Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰҒЖИЗАЛАРДЫҢ КЕРЕМЕТІ – ҚҰРАН

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ "Иман" журналы 29.05.2020 931 0 пікір
МҰҒЖИЗАЛАРДЫҢ  КЕРЕМЕТІ – ҚҰРАН

Наурызбай қажы Тағанұлы,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

Хәкім Абай «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға құлшылық парыз» дегендей адам баласы өзін жаратқан Құдайды тануы парыз. Сондай-ақ адамзат жаратылысының мәні құлшылық екені даусыз. Алла Тағала пенделерге Өзін пайғамбар-елшілер және иләһи кітаптар арқылы танытады. Ал пайғамбарлардың қолында өзінің иләһи міндетін растайтын құжаты болды. Пайғамбарлық құжат – мұғжиза. Мұғжиза – тірі жанның шамасы келмейтін құбылыс. Ол табиғаттағы физикалық және басқа да заңдылықтарға бағынбайтын көрініс. Мәселен, айды екіге бөлу, жартастан түйені шығару, жануарлардың адамша тіл қатуы т.б.

Негізінде, Алла пайғамбарларының мұғжизалары заманына және қауымына сай берілді. Әр пайғамбар өз қауымының жеткен жетістіктеріне сай мұғжиза көрсетті. Бұл Алла Тағаланың хикметінен еді. Пайғамбар өте керемет және аса ерекше, алайда өзінің жұрты білмейтін мұғжиза көрсетер болса, адамдар біз бұдан бейхабармыз, әйтпесе, біздің де қолымыздан келер еді деп мұғжизаны мойындамас еді. Ал ел ішінде кең таралған бір құбылыстың ең үлкен дәрежесін мұғжиза ретінде көрсетсе, адамдар еріксіз мойындары хақ.

Мәселен, сиқыр өнері өріс жайған Перғауын патшалығы дәуірінде қибт қауымында сиқыршылықты жетік меңгерген адамдар болды. Олар жәй адамның қолынан келмейтін көріністерді көрсетіп жұртты таңғалдыратын. Осынау Мысыр елін дінсіздік қараңғылығынан ақиқат нұрына алып шығу үшін елші жіберілді. Аллаға қарсы шыққан Мысыр еліне елші болған Мұсаға (ғ.с.) берілген мұғжизаға келер болсақ, оның қолындағы аса таяғы әп-сәтте айдаһарға айналатын, әрі аса таяғы тиген тастан суы тұщы бұлақ қайнап шығатын.

Перғауын Мұса (ғ.с.) пайғамбарды сынамақ болып ең мықты сиқыршыларды шақыртып сайыс ұйымдастырады. Сонда аса таяқ айдаһарға айналып сиқыршылардың жасанды жыландарын жұтып қойды да қайтадан Мұсаның (ғ.с.) қолына барып таяқ болып бастапқы қалпына келді. Жаратушының құдіретіне куә болған сәуегейлер көзімен көргендеріне иман етіп сәжде жасап жатты. Олар Мұсаның (ғ.с.) бұл ісі сиқыр емес мұғжиза екендігін білді. Перғауын заманындағы бұл оқиға «Ағраф» сүресінде баяндалады: «Сиқыршылар перғауынға келіп: егер біз жеңіске ие болсақ, әрине бізге сыйлық бар шығар, деді. (Перғауын) Әрине, әрі жақын адамдарымнан боласыңдар, деді. (Сиқыршылар) – Әй, Мұса! Енді (өнеріңді ортаға) не сен немесе біз көрсетейік, деді. (Мұса (ғ.с.)): – Сендер көрсетіңдер, - деді. Олар (өнерлерін) көрсеткен сәтте, адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ, үлкен бір сиқыр келтірді. Мұсаға: таяғыңды таста, деп уахи еттік. Сол сәтте, таяқ олардың жасанды нәрселерін жалмай бастады. Сонда шындық ортада ашылып, олардың істегендері босқа кетті»1.

Мәриямұлы Исаны (ғ.с.) Алла Тағала пайғамбар етіп жіберген Исраил қауымында ем жасау мен дәрігерлік ғылымы дамыған болатын. Сол дәуірдің дәрігерлері көптеген сырқаттың сырын зерттеп, оның ем-домын тапқан көрінеді. Алла Тағала Исаға (ғ.с.) берген мұғжизаларының көбі медицинамен байланысты болуының сыры да осында. Иса (ғ.с.) науқасты қолымен сипап-ақ емдеп жіберетін. Ол заманның дәрігерлері медицина ғылымы қандай жетістікке жеткенін және қандай ауруларды емдеуге қауқары барын білді. Мәселен, үстін жара басқан адамды түрлі дәрі-дәрмектермен ұзақ уақыт емдеу арқасында айықтыратын. Сондай-ақ, көзін шел басқан соқырды емдеп жазуға мүмкіндіктері болды. Алайда Иса (ғ.с.) сияқты дерт шалған денеге қолын тигізумен бір-ақ сәтте емдеу мүмкін емес еді. Ана құрсағынан соқыр болып туған кісіні Иса (ғ.с.) пайғамбар қолымен бір сипап қос жанарын ашты. Мұны көрген Исраил қауымы оның пайғамбар екенін мойындамасқа шарасы қалмады.

«...Сол уақытта менің бұйыруыммен балшықтан құстың бейнесін ұқсатып жасап, оның ішіне үрлегеніңде бұйыруыммен құс болатын еді. Сондай-ақ бұйыруыммен іштен туған соқырды да, алапесті де жазатын едің және Менің бұйыруыммен өлікті (тірілтіп) шығарар едің..»2

Қол өнері дамыған елде Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар темірді қамырша илейтін. Дін және мемлекет патшасы болған Сүлеймен (ғ.с.) жерде жорғалаған жәндіктің де, аспанда самғаған құстың да тілін білді. Жын мен жел Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың пәрменіне бағынды. Әкелі-балалы пайғамбарлардың мұғжизасы «Сәбә» сүресінде: «Расында, Дәуітке (ғ.с.) өз жанымыздан ізгілік бердік: әй, таулар, құстар! Онымен бірге үн қосыңдар, дедік. Сонымен қоса, оған темірді жұмсарттық. (Дәуіттің (ғ.с.) мұғжизасы, ол тәсбих айтқанда таулар мен құстар ән қосып, қолында: қара темір жұмсарып, одан аспап жасайды)... Сүлейменге (ғ.с.) ерте кетуі бір айлық, кешке қайтуы бір айлық жолды алатын желдерді бағындырдық. Ол үшін еріген мыстан бұлақ ағыздық. Раббыңның бұйрығымен оның алдында жұмыс істейтін жындарды да бағындырдық. Олардан кім әмірімізден тайса, оған жалындаған азаптан таттырамыз»,3 - деп суреттеледі.

Бұл пайғамбарларға берілген Алла Тағаланың кереметі көзге көрінетін, әсері әп-сәтте білінетін мұғжизалар болды. Мұғзижа көзбен көрінетін және сезілетін құбылыстар. Пайғамбардан басқа ешбір тірі жанның қолынан келмейтін иләһи іс. Мұның барлығы Құранда баяндалған.

Пайғамбарлар сардары һәм елшілердің соңғысы хазіреті Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан көптеген мұғжизалар берілді. Мәселен, Жабир (р.а.): «Худайбия күні адамдарды қатты шөл қысты. Біз Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Дәрет алатын да, ішетін де су қалмады. Тек сіздің ыдысыңыздағы су ғана бар», - дедік. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыдысқа саусақтарын салып еді, су бұлақтан аққандай таси бастады. Біз дәретімізді алып, шөліміз қанғанша су іштік», - деп әңгімелейді. Мұны естіп отырған кісілер: «Худайбия күні қанша кісі едіңдер?» - деп сұрады. Жабир: «Жүз мың болсақ та сол су жетер еді, біз ол күні жүз он бес кісі едік»4, - деп жауап берген екен.

Әбу Һұрайра (р.а.): «Біз Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда едік. Жұрттың жолға қамдап шыққан азық-түлігі таусылды. Шарасы қалмаған мұсылмандар астына мінген көлігін сойып, жан сақтамақ болды. Сонда Омар (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Егер біз жұртта қалған барлық асты ортаға жинап Аллаға дұға етсек қайтеді, - деп ұсыныс жасады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келісімін берді. Адамдардан бидайы бар бидайын, құрмасы бар құрмасын, дәні бар дәнді ортаға жинады. Риуаятты естушілер: «Ол күндері арабтар дәнді қалай пайдаланатын еді», - деп сұрады. Сахаба: «Дәнді сорып, артынан су ішіп отыратын. Адамдар қоржындарын азық-түлікке толтырып алғанша Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға жасап тұрды. Мұнан кейін Расулалла: «Мен Алладан басқа Жаратушы жоқ екендігіне және мен Оның елшісі екендігіме куәлік беремін. Осы сөздерді айтып, Жаратушыға шағымданбай Алланың құзырына барған пендеге жәннат, - деп айтты»5, - дейді.

Әнәс ибн Мәлік (р.а.): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (мешіттегі) құтпасын (сөзін) құрма ағашы діңгегінің жанында тұрып айтатын. Кейіннен мінбер жасалып, құтпаны соның үстіне шығып айтатын болды. Алғаш мінберде құтпа айтып тұрғанда құрма діңгегінен інгеннің (түйе ұрғашысы) үніндей боздаған дауыс шықты. Пайғамбар (с.ғ.с.) мінберден түсіп, діңгекті сипаған соң үн басылды»6, - деп баяндайды.

Міне, бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында барлық адам куә болған мұғжизалар. Оған мүмін де, мүшірік те және тақуа да, пасық та бірдей куә болды. Мекке мүшіріктерінің барлығы бас қосқан жерде аспандағы айды сұқ саусағының ишарасымен қақ жарды. Мұны көрген жұрт таңғалып жатса, пұтқа сиынушы құрайыштықтар мұғжизаны сиқыр деп жатты. Исра және Миғраж мұғжизасын естіген жұрт та бірден сенбеді.

Дегенмен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұғжизаларының ең ұлысы және біздің күнімізге дейін жеткені және сонымен бірге ақиретке дейін адамзат сезіне алатыны – Құран.

Құран – қиямет күніне дейін бір әріпі де өзгермейтін иләһи мұғзижа. Елшілер мен нәбилер сардары, Алланың Расулы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жазу және оқудан сауаты жоқ (умми), хат танитындай мүмкіндігі болмаған, сондай-ақ шешендік өнерден де бейхабар кісі болатын. Міне, осындай «умми» Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстазы Жәбірейіл (ғ.с.) болса, оқыған кітабы Құран еді.

Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген көптеген мұғжизаның ішіндегі ең үлкені Құран болды. Құран ең көп оқылатын кітап деген мағынаны білдіреді. Құран Алла Тағаланың «Мүтакәллим, яғни сөйлеуші» сипатының көрінісі. Алла Тағала сөзінің бастауы және соңы жоқ, яғни қадим және әзәли. Қиямет күніне дейін үкімі өзгермейтін иләһи кітап. Бұл сіз бен біздің көзіміз көріп, құлағымыз естіген мұғжиза. Алла Тағаламен тілдескісі келген әрбір пенде осы кітапты оқиды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға серік қоспай, ғибадат етуге шақырғанда меккеліктер әуелде көздерімен көрген мұғжизаға таңғалды. Бірақ, кейін сиқыр деп жала жаба бастады. Ал Құранның аятын естіген жүрегі таза адамдар иман келтіріп жатса, қырсық мүшіріктер қарсы сөз айтуға қауқары болмай жынданатын. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен иләһи кереметтерін сәуегейлік және сиқыр дегенімен, Құранға келгенде шарасыздық танытатын.

Құран – өзінен алдын Алла Тағала тарапынан Адам (ғ.с.), Шис (ғ.с.), Идрис (ғ.с.) және Ибраһимге (ғ.с.) түсірілген иләһи парақтар мен Мұса (ғ.с.), Дәуіт (ғ.с.) және Исаға (ғ.с.) уахи етілген кітаптардың соңғысы және қиямет күніне дейін бірде бір әріпі өзгермейтін Алланың кәламы.

Құран құрметті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірден түсірілмеді. Ол кітап жиырма үш жыл бойына кейде толық сүре, кейде аяттар күйінде түсіп отырды. Осы ширек ғасыр бойына түсіп отырған бұл мұғжизаға дінсіздердің қарсылық танытуына дәрмені жетпеді. Ал иман келтіргендер үшін Құран күні бойы аузынан тастамайтын дұғасына айналды.

Күндіз Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы шығатын Құрайыш мүшіріктері түнде бір-бірінен жасырын барып Құранға құлақ түретін. Сөзден інжу-маржандай моншақ тізген араб ақындары өздерінің білетін өлеңдерінің жүйесіне мүлдем келмейтін, алайда естіген құлақтың құрышын қандыратын Құран аяттарының алдында шарасыз еді. Құранға ұқсатып екі жол тұрмақ бір жол өлең жырын жазуға дәрменсіз болды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең соңғы құтпаларында мұсылмандарға Құранға берік болуды өсиет етті. Абдулла бин Аббастың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында адамдарға былай деді: «Уа, адамдар! Мен сендерге егер берік ұстансаңдар ешуақытта адаспайтын нәрсе қалдырып барамын, ол Алланың кітабы және Пайғамбарының (с.ғ.с.) сүннеті»7.

Құранды оқу жүректі қуаттандырып, жанды тазартады, санаға Құдіретті Алланың жаратқан кереметтері жайлы ой салады. Әрине, Құранның бұдан да басқа, тек Құранды оқыған адам ғана сезіне алатын жан рақаты мен пайдасы мол-ақ.

Хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, су тиіп тат басқан темір сияқты бұл жүректедірді де тат басады» - деді. Сонда біреу: «Уа, Алла елшісі! Оны қалай тазартады?» - деп сұрады. Пайғамбар: «Құран оқумен және өлімді жиі еске алумен», - деді».8

Құранға және басқа да иләһи кітаптарға сену – иманшарттың бірі. Алла Тағалаға, Оның періштелеріне иман етіп қабылдаудан кейін үшінші кезекте Жаратқанның адамзатқа жарлығын көрсетуші кітаптарына сену тұрады. Барлық күрделі сұрақтың, түйіні шешілмеген мәселенің жауабы осы кітапта. Заман қалай құбылса да, жер бетінің кез келген бұрышында пайда болған мәселенің шешімі Құранда.

Хазірет Әли (р.а.): «Кімде-кім Құран оқып, оны жаттап алса. Құранның халал еткенін халал деп, харам еткенін харам десе, Алла Тағала оны жәннатқа кіргізеді. Сонымен бірге өз отбасының тозақта деп кесілген он кісіге шапағатшы (араша) болады»,9 - деген сөзі бар.

Құранның қасиетін айтып тауысу мүмкін емес. Өкініштісі қазіргі таңда Құран жаттамаған отандас мұсылмандар көп. Құран оқып үйрену ақылы емес. Еліміздегі мешіттерде сауат ашу курстары қызмет етуде. Алайда әртүрлі нәрсені сылтаулатып, Құран жаттауды құнттамайды. Ал Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Расында, кеудесінде Құраннан бірде-бір (аят) нәрсе жоқ адам қаңыраған бос үй тәрізді»,10 - делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды оқып үйренуші мен үйретушіні ең абзал мұсылмандар деп баға берген.

Әбу Мұса (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Құран оқитын мұсылман жеміс (апельсин) тәрізді. Оның исі жұпар әрі дәмі тәтті. Ал Құран оқымайтын мұсылман құрма сияқты. Оның исі жоқ, бірақ дәмі тәтті. Ал Құран оқитын мұнафық райхан гүлі сияқты. Исі жұпар болғанымен дәмі ащы. Ал Құран оқымайтын мұнафық ханзала (бұрыш) сияқты. Оның исі де, дәмі де ащы»,11 - делінген.

 

«Иман» журналы, №5, 2020 жыл

 

___________

  1. «Ағраф» сүресі, 112-122 аяттар.
  2. «Мәидә» сүресі, 110-аят.
  3. «Сәбә» сүресі, 10-12 аяттар.
  4. Сахих Бұхари және Сахих Муслим.
  5. Сахих Муслим.
  6. Сунан ат-Термизи.
  7. Байһақи, Хәкім
  8. Байһақи 1863.
  9. Сунан ат-Термизи.
  10. Сунан ат-Термизи 2837.
  11. Сахих Бұхари 5427, Сахих Муслим 797.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі