Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Сәбит ИБАДУЛЛАЕВ: Исра және миғраж мұғжизасы

27.05.2017 1719 0 пікір

Адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың ең соңғысы Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың сыйлаған ең үлкен кереметтерінің бірі Исра және Миғраж мұғжизасы. 

Араб тіліндегі исра сөзі «түнгі сапар» дегенді білдірсе, миғраж «жоғары көтерілу» деген мағына білдіреді. 

Мәдина қаласына қоныс аударудан бір жарым жылдай уақыт бұрын бір түні Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл періште (а.с.) келеді. Оның қасында тек пайғамбарлар ғана мінетін әл-Бурақ (қазақтың «пырақ» сөзі осыдан шыққан) атты жүйрік жануар бар екен. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейілдің (а.с.) айтуымен осы жануарға мініп Бәйтул-Мақдиске (Иерусалим шаһарына) бір мезетте жетіп барады. Мұнда әл-Ақса мешітінде оны пайғамбарлар (а.с.) күтіп отыр екен. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) оларға имамдық етіп, бірге намаз оқиды. Бұл оның (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жалпы пайғамбарлардан артықшылығына дәлел. Сосын Жебірейіл (а.с.) періштемен бірге көкке көтеріледі. Бірінші аспанға шыққанда Адам пайғамбармен (а.с.) кездеседі. Екінші аспанда Иса және Жақия пайғамбарлармен (а.с.) жолығады. Үшінші аспанда Жүсіп пайғамбарды (а.с.) көреді. Төртінші аспанда Ыдырыс пайғамбарға (а.с.) кезігеді. Бесінші аспанда Һарун пайғамбарды (а.с.) көреді. Алтыншы аспанда Мұса пайғамбарға (а.с.) жолығады. Жетінші аспанға көтерілгенде Меккедегі Бәйтуллаһ – Қағбаның дәл үстінде орналасқан Бәйтул-Мағмурды, оған қажылық жасап жатқан сан мыңдаған періштелерді көреді. Осы жерде арқасын Бәйтул-Мағмурға сүйеп отырған Ибраһим (а.с.) пайғамбарды көреді. Сосын әлемдердің шегі – Сидратул-Мунтаһаға («Шектің Лотосы») барады. Осы жерде Жебірейіл періште (а.с.) тоқтап, Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Енді сен алға жүрсең өтесің, ал мен жүрсем күйіп кетемін», – деп осы жерде қалатындығын айтады. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) одан әрі ешбір жаратылыс иесі басып көрмеген орынға жалғыз өзі барып, Раббысымен сөйлеседі. Алла Тағала осында намазды парыз қылады. 

Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) осы Исра және Миғраж оқиғасын басынан бір-ақ түнде кешіреді. Ол таңертең жиналған қауымға түнде болған керемет мұғжизаны әңгімелеп бергенде кейбіреулер сеніп, ал дұшпандар мен кейбір иман келтіргендердің өздері бұлай болуы мүмкін емес деп мұғжизаны терістеп, сенімдерінен шығып кетеді. Бұл Алла Тағаланың бір сынағы еді.

Сонда сахабалардың ішінен Әбубәкір Сыддық еш ойланбастан: «Егер Алланың елшісі солай десе, ол сөзсіз ақиқат нәрсе!» – деп, мұғжизаны растады. Әбубәкірдің «Сыддық», яғни «Ас шыншыл», «Растаушы» деген сипатқа ие болуы да сол сәттен басталған болатын. 

Исра және Миғраж мұғжизасына сеніп, иман келтіру әрбір мұсылманға парыз жайт. Оған иман келтірмегендер ғана сенбейді. 

Кәпірлер мен еврейлер Миғраж мұғжизасына сенбей, Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген сұрақтар қойып, сол сұрақтарына жауап бергенде ғана оны растайтындығын айтады. Олар Иерусалим (Құдыс) қаласындағы әл-Ақса мешітін сипаттап беруді талап етеді. Өйткені Ол жерде Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бұрын-соңды болмаған еді. Сонда Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) әл-Ақса мешітін дәлме-дәл сипаттап, есіктерінің, терезелерінің қанша, қандай екендігін айна-қатесіз айтып береді. Бірақ күпірлікке әбден батқан еврейлер мен иман келірмегендер: «Расында да айтқаның дұрыс.. Сипаттағаны дәлме-дәл, дұрыс-ақ. Бірақ сипаттаушының өзі (яғни, Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)) өтірікші», – десіп, берген уәделерінен тайқып кетеді. 

Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тіпті Мекке қаласына келе жатқан керуеннің қайда келе жатқандығын және Меккеге қашан жететіндігін де айтып береді. Расында да аталған сауда керуені Меккеге Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) айтқан уақытта кіріп келеді. 

Исра және Миғраж мұғжизасында Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген кереметтерді көрді. Ол туралы хадистерде айтылған. Алла Тағала тарапынан Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тозақтағылар мен жәннаттағылардың жағдайлары, Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жаннатағы жайы, қабір азабын тартып жатқандар көрсетіледі. 

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді». Ахмет пен  Әбу Дәуіт риуаят еткен. 

Намаздың нақ осы Миғраж мұғжизасында парыз болғаны жайында нақты хадистер бар. Мысалы, Әнәстан (р.а.) риуаят етілген мына бiр хадисте:

«Миғраж түнiнде Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) елу уақыт намаз парыз етіледі, сосын оны азайтып беске түсiреді. Сосын (Алла Тағала): «Ей, Мұхаммед! Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi. Осы бес уақыт намазда сен үшiн елу уақыт намаздың сауабы бар», – деп дауыстаған», – делінеді. Термези, Нәсәи риуаят еткен хадис. 

Басқа бір риуаятта Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі намаздың парыз болуы туралы былай деп баяндаған: «Менің үмметіме Алла Тағала елу уақыт намаз оқуды парыз еткен болатын. Мен оны алып Мұса (а.с.) алдынан өтіп бара жатқанымда ол маған: «Раббың сенің үмметіңе нені парыз етті?», – деп сұрады. Мен оларға елу уақыт намазды парыз еткендігін айтқанымда Мұса (а.с.) маған: «Аса даңқты һәм ұлық Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді», – деді. Сосын мен аса даңқты һәм ұлық Раббыма қайта барып, (үмметіме жеңілдік сұрадым). Ол (Алла Тағала) намаздың бір бөлігін алып тастады. Кейін мен қайта келіп (болған жайды) Мұсаға (а.с) айтып бердім. Ол маған: «Раббыңа қайтып бар! Расында сенің үмметіңнің бұған шамасы жетпейді», – деді. Сосын мен аса даңқты һәм ұлық Раббыма қайта бардым. Ол (Алла Тағала) маған: «Осы бес уақыт намазда елу уақыт намаздың сауабы бар. Расында Менiң алдымда сөз өзгермейдi», – деді. Кейін мен Мұсаға (а.с.) қайтып келдім. Ол маған тағы да: «Раббыңа қайтып барып, жеңілдет!» – дегенде, мен енді Раббыма қайтып барудан ұяламын дедім». 

Түрлі риуаяттар бойынша Исра және Миғраж мұғжизасы Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшпестен бұрын уахи түскеннен кейінгі 10 жылы ражаб айының 26-нан 27-не қараған түні болған. Үмметіміздің тарихында иманы берік тақуадар жандар осынау қадірлі түні Пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) құрмет ретінде, Алла Тағаланың Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) мен оның үмметін ерекшелеп, ардақтағаны үшін және намазды сыйлағаны үшін шүкірана ретінде ғибадат етіп, зікірмен өткізген. 

Әбу Ханифа мазһабындағы ғұламалар осы түні 12 рәкағат нәпіл, ерікті намаз оқу мұстахаб екендігін айтады. 

Сәбит ИБАДУЛЛАЕВ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру