Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ғалымдардың исламдағы мәртебесі

27.08.2019 3457 2 пікір

Барлық мақтаумен мадақ адам баласын жаратқан және оған сөйлеуді үйреткен Алла Тағалаға болсын. Алланың кітабын бізге баян еткен Пайғамбарымызға   салауаттар мен сәлемдер болғай!

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады.      Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне ﷺ:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ

«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!»[1] деп, әмір еткен.

Білімнің қадірін түсінген ата-бабамыз:

«Өнер — ағып жатқан бұлақ,
Ілім — жанып тұрған шырақ», деп білімді бейне қараңғы түнектен алып шығатын жарыққа балаған.

Осы Алланың берген мол нығметін арқалаған пендені ғалым және ғұлама деп атап жатамыз. Ғалым, ғұлама сөздерінің түп тамыры «ғалима» етістігінен туындайды яғни білу деген сөз. Сол сөзден  عالم  «ғалим» сөзі, білуші деген мағынаны білдіреді. Ал, العلماء «ғұлама» араб тілінде «ғалим» сөзінің көпше түрі.

Ғалымдардың мәртебесін олардың қоғамдағы орнын түсіну үшін ғалым адамдарға Алла тарапынан берілген негізгі қасиеттеріне тоқталсақ;

  • Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары: Егер сен бұл дүниеде ілім берушілерден болсаң, пайғамбарлардың мирасқорлары деген мәртебеге жеткенің. Бұл турасында пайғамбарымыз ﷺ:

إِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ اْلأنْبِياءِ، إِنَّ اْلأَنْبِياءَ لَمْ يُورِثُوا دِيناراً وَلَا دِرْهَماً إِنَّمَا وَرَثُوا الْعِلْمَ فَمَنْ أَخَذَهُ أَخَذَ بِحَظٍّ وافِرٍ.

Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені.[2]

2) Ілім - таусылмайтын қазына, дүние - қолдың кірі: Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге апаратын оның дүние-мүлкі емес, бәлкім оның артында қалдырған білім қазынасы. Сахабалардың ішіндегі Әбу Һурайра ең кедей сахабалардың бірі еді, тіпті кейде қарны қатты ашқанынан құлап қалатын кездері болатын. Алайда оның есімін пайғамбарымыздың ﷺ мүбарак хадистерін оқыған кезде хадисті жеткізуші сахаба ретінде жие еске аламыз. Осы орайда Пайғамбарымыздың ﷺ мүбарак хадисінде былай деп айтылған:

 " إِذَا مَاتَ اْلِإنْسَانُ، اِنْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثِ، صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٌ صَالِحٌ يَدْعُو لَهُ .

«Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жәрия берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салихалы ұрпағы.»[3]

3-Ілім қарауылға мұқтаж емес:

Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алған адам жиған ілімі біреудің қолында кетеді деп еш уайым шекпейді, оған қарауыл қоймайды,  құлыптамайды, өйткені ілімнің мекені ол жүрек. Жүрегін күнәмен ластамаса ол ілім оны ешуақытта тәрк етпейді. Ал дүние жиған адам болса, сол тірнектеп жинаған байлығын біреу қолды ете ме деп күні-түні уайымдап, соны сақтап қалудың қамын ойласа, ілім адамды өмір бойы неше-түрлі қауіп қатерден сақтайды.

4-Ғалымдар туралыққа куәлік беруші Алланың сүйікті құлдары:

Бұл турасында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде

شَهِدَ اللَّهُ أَنَّهُ لَا إِلَـٰهَ إِلَّا هُوَ وَالْمَلَائِكَةُ وَأُولُو الْعِلْمِ قَائِمًا بِالْقِسْطِ 

Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып, (осынау ақиқатқа куәлік етті).[4]

Алла және оның періштелерінен кейін ғалымдардың куәлік беруі -  ғалымдарға берген Алланың үлкен сыйы, әрі мәртебесі.

5-Алла ғалымдарға бағынуды әмір етеді:

Алла Тағала адам баласын ең алдымен өзіне және пайғамбарына  ﷺ және әмір иелеріне бағынуды бұйырады. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنكُمْ ۖ

Уа иман еткендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар.[5]

Құран аятында келген «Улул амр» (басшы) жайында ғалымдарымыз  «олар ел басқарған  басшылар мен үммет ғалымдары» деген. 

6-Ілім жолы жәннатқа апарар жол:

Ілім жолына түскен пенденің Алла Тағала жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді. Оған дәлел пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисі:

وَمَنْ سَلَكَ طَرِيقاً يَلْتَمِسُ فِيهِ عِلْماً سَهَّلَ اللهُ بِهِ طَريقاً إِلَي الْجَنَّةِ

Кімде-кім ілім алу мақсатында жолға шығатын болса, оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді.[6]

7- Ілім иелері ақыретте де, дүниеде де дәрежесі жоғары болады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ ۚ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар[7].

Білімді адамның дәрежесі ақыретте биік болғандай бұл дүниеде мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтатады. Ол бейне қараңғы қапаста шырақ ұстаған адам секілді.

8- Ғалымдар Алладан шынайы түрде қорқады.

Раббысын танып, Алла алдындағы өзінің міндетін түсінген адамның Аллаға деген қорқынышы да көбірек болады. Ақиқат ілімінен дәм татқан аталмыш пенденің харам істерге баруға қарсы иммунитеті қалыптасады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ ۗ

Шынында Алладан құлдарының арасында ғұламалар шынайы көбірек қорқады[8] , деген.

9-Ғалымдар мен қарапайым адамдар арасындағы айырмашылық жер мен көктей: Алла Тағала қасиетті Құран аятында:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ ۗ

«Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп, айт,[9] делінген. 

Білімділер мен білімсіздердің ара жігін пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисі айқын баяндап тұр:

فَضْلُ الْعَالِمِ عَلَى الْعَابِدِ كَفَضْلِي عَلَى أَدْنَاكُمْ

Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді[10].

Біз білетін әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты т.б. көптеген мұсылман ғалымдарының білім жолына түсуіне жоғарыдағыдай аят-хадистердің себеп болғаны анық.

Батыс шіркеуі (Рим католицизмі) жаратылыстану, медицина, астрономия, химия сияқты ғылымдарға шектеу қойып, Джордано Бруно, Коперник, Галилей сыңды т.б. ғалымдарға қарсы «қасиетті инквизиция» жариялап, оларды зынданға тастап, кейбірін отқа өртеп жазалады.

Сондықтан да кейінгі ғалымдар Испаниядағы «қасиетті инквизицияны» оба ауруымен теңеген. Өйткені осы инквизицияның салдарынан ғалымдар және қоғамдағы білім мен ғылымға құштар мыңдаған адамдар қуғынға ұшырап, сотталып жатты. Алхимиямен шұғылданған ғалымдарға «сиқыршы» деп айып тағылса, астрономия, физика сияқты жаратылыстану немесе медицина ғылымымен айналысқан ғалымдар «Құдайға қарсы шықты» деп жауапқа тартылды.

Мұсылман әлемі, керісінше, ғылымның абыройын көтеріп, ғалымдарды марапаттады. Ғалымдар мен аудармашыларды ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміспен ақы төленді.

Бұған кезінде мұсылман халифалығының орталығы болған Бағдат шаһарындағы «Байтуль хикманың» (Даналық үйі деген атпен танымал академиялық кітапхана) тарихы куә. Халифа әл-Мамун негізін қалаған бұл академиялық кітапхананың қоры осындай құнды жәдігерлерге, қолжазбаларға толы болған. Деректерге сүйенсек бұл қолжазбалар араб, парсы, грек, үнді және т.б. тілдерде жазылған түрлі ғылымды қамтыған. Бағдадта «Даналық үйімен» бірге астрономиялық обсерваторияның да болғандығы белгілі.[11]

Исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екенін көреміз. Ертеде ғалымдар білімінің құрметі үшін ерекше құрметтелетін.

Имам Мәлікпен сол замандағы басшы болған Һарун Рашидтың арасындағы болған мына бір жағдайға қарасақ, ғалым мен білімді қалай бағалағандығы көрінеді.

Имам Мәлик былай дейді: «Мен бір күні Һарун Рашидке бардым. Ол маған:

 - Уа, Абдулланың әкесі! Сен «Муатта» кітабыңнан менің балаларыма келіп сабақ беріп тұрсаң -, дегенде Имам Мәлік:

- Мүминдердің әміршісіне Алла ұлы мәртебе берсін! Негізі білім сіздерден ғой, егер сіздер білімді құрметтесеңіздер құрметті болады. Ал, қорласаңыздар қор, төмен нәрсеге айналады. Білім келіп алынады, барып берілмейді -, деді.

Сонда халифа Һарун Рашид: «Рас айтасыз» деп мақұлдап, балаларына қарап: «Мешітке барып адамдармен бірге сабаққа қатысыңдар» деді.[12]

Және бір риуаятта ол кісі балалары мен бірге өзі де сабаққа қатысты делінген.

Тарих сахынасына қарасаңыз, исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екенін көресіз. Ертеде ғалымдарға патша сарайынан арнайы жай берілген. Тарихта патша бір мәселе бойынша кеңес алу үшін ғалымның алдына өзі барған кездері де жиі айтылады.

Осыны көрген Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы былай деген екен: «Ғылымнан асқан ғазиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады».

Мұндағы ғалымның айтпағы билік пен дәулетті уысында ұстаған патшалардың өздері ғалым адамның алдына бас иіп, кеңес сұрап келеді. Ғалымды мұндай мәртебеге жеткізген оның мал-дүниесі емес, шыққан тегі де емес, бәлкім, бойындағы білімі. Адамды бұл мәртебеге көтерген нәрсе – ғылым.

Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы - ғалымдардың өлімімен болады. Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.

Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді.

Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».

Хазрет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктен жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады». «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға дейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар.

Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» дейді.

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет - бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге  паш еткізуіміз керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!

 

 

[1] Алақ сүресі, 1-аят.

[2] Тирмизи хадистер жинағы

[3] Муслим хадистер жинағы

[4] Әли Имран сүресі, 18-аят.

[5] Ниса сүресі, 59-аят.

[6] Муслим хадистер жинағы

[7] Мужадалә сүресі, 11-аят.

[8] Фатир сүресі, 28-аят

[9] Зумар сүресі, 9-аят

[10] Тирмизи хадистер жинағы

[11] https://www.muftyat.kz/kz/article/3059

[12] Мирқатул мәфәәтих шарху мишкәтул мәсабих. 120-бет.

Ғалымдардың исламдағы мәртебесі

Пікірлер (2)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Құдайғұл | 28.08.2019 08:15

Ассалямуғалейкум!

Құрметті админ, өтінемін уағыздардың авторын жазып тұрыңыздаршы. 

Мына уағыздың кейбір жерлері аударылған, сөздер қазақшаға ұйқаспайды. Шығармастан бұрын тексеретін жауапты адамдар бар ма?

Қазақстанның барлық аумағына таратылатын бұндай дүниелер ең жоғары деңгейде жасалып, жақсы тексерістен өтіп тұрса мен сияқты қарапайым оқырмандар қиналмай оқитын едік. 

Сосын уағыз деген нәрсе өз стилімен жазылса дұрыс болар еді. Шығып жатқан уағыздарыңыз мақала стилінде жазылады. Оны имамдар жұма уағызында оқып беріп тұрады. Уағыздың орнына Доклад тыңдаймыз.

Айтылған ескертулерімді дұрыс қабылдауларыңызды өтінемін!


Әкімші | 03.09.2019 03:46

Құдайғұл, Уа алейкум ассалам! Ұсынысыңызды қабылдап, тиісті орынға жібердік!