Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

СЕМІЗДІК СЕРГЕЛДЕҢІ

15.04.2015 1458 0 пікір

«Қарны тоқ, қайғысы жоқ» елде тұ­ратын халықтың басым бөлігі семіздік дертіне шалдыққан. Бұл орайда АҚШ-тың көш бастап келе жатқаны бірден еске түседі. Ал Батыс Еуропа маман­дары қарны қампиған жұртты арық­тауға шақыруда. 

Өйткені семіздік сер­гелдеңі мемлекеттің де басын қатыр­ған шаруаға айналған. Өз бетінше жү­ріп-тұрудан қалғандар дәрігерлерді, құт­қару қызметінің мамандарын жиі шақырып, отбасы түгілі көршілерінің де қытығына тиеді. Ал азаматтардың өз бетінше арықтауға шамасы жоқ. Сон­дық­тан дәрігерлер мен диетолог ма­мандардың араласуына тура келеді. Айталық, британдық Пол Мейсон ас­қа­занын тарылту үшін ота жасатқан. Сөй­тіп, 127 келіге арықтаған. Қазіргi сал­мағы – 184 келі. Мұның өзі де көптік етеді. 

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін басталған семіздік дерті қазір ба­лалардың да басын қатырып жатыр. Осының салдарынан түрлі ауру көбей­ген. Мұның барлығын дәрігерлер «тұр­мыстың жақсаруынан, тамақ ішу әдеті­нің бұзылуынан, майлы тағамдардың көбеюінен, қимыл-қозғалыстың азаюы­нан» деп түсіндіреді. Қалай десек те, қа­рап отырып ауруға шалдықтырған семіздік сергелдеңі үдеп барады. 

Жер бетінде 1 миллиард 600 мил-лион адам семіздіктен зардап шегеді. Алдағы он жылда бұл көрсеткіш 40 пай­ызға ар­туы мүмкін. Тым толып кетуден меди­цинасы дамыған АҚШ-тың өзінде жы­лы­на 248 мың адам көз жұмады (Лондон университетінің ғалымдары жүр­гізген зерттеулерге сенсек, жер бе­тіндегі ересек адамдардың жиынтық салмағы 287 миллион тонна болған. Оның 15 мил­лион тоннасы адамзаттың артық салмағынан туындаған. Осы ар­тық сал­мақтағы адамдардың тұтына­-тын азық­тығын энергиялық өлшемге сындырып есептегенде, бір миллиард адамды бір жыл азықтандыруға болады екен).

Өкінішке қарай, арық адамдардың азаюы, семіздердің көбеюі жағынан Қазақстан да алға шыға бастады. «Ten­gri­news.kz» деректеріне қарағанда, елі­мізде ең толық тұрғындар негізінен, солтүстік аймақта тұрады. Былтыр Сол­түстік Қазақстанда 15 жастан асқан тұрғындар арасында семіздік 60,1 па­йызды құраған. Етжеңділер тұратын тағы бір өңір – еліміздің орталық аймағы. Мұнда көрсеткіш 57,9 пайызды құраған. Бұдан кейінгі орында 53,8 па­йызбен шығыс өңір тұрса, оңтүстікте 50,2 пай­ыз­ды құраған. 

Әрине, мұның барлығы да жақсы­лық­тың нышаны емес. Соңғы екі жылда жүргізілген зерттеулерге 14 018 адам тартылған. Олардың салмағы, бойы өл­шеніп, биохимиялық зерттеу жүргізіліп, тамақтану әдеті қадағаланған. Осы­лай­ша артық салмақтан арылу жұмыс­та­ры да жүргізілген. 

Зерттеу көрсеткендей, былтыр сы­наққа қатысушылардың арасында се­міз­дік әйелдер арасында – 29,7, ал ер­лер арасында 33,9 пайыз болған. 

Жалпы, семіздіктің рахатын көрген адам тарихта болмаған. Сондықтан ар­тық салмақтан арылу үшін әлем болып күресіп жатыр. Мысалы, АҚШ-та адам­дар диета ұстап, жаттығулар жасап, тіп­ті отаға да көнеді. Ал Жапония семіз адамдарға арналған «Мандат заңын» қабылдаған. 40 пен 74 жас аралығын­дағы әйелдердің бел өлшемі – 90, ер­лер­дікі 85 сантиметрден аспауы тиіс. Осы өлшемдерден асып кетсе, диетолог мамандарға арнайы барып, емделеді. Заңды бұзғандарды жергілікті органдар айыппұл төлетуге құқы бар. Дубайда мемлекетті басқарушылар арықтай­-мын деген адамдарға ақша төлесе, Жаңа Зеландияда мемлекетке артық салмағы бар адамдарға көшіп келуге тыйым салынған. Ал қытайлықтар ине­мен емделеді. 

Ресей тіпті күресті күшейткен. «Ден­саулық» хабарының тұрақты жүргі­зу­шісі Елена Малышева әр жексенбіде әйел­дер, ерлер, отбасы арасында се­міз­дікке қарсы арнайы бағдарлама ұйым­дастырады. Ең көп салмақ тастаған аза­маттар арасында 1 миллион рубль бәйге жариялап та қойған. Тағы бір телеарна таңертеңнен кешке дейін арықтауға арналған жаттығуларды насихаттаумен айналысады. Көптеген елдерде салмағы шамадан тыс адамдарды қызметке де алмайды. Мұның да арықтауға септігі тиетін көрінеді. Дәл осындай үрдісті Қазақстанда да қолға алатын кез келді. Өйткені семіріп барамыз. Ал «семіздікті қой ғана көтереді» деген аталы сөздің астарында көп нәрсе жатқаны жады­ңызда жүруі тиіс.

Дуанабай Жолдасбек
www.aikyn.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат