Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

АСТАНАДА «АДАМЗАТТЫҢ АБЗАЛЫ» АТТЫ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

muslim.kz 29.12.2018 883 0 пікір

Кеше Астана төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында Елорда жұртшылығының жүрегін елжіретіп, жанарын мөлдіреткен рухани Мәуліт кеші болып өтті. Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен «Адамзатты абзалы» атты рухани кеште Сүйікті Пайғамбарымызға ﷺ  сансыз салауаттар жолданып, Әз Елшінің ﷺ өнегелі өмірі мен өсиеттері халық жадында тағы бір жаңғырды.

Ардақты Алла елшісінің ﷺ дүниеге келген сәтінен бастап күллі әлемді ғаламат мейірім мен рақым нұры баурағанын баяндаудан басталып, кеш бойы адамзаттың абзалы болған ұлы тұлғаның жан-жақты қырлары жеткізіліп отырды. Көрермен қауымға кеңінен таныс Нартай Сауданбекұлы мен Қуандық Қыстықбаевтар кеш тізгінін ұстап, жұртшылықты тағылымды сөздерімен сусындатты. Белгілі композитор Жәкен Омаровтың қазақ тілінде жазған Мәуліт жыры да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, Сүйікті Пайғамбарымызға ﷺ баршасы тік тұрған қалпы салауат жолдады.

Қазақы қара өлең оқылып, айтыскер ақындарымыз бауырын жазған Рухани кеш көрігін елімізге белгілі «Өнер қырандары» театрының майталмандары одан ары қыздыра түсті. Күлдіре отырып күрсінткен театр актерлары «Жаңбырлы жас», «Пойыздағы оқиға», «Ардақты пайғамбар» секілді үш қойылым қойып, көрермен көңілін босатты.

Елімізге белгіл Сержанәлі Әлібек, Құрмаш Махан секілді жезтаңдай әншілеріміз де Мәуліт кешінің сәнін кіргізіп, Әлемдердің Раббысына мадақ пен шүкір айтқан тағылымды әндерімен мерекелік шараны әрлей түсті.

Кеш аясында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Пайғамбарлар сұлтаны» жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз ақын Бас мүфти Серік қажы Ораз қолынан кіші қажылық сертификатын алды.

Сондай-ақ, биылғы жылы тұңғыш рет Мәуліт мерекесінің құрметіне орай халық арасындағы үлгілі жандарға «Мәуліт сыйлығы» табысталып, елге сіңірген еңбектері паш етілді. Атап айтқанда, «Үлгілі ұстаз», «Өнертапқыш жас ғалым», «Жанашыр жүрек», «Тәлімгер тұлға», «Қамқор отбасы» номинациялары бойынша арнайы «Алғыс хат» беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат