Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІНЕ ДӘРІС БЕРДІ (ФОТО)

30.03.2018 745 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне дәріс жүргізді. Кездесуге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице министрі Берік Арын, дәстүрлі дін өкілдері қатысты.

«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде адамды өмірде бақытты ететін үш нәрсе айтылады. Ол, біріншіден, салиқалы әйел, екіншіден, жақсы көлік, үшіншіден кең үй. Міне, осы үш игілікке қол жеткізген адам осы өмірде бақытқа бөлене бастайды. Алайда жақсы үйің бола тұрып, оның ішінде салиқалы әйелің болмаса немесе таяныш болар ер азаматың болмаса – өмірдің өзі баянсыз. Баспаналы болып, бақытын таба алмай жүргендер қаншама. Сондықтан, қамшының сабындай қысқа өмірдің мәні – ізгілік пен имандылықта», – деді Бас мүфти.

ҚМДБ төрағасы өз дәрісінде Исламдағы білім алудың маңыздылығына тоқталып өтті. Бас мүфтидің айтуынша, Құран мен хадистерде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», «Ғылым әрбір ер мен әйелге парыз», «Ғылым мұсылманның жоғалтқан дүниесі. Оны қай жерде тапса алады», «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі», «Кімде кім ғылым жолына түссе Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді», – делінген.

«Бұл тұрғыда Елбасы бастамасымен білім алушы студенттерге жатақханалар салып, қосымша гранттар бөлудің маңызы зор. Өйткені, білімді жастар – ел болашағы. Біз бүгінгі заманның озық үлгілері мен игіліктерін үйренуіміз тиіс. Біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы бола білген иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты мұсылмандар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан ұрпақ елдің көсегесін көгертеді. Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тәлімін айтса – өскелең ұрпақ «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» болады. Мұсылман адам мемлекеттің дамуына белсенді үлес қосып, бейнебір «Қазақстан» атты алып ғимараттың бір кірпіші болып қалануы қажет»,  – деп сөзін түйіндеді Серікбай қажы Ораз.

 

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру