым. Балаларым үшін көмек қолын созыңызшы», - деді көзі жасаурап тұрып.

Хасан не істерін білмеді. Бір құлағына шайтан сыбырлап: «Сенің өзіңе көмек керек. Қайыршыларды тыңдап қайтесің? Өздері көбейіп кетіпті. Одан да үйіңе, күтіп отырған әйеліңе бар», - дейді.

Бірақ Хасан иманды жан еді. Әйелдің басына шын қиындық түскенін шарасыз жанарынан ұғынып, "Алла разылығы үшін" деген сөз ібілістің азғыруын жеңеді. Әйелдің сыртқы сипаты да қайыршыға ұқсамайтын еді. Ақыры не керек, қойнынан әмиянын суырған Хасан, ішінен қомақты соманы алып, әйелге ұстата салады да, орнынан қозғалып кете барады.

Күтпеген байлыққа алғыс айтып та үлгермеген әйел орнында тұрып қалады. Есі шыға қуанған ол,сол бейтаныс жанға Алланың мейірімін сұрап дұға етумен болады.

Хасан көлігінің әбден желінген дөңгелегін ауыстырсам деп ұзақ уақыт бойы жинаған ақшасын әйелге ұстата салғанын кейін ғана түсінді. Жолдың тайғақтығынан түрлі жол апаттарының болып жүргенін білетін әйелі де «дөңгелегіңді ауыстырсаңшы» деп күнде есіне салатын. Сол күні де дөңгелек туралы айтқан әйеліне не дерін білмеді. Бұл әңгіме бірнеше күнге созылды. Әр күні кеште әйелінен сөз ести-ести шаршаған Хасанның шындықты айтуға батылы жетпей, көлігінің дөңгелегін ауыстыруға бір кісімен келіскенін, оның қолы тигенде барып істететінін айтады. Әйелі де тынышталғандай болды.

Бір күні кешкісін әйелі: «Сені іздеп әлгі келіскен кісің келді. Осы мекен-жайға келсін, көлігінің дөңгелегін ауыстырып беремін деді», - дейді. Мұны естіген Хасан өз құлағына өзі сенбей тұрып қалды. Ешкіммен келіспегені өзіне аян. Сонда бұл кісі кім?

Қолына мекен-жай жазылған қағазды алып таңның атуын асыға күтті. Түні бойы «Бұл кісі кім? Маған дөңгелек ауыстыру керектігін қайдан білді?» деген сияқты сұрақтар мазалап, ұйықтап жарытқан жоқ десе де болады. Таңертең ертемен тамағын да ішпеген күйі шиномонтажға келген Хасанның алдынан бейтаныс жігіт шығып: «Сен таксист Хасан боласың ба?» деп сұрады. Жауап күтпеген күйі Хасанды құшақтай алған жігіт:

«Құдай үшін айтшы! Құдай үшін, айтшы маған! Сен не істедің? Үш күн бойы түсіме Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі кіріп, сенің дөңгелегіңді ауыстырып беруді бұйыратындай не істедің? Айтшы!» деп жылай берген екен.

Facebook желісіндегі жазбадан алынды

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру