Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ажырасудың зияны | жұма уағызы

31.01.2019 4885 0 пікір

 

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

«Отбасы» сөзінің тілдік мағынасы – адамның жақындары мен туыстары дегенді білдіреді. Ал «отбасы» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің некелесуі арқылы шанырақ көтеріп, нәтижесінде ұрпақтарының өсіп-өрбуімен пайда болған, қоғамның негізі болып есептелетін, бір топ адамдар жиынтығы.

Қандай да бір ұлттың не қоғамның діңгегі әрі маңызды құрылымы – отбасы. Өйткені қоғамның түзелуі мен бұзылуы осы отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, ұлттарды ұйыстырып отырған мемлекеттің ірге тасын бекем ететін отбасы екендігін айтқан.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, сол шағын мемлекетте ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірегі.

Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.

Исламда жанұя түсінігінің үлкен орынға ие екендігі «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», - деген Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадисінен-ақ байқалады. Ал, енді ажырасу Исламда «талақ» деп аталады. Сөздікте бір нәрсені босату, жібере салу дегенді білдіретін «талақ» сөзі Ислам шариғаты терминологиясында күйеудің аузынан шыққан немесе әйелдің сұранысымен қазы айтқан, ажырасуды ашық немесе астарлы түрде бейнелейтін белгілі бір сөздермен ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық байланысты үзу дегенге саяды.

Ең өкініштісі, бүгінгі уақытта отбасы мәселесі проблемалық тұрғыдан бірінші орынға шықты. Неге? Себебі, еліміздегі шаңырақ көтерушілердің санына қарағанда, ажырасушылардың легі жыл санап кемімей отыр. Сөзіміз тұщымды болуы үшін статискалық мәліметтер келтіріп көрелік.

Ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарға Павлодар облысы (53%), Қостанай облысы (51%), Солтүстік Қазақстан облысы  (50%) жатады. Ал ажырасу аз тіркелген аймақ ОҚО  екен.

Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады.

Ажырасу- әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез-келген проблеманың ушығуы, шиеленісуі-қоғамда оған деген қалыпты көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да осындай деңгейге жетті. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда заңды тіркелген неке 148 769-ды құраған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айында  39 682 неке заңдастырылған. Неке қию 4,6% төмендеген. Осы жылдың қаңтар-сәуір айында 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.

UNSTAT  мәліметтеріне қарағанда неке коэффиценті бойынша Қазақстан БҰҰ-ға кіретін 100 елдің ішінде 16-орнында тұр. Қазақстан Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр сияқты елдерден кейін тұрақтаған. Ал ажырасу коэффиценті бойынша Қазақстан осы елдер арасында 24-орында. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффиценті ең жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия екен.

Ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффиценті ең жоғары. Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Мысыр, Сирия, Иордания, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Ливияда барлық неке заң жүзінде дін өкілінің қатысуынсыз  жүзеге асады. Ал Иран мен Израильде барлық неке дін өкілінің қатысуымен жүзеге асады. Осыған байланысты, егер жұбайлардың бірі ажырасуға қарсы болған жағдайда қиындықтар туындайды.

Жалпы ажырасу көрсеткішінің осыншалықты өсуі бірнеше факторларға тікелей байланысты. Ең бірінші, ол елдің экономикалық даму жағдайы мен қоғамның әл-ауқаты мәселелері. Қоғам арасында ажырасудың басты себебі ретінде есептелетін кең таралған пікір: "Жастардың үлкен өмірге дайындықсыз келетіндігі".

Ажырасудың себептері. Негізгі мәселе – осы ажырасу факторын болдыртпау. Қарым-қатынасты осы шарықтау шегіне дейін алып келмеу. Себебі, не дегенмен де, ажырасу – отбасының ойрандалуы, ал арада бала болса тағдырдың бұзылуы.  Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Шын мәнінде -себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әр түрлі. Бірақ сауалнама нәтижелері көрсеткендей ажырасудың басты себептері мыналар:

  1. Тұрмыстық зомбылық;
  2. Ер не әйелдің ішімдікке салынуы;
  3. Ер не әйелдің есірткіге салынуы;
  4. Күйеуі не әйелі жұмыссыз;
  5. Жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;
  6. Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған;
  7. Көзге шөп салу;
  8. Материалдық қиындықтар;
  9. Бедеулік.

Бұл ажырасудың негізгі себептері. Сонымен қатар, біздің елімізде ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен  т.б толықтыруға болады. Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің  ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналғанын көреміз. Осы орайда баласын аялап өсірген ана яғни қыздың енесі ұлын қызғанады немесе басқа да себептермен келініне күн көрсетпейтіні сияқты шиеленісті жағдайлар орын алады.  Жігіттің ата-анасымен тұрған соң міндетті түрде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен ултьиматум қояды. Бұл – Қазақстандағы  ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себебі, – Н.Мұса өзінің «Неке және отбасы: ажырасудың себептері мен оны алдын-алу» атты журналистік зерттеуінде.

Егер жоғарыда аталған ажырасудың себептерін ақыл көзімен саралайтын болсақ күллі проблеманың шешімі имандылық тақырыбында екенін байқарымыз ақиқат. Олай болса, біздердің бүгінгі қоғамдағы отбасын құрған жастар әрбір сәттерін Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірімен сәйкестендіруге тырысса, салихалы ұрпақ өсіретін бақытты отбасыларға айналары сөзсіз еді.

Аталған ажырасу проблемасының алдын алу мақсатында Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайларымен өмірдің әртүрлі кезеңдеріндегі мызғымас мәмілесіне назар аударып көрелік.

Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларымен өте көркем, таза, бақытты ғұмыр кешті. Оның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасындағы әрбір ісінде, сөзінде, көркем мінезінде Раббысы бұйырғандай Алла Тағаланың «Ниса» сүресіндегі:

وَعَاشِرُوهُنَّ  بِالْمَعْرُوفِ

«Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар»[1], – деген аятына байланған амал болатын.

Біріншіден, әр күні жұбайларымен бірге отырып мейірімділікпен әңгімелесуді тұрақты амалға айналдырған.

 

 كانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ اِذَا صَلَّى الصُبْحَ جَلَسَ فِي مُصَلَّاه وَ جَلَسَ النَّاسُ حَوْلَهُ حَتَّى تَطْلَعَ الشَّمْسُ ثُمَّ يَدْخُلُ عَلَى نِسَائِهِ اِمْرَأَةً اِمْرَأَةً يُسَلِّمُ عَلَيْهِنَّ وَ يَدْعُو لَهُنَّ فَإِذَا كَانَ يَوْمُ إِحْدَاهُنَّ كَان عِنْدَهَا

 

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазын атқарып болған соң айналасындағы адамдармен бірге күн ұясынан көтерілгенге дейін отырып, кейін жұбайларына бір-бірлеп кіріп оларға сәлем беріп, оларға дұға жасайтын. Егер кезекте бірінің күні болса сол үйде кідіретін»[2], – делінген.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екендігі жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдеріне ерекше құрмет көрсете білген адам. Өзінің мүбарак хадисінде:

(( خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي ))

«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын»[3] деген.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым әйеліне жылы шырай танытып, мейірім көзімен қарайтын, әр кез әзілдеп, есімдерін еркелетіп атайтын.Айша анамызға «ей Айш» кей кезде «Хумайра» деп, кейде әкесінің құрметін паш ету мақсатында «Ей Сыддықтың қызы» деп, еркелететін.

Тұрмыс қамында пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым әйелдерімен араласып, оларға барлық істерінде жәрдемдесетін. Асуадтан жеткен хабарда  Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйде не істейтіні жайында сұрадым дегенде:

كَانَ يَكُونُ فِي مِهْنَةِ أَهْلِهِ، فَإِذَا حَضَرَتْ الصَّلاةُ يَتَوَضأُ وَيَخْرُجُ إِلَى الصَّلاَةِ

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйдің қызметінде болатын, егер намаз уақыты кірсе, дәрет алып, намазға шығатын, деп жауап берді.[4]

Басқа бір хадисте Айша анамыз:

كَانَ يُخِيطُ ثَوْبَهُ ويَخْصِفُ نَعْلَهُ وَيَعْمَلُ مَا يَعْمَلُ الرِّجالُ في بُيُوتِهِمْ

«Өз киімін өзі жамайтын, аяқ-киімін жөндейтін, үйде ер адамға тиісті істі жасайтын»[5] деген.

Алла елшісі біздерге ер адамның жұбайының алдындағы міндеттерін осылай баян еткен. Тіпті адамның жанұясы үшін напақат табуының өзі ең сауапты амалдардың бірі екенін ескерткен. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы турасында:

"إِنَّ مِنْ أَعْظَمِ الْأُمُورِ أَجْرًا النَّفَقَةُ عَلى اْلأهْلِ"

«Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың бірі – жанұясына нәпақат табу»[6], деген.

Алла елшісінің өмірінде романтикаға да орын табылатын. Айша анамызбен бірге бір ыдыста жуынып, суына таласатын. Бір ыдыстан су ішіп, Айша анамыз ернін тигізген жерден пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак ернін тигізетін.

Айша анамыздан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сапарларының бірінде бірге еріп шыққан едім, мен ол кезде бойыма ет жинамаған арықша қыз болатынмын. Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға «ілгері жүре беріңдер» деді де маған: «Кел, жарысайық» деді. Сол жолы мен озған едім пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үндемеді. Келесіде онымен сапарға шыққанымда салмақ қосып, ет жинаған қыз едім, адамдарға «ілгері жүре беріңдер» деп, маған: «Кел, жарысайық» деді. Бұл жолы пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) озып кетті. Ол маған күлген күйде: «Бұл өткендегі жеңілгенім үшін»[7] деді.

Бұл сүннеттерден алатын пайдамыз, өз жұбайларымызға күнделікті арнайы уақыт бөліп, олармен көркем мәміледе сөздеріне құлақ салуымыз қажет екен. Бірақ, көпшілік әйелдер жұбайының өздеріне уақыт бөлмейтіндігін айтып шағымданады. Мәселен, бір ер-азаматтар күндіз бойы жұмыста болып, кешкісін үйіне келген соң теледидардың алдында түн жарымына дейін отырады. Ал, төсекке келгенде әбден шаршаған, болдырған күйде болады. Әйелінің әңгімесіне, ішкі сырына назар аудармастан ұйқыға кетеді де, ертесі қайта сол әрекетін қайталайды. Ал, біреулері жұмыста да, үйде де жұмысбасты, қағазбасты болып кеткен. Әйел, бала-шағасы оны күтіп әбден шаршаған. Мұндай ер-азаматтар өз жұбайларымен тек телефон желісінде ғана әңгімелеседі. Оның өзінде бар-жоғы 1 минут қана.

Екіншіден, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайларының хаққысын толық атқарып беретін. Яғни, рухани және тәндік қажеттіліктерінің күллісін қанағаттандырып отыратын. Айша (р.анһа) анамыздан риуаят етілген хадисте: «Расында Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі құлшылығын атқарып болса, егер мен ояу болсам менімен әңгімелесетін. Ал, егер ұйқыда болсам таң намазының азанына дейін Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да ұйқыға жататын»[8], – делінген. Сондай-ақ, тағы бір риуаятта әрбір күні өз жұбайларының үйін аралап, оларға «Сендерге Алланың сәлемі, рақымы және берекесі болсын» деп сәлемдесетіндігі баяндалған.

Имам Науауи: «Бұл сүннетке назар салсақ, әрбір адамға үйіне келген кезінде ең алдымен отбасымен сәлемдесіп, жағдайларын білуі ұнамды амал болып қала бермек. Бірақ, өзін үстем ұстайтын білімсіз көпшілік бұл амалды орындауға тәкәппарлық танытады», – дейді.

Енді өзімізге қарайықшы! Біздердің әрбір таңдарымыз қалай, қандай сөздермен басталуда?! Кейде әйелдеріміз белгілі бір қажеттіліктерін айта алмай, ұялып тұрады. Қашан олардан жағдайларын сұраған кезде барып, өз іштеріне ұстаған қажеттіліктерімен бөліседі. Міне, осындай сұралмаған қажеттіліктер жинала берсе бір күні үлкен дауға ұласары сөзсіз.

Үшіншіден, Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінен шығардан алдын өзінің жұбайының бетінен сүйетін. Айша (р.анһа) анамыздан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайларының бірнешеуін сүйіп, сосын намазға шығатын да, дәретін жаңаламас еді...»[9], – делінген.

Ал, бүгінгі күні өз жұбайының жүзінен сүюді ар санайтын ер-азаматтар да жоқ емес.

Сонымен қатар, Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерімен көптеген көркем қарым-қатынастарын мысалға келтіруге болады. Мәселен, арадағы сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жұбайының ішкен ыдысының оның ерні тиген жерден су ішуі, әйелі тісін тазалаған мисуакпен өзінің тісін тазалауы, жұбайының тізесіне басын қойып жатуы, бір ыдыспен бірге отырып ғұсылдануы, әйелінің есімін түрлендіріп, әдемілеуі, қонаққа кей кездері жұбайын ертіп баруы, жақсылықты өсиеттеуі, жұбайларымен әрбір сәттегі қарым-қатынасын өте көркем мәміледе жасауы. Міне, күллі ғаламға рақым етіліп қана жіберілген Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз мойнындағы үлкен жауапкершілікті атқара жүріп жұбайларымен мәміледе уақыт таба білуі біздерге өнеге. Егер бүгінгі біздердің жасап жүрген қандай жұмыс болмасын істерімізді Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істерінен көп болды десек, өтірік айтқан боламыз. Сөйте тұра, әйелдерімізбен қарым-қатынасымызда дұрыстай алмай, ажырасуға дейін барып жүрміз. Бұл біздің осалдығымыздан.

Иә, Жалпы адамдар арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы – заңды құбылыс. «Егер раббың қалағанда, адам баласын бір үммет етіп жаратқан болар еді», - деген Алла Тағала, адамзаттың әуел бастан-ақ бірдей түсінікте болмайтындығын тағдырына жазғанға ұқсайды. Міне, осындай түрлі түсінікке ие болушылық кей кездері Алланың құлдарының, тіпті соның ішінде ерлі-зайыптылардың да ара жігінің бұзылуына апарып соғатын негізгі себептердің бірі болса керек. Демек, ажырасу да – заңды құбылыс болғаны. Сондықтан болар, Ислам ерлі-зайыптыларға ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен, «Талақ – Алла Тағала жек көретін халал іс» деген қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз: Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және де бұл «есікті» айқара ашпаған да. Сөзіміз дәйексіз қалмауы үшін, бұған байланысты Құраннан бір-екі аят келтіре кетсек.

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ ۚ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) - деп, Алла Тағала шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырып отыр.

Ал мына бір аят екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүрулерін үгіттейді:

فَإِنْ أَطَعْنَكُمْ فَلَا تَبْغُوا عَلَيْهِنَّ سَبِيلًا ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيًّا كَبِيرًا

«Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» (Ниса сүресі 34-аят).

 

Уағыздан алынар тағылымдар:
  • Ажырасу - исламдағы ұнамсыз амалдардан;
  • Ажырасудың негізгі себебі – тәрбие беру барысында кеткен қателіктер;
  • Жақсы қарым-қатынас ерлі-зайыптылардың басты міндеті;
  • Пайғамбар (Аллағы оған игілігі мен сәлемі болсын) ғибратты өмірі бізге өнеге;

 

Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.

Демек отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі оның қоғамдағы маңыздылығын айшықтайды.

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.

 

 


 

 

[1] Ниса сүресі, 19-аят.

[2] Әт-Табарани, «Муғжәмул-әусат». 8764 хадис.

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Муслим хадистер жинағы

[5] Ахмад хадистер жинағы

[6] Муслим хадистер жинағы

[7] Ахмад хадистер жинағы

[8] «Сахих Бұхари», 1161 хадис.

[9] Ибн Мәжәһ, 502 хадис. Әбу Дәуід, 178 хадис. Имам Тирмизи, 79 хадис.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру