Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

КӨКШЕТАУЛЫҚ ҮШ ОТБАСЫҒА ПӘТЕР СЫЙҒА БЕРІЛДІ

nasihat.kz 03.05.2019 483 0 пікір

Кеше Көкше жұрты «Көкшетау» мәдениет сарайында Ораза айының құрметіне арналған «Жарамазан» атты кештің куәсі болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы Бейбіт Мырзагелдиев Бас мүфтидің ыстық сәлемін жолдап, алда келе жатқан қасиетті аймен шын жүректен құттықтады. 

Сахна төріне Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің өнерпаздары шығып, ораза айының келе жатқанын жарамазан жырымен әсерлі жеткізді. Танымал ақын Ж. Зандыбай жыр шумағымен кеш шымылдығын ашса, "Ақан сері" атындағы мәдениет колледжінің студенттері азанның әуезді үнімен астасқан жырларымен тәнті етті. «Армандар кемесі» атты қойылым заманның ащы да болса шындығын терең қозғай білді.

Кеш барысында «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы бойынша үш бірдей отбасына пәтер кілті табысталды. Бұл жоба алғаш Ақмола облысында бастау алып, елімізге тараған еді. Енді міне, бір күнде үш бірдей көп балалы отбасылар қайырымды жандардың қамқорлығын сезінді. Осы іске мұрындық болған Науан хазірет мешіті мен жергілікті «Зекет» қорына елдің де ықыласы мол.

 

Бұланды және Біржан сал аудандары мен Көкшетау қаласынан берілген пәтерлердің кілттерін Мүфтияттан келген өкіл Бейбіт Мырзагелдиев және дін жанашыры, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев салтанатты жағдайда табыс етті.

Облыс имамы Қуаныш Сәбит өз сөзінде рухани кештің тағылымын арттырған жаңа жобаның маңызын тілге тиек етті. Барша қауымды алда келе жатқан Рамазан айымен құттықтады. Осы күні қайырымдылыққа сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азамат Бас мүфтидің Алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат