Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ТАРИХИ-РУХАНИ КЕШ: АЛЕКСАНДРОВ-ГАЙДАҒЫ АУЫЗАШАР (ФОТО)

29.05.2018 706 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ресейдің Саратов облысы Александров-гай ауданында өткен ауызашар кешіне қатысты.

Рухани кешке аудан басшысы Сергей Анатольевич пен Саратов облысы бойынша ішкі саясат және қоғаммен байланыс министрі Елена Юрьевна, 1000-ға жуық аудан тұрғындары қатысты.

Бас мүфтидің ресми сапарына орай ұйымдастырылған ауызашар дастарханында аудан ақсақалдары арнайы келген ҚМДБ қызметкерлеріне алғыстарын жаударып, жылы лебіздерін жеткізді.

Тарихи-рухани кеште сөз алған Серікбай қажы Ораз жамағатты қасиетті рамазан айымен құттықтай келе:

«Бүгін Александров-гай ауданы тұрғындары үшін елеулі оқиға, тарихи сәт деп атар едім. Өйткені, ауызашар кеші аудан деңгейінде, облыс басшыларының қатысуымен кең көлемде аталып өтуде. Бұл – екі елдің қарым-қатынасының нығая түскенінің жарқын көрінісі. Осынау шараға қолдау көрсетіп отырған облыс, аудан басшылығына өзімнің және Қазақстанның миллиондаған мұсылмандары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ауызашар – халықты тілі мен дініне бөлмей, ортақ мақсат пен ізгілікке, бірлікке үндейтін игі шара. Өйткені, рамазан – бірлік пен жақсылықтың айы. Осы айда жақсылықта жарысып, ізгі амалдарды көбірек жасап қалуымыз қажет. Оразада адамның сабыры да сыналады. Алланың разылығы үшін төзе білген пенде мол сауапқа кенеледі. Раббымыз баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, рақымына бөлегей», – деді.

Рухани шарадан кейін Бас мүфти жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, батасын алды. Құран бағыштап, дұға жасады.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру