Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОЛАР НЕГЕ ОҚУЛЫҚ ЖАЗДЫ?

Абай Мырзағали muftyat.kz 31.05.2020 4736 0 пікір
ОЛАР НЕГЕ ОҚУЛЫҚ ЖАЗДЫ?

Ресей империясы құлап, орнына Кеңес үкіметі толық орнаған соң халықтың білім беру, ағарту жұмыстары да жүйесін тауып, реттеле бастады. Бұл мүмкіндікті толық пайдаланған қазақ оқығандары ұлттың сауатын көтеруге белсене кірісті. Мұның ішінде Мәскеудегі «Күншығыс баспасының» елеулі үлесі тарихтан белгілі.

Баспа тарихы 1922 жылдан басталады. Осы жылы автономиялық республикалар мен облыстар үшін кітаптар және мерзімді басылымдар шығаратын КСРО ОАК Шығыс баспасы негізінде ашылды. Қазақша ресми аты – «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі». Мекемеге 1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлұлы басшы болса, 1922-1927 жылдары баспада Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қызмет атқарды. 1923 жылы Мәскеуге келген Мағжан Жұмабайұлы да аталған баспада жұмыс істеді.

Кеңес одағы халықтарының Күншығыс баспасөзінің жанындағы қазақ басқармасы мектептерге керек кітаптар, саяси брошюра (жұқа жинақтар) бастыруды 1923 жылдардан-ақ жоспарлап жүзеге асырып отырған. 1923 жылы «Темірқазық» журналының №1 санында шығаруға жобалап отырған кітаптардың бағытын айта келе: «Бұл жобалап отырған кітаптарымыздың қолымызда бары да бар, жоғы да бар. Планымызға кіргізіп отырғандағы ойымыз орындардағы азаматтардың жазғандары бар шығар деп отырмыз. Не әлі жазбаса; бұдан былай жазар деп отырмыз. Бұл күнге дейін қазақ азаматтарының кітап жазбай жүруінің бір зор себебі «бүгін таңда баса қоятын типография жоқ, құр босқа жазып қайтем» дейтін.

Біз жоғарыда санап өткен кітаптарды үш айдың ішінде басамыз деп отырмыз, қолымызға жарарлықтай кітап тисе, типографияда бөгелмейді. Тез басылып шығады. Сондықтан, жергілікті қазақ азаматтарынан сұрайтынымыз, жоғарғы көрсеткен кітаптардан жазылған кітаптар болса, не жазатын ойлары болса басқармамызға хат арқылы сөйлессін, даяр жазылғандары болса тура басқармаға жіберсін. Жазу ақысы кітап иесіне толық беріледі» («Темірқазық» журналы, № 1, 1923 жыл) деп арнаулы хабарлама да басылған еді. Осы хабарламалардан кейін, қазақша кітап жазу мен оқулықтар аударуға белсене араласқан азаматтар қатары көбейе түсті.

Баспаның басып шығарған кітаптары мен алдағы жоспары туралы Орынборда болған тұңғыш қырғыз-қазақ сиезінде де есеп беріліп, жұмыс бағыты айқындалды. 1924 жылдың 12 маусымында қазақ-қырғыз халқы білімпаздарының тұңғыш сиезіне Мәскеудегі Күншығыс баспасөз мекемесінен Бөкейханұлы Әлихан мен Төреқұлұлы Нәзір екеуі қатысқан еді. 17 маусым күні болған кешкі мәжілістің күнтәртібі мәселесінде қазақ кітаптарының басылу мен таратылуы туралы талқы болды. Мемлекет баспасының кітап басудағы кемшіліктері айтылып, Мәскеудегі «Күншығыс баспасынын» көмек сұрау көзделді.

Бұл мәжілісте Нәзір Күншығыс баспасөз мекемесінде басылып жатқан кітаптардың қандай екенін, мектепке керек оқу кітаптарының елге жақын Орынбор мен Ташкентте басылуы қолайлы болады деген ойы мен мұндай кітаптардың Күншығыс баспасөз мекемесінің жоспарына кірмегенін айтты.

Міржақып мемлекеттік баспасөз бөлімінің басуға даярланған кітаптарын мезгілімен басып шығара алмай, басылған кітаптарды ел ішіне тарата да алмай отырғанын айтып өтті. Кітап бастыруға Қазақстан баспасөз бөлімінің өз күші жеткіліксіз екенін айтып, кітап бастыру жағынан Мәскеудегі Күншығыс баспасөз бөлімінің жәрдемі, мұнда басыла алмаған кітаптарды Мәскеуден бастыру керектігін ұсынды. Сиез мәселені тексере келе «Қазақша кітап басып шығару ісіне Мәскеудегі Күншығыс баспасөз бөлімінен көмек сұралсын!» деген қаулы қабылдады. Осыдан кейін Мәскеудегі және Қазақстанның жер-жеріндегі қазақ білімпаздары өз кезегінде аударма мен өз қаламынан туған шығармаларын аталған баспа арқылы шығаруы көбейе түсті. Бұған 1926 жылдың қаңтарынан 1927 жылдың шілдесіне дейін жарық көрген 212 қазақша кітаптың 81-і (38%-ы) Мәскеудегі «Күншығыс баспасынан» шыққаны айқын дәлел.

Баспадан кітаптары мен аудармалары жарық көрген қаламгерлер арасында Нәзір Төреқұлұлы, Абайдың Тұрағұлы, Жұмағали Тілеулин, Әлихан Бөкейхан (Қыр баласы), Ахмет Мамытұлы, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлыұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Ғаббас Тоғжанов, Қаныш Сәтбаев, Бейсембай Кенжебайұлы, Есбол Мырзағазыұлы, Аббас Нұрымұлы, Ибат Игенұлы, Даниял Ысқақұлы, Сұлтан Лепесұлы, Жүсіпбек Арыстанұлы, Ахмет Баржақсыұлы, Жүсіпбек Басқараұлы, Біләл Малдыбайұлы, Әлі Кемелұлы т.б авторлар болды.

Нәзір Төреқұлұлы 1922-1928 жылдар аралығында Мәскеудегі өзі басқарып отырған «Күншығыс баспасынан»  1924 жылы «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби», «Жаңа әліпби неге керек?» атты кітаптарын, 1926 жылы «Ұлт мәселесі мен мектеп», «Жат сөздер туралы» еңбегін шығарды. Ахмет Баржақсыұлының «Мың бір мақал» жинағына, Жүсіпбек Арыстанұлының «Жаңа тұрмыс жолында» кітабына алғысөз жазады.

Баспада белсенді жұмыс істеген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ұлттың  рухани мұраларынын жинақтап бастыруды қолға алды. «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «23 жоқтау» кітаптарын өз бастамасымен шығарды. Аудармалардан «Жетпіс жеті мысал» (Езов бен Толстой), «Қажымұрат», «Қапқаз тұтқыны» (Л.Толстой), «Марқардың түсі» (Короленко) кітаптарын аударып бастырды. Ғылыми кітаптардан «Жердің қысқаша тарихы» (Т.Тутковский), «Астрономия әліпбиі» (К.Фламмарино), «Дүниенің құрылысы» (Д.Граве) сияқты жер жаратылысына қатысты оқулықтарды аударып жазса, тарихи тақырыптағы «1916-1926 жыл» кітабын аударды. Денсаулық тақырыбынан «Денсаулық сақта», «Жамандат – топалаң» кітаптарын қазақшалап оқырманға ұсынды. Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан баспадан шыққан өзге де 10-ға жуық кітапқа алғысөз, сын жазған. Мысалы, Ахмет Мамытұлының «Егін өсіру жолдары» (Бессер) аудармасына: «Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы кенті, Қызыларай, Қамбардың көкшеуі, Шыңғыс, Тарбағатай, Алтай секілді, қазақ жерінің терліктей-терліктей ғана орындары болмаса, өзге жерлері күнбатыстан күншығысқа бет алып қадам басқан сайын шөлейе береді, кебе береді, қаңси береді. Құрғақ жел мен сулы жел 17 жылдан болып, ауысып отырған да, соңғы құрғақ жел 1892 жылдан басталған болғанда, енді келер құрғақ жойқыны 1925-1926 жылдан басталады. Біз осы күні сулы жылдар панасындамыз. 1924 жылға шейін құрғақшылық көлеңкесі оңтүстік, сәскелік Росиямен біздің қазақ даласына түскелі тұр» деп қазақ жеріне сипаттама бере келе, «Өмір заңы, өмір салты – талас, әдіс тартыс. Шаруа сақтауға, келе жатқан шөл жойқынға қарсы амал, әдіс қылу керек» деп қазақ шаруаларын алда болатын табиғи құрғақшылықтан ғылыми жолмен сақтануды ескертеді.

Баспада белсенді жұмыс істеген Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, аудармашы Мағжан Жұмабаев еді. Кей кітаптарда аты-жөнін Жәжеке, Мағжан, Жұмабаев, Бекенұлы деп көрсетіп отырған. Мағжанның бүгінге дейін «Күншығыс баспасынан» жарық көрген аударма еңбектерінің қолымызға түскені 25-ке жетеді. Соның ішінде Мағжанның жаратылыстану ғылымдар бойынша жазған оқулығының бірі «Күркіреу, найзағай, электр» деген кітапшасының алғысөзін басқарма арқылы жазған Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан) кітаптың жазылу тәсілі мен мазмұнына тоқталады. Басқармадан «Біз бұдан бұрын орыс кітабын қазақшалап аударып келдік. Енді осы кітапша мен білім беті мен қазақша кітаптің өзін жазатын жолға түстік. Халелдің «Жануарлары», Елдестің «Физикесі» болмаса, білім бетінде бұдан бұрын қазақтың өз кітабы жоқ та шығар» деп, аталған кітаптың қазақ оқулықтарының алғашқылары екенін атап өтеді.

Баспадан 1926 жылдың қаңтарынан 1927 жылдың шілдесіне дейін жарық көрген 80-нен астам кітаптың басым көпшілігі денсаулық сақтау, жұқпалы аурулар мен олардан сақтану жолдары, халық шаруашылығын көркейту, егіннің түсімін молайту, мал терісін, мүйізін өңдеу cекілді тақырыптарға арналған еді. Ең азы 2000, ең көбі 36 000 тиражбен басылып, Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына таралды. Кітаптардың таралуына да Алаш оқығандары атсалысты. Атап айтар болсақ, Семейде – Мәннан Тұрғамбайұлы, Қызылжарда – Жұмағали Тілеуліұлы, Көкшетауда – Біләл Малдыбайұлы, Ташкенде – Абдолла Байтасұлы, Адайда (форт Александр) – Жалау Мыңбайұлы, Біспекте – Қалдыбай Абдоллаұлы т.б азаматтар атсалысты.

«Күншығыс баспасынан» Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 1927 жылы кетуі мен 1928 жылы Нәзір Төреқұлұлының Арабияға елшілікке ауысуына байланысты баспа саяси кітаптар шығаруға басымдық бере бастады. Ал 30-жылдар басында «Күншығыс баспасы» қызметін тоқтатты. 

Өздерін білім мен ғылым істеріне арнаған, мақсаттары бір арнада тоғыса алған Алаш азаматтары Алашорда үкіметі таратылып, Кеңес үкіметі орнаған кезеңде де өз ұстанымынан ауытқымай, қазақ халқы үшін аянбай еңбек етті. Ендеше, ұрпаққа үлгі болар Алаш мұрасы әрқашанда ұлт санасынан өшпесін деп тілейік!

Абай МЫРЗАҒАЛИ

«Мұнара» газеті, №10, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру