Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ақтөбе: «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында 15- пәтер табысталды

Ақтөбе облыстық Орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 16.04.2019 251 0 пікір

 

 

Бас мүфти бастамасымен өткен жылы республика аумағында «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Мақсат – мұқтаж отбасыларға баспана алып беру. Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында Қазақстан бойынша отбасыларына 15 пәтердің кілті табысталды.

Сәуір айының басында ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі «Зекет» қорымен бірлесіп, аталмыш жоба аясында 2 бөлмелі пәтерді Темір ауданындағы көпбалалы отбасына табыс етті. Қайырымдылық шарасына өкіл имам Т.Оспан, Темір ауданының әкімі Ж.Қалмағанбетов, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы А.Тұралиев және аудан имамдары мен жамағаты қатысты.

Темір ауданында тұратын көпбалалы отбасы баспанасыздықтың зардабын көп тартқан. Тіпті, мұқтаждықтың салдарынан Таңбаева Назгүл есімді көпбалалы ана 6 баласының төртеуін интернатқа беруге мәжбүр болған екен. Жомарт жандардың жәрдемінің арқасында осы жанұяға күрделі жөндеуден өтіп, асхана жихазымен, тоңазытқышпен, кондиционермен, «Аристон» сужылытқыш құрылғысымен жабдықталған 2 бөлмелі пәтер табысталды.

«Ел үлесі пәтерге» – тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға  халық болып қаражат жинап, үй алып беруді  көздейтін  жоба. Осылайша, бұл – жамағаттың қолдауының арқасында облыс көлеміндегі мешіттерде жәрмеңкелер өткізу арқылы тиындап жиналған қаражаттың арқасында қол жеткізген екінші баспана екенін айтқым келеді.  Бүгін халықтық жобаға атсалысушы ақтөбеліктердің арқасында темірлік отбасыға үй алып бердік. Осынау сауапты іске облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті, Ақтөбе қалалық мешіті, «Қабақ Баба» мешіті, Темір аудандық «Досжан Хазрет» мешітінің жамағаты белсенді түрде атсалысты. Бізді қолдаған барша жамағатқа Сіздердің атыңыздан Алғыс білдіргіміз келеді. Бүгінгі қуаныш иесін жаңа баспанасымен шын жүректен құттықтаймыз. Қоныс құтты болсын!»,- деді өкіл имам Төлеби Дәділұлы.

Баспаналы болған көпбалалы отбасының жаңа қонысында тілекші қауым кең дастарханнан дәм татып, көл-көсір қуанышын бөлісті. Ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты әжелер жомарт жандарға шексіз ризалықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ, жаңа қоныс иелеріне Темір аудандық әкімдігі тұрмыстық техника алу үшін 50 000 теңгенің сертификатын, «Нұр Ғасыр» мешіті азық-түлік пен кілем, Темір ауданындағы «Анаға сый» қорының өкілдері ыдыс-аяқ жиһазын тарту етті.

Еске сала кетейік, ақпан айында «Нұр-Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен Ембі қаласында мұқтаж отбасына 3 бөлмелі пәтер кілті табысталған болатын. Осынау оң бастаманы жамағат жақсы қолдап, Темір ауданында жалғасын тапты.

Құрметті жамағат! «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында Сіздер де көпбалалы жанұяларға қуаныш сыйлағыңыз келсе, игілікті істен шет қалмаңыздар! Мұқтаж отбасыларына баспана алып беру жобасы жалғасын табуы үшін, мешіттерге арнайы жәшіктер қойылған. Бұдан бөлек, қасиетті Жұмада және мереке күндері жәрмеңкелер өткізіліп келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ізгі ниетті барша жұртты қайырымдылық акциясына белсенді түрде атсалысуға шақырамыз.

Сонымен қатар Қор қызметкері Кенжегүл Қошқарова атынан «Каспий Банктен» арнайы есеп-шот ашылған. Баспанасыз отбасылардың үйлі болуына көмек көрсеткісі келетін қайырымды жандарды мына есеп-шотқа қаражат аударуға шақырамыз. «Каспий голд» есеп-шоты: 5169493106731295. ИИН 660121402077.

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат