Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Пайғамбарлар қиссасы (Аюбтың сабырлығы)

15.11.2017 11910 0 пікір

Алла Тағала адам мен жындарды өзіне ғибадат ету үшін жаратқан. Жер мен көкті алты күнде жаратып, барлық нәрсені адам баласы үшін жоқтан бар етіп, аспанды жеті қабат көк етіп тәртіптеді. Кейін жер бетінің халифасы етіп,

топырақтан Адамды (ғ.с.) жаратып, оның қабырғасынан Хауа анамызды дүниеге келтірді. Алла Тағала:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ

«Уа адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін  көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)![1] -деп, барша адам баласының бір нәсілден тарайтындығын білдірген.

Шортанбай ақын:

Атамыз – Адам пайғамбар,

Топырақтан жаралды,

Сол адамнан таралды...-деп, әдемі суреттей білген.

Алла Тағала Адамға (ғ.с.) жұбайымен жәннатта тұруға рұқсат етіп, тек қана бір ағаштың жемісін жеуге тиым салған еді. Алайда, шайтанның қастығымен жеме деген жемісті жеп қойып, екеуі жер бетіне жіберіледі.

Адам ұрпақтары жер бетінде азғындыққа салынып, күнәға батып кетпеулері үшін   өз араларынан таңдап елшілерін жіберіп отырды. Ол туралы  Құран Кәрімде:

لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِنْ أَنْفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُمْ بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ

Сендерге өз араларыңнан     (яғни араларыңда туып өскен) хақ пайғамбар келді. (Оның сендерге жанашырлығы соншалық – азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын) тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (болғандықтан сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді) әрі мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді.[2]

Оларды әр кезеңдерде белгілі бір қауымға тура жол көрсетуге пайғамбар келгендігі туралы Құран Кәрімде:

وَرُسُلًا قَدْ قَصَصْنَاهُمْ عَلَيْكَ مِن قَبْلُ وَرُسُلًا لَّمْ نَقْصُصْهُمْ عَلَيْكَ ۚ وَكَلَّمَ اللَّهُ مُوسَىٰ تَكْلِيمًا 

«Және саған бұрыңғы Пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ, пайғамбарлардың саған баян етпегеніміз де бар»[3]-деп, кейбір деректер бойынша жүз жиырма төрт мың пайғамбар өтсе, солардың ішінен жиырма бес пайғамбардың аты Құранда аталды.

Алла Тағала Құран Кәрімде Мұхаммед (с.ғ.с.) -ға пайғамбарлардың өмірлерінен қиссалар мен бағзы оқиғаларды баяндап, кейінгі үмметтерге олардың жолдарынан ғибрат алу керектігін білдірген.

Мұсылманға Алла Тағаладан жіберілген пайғамбарларға иман келтіру міндет болып табылады. Бұл туралы оған дәлел мына аят:

آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ ۚ وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا ۖ غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ ﴿٢٨٥﴾ لَا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْسًا إِلَّا وُسْعَهَا ۚ لَهَا مَا كَسَبَتْ وَعَلَيْهَا مَا اكْتَسَبَتْ ۗ رَبَّنَا لَا تُؤَاخِذْنَا إِن نَّسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا ۚ رَبَّنَا وَلَا تَحْمِلْ عَلَيْنَا إِصْرًا كَمَا حَمَلْتَهُ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِنَا ۚ رَبَّنَا وَلَا تُحَمِّلْنَا مَا لَا طَاقَةَ لَنَا بِهِ ۖ وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَا ۚ أَنتَ مَوْلَانَا فَانصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бойұсындық. Раббымыз, Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді»[4].

Әбубәкір Кердері ақын өзінің «насихат» өлеңінде:

Бұрыңғы өткен Пайғамбар

Өздері асыл болыпты,

Зор дәреже қоныпты.

Қайсылары үмбетін

Ізгі жолға салыпты[5],-деп жырлайды.

Парсыша «пәйғам» – «жолдау», «бардән» – «жеткізу» сөздерінен құралған Пайғамбар сөзі тілімізде көп қолданылады. Арабша Пайғамбарларды «Русул» және «Әнбиә» дейді. «Русул» дегеніміз «расул» сөзінің көпше түрі, Расул (رسول) :(елші, Кітап түсіп, дінді жеткізуге жіберілген пайғамбар[6]. Яғни, Алланың елшісі деген мағынаны береді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Құрандағы Исмаилды есіңе ал, Шынында ол уәдесінде берік расул әрі нәби кісі еді»[7]. Ал Нәби (نبي) хабаршы, оған кітап түспеген, бірақ, бұрын жіберілген елшілердің иләһи заңдылықтарын жалғастырушы пайғамбар[8].

Мәселен, Яхия пайғамбар алғашында Мұса (ғ.с.)-нің шариғатын уағыздаса, кейін Алланың әмірімен Исаға (ғ.с.) келген шариғатты насихаттайды. Бұл жерден  Яхияның (ғ.с.) нәби пайғамбар болғандығын көреміз.  Сонымен қатар пайғамбарлардың да ішінде ерекше аталған, «улул-азм» бес пайғамбар бар. «Улу» сөзі араб тілінде «иесі» деген мағынаны білдірсе, «Азм» сөзі – табандылық, қайсарлық деген мағыналарды береді. Әрине, басқа пайғамбарлар  мұндай табандылық, дін жолындағы қайсарлық көрсете алмаған ба деп сұрауыңыз мүмкін. Жоқ, барлық пайғамбарлар бұл жолда қиындық көрген. Дегенмен де, іштерінен кейбір аяттарда өзге пайғамбарлардан ерекше аталып өткен Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед (с.ғ.с). пайғамбарлардың дәрежесі басқалардан бір саты жоғары болғанын көруімізге болады. Бұл туралы Құран Кәрімде:

وَإِذْ أَخَذْنَا مِنَ النَّبِيِّينَ مِيثَاقَهُمْ وَمِنْكَ وَمِنْ نُوحٍ وَإِبْرَاهِيمَ وَمُوسَىٰ وَعِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ  وَأَخَذْنَا مِنْهُمْ مِيثَاقًا غَلِيظًا

«(Мұхаммед, с.ғ.с.) Сол уақытта пайғамбарлардан уәде алған едік. Сенен, Нұх, Ибраһим, Мұса және Мәриамұлы Исадан, солардан берік уәде алған едік»[9],-дейді.

Жаратылған жанды-жансыз, тіршіліктің ішіндегі яғни, 18 мың ғаламның  ұлығы Адам баласы болса, адамдардың ішіндегі ұлығы – пайғамбарлардың да басқа адамдардан ерекшеленетін сипаттары бар. Олар:

Шыншылдық.

Құранда бұл туралы:

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِدْرِيسَ إِنَّهُ كَانَ صِدِّيقًا نَّبِيًّا

«Кітаптағы Ыдырысты есіңе ал, негізінде ол турашыл Пайғамбар еді»[10],-деген. Пайғамбарлар ешқашан жалған сөйлемеген.

Аманатқа беріктік.

Аманатқа қиянат жасамау – Пайғамбарларға тән ерекше сипат. Мысалы, соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлық келмей тұрып-ақ, халық оны «Сенімді Мұхаммед» деп атап, ең қымбат дүниелерін сақтауға, осы кісіге қалдыратын. Тіпті, оны Пайғамбар екенін мойындамай жүрген мүшріктердің өзі алысқа кетсе заттарын аманаттап Алла елшісіне (с.ғ.с.) тастап кететін. Пайғамбарлардың аманатқа беріктігі жайлы Алла  Тағала Құран Кәрімде:

وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَن يَغُلَّ

«Бір Пайғамбар үшін аманатқа қиянат ету мүмкін емес»[11],-деп келтіреді.
Күнә атаулыдан пәк. (Исмәт).

Алла Тағала пайғамбарларды елшілік міндеті келгенге дейін, күнәлі істерден қорғап келген. Оларды болашақтағы жүгі ауыр қызметке осылайша дайындаған. Мәселен, Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың кішкентайында екі періште келіп, жүрегін тазалап кеткендігі, сол кездің өзінен Оны (с.ғ.с.) осы ұлы іске дайындағанын көреміз.

Фәтанат. 

Зерек, алғырлық сипаты. Пайғамбарлар пайғамбарлыққа дейін де өте зерек, ақылды, алғыр болып келеді. Олардың мұндай ақылды алғырлыққа ие болуы орынды да. Өйткені Алладан келген үкімдерді дұрыс жеткізу жолында ақылдылық пен зеректік өте қажет екені түсінікті.

وَدَاوُودَ وَسُلَيْمَانَ إِذْ يَحْكُمَانِ فِي الْحَرْثِ إِذْ نَفَشَتْ فِيهِ غَنَمُ الْقَوْمِ وَكُنَّا لِحُكْمِهِمْ شَاهِدِينَ فَفَهَّمْنَاهَا سُلَيْمَانَ وَكُلاًّ آتَيْنَا حُكْمًا وَعِلْمًا

Дәуіт пен Сүлеймен (Ғ.С.) де жолбасшы көсемдер еді. (Есіңде ме?) кезінде екеуі түн ішінде бір қауымның бір отар қойы жайылып талқандап кеткен егінге қатысты үкім айтқан еді. Сонда Біз ол екеуінің шығарған үкіміне куә болдық.[12]
Дінді жеткізуші.

Құранда:

يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ

«Ей, Пайғамбар, Раббың тарапынан түсірілген дінді жеткіз»[13],-деп бұйырған.  Дінді жеткізу жолында кездесетін түрлі қиындықтарға төзе білу, бастарына келген әртүрлі ауыртпашылықтар мен сынақтарға сабырлылық таныту, нығметтерге шүкірлік ету, құлшылық, ғибадат жолында үлгі бола білу пайғамбарлардың сипаттауға тіл жетпес асыл қасиеттері болып табылады.

Міне, осындай сипаттарға ие Пайғамбарлардың өмірлері үлгі, өнегеге толы. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 رَسُولِ اللهِ أسْوَةٌ حَسَنَةٌ لقَدْ كاَنَ لَكُمْ فِي

«Расында сендер үшін, Алланы да ахирет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар»[14], деп үлгі тұтуға Пайғамбарлардың ғана лайық екендігін көрсетеді.

Енді Пайғамбарлардың өмір жолдарына бір сәт назар салатын болсақ, Алла тағала Құран Кәрімде былай баяндайды: «(Мұхаммед, с.ғ.с) Саған бұл Құранды уахи етуімізбен өзіңе қиссалардың ең жақсысын баян етеміз. Негізінде сен бұдан бұрын әрине хабарсыз едің»[15] деген.

Пайғамбарлар ішінен Құран Кәрімдегі  Аюп (ғ.с.) өміріне тоқталар болсақ,  Ибраһимнен Ысқақ, Ысқақтан Айс, Айстан Рәзих, Рәзихтан Маус, Маустан Аюп пайғамбар дүниеге келеді.

Аюп (ғ.с.) – өте ауқатты, бай, малы да дүниесі де мол, төрт құбыласы тең жан еді. Ол соншалықты байлығы болса да еш тәкаппарланбайтын. Керісінше,  құлшылығын үзбей, оразасын ұстап, Хаққа шүкір ететін. Тіпті періштелердің өзі «Аюп (ғ.с)-нің шүкірлігіндей  адамның қайырлысын көрмедік», дейтін. Ол өте тақуа  жан еді. Шайтан лағынет оны қанша азғыруға тырысса да, Аюп (ғ.с.) бірқалыптылығанан еш таймайтын. Сондай-ақ, ол сабырлылығымен де ерекшеленетін. Оның мұнша байлығымен қоса, сол бір қауымға пайғамбарлықты да Алла Тағала нәсіп еткен еді.

Алла Тағала сүйікті құлдарына түрлі сынақтар жіберіп отырады. Аюп (ғ.с.) сүйікті құлы  да сондай сынақтардың ең ауырынан өткен пайғамбарлардың бірі. Алла Тағала Құранда:

وَلَنَبْلُوَنَّكُم بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الْأَمْوَالِ وَالْأَنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ  وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ 

 «Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (яғни, табыстарыңды) азайту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды қуанта бер»,[16]

Алла Тағала Аюп (ғ.с) пайғамбарды дүниесімен қоса  қатты бір аурумен сынаған. Аюптың ауруы да пайғамбарларға тән сырт көзге оғаш көрінбейтін дерт еді. Алайда күннен күнге меңдеп бара жатқан дерт науқастың халін нашарлата түседі. Туған туысы қиындықта оны жалғыз қалдырып, жанына жуымайды. Тек қана жұбайы науқасты бағып-қағумен болады. Ол күйеуінің көңілін тауып, тамағын уақытылы беріп, сонымен қатар үй шаруашылығы, нәпақа табумен де айналысады. Бір күні жаны қысылған Аюп (ғ.с) әйелін шақырады. Алайда, ол бір жұмыстарымен сыртқа кетіп қалып еді. Сонда Аюп (ғ.с.) «Осыдан ауруымнан айыққаннан кейін саған жүз дүре соқпасам ба?!» деп өзіне уәде береді.

Кейбір деректерде Аюпты 13 жыл ал басқа бір дереккөздерінде 18 жыл төсек тартып жатқандығы айтылады. Шайтан лағынет адамның осал тұсын пайдаланып, азғыратыны секілді Аюпқа да келіп: «Сен бір дәулеті тасқан, шіріген бай, бала-шағаң көп, адамдардың бірі едің. Енді жатқан тұрысың мынау, денсаулығың да сыр берді», деп азғыра бастайды. Алла Тағаланың сүйікті құлы Аюп (ғ.с.) болса, оған сабырлы түрде: «Ол байлықтың да бала-шағаның да Раббысы Алла Тағала өзі берді өзі алды», дейді. Қазақта: «Пұлсыз берді, құнсыз алды» деген сөз осыдан қалса керек.

Күндердің бір күнінде Аюп (ғ.с.) асқынған ауруының салдарынан Хақты зікір етуден тосылып қаламын ба деген қатты уайыммен Алла Тағаладан шипа сұрайды. Яғни, Алла Тағаланы зікір ету үшін сұраған дұғасын жауапсыз қалдырмаған Раббымыз оған:

ارْكُضْ بِرِجْلِكَ هَذَا مُغْتَسَلٌ بَارِدٌ وَشَرَابٌ

«Аяғыңмен жерді теп, міне саған шомылатын әрі ішетін суық су»[17] деп аян берді. Аюп (ғ.с.) Алла Тағаланың әмірін орындап еді оның аяғының астынан су атқылап, ол сол суға шомылып, әрі шөлін қандыра ішеді. Сол сәтте-ақ, Алла Тағаланың Шәфи сипатымен шипа дарып, бойындағы дерт еш болмағандай сауығып сала береді. Баяғы ауруы көрген түстей боп өте шығады. Қазақта: «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деген сөз осыны білдірсе керек.

Дертінен айыққан Аюп (ғ.с.) баяғы уәдесі есіне түскенде, көп жылдан бері төсек тартып жатқанда жанынан табылған жан жарына жүз дүре соғуға дәті бармады. Сонда Алла Тағала жүз шыбық алып, бір рет ғана жайлап соғуына аян береді. Яғни, берген сертіңді бұзба деу арқылы уәдеге берік болуды ұқтырған-ды.

Осылайша, сабырлылығының арқасында Аюп (ғ.с.) пайғамбар зор сынақтан өтіп, адамдарға үлгі, өнеге қалдырды.

Бұл қиссадан біз қандай үлгі аламыз?

1. Байлық та, тақ та Алла Тағаланың берген бағы. Қалаған құлына беріп, қалаған уақытында алып қояды. Аюп (ғ.с.) пайғамбар дәулеті тасыған бай болса да байлық Алла Тағаланың берген сыйы екенін түсініп, оны тиімді пайдалана білді. Ол байлығына масаттанбай орнымен жұмсап Алла Тағаланың сүйікті құлы бола білді.
2. Қандай ауру болса да Алладан үміт үзбеу. Емделу үшін барлық шараны жасау, дұға қылып, Шәфи болған Алладан шипасын сұрау.
3. Әйелінің күйеуіне бойұсынуы. Күйеуінің ауыр науқаспен төсек тартып жатқанында жанынан табылып, оған қиындықта нағыз жар бола білді. Бұл көптеген әйелдерге қандай жағдайда да күйеуіне бойұсыну керектігін көрсетеді.
4. Уәдеде тұру. Аюп әйеліне жүз дүре соғу үшін берген уәдесінде тұрды. Алла оған жүз шыбықпен бір ғана ұру жеткілікті екенін білдірді.
5. Сабырлы болу. Қандай қиындық болса да сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа деп сабырлық танытып, шыдас беру. Кез келген мал-мүліктің де, бала-шағаның да денсаулықтың да Алла Тағаланың берген сынағы, нығметі деп біліп сынақтарына төзімділік таныту. Бір ғана Алладан күдер үзбеу керектігін ұқтырады.

Бабаларымыз айтқандай:

Дүние бір ағын су бұраңдаған,

Бақ тайса, ерде дәулет құралмаған.

Күніне мың бір пәле көрсең-дағы,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Сондықтан да пайғамбарлардың бойындағы барлық асыл қасиеттер, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылады. Аюптың сабырлығы да Соңғы Пайғамбар хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бойынан ерекше орын алған. Ендеше әрбір мұсылман Адамзаттың асыл тұлғаларынан үлгі алар болса, екі дүниеде бақытқа қауышары сөзсіз.

 

Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,

«Қызылжар» орталық мешітінің Бас имамы

 

[1] Хужурат сүресі, 13-аят
[2] Тәубе 128
[3] Ниса, 164
[4] Бақара 285
[5] Әбу Бәкір Кердері, «Он ғасыр жырлайды», 311 бет
[6] С.Сейітбеков, «Иман негіздері»  – 2011,261-бет
[7] Мәриам сүресі, 54 аят.
[8] С.Сейітбеков, «Иман негіздері»  – 2011, 260-бет
[9] Құран, Ахзаб, 7аят
[10] Құран, «Мәриам» сүресі, 56 аят.
[11] Құран, «Әли-имран» сүресі, 161 аят.
[12] Әнбия сүресі 78-аят.
[13] Құран, «Мәида» сүресі, 67 аят.та
[14] Ахзап 21
[15] Юсып 3 аят.
[16] Бақара сүресі, 155-аят
[17] Құран, «Сад» сүресі 42 аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру