Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚҰРБАН АЙТ: КЕМШІЛІККЕ – КЕШІРІМ...

17.08.2018 2471 0 пікір

Серікбай қажы ОРАЗ,

 

 

Тарихы

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мухаммади үмбетке де мұра болып қалды. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбарлар діні – біреу. Ол ханиф – Бір Аллаға құлшылық ету діні. Əз-пайғамбарымыз бұл жайынды: «Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ əкесі бір бауырлар секілді. Олардың діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты əртүрлі», – деп айтқан. Сондықтан да, Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті бізге жат емес. Шын мəнінде, Алланың досы атанған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға біз, мұсылмандар жақынбыз.

Дініміздегі ұлық болған екі айт мерекесінің тарихына тоқтала кетсек, Алла елшісі Мəдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар олардан: «Бұл екі күн қандай күндер?» – деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Біз жаһилиет кезінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: «Расында, Алла бұл екі күнді олардан да қайырлы (жақсы) құрбандық жəне ораза (айт) күндерімен ауыстырды», –  деген екен.

Бір ескере кететін жайт, «мұсылман үшін тек Құрбан айт, Ораза айт мерекелері ғана бар. Одан басқа мереке жоқ» деген ұғым қате. Елдің ынтымағы мен мерейін асыратын, ұлттық болмыс пен тарихын насихаттайтын мерекелерді атап өтуге шариғатта тыйым жоқ. Керісінше, құпталады.

 

Арапа

Құрбан айттан алдынғы күн – арапа. Бұл – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Арапа күні қажылық сапарына шықпаған елдегі мұсылмандарға ораза тұту – мұстахаб (жағымды) амал. Əбу Қатада риуаят еткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен жəне келер жылдардың күнəларына кəфəрат (кешірім) болады...» деп айтылған.

Қазақ халқы арапа күні ертеңгі айтқа қам-қарекетін жасап, құрбандық малын таңдап, аналарымыз айттық дастарқанның əзірлігін жасаған.

 

Айт күнгі амал

Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы Айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, ең көркем киімін киіп, қош иісті иіссуды сеуіп, мешітке қадам басады. Факиһ ибн Сағд (р.а.): «Расулалла ораза айт, құрбан айт жəне арапа күндері ғұсыл құйынатын», – дейді. Ал Хасан ибн Əли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні тапқан ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – деген екен. Айт намазынан алдын имамдар жамағатқа ұлық мерекенің сыры мен хикметін түсіндіреді. Мерекелік намаздан соң, жамағат бір-бірін құттықтап, ренжіскендер кешірім сұрасып, бір-бірінің үйіне айттық дастарқанға барады. Сондай-ақ құрбан айтта ата-анамызға, отбасымызға сыйлық беру, оларды қуанышқа бөлеу – үлкен сауап.

 

Мұсылмандық міндет

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал», – деген əмір бар.

Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.

Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа шалынбайды. Өйткені, бұған байланысты пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сахабалардан жеткен хабар жоқ. Төрт түлікке қойылатын тағы бір шарт – малдың жасы. Түйе бес жасар, сиыр (бұқа) екі жасар жəне қой мен ешкі бір жасардан төмен болмауы тиіс. Бірақ, қойдың алты айлық тоқтысы бір жасар қоймен бірге өрісте жайылғанда, алыстан ажырата алмайтындай үлкен болса, ол тоқты құрбандыққа жарайды.

Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал, қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп құрбан етіп шала алады. Жəбир (р.а.): «Біз Алла елшісімен бірге түйені жеті кісі бірігіп жəне сиырды жеті кісі бірігіп құрбан шалдық», –  деп айтқан. Мұнда ескере кететін жайт, осы біріккен жеті кісінің ниеті құрбандық шалу болуы шарт. Жетеудің біреуі соғым алу секілді мақсатта болса, барлығының түгелдей құрбандығы жарамайды. Жеті кісі құрбан етін салмағына қарап бөледі.

Құрбандыққа жарайтын мал сипатына қатысты Бара ибн Ғазиб (р.а.): «Алла елшісі біздің арамызда тұрып: «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: соқыр екендігі анық болған мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал жəне жілік майы тым аз арық мал», – деген дерек жеткізген.

 

Мейірім мерекесі

Құран Кəрімде: «...Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті қала əкімдігінен алынған əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Осы жылы да Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен елімізде құрбан айт мерекесін айрықша атап өту үшін мешіт аулаларында, мәдени орындар мен қоғамдық ортада арнайы мерекелік әрі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, жамағатқа мерекелік дастарқан жайылады. Ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады.

Өйткені, құрбан айт – мал сою мерекесі емес. Бұл – халықтың əлеуметтік тұрмысын жақсартуға ынталандыру жəне жұртымыздың ынтымағын нығайтатын, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Құрбан айт – Жаратқанның бізге тарту еткен мерекесі. Біздер осы бір қасиетті мерекені жыл сайын дəстүрімізбен сабақтастырып, ұлттық нақышта өткізуге күш салып келеміз.

 

Ұлы құлшылық

Мал иесі жақсы бауыздайтын болса құрбандықты өз қолымен сойғаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан, аталған ғибадатты кісі өзі орындағаны жақсы. Ал, мал бауыздаудан хабары жоқ болса қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көруі керек. Себебі, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға (р.а.): «Тұр, құрбандығыңа куə болып, көріп тұр. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деп айтқан.

Жабир (р.а.) былай дейді: «Мен Құрбан айт күні пайғамбармен бірге болдым. Ол кісі (құрбан айт) құтпасын айтып болған соң мінберден түсті. Ол кісіге бір қошқар келтірілді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар. Бұл менің жəне менің үмбетімнен құрбандық ете алмағандардың атынан», – деп бауыздады».

 

Бірлік мерекесі

Мұсылман баласының барлық ғибадат құлшылығы мен іс-шарасы жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Құрбан айт та соның бір айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның ынтымағын жəне ауызбіршілігін тағы да нығайта түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмас. Біз «əһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың, көпшіліктің жолын ұстанушы үмбетпіз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жамағаттан бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деген.

Хазіреті Омар (р.а.) құтба оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің: «...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Əлбетте, шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жəннаттың ортасын қаласа жамағаттан ажырамасын...» деген хадисін насихаттаған еткен.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін бірлікке шақырып, тура жолға бастап былай деген: «Шын мəнінде, менің үмбетім адасушылыққа жиналмайды (одақтаспайды). Егер қарама-қайшылық көрер болсаңдар (байқасаңдар), басым халықпен бірге болыңдар».

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Құрбан айт мүбəрак болсын! Алла Тағала баршамызды айттан айтқа айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Әмин!

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мухаммади үмбетке де мұра болып қалды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру