Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қоршаған ортаны қорғауың – салауатты өмірді қолдауың

28.09.2017 4293 0 пікір

"Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы

Қанат Қыдырмин

 

 

«Қоршаған ортаны қорғауың – салауатты өмірді қолдауың»

 

Қоршаған ортаға зиян келтірмей, оған жанышырлықпен қарау Ислам мәдениетінің бір бөлігі болып саналады. Соңғы кезде техника, өндірістік технологиялар дамыған сайын, сонымен бірге олардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияндары мен зардаптары да аз емес. Мысалға, соңғы үлгіде шыққан бір автокөлікті шөбі шалғын, қасынан бұлақ ағып жатқан жерге қойсаңыз, біріншіден, оның тұрған жерінің шөбі басылып, төгілген жағармай топырақты бүлдіріп, одан шыққан түтін ауаны ластаса, екіншіден, эстетикалық талғам жағынан жараспайды. Ал, оның орнына керісінше бір жануарды (құлынды биені) қойсақ, ол табиғатқа ешқандай зиянын тигізбейді және эстетикалық жағынан жарасып тұрады.

Мұсылман адам Аллаға (Т)-ға иман келтіріп, Исламға бет бұрған алғашқы сәтінен бастап табиғатты сүйіп және қорғауды үйренеді. Бала кезінен бастап намаз оқу және дәрет алу тәртібін үйрене бастасымен, суды ысырап етпей, су көздерін ластамауды санасына сіңіреді. Тіпті, бес уақыт намаз алдында дәрет алған кезде суды шамадан тыс мөлшерде пайдалану дұрыс әрекетке жатпайды. Бұған байланысты Алла (Т) Құран кәрімде былай дейді:  

 

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا

 

«Шындығында ысырапқорлар, шайтанның туысы, ал шайтан болса Раббысына қарсы»[1].

 

Алла (Т) адамды жаратылыстарының ішіндегі ең құрметтісі етіп, жер бетіне басшы қылып тағайындады. Бұл турасында Құранда былай келеді:

 

إِنِّي جَاعِلٌ فِي الأَرْضِ خَلِيفَةً

 

«Мен жер бетінде бір халифа жасаймын!»[2].

 

Аспан мен жер, теңіз бен тауларды адамзаттың пайдасы үшін жаратты. Бұл жөнінде Алла (Т) қасиетті Құранда былай дейді:

 

هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُم مَّا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا ثُمَّ اسْتَوَىٰ إِلَى السَّمَاءِ فَسَوَّاهُنَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ ۚ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

 

«Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді. Ол әр нәрсені толық білуші»[3].   

إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ وَالْفُلْكِ الَّتِي تَجْرِي فِي الْبَحْرِ بِمَا يَنفَعُ النَّاسَ وَمَا أَنزَلَ اللَّهُ مِنَ السَّمَاءِ مِن مَّاءٍ فَأَحْيَا بِهِ الْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَبَثَّ فِيهَا مِن كُلِّ دَابَّةٍ وَتَصْرِيفِ الرِّيَاحِ وَالسَّحَابِ الْمُسَخَّرِ بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَعْقِلُونَ

 

«Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің ауысуында, адам баласына пайдалы нәрселермен теңізде жүрген кемеде және Алланың көктен жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін онымен жандандыруында әрі онда әр түрлі хайуанды таратуында, желдерді және көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында әлбетте ойлаған елге (Алланың барлығы, бірлігіне) белгілер бар»[4].

         

          Шындығында Алла (Т) көктер мен жерді, оның арасындағыларды және айналамызды қоршаған табиғатты өте сұлу көрністе жаратқандығын Құранның мына аяттарынан білеміз:

وَتَرَى الجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ السَّحَابِ صُنْعَ اللَّهِ الَّذِي أَتْقَنَ كُلَّ شَيْءٍ إِنَّهُ خَبِيرٌ بِمَا تَفْعَلُونَ

«Тауларды көріп, тапжылмай тұр деп ойлайсың. Негізінде олар бұлт тәрізді жүреді. Бұл әр нәрсені берік жасаған Алланың шеберлігі. Күдіксіз, ол жасаған нәрселеріңді толық біледі»[5].

الَّذِي أَحْسَنَ كُلَّ شَيْءٍ خَلَقَهُ

«Ол әрбір нәрсені өте жақсы /кемел де кемшіліксіз/ етіп жаратты»[6].

Алла (Т) адамзат пен табиғаттың арасында тығыз бір байланыс орнатып, табиғатқа зиян тигізбеуді бұйырды.

وَلاَ تُفْسِدُوا فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفاً وَطَمَعاً إِنَّ رَحْمةَ اللَّهِ  قَرِيبٌ  مِّنَ  المُحْسِنِينَ

«Әрі жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзу-бүлдірушілік істемеңдер. Одан /Алладан/ - қорыққан күйде әрі үмітпенен тілеңдер. Негізінде, Алланың мейірімі жақсылықты ықыласпен істеушілерге жақын»[7].

كُلُوا وَاشْرَبُوا مِن رِّزْقِ اللَّهِ وَلاَ تَعْثَوْا فِي الأَرْضِ مُفْسِدِينَ

/Оларға:/ «Алланың берген ризығынан жеп-ішіңдер және жер жүзінде бұзу-бүлдірушілік жасап жүрмеңдер», - делінді[8].

          Адамзатқа осындай көптеген нығметтерді берген Алла (Т)- ға шүкірлік айтып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мұсылманның міндеті болып саналады. Бірде бір кішкентай қыз бала өзінің әкесіне: «Әке мені балалардың ойнайтын жеріне (карусель т.с.с) апарыңызшы» деп өтінеді, оған әкесі: «Қызым мен күнде жұмыстамын, сені Алла жазса демалыс күні апарайын» деп уәде береді. Жексенбіні тағатсыз күткен қыз бала, демалыс күні келгенде, күнде жұмыстан шаршап, теледидар көріп жатқан әкесіне келіп, уәдесін есіне салады. Сонда әкесі қызына берген уәдесін орындамақшы болып, демалып жатқан жерінен тұра бере жердегі жатқан газеттің бетіндегі жердің картасына көзі түседі де, картаның суретін бірнеше бөлікке бөліп, қызына жинауға ұсынады. Картаны бұрынғы қалынша құрастырғанда ғана ойые алаңына апарып қыдыртуға сендіреді. Әртүрлі құрастырғыштарды құрап жаттығып алған бала, шамалы уақыт өткесін әкесіне келіп, жырым-жырым жыртылған картаның суретін жиналғанын жеткізеді. Тез арада, барлығын орын-орнына қойып, қатасыз жинаған қызына таңқалып, «қызым бұны қалай жинадың» деп сұрайды. Сонда қызы: «Әке газеттің екінші жақ бетінде адамның суреті салынған екен, сол адамның суретін аяғын-аяғына, қолын-қолына келтіріп жинап едім, жердің суреті де шыға келді» деген екен. Мұны естіген әкесі: «Е, адам түзелсе - жер беті де, қоғам да түзеледі екен ғой» депті.

Жоғарыдағы келтірілген аяттардың мағынасына үңіле отырып табиғаттың адам үшін жаратылып оның иелігіне берілгенін байқаймыз. Адам Алла (Т)-ның нығмет етіп берген күші мен шығармашылық қабілетін, ақылымен пайдаланатын болса табиғатты гүлденген бақшаға айналдыруға болады. Адам баласы табиғи байлықтарды пайдалану және өзгерту кезінде, оған зиян келтірмеуді басты назарда ұстауы керек.

Ислам діні қоршаған ортаға зиян келтірмеуге шақырады.

 

وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاءَ وَالْأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا لَاعِبِينَ 

 

Көк пен жерді және екі арасындағыны ойыншық қып жаратпадық[9].

 

Жер анаға жанашырлықпен қарап, айналамызды қоршаған көркем табиғатты ластауға болмайтындығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көптеген хадистерінде баяндалған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көптеген хадистерінде табиғатқа зиян келтіруге, құмырысқаның илеуін бұзуға, ара мен құрбақаларды өлтіруге болмайтындығы туралы айтылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тазалыққа байланысты айтқан хадистерінде былай дейді:

 

الطَّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ

«Тазалық иманның жартысы»-деп айтылған[10]. 

النظافة من الإيمان

«Тазалық – иманнан»[11].

Қоршаған орта адамның психологиясы мен көңіл күйіне әсер етеді. Әрбір адам таза табиғаттың көркем көріністеріне тамсана қарау арқылы жүрегіне тыныштық, өміріне қуаныш ұялатады. Экологияны ластап, табиғатқа зиян келтіру адамзатқа кері әсерін тигізеді. Ғалымдар депрессия мен психологиялық аурулардың жайылуын табиғаттың ластануы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланыстырады.

Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ағаштарды кеспеу, егістіктер мен өсімдіктерді өртемеу жайлы көптеген хадистерінде баяндаған. Ислам ғалымдары тіпті соғыс кезінде де дұшпандардың жеріндегі ағаштарды кеспеуге және егістік жерлерді өртемеуді бұйырады. Бұлай жасау жағымсыз әрекеттерден болып есептеледі. Ағаш егіп, жер бетін көгалдандырудың өте маңызды әрі сауап болатын іс екенін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір айтқан сөздерінен байқаймыз.


عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال : قال صلي الله عليه وسلم

إذا قامت الساعة وفي يد أحدكم فسيلة فليغرسها

 «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» - дейді[12].  

فقد روي الإمام البخاري في صحيحه عن أنس بن مالك - رضي الله عنه- قال : قال رسول الله صلي الله عليه وسلم : " ما من مسلم يغرس غرسا أو يزرع زرعا فيأكل منه طير أو إنسان أو بهيمة إلا كان له به صدقة " ، وليس هناك حث وتحريض وحرص علي التشجير أقوي من حديث النبي صلي الله عليه وسلم الذي  رواه الشيخان في صحيحيهما عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال : قال صلي الله عليه وسلم :"إذا قامت الساعة وفي يد أحدكم فسيلة فليغرسها" .

Әнәс ибн Мәликтен келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егістіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады»[13].

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ Алла елшісі (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім.

Аббаси халифаларынан Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) отырғызып жатқанын көріп, оған: -Әке, сен ғой қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре алмайсың, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың? – дейді. Қарт былай деп жауап береді: -Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – дейді. Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт: "Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім", –дейді. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді. Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен қарт.

Әли (р.а) өзінің халыққа айтқан хұтбаларының бірінде:

«Уа, адамдар мен қала тұрғындары, Алладан қорқыңдар! (ешкімге зиян тигізіп, қалалар мен тұрақтарды қиратпаңдар), сендердің барлықтарың ол үшін жауаптысыңдар және содан сұраласыңдар. Сендер төртаяқтылар және жерлер үшін жауап бересіңдер» - дейді.

Ислам жануарларды себепсіз және еш қажеттіліксіз өлтіруге тиым салады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына еті адал жануарларды қажеттіліксіз өлтірмеуді де өсиет еткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадистерінде адамдарға зияны тиетін жол бойындағы кез келген затты алып тастауды бұйырады. 

 

روي الإمام البخاري في صحيحه عن أبي هريرة- رضي الله عنه- قال : قال رسول الله صلي الله عليه وسلم : " الإيمان بضع وستون شعبة أعلاها لا إله إلا الله  وأدناها إماطة الأذى عن الطريق" .

Абу Хуройрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Иманның алпыстан астам бұтақтары бар, оның ең жоғарғысы Лә Иләһә иллАллаһ, ал ең төмені жолдағы бір зиянды затты алып тастау»[14.]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жолдағы бір зиянды затты алып тастауды, жолдың хақыларының біріне кіргізген.

روي الإمام مسلم في صحيحه عن أبي سعيد الخدري-رضي الله عنه- عن الرسول صلي الله عليه وسلم قال:" إياكم والجلوس في الطرقات قالوا: يا رسول الله ما لنا بد من مجالسنا نتحدث فيها .قال.صلي الله عليه وسلم :إذا أبيتم إلا المجلس فأعطوا الطريق حقه . قالوا: وما حقه . قال: " غض البصر وكف الأذى ورد السلام والأمر بالمعروف والنهي عن المنكر".

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жолда отырудан сақ болыңдар,-дейді. Сонда: Уа, Алла елшісі! Біз тек жолда әңгімелескеніміз болмаса, басқа еш нәрсе істемейміз, - дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жолда отыратын болсаңдар, ақысын беріңіздер,-деді. Адамдар: жол ақысы не?,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Көзді төмен салу, зиян тигізбеу, сәлемге жауап беру, жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару», – деген[15].

Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашырлықпен қарау, оны таза ұстап, адам өмірінің бір бөлігі екенін түсініп, оған қиянат жасамау – әрбір мұсылманның міндеті болып саналады.

 

[1]. Исра сүресі, 27-аят.

[2]. Бақара сүресі, 30-аят.

[3]. Бақара сүресі, 29-аят.

[4]. Бақара сүресі, 164-аят.

[5]. Нәміл сүресі, 88-аят.

[6]. Сәжде сүресі, 7-аят.

[7]. Ағроф сүресі, 56-аят.

[8]. Бақара сүресі, 60-аят.

[9]. Әнбия сүресі, 16-аят.

[10]. Мүслим.

[11]. Табарани.

[12]. Бұхари, Мүслим.

[13]. Бұхари.

[14]. Бұхари.

[15]. Мүслим.

Қоршаған ортаға зиян келтірмей, оған жанышырлықпен қарау Ислам мәдениетінің бір бөлігі болып саналады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру