Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ - ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

27.05.2017 1943 0 пікір

Омаров Талғат Сейіткәрімұлы
ҚМДБ-ның Қызылорда  облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің  бас имамы

 

Бүгінгі таңда Ислам дінінде аса мән беріліп, мұсылмандардың қасиетті мейрамдарына  айналған діни мерекелер мен атаулы күндерді жаппай халықтың белсенділікпен  өткізетінін байқап жүрміз.

Осындай ата-бабамыздан келе жатқан ұлық мерекелердің бірі – Құрбан айт мейрамы. Осы қасиетті мейрамды біз өз дәрежесінде өткізіп жүрмізбе? Құрбан айтта тек құрбан шалумен ғана шектелетіндер бар екендігін жасыра алмаймыз.

Қасиетті Құран Кәрім және ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты.

Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Жаратушыға қарай жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге келеді.

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз жаратушысына барынша жақындай түсуге мүмкіндік алады.

«Құрбан» сөзін араб тілінен аударғанда, толық мағынасы – сауап істермен Аллаға жақындай түсу. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару деп қана емес, Аллаһтың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бірден-бір жолы деп түсінген абзал.

Егер ата-бабаларымыздың осы мейрамды қалай атап өткендігін еске түсіріп, тарихқа жүгініп, кейінге шегінер болсақ, сол кездердегі мұсылмандар өз дәрежесінде ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып, салт-дәстүрді дінмен ұштастырып үлкен дайындықпен ұйымдастырған.

Сонымен қатар, айтыс өнерін халыққа ұсынып, жыр-термемен ел-жұртты Аллаға құлшылық етуге шақырып, шариғат талаптары бойынша құрбан шалудың маңыздылығын да жете ұқтырған.

Осындай Ислам дінінің құндылығы мен салт-дәстүстірді ұштастыра тойланған мереке жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, оларға өнеге көрсетуде үлкен септігі тиері сөзсіз.

Демек, Құрбан айт тек құрбандық шалу, қан шығару ғана емес.

Құрбан айт елді қайырымдылықа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, елді біріктіретін, рухани шараларды жаңғыртатын атаулы күн десекте болады.

Әрине, жоғарыда аталғандай салт –дәстүрге негізделген діни мерекелер елімізде көптеп өткізіліп жатыр. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін және дәстүр» жылы жарияланып, соның аясында біршама игі істер жүзеге асқаны баршаға белгілі.

Құрбан айт та – дәстүрге негізделген, ел арасындағы татулықты нығайтып, кешірімді болуға үндейтін, адамдардың бір-бірімен бірлігін бекемдеп, қазақтың қонақжайлылық, ынтымақтастық, достастық, сыйластық секілді қасиеттерін арттыра түсуге себепші болатын ұлық мереке. 

Елбасымыз осы атаулы күні Ислам дінінің салт-дәстүрмен ұштасуына жағдай жасап,ресми демалыс етіп бекіткені де белгілі.

Атап айтқанда 2005 жылдың желтоқсан айында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды.

Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағала разылығы үшін шамасы келген мұсылман құрбандық шалады. 

Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (ﷺ): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. 

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

1. Мұсылман болу

2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау

3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақша.

Сонымен қатар, Қасиетті Құранда «Хаж» сүресiнiң 28 аятында: «Құрбанның етiнен өздерiң жеңдер әрi мiскiндер мен кедейлерге жегiзiңдер», – делiнген.

Демек, құрбандыққа шалынған малдың етiнен өзi және өзгелер де жей алады.

Осы мәселеде пайғамбарымыздың (ﷺ) өсиетiн басшылыққа алып, құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған - туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалған жөн.

Сондай-ақ, «барлығын Алла Тағала жолында атадым» деп құрбан етiн түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады.

Осы жерден біз, құрбан шалу арқылы адам баласының өзара мейірімділігін, қамқорлығын да сезіне аламыз.

Құрбан шалуда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалылығы мен адам баласына жанашырлығы таразыланады.

Сонымен қатар пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Мұсылман тек жеке басының ғана қамын ғана ойламайды. Себебі, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тіле­мейінше, шынайы мұсылман бола алмай­сың» деген секілді Пайғам­барымыздың (ﷺ) хадистері барша мұ­сылмандарды бір-біріне  қамқорлық жасауға, қинал­ғандарға кө­мек­тесуге шақыратыны сөзсіз.

Құрбандық шалу ауқатты кісіні мал-мүлкін Аллаһтың разылығына бөлену үшін өзгеге беруге үйретеді. Оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.

Осыдан келіп, Құрбан айт мейрамының татулық, мейірім, ізгілікке шақыратынын немесе араздасқандарды татуластыратынын және дәстүрмен үндесетін тұсын ғана емес, оның негізінде үлкен жанашырлық, қайырымдылықтың да жатқанын түсінеміз.

Мал-мүлік, байлық адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін, сынаққа беріледі. Қажетінен артығы қайырымдылыққа жұмсалуы керек.

Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде: «Оң қолыңмен бергеніңді, сол қолың көрмесін» десе және бір хадисте: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кіре алмайды» деген.

Олай болса, жасаған қайырымды істеріміздің сыйы Алла Тағаланың жәннәті екенін ұмытпайық.  

Бүгінгі таңда Ислам дінінде аса мән беріліп, мұсылмандардың қасиетті мейрамдарына  айналған діни мерекелер мен атаулы күндерді жаппай халықтың белсенділікпен  өткізетінін байқап жүрміз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру