Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Батыржан Мансұров: Шопан ата символикасы

14.04.2015 1980 0 пікір

Халқымыздың салт-дәстүрінде төрт түлік малға қатысты айтылған мақал-мәтелдер мен сөз тіркестер, ырымдар мен әдет-ғұрыптар өте көп. Қазақ халқы жан-жануарларды қашанда қастер тұтып, өзіндік тұрмыс-салтында өсиетке айналдырып, мақалдатып та айтып отырған. Бұған қатысты қазақ зиялылары өз зерттеулерін сонау ерте заманнан бері жан-жақты талдау жүргізе отырып арнаған.

Жан-жануарлардың қазақ әдет-ғұрыптарындағы орны жайында ғалым Б. Қалиев «Қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері сан алуан және олар халық өмірінің, тұрмыс-тіршілігінің барлық салттарына қатысты. Қазақ халқы әсіресе төрт түлік малға байланысты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерге өте бай. Оның бәрі халық тілінде, мифологиясы мен фольклорында, аңыз әңгімелері мен тұрмыс-салт жырларында, ертегілерінде сақталған», – дейді . Тіпті, кей кездері адам жасының ғұмырын да малмен байланыстырып отырғандығын А.Тоқтабай, Ж.Сейтқұловалар: «Қозы жасы – қозы баға алатын жас баланы (еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы), қой жасы – 15 пен 20 жастың арасы («қой бақтыруға болады деген ұғымнан шыққан»), жылқы жасы – 25-45 жастың арасы т.б. болып келеді», – деген пікір білдіреді . Мұнымен қоса, қой шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи, дәстүрлі мал шаруашылығының бірі. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі қой шаруашылығымен тікелей тамырласып жатыр деп айтуға болады. Қазақтың «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөзінде терең ұғым бар. Сондай-ақ, көп тілектің бірі ретінде айтылатын «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық» деген ұғым да қойға қатысты айтылған. Он саулықтың басын құрайтын кәсіптің иесі – қойшы (шопан).

Сонымен қазақ халқының күнделікті тұрмысында және ел аузында, соның ішінде мақал-мәтелдерде жиі айтылып жүретін қой жануарының символикасын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде келген сипаттамасына тоқталып көрелік.

Қой. Қазақ халқы қандай жағдайда болсын, мейлі, ол той-жиын болсын, мейлі, Құдайы ас болсын, мейлі, жаңадан дүниеге келген нәресте болсын, қысқасы, барлық уақытта қой союды, оны құрбандыққа шалуды дәстүрге айналдырған. Тіпті, халық қойды ортаңғы әлемнің символы ретінде қараған. Зерттеуші С.Ғалымбекқызы: «Қонақ келсе қой сойып, дәмнің тәттісін баласына бермей қонағына сақтаған қонақжай халқымыздың босағасын аттаған кісіге алдымен соятыны – қой. Сондықтан да болар, аталарымыз қой мен ешкіні бір сөзбен «жандық» деп атаған. Мысалы, ауыл сыртында жайылып жүрген «бес-алты» қой, ешкіні үлкен кісілер бөліп-жармай, «бес-алты жандық жүр» дей берген», – дейді .

Қазақ халқы қойдың әр түріне қарай бағу жолы мен көбейтудің жолын қыр-сырына дейін жан-жақты меңгерген. Сойылған қойдың әр мүшесін келген мейманға қарай қояр жолы бар. Айталық, қойдың басын – қарияға берсе, құлағы – балаларға, тілі мен таңдайы – бойжеткен қыз бен балаға, төсі – күйеу балаға және т.б. арналған.

Сонымен қатар, қой малының да жылқы малы сияқты жасы мен түріне қатысты бірнеше атаулары бар. Мысалы, «Қошқар болар қозының маңдайы дөң келер, адам болар жігіттің төңірегі кең келер»; «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» және т.б. Қошқардың танымы жайында Ә.Марғұлан былай дейді: «Қошқар ең негізгі төтем ретінде күш пен билікті білдірген. Ежелгі тайпа басшылары қошқардың екі мүйізімен әшекейленген бас киім киген» .

Қой малына қатысты бірнеше мақал-мәтелдерді келтірер болсақ: «Қой алты күн аштыққа шыдайды»; «Ақсақ қой жатып семіреді»; «Тойған қозы момақан»; «Қой семіз болса, ішіндегісі егіз болады»; «Қой өрісі – қорадан»; «Қой үріккен жағына беттемейді»; «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады»; «Қой ақсағымен мың болар»; «Қойың болмаса, байлықта ойың болмасын»; «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір»; «Қос аттылымен қол көбейеді, қозысымен қой көбейеді»; «Қораң оңды болса, қойың оңды болады»; «Жақсы қошқар жарты отар қойға тең» және т.б.

Міне, осы сынды мақал-мәтелдерге қарай отырып, қойдың бейбітшілік, жуастық және байлықтың символы ретінде жүретінін айтуға болады.

Ал қой жайында қасиетті Құранда төрт жерде кездесетінін айтар болсақ, Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде бірнеше жерде кездеседі. Әсіресе, хадистерде өзге жануарлар секілді жақсы, жуас, пайдалы әрі адал мал түрінде айтылған. Ибн Омар жеткізген деректе Пайғамбар (с.ғ.с.) қой жайында былай дейді: «Қой – жәннаттың жоғарғы жануары» . Тағы бір хадисте: «Мүминнің мысалы ине жұтып қойған қой секілді», – дейді . Осындай хадистерге қарай отырып, қой жануарының символикасынан жуастық пен момындықты айтуға болады. Сол секілді тағы да басқа хадистерде қой жануарының қарапайымдылық пен тазалықтың символы екені баяндалған. Айталық, мына хадисте:  «Алла елшісінен түйе етін жегеннен кейін дәрет алу жайында сұралған еді: «Түйе етінен кейін дәрет алыңдар», – деді. Ал қой етінен кейін ше деп сұралған еді: «Қой етінен кейін дәрет алудың қажеті жоқ», – деп жауап берді. Сосын түйелердің жиналып тұрған жерінде намаз оқу жайында сұрап еді, Пайғамбар: «Түйелердің топталып жиналып тұрған жерінде намаз оқымаңдар. Өйткені, ондай жерлер (орындар) шайтандардың да жиналып, кездесетін жерлері», – деп айтты. Сол секілді қойлардың жиналып тұратын жерлерінде намаз оқуды сұраған кезде: «Ондай жерлерде намаз оқыңдар, өйткені, қой – береке» деп жауап берді» .

Міне, хадистерде айтылғандай, қой малының берекелі түлік екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар, Алланың әміріне бас иген қос пайғамбар Ибраһим мен баласы Исмайылдың тарихынан да қой малын кезіктіруге болады. Бауыр еті баласын құрбандыққа шалу бұйрығын алып, сынағынан сүрінбеген Ибраһим пайғамбарға Алла тағала былай деді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз». Алла тағаланың сынағаны болмаса, Исмайылдың құрбандыққа шалынуының орнына жәннаттан қой малын нәсіп етті.

Иә, дінді салтына сіңістіріп, дәстүрі арқылы дәріптей білген қазақ халқы төрт түліктің бірі қой малын да қастерлей білді. Дана халқымыз дәстүр аясында жыл атауына қойдың есімін берді. Биылғы жыл – қой    жылы.

Жақсылықты үміт еткен бабаларымыз қой жылынан жайлылықты, қуаныш пен құт-берекенің көп болуын қалап, қой жылын жауын-шашыны мол жылдардың қатарына жатқызды. Ал көктен жауған жауын-шашын Алланың нұры емей немене?! Жылнамашылардың айтуынша, өткен ғасырдағы қой жылдарында бірде-бір соғыс, не қақтығыс болмаған көрінеді.

«Қазақты қойдан жуас» деп сипаттауының бір сыры мұсылманға тән бейбітшіл әрі ынтымақты, береке-бірлік сүйгіштігін білдірсе керек. Шүкір етерлігі, осының арқасында Еліміз көптеген жетістіктерге жетіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға қадам басып келеді. Олай болса, қой жылымыз елімізге табысты әрі ырысты болғай деп тілейміз.

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі және «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат