Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

БАС МҮФТИ БІРНЕШЕ ЕЛДІҢ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (ФОТО)

01.03.2018 816 0 пікір
ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілгелі жатқан «Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы» қарсаңында Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы бірнеше мемлекеттің дінбасыларымен жеке кездесу өткізіп, өз құрметін білдірді. Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен кездесуге Әзірбайжан, Белорусия және Ресей Федерациясының Ставрополь аймағының делегациялары қатысып, ертеңгі игі шара туралы ойларымен бөлісіп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Мәртебелі меймандарды қабылдау рәсіміне ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы мен Бас мүфти кеңесшісі Мұхаммад-Хусейн Алсабеков қатысып, қос тарап арасындағы жүйелі әңгіме желісін жандандыра түсті. Әзірбайжан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Салман Мусаев ертеңгі болатын форумды қазіргі таңда жік-жікке бөлінген мұсылман әлемін біріктіруге бағытталған қазақ елінің шынайы ниеті деп бағалайтынын жеткізді. Әзірбайжан елінің дін саласында сонау Кеңес үкіметі кезінен бері қызмет жасап келе жатқан Салман Мусаев қазақ елінің де діни ахуалынан хабардар екенін білдіріп, көнекөз таныстары мен тарихи оқиғалар жайында сөз қозғады.
 

Бас мүфти кездесуінің кезекті отырысы Белорусия республикасы Мұсылман ұйымы мүфтиінің орынбасары Рустам Хасеновичке арналды.  Қазіргі таңда Белорусия жеріндегі Ислам дінінің жағдайынан хабар бере өткен Рустам Хасенович Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан көрсетілген сый-құрметке шексіз риза екенін білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арта беруін тіледі. Сондай-ақ, Рустам Хасенович Бас мүфти Серікбай қажы Оразға Беларусь жеріндегі Ислам дінінің дамуы мен діни басқарма жұмысы жайында жазылған кітап тарту етіп, Белорусиядағы Ислам тарихымен танысып шығуды ұсынды.

Еліміздің Бас мешітіндегі осындай келелі кездесулердің бірі Ресей Федерациясының Ставрополь аймағының мүфтиі Мухаммад қажы Рахимовпен өтті. Тау халқының атынан арнайы сәлем жеткізген Мухаммад қажы Рахимов Бас мүфтиге Ставрополь мұсылмандары атынан сыйлығын ұсынып, тілегін арнады. Сондай-ақ, ҚМДБ-мен арадағы ынтымақтастық пен серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, алдағы уақытта байланысты күшейтуге күш салатынын жеткізді.

Кездесуге шақырылған мәртебелі меймандардың барлығына қазақы салт-дәстүрімізге сай иықтарына шапан жабылып, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру