Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Білімді мыңды жығар...

16.08.2017 10968 0 пікір

بسم الله الرحمن الرحيم

Ғұлама Ыбырай (Ибраһим) Алтынсары атамыз:

Бір құдайға сыйынып,

Кел, балалар оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Істің болар қайыры,

Бастасаңыз Аллалап,

Оқымаған жүреді

Қараңғыны қармалап,-дегендей бір жұмадан бері мешіттерге жеті жасқа толған балаларын жетектеп ата-аналар келуде. Мектеп табалдырығын «бисмиллаһ» деп аттағалы тұрған бүлдіршіндер білімді де тәрбиелі болсын деген ниетпен бата сұрап келіп жатқан жөні бар.

Мектептер, арнайы орта оқу орындары және жоғары оқу орындарында оқу жылы басталуда. Солармен қатар еліміздегі тоғыз медресе де «бисмиллаһ» деп өз дәрісін бастап кетті. Осы шәкірттер мен студенттерге білім жолында толағайдай табыс тілей отырып, білім жөнінде уағыз-насихат айтпақпыз.

Құран Кәрімде:

هل يستوي الذين يعلمون و الذين لا يعلمون

Яғни: «білетіндер мен білмейтіндер тең бола алады ма?»,-деген аят бар. Расында «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей білімдінің ала алмайтын қамалы, аса алмайтын асуы болмас. Ислам дініндей білім мен ғылымға көңіл бөлген ешбір дін жоқ. Алла тағала ардақты пайғамбарына (с.ғ.с.) алғаш уахи еткен аяты білім жөнінде. Білімге үндеген аят еді. Білім діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылықтардың бастауы болғандықтан ең әуелгі иләһи пәрмен де білім жайлы болды.

Жаратқан Алла соңғы елшісіне тікелей және күллі адамзатқа жалпылай:

إقرأ باسم ربك الذي خلق ، خلق الإنسان من علق ، إقرأ وربك الأكرم ، الذي علم بالقلم ، علم الإنسان مالم يعلم 

Ең әуел түскен аят: Алла тағалаға құлшылық жаса, намаз оқы деп түскен жоқ. «Оқы, сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, сенің Раббың ең ұлық. Ол қаламмен үйретті. Адам баласына білмейтін дүниесін үйретті,-деп түсті.

Бұның сыры Алла тағаланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр. Ахмет Иүгінеки бабамыз:

Өтеді абыроймен білімді жан,

Ал надан бейне өлік, жерсе де аман.

Білімді бір тең келер мың кісіге,

Білімге сай пайдалы өзге не бар?

Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер,

Адамды наданшылық төмен етер.

Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі

«Білім қайда болса да ізде»-депті.

Білікті керек сөзді біліп айтар,

Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар.

Біліммен танылады бір Аллаһ та,

Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта.

Шын білімі болмаған қанша халық,

Табынар құдай жасап қолдан-пұтқа,-деп өз өлеңінде білім және надандық жайлы Құран және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзінде айтылған даналықтарды қазақилап қысқа да, нұсқа етіп түсіндірген.

Ия, білім шырақ. Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін бұл – білім. Мұхтар Әуезов: « Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек...,-деген. Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?! Ол байлық халыққа несібе болма ма? Халықтың игілігіне жұмсала ма?

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:

...و منْ سلك طريقًا يلتمس فيه علما سهّل الله له طريقا إلى الجنّةِ...

Мағынасы: «... Кімде-кім білім іздеп жолға шықса, Алла тағала оның жәннатқа барар жолын жеңіл етеді...»,-деген. Міне, шынайы Алла тағала ризашылығы үшін болған білімге берілетін сый жәннат.

Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білім жайлы бір сөзінде:

...إنّما العلماءَ ورثةُ الأنبياء, إنّ الأنبياء لم يُورِّثوا دينارا و لا درهما, إنما ورّثوا العلم, فمن أخذ به أخذ بحظٍّ وافر

Мағынасы: «...Расында ғалымдар – пайғамбарлар мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динарды да дирһамды да (яғни алтынды да, күмісті де) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұралыққа қалдырады. Кімде-кім оны (білімді) алса, мол олжа алғаны...»,-деген екен.

Пайғамбардың мұрагері болу қандай бақыт десеңізші! Бұл мұраны алу үшін ол кісінің (с.ғ.с.) отбасынан болу шарт емес. Басты шарт Алла тағала ризашылығы үшін деген ниетпен сол ілімді үйрену. Пайғамбарға (с.ғ.с.) мұрагер болу барлығына теңдей берілген мүмкіндік.

Ибн Масуд (р.а.) баян еткен хадисте:

لا حسد إلاّ في اثنتين: رجلٌ آتاه الله مالا فسلّطهُ على هلكته في الحقّ و رجلٌ آتاه الله الحكمة فهو يقضي بها و يعلّمها.

Яғни: «Тек екі түрлі адамға қызығуға болады, бірі: Алла тағала мал-дүние берген кісіге. Ол дүниесін дұрыс жолда (жақсылық, қайырымдылық және Алла тағала риза болатын жолда) жұмсайды. Екіншісі: Алла тағала даналық (білім) берген адам. Ол біліміне амал етеді және адамдарға да үйретеді»,-деген екен.

Пенде болған соң әр нәрсеге қызығып, қызғана қарай береміз. Алайда, шынайы қызығуға тұрарлық дүние тек осы екі зат қана. Ілгілікке жұмсалған дүние және пайдалы ілім.

Дін ілімі болсын және дүниелік ілім болсын аса жауапкершілікпен қарау қажет. Діни ілімге келер болса, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:

مَنْ أُفْتِيَ بغير علمٍ كان إثمه على من أفتاه و من أشار على أخيه بأمر يعلم أنَّ الرُّشْد في غيره فقد خان.

Мағынасы: «Кімде-кімге білімсіз (тарапынан) пәтуа айтылған болса, оның күнәсі пәтуа айтқанға болмақ. Ал, кімде-кім өз бауырына тура жол басқа екенін біле тұра басқа (бағыт-бағдар) берсе, ол қиянат еткені»,-деген екен.

Расында, қазіргі таңда бағзы жастар сондай арампиғылды адамдардың құрған тұзағына түсіп қалып жатыр. Дін деген осы екен ғой деп шынайы мұсылманшылық құндылықтардан алыстап кетіп бара жатқандары тағы бар. Дін ілімін міндетті түрде мешіт қабырғасынан үйрену керек.

Хәкім Абай атамыз:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге, дегендей мешітте бос сөзден гөрі нақты дәлел-дәйекке сүйенген кітаптар негізінде сізді толғандырған сауалдар мен мәселеге жауап беріледі. Осы арада тағы бір хадисті айта кетейік, Ибн Омар (р.а.) жеткізген:

مَنْ تعلّمَ علما لغير الله أو أراد به غير الله فليتبوّأْ مقعده من النار.

Мағынасы: «Кімде-кім Алла тағала  ризашылығынан басқа үшін ілім үйренсе немесе сол біліммен Алла тағаладан басқаны ниет етсе, өзіне тозақтан орын әзірлей берсін»,-деген.

Термизи және Ибн Мажаһ кітаптарында Каъб бин Маликтен (р.а.) мынадай риуаят жеткен:

من طلب العلم ليُجاريَ به العلماء أو ليُماريَ به السفهاء أو يصرف به وجوه الناس إليه أدخله الله النار.

Яғни: «Кімде-кім ғалымдармен тартысу үшін, ақымақтарды жеңу үшін немесе өзіне адамдардың назарын аудару үшін ілім үйренсе, оны Алла тағала тозаққа кіргізеді»,-деген.

Білім жайлы көпшілік мұсылман қауым білетін мына хадиске назар аударайық, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Білім алу әрбір мұсылманға парыз», – деген.

Осы хадисті тарқатып айтып көрелік. Алдымен мұсылманға барлық білімді оқу парыз емес екендігін білгеніміз жөн. Ол өз жағдайына (жағдай мен уақыт талабына сай адамға өмірінде аса қажетті, ол иманшарты, ең қажетті құлшылық пен қарым-қатынас үкімдерін білу, өзін асырайтындай дәрежеде ризық несібесін табу мен еңбек ету жолын үйрену болып табылады.

Мұсылман болу үшін усул әд дин ілімінен иманға жеткізетіндей білім алу парыз. Ал, Алла тағала парыз еткен амалдарды біліп тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою міндетті. Ал, ризық табу жолында, күнелту үшін шамасы келген дәрежеде тіршілік ілімін үйрену қажет.

Демек, Ислам дінінің мақсаты – адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу.

Байһақи риуаят еткен хадисте: «Сендер тектеріңді туысқандарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда жол табатындай дәрежеде үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деп айтылған) байланысты білім алуы парыз.

Сондықтан, білімнің абзалы – ғылымхал, амалдың абзалы – соны сақтау, деп айтылған. Мұсылманға, қандай жағдайда болсын, өзінің қал-қадіріне қатысты білімді үйренуі парыз. Егер намаз оқу мойнына парыз болса, намаздың парызын өтейтіндей мөлшерде үйренуі парыз, уәжібін өтейтіндей мөлшерде үйренуі уәжіп. Өйткені намаз парызын орындауға себеп болатын нәрсе – парыз, ал уәжібін орындауға себеп болатын нәрсе – уәжіп саналады. Сол секілді ораза және мал-мүлкі, зекет мәселесінде де осылай болмақ. Мойнына қажылық парыз болса, соны өтейтіндей білім алуы парыз. Сауда-саттықпен айналысатын болса, сауда мәселесін үйренуі парыз.

Ия, мұсылман баласы діни де дунияуи ілімді қатар алып жүруі лазым. Мен аса тақууа болғым келеді деп тек Құран оқуды, намаз оқуды үйреніп қалған ілімдерге немқұрайлы қарау жөн емес. Қате пікір. Жейтін асымыз халал болуы үшін мұсылман баласы мал және егін шаруашылығымен айналысуы қажет. Өндіріліп жатқан өнімге харам қоспа қосылып кетпеуі үшін технолог, биолог және химик мамандар аса қажет. Ем қабылдағанда біз пайдаланып жатқан дәрі-дәрмектер, медицина қызметі дінімізге сай екенін білуіміз үшін фармацевт және де басқа дәрігерлік мамандықтарды игеруіміз қажет. Дін дегеніміз тек мешіт аясымен шектелетін дүние емес. Дін біздің өміріміздің барлық саласына терең араласатын дүние. Адам баласы неге мұқтаж болса, қандай затты тұтынатын болса дін оған өз жауабын айта алады. Тек біз сол жауапты табуымыз үшін оқуымыз, ілім үйренуіміз қажет.

Құранда Әнбия сүресінде:

...فسألوا أهل الذكر إن كنتم لا تعلمون.  

Яғни: «... Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар»,-деп әмір етілген.

Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

فقيه أشدُّ على الشيطان مِن ألف عابِدٍ

Мағынасы: «Бір білімді мұсылман шайтан малғұн үшін мың жай білімсіз құлшылық етуші пендеден қауіптірек»,-деп айтылған. Өйткені, білімдінің амалы мен әрекеті ілімге сүйеніліп жасалады. Онда қателік болмайды. Ілімді қателік жасауға қорқады. Расында ең тақуа адам ол ілімді мұсылман. Бұл Құранның сөзі. Алла тағала:

إنّما يخشى اللهَ مِن عباده العلماؤ

Яғни: «Расында Алла тағаладан пенделері ішінде ғалымдар қорқады»,-деген. Білімсіз адам ол қателік жасаудан қорықпайды. Надан адамнан біреу бір мәселе сұраса, білмеймін деп айтудың орнына қорықпай өз ойын шариғаттай етіп айта береді. Ал, білімді адам сұраушыға бірден жауап бермей, мен кітаптан тағы бір рет көрейін деп аса жауапкершілік танытады. Міне, сондықтан да білім үйрену тіпті күнәнің кешірілуіне бірден-бір каффарат амал болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَن طلب العلمَ كان كفّارةً لما مضى

Мағынасы: «Кімде-кім ілім іздесе (үйренсе, оқыса) ол амалы өткен күнәларына каффарат болады»,-деген.

Бүгін барлық оқу орны табалдырығын аттап, білім жолына қадам басып жатқан оқушы және студенттерге, әсіресе өзіміздің медресе шәкірттеріне Хәкім Абай атамыздың:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,-деп сөзін айта отырып Алла жар болсын дейміз.

 

Бақтыбай Бейсенбаев,

ҚМДБ Ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі

 Үстіміздегі жылдың жаз басында мектепті бітірушілермен мешітте кездесу өтті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру