Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Құлшылық: "Намаз - ең ұлық ғибадат"

13.04.2015 1713 0 пікір

Жаратқан иеміз Алла тағаланың біздерге әмір еткен бес парызының екіншісі ол – намаз. Ал бұл ғибадатты шынайы әрі кемшіліксіз орындау үшін ең алдымен намаздың маңыздылығы мен берер жетістіктерін жете түсініп, санаға екшелегеніміз дұрыс.

Тіпті ислам ұлылары дәм-тұзы таусылып, төсек тартып жатса-дағы намазға деген ынта-жігерлерін тоқтатпай аса жауапкершілікпен қараған. Ал бүгінгі күні біршама адамзат баласы ел аман, жұрт тыныш кезеңде де намаз деген ұлы ғибадатты үйренуге талпыныс білдірместен, әрбір нәрсені сылтау етіп құлшылықтың шарапатынан мақұрым қалып жатқаны айдан анық. Ертеңгі күні әттең-айы болғанда өкініп, күрсінуден басқа шара қалмас.

Адам баласы тән мен рухтан құрылған бір жаратылыс. Мұны мойындауымыз керек-ақ. Олай болса, тәнімізге қажетті мына тіршілік ағымында күнделікті ішіп-жеуден, әдемі түрлі-түсті әшекей киімдерді киюден бас тартқан кезіміз болды ма? Әрине, ақылы бүтін, есі дұрыс адам ішіп-жеуді ұмытып, әдемі киімдерді киюден бас тартпайтыны белгілі. Демек, тәннің қажеттілігі мен сұранысы, ләззаты мен рахаты осылайша кезең-кезеңімен орындалуда.

Ал рухты жүдетіп, азығын дер кезінде бермей, оны іштей тұншықтырып жатқанымыз қаншама?! Міне осындай рухтың бойына күш-қуат сыйлайтын тағат-ғибадаттардың болмауынан қоғамда, отбасында немесе жеке әрбір жан иелерінде рухани азғындық белең алып, бүгінгі күннің дерті болған нашақорлық, жемқорлық, парақорлық, әдепсіздік, жезөкшелік, өз-өзіне қол жұмсау, ұрлық-қарлық, қоғам мүлкіне атүсті қарау секілді небір құйтырқы әрекеттер орын алып жатқаны жасырын емес. Міне, осындай жат әрекеттерді болдырмауға, мұндай дерттердің алдын алуға бірден-бір таптырмас ем ол – иман байлығы. Ал оның қуаттаушысы, таусылмас жемісі – намаз.

Құранда намаз әмір етілген

Адамзат баласына намазды әмір еткен ұлы Раббымыз екені ақиқат. Ал, бұл құлшылықтың маңыздылығын ең алдымен оның сөзі Құраннан үйрене аламыз. Бұл жайында көптеген аяттар бар. Құранда осыншалықты көп әмір етіліп, маңыздылығына тоқталған ешқандай ғибадат түрі жоқ. Яғни, намазбен тең келер құлшылықтың түрін таба алмаймыз. Ойлап қараңызшы, әрбір нәрсені жаратып, тіршілікке нәр берген жалғыз Алла тағала емес пе?! Жай ғана қызметте жүріп басшыға бағынып жатамыз-дағы, ал сол басшының да үстінен бақылайтын ғаламның Жаратушысы болған Алланың әмірі мен тыйымдарына келгенде құлықсыздық танытатынымызды неге жоруға болады?! Бір сәт ой қозғап, ақыл жүгіртіңіз.

Мәселен, оқу орнында мұғалімдерге, жұмыс орнында басшыға, әскерде қолбасшыға бағынып, олар бір істі тапсырса дереу орындап, солардың алғысын алып, көңілінен шығуға бар күш-қайратымызды жұмсап, тырысып бағатынымыз бесенеден белгілі. Ал, Алланың әмірлеріне келгенде неге немқұрайлы қала береді екенбіз?! Қалайша әр нәрсеге құдіреті жететін Жаббар иенің бұйырған әмірлері мен тыйымдарын лекция тыңдағандай қабылдап, «Сен не нәрсені бұйырсаң бұйыр, менің одан да маңызды істерім бар» дегендей түсініктің шеңберінде қашанғы жүре бермекпіз.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нан бір сахабасы: «Алланың ең жақсы көретін амалы қандай?» - деп сұрағанда, ол кісі: «Уақытында оқылған намаз», - деп жауап берген екен. Бұл оқиға намаздан асқан ғибадаттың және Алла алдында онан өзге ең жақсы көрілген амалдың жоқ екенін анық көрсетуде. Олай болса, бес уақыт намазды иманнан кейінгі ең маңызды ғибадатым деп білгеніміз жөн. Қараңызшы, Алла тағала не нәрсені бұйырып тұр? «Ибраһим» сүресінің 31-аятында: «Иман еткен құлдарыма айт! Намазды дұп-дұрыс қылсын», - дейді. Ал біз бұл аятқа еріксіз бас ие отырып: «Аллаһым! Әміріңді естіп, шын көңілмен мойынсұндық», - деуден басқа шарамыз жоқ.

Намаз – мүминнің миғражы

Адамзат баласына намаз миғраж оқиғасы кезінде Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ортада перде болмастан әмір етілген ғибадат екені шындық. Біз болсақ, «Намаз-мүминнің миғражы», - деген хадистің ақиқатын әлі де толық түсінбей жатырмыз. Яғни, Алла тағаланың алдында тұру екенін, оған ғана құлшылық етіп, тек одан ғана жәрдем тілеу керек екенін біле бермейміз. Өйткені, әрбір бес уақыт намаз үшін айтылған азан даусын Алланың бұйрығы, шақыруы деп қабылдау керек. Жаратушыға бас ию үшін шақырылған азан даусын рухымыздың қуаттанып, жан-дүниеміздің кемелдене түсуіне септігін тигізер әсерлі әуен екенін сырттай болмаса да іштей мойындайтынымыз белгілі. Мұны былай ойланып көрелік.

Бізді қатты жақсы көретін досымыз немесе сыйлы ағамыз, болмаса мемлекеттің басшысы өзімен кездесуге шынымен-ақ шақырса, сонда оған бармай-ақ қоямыз ба? Елдің басшысы хан ордасына шақырса, сол шақырудан тартынып қалсақ не болмақ?! Айталық, сізге бір кісі келіп: «Халық қадірлеген әкіміміз сарайына шақырып жатыр. Өзіңізге құрмет көрсетіп, ілтипат жасамақ. Қазынадан қаржы бөліп, сый-сияпат көрсеткелі тұр» десе, оған: «Менің жұмысым бар еді, бара алмаймын» десең, сізді ақылды адам қатарына санай ма? Тіпті бір досыңыз сізге жағдайыңызды білу үшін  телефон шалса, жауап бермеймісіз?

Олай болса, ең жақын досымыз, қиналғанда жәрдемші болып, қуанғанда шүкір етуші Ұлы Раббымыз баршамызды ең ұлық ғибадат болған намазға шақырып тұр. Бізді құрметтеп, әрқашан ризық-несібесімен қуантқан әрине Ол – Алла тағала. Шындығында Құдіреті күшті Жаратушымыз бізге беріп жатқан нығметін бір сәтке тоқтатса, өмір сүре алмайтынымыз анық. Демек, күнделікті оқитын бес уақыт намазымыз патшалардың патшасы болған Алла тағаламен кездесуге, жүздесуге, тілдесіп қажетіңді сұрауға, қуанышың мен ризашылығыңды сәжде етумен білдіруге жол ашады. Олай болса, мешіт мұнараларынан шыққан азан даусын естіген бойда Алланың алдына баруға асығуымыз керек. Әрине, ол жер сәжде орны.

Намаз-шүкіршіліктің шыңына бастар жол

Алла тағаланың бізге сұратпай берген сансыз нығметтерінің қайтарымы есебінде пенде намаз оқу арқылы ғана шынайы шүкір ете алады. Өйткені, үздіксіз, тоқтаусыз берілетін сол нығметтің есебін санап тауыса алмайтынымыз анық. Мұқтаждықтарымыздың қажеттілігін өтеп, өміріздің соңына дейін түрлі несібесімен тәнімізді қуаттаған Алла тағалаға  күнделікті бес уақыт намаз оқу арқылы ризашылығымыз бен шүкіршілігімізді білдіру қандай бақыт десеңізші?! Раббымыз бізге сондай мол несібе мен нығметтерді күн сайын беру үстінде. Ал, біз оның маңыздылығына терең бойлап, хақиқи сырына барып жатқанымыз  жоқ-ау.

Тіпті айтар болсақ, кез келген адам дене мүшелерінің қаншалықты маңызды әрі бағалы екенін де біле бермейміз. Бірақ ауырғанда барып оның қадірін түсінеміз, бағалаймыз. Екі қолыңыз немесе аяғыңызды болмашы дүние байлығына айырбастар ма едіңіз?! Әрине, жоқ. Бірінен бірі асқан дене мүшелеріңізді дүниеге ешқашан айыр бастамасыңыз шындық. Міне, бізді өзіне құлшылық етуге шақырған Алла тағала дене мүшелерімізбен қоса сансыз нығметтер мен ризық-несібелер қосып сыйлауда.

Құранда: «Алланың нығметтерін санасаңдар санына жете алмайсыңдар». («Нақыл» сүресі, 18-аят) Десек де біз он сегіз мың ғаламның Иесіне осынша нығметтерінің шүкірін бес уақыт намазбен өтей алмасымыз анық. Сондай-ақ, адам баласы Алланың берген нығметінің қайтарымын шіріген байлығымен де өтей алмайды. Бірақ, ең бастысы Алла тағала иман еткен пенделерінен нені қалап жатыр білесіз бе? Құлдарының намаз оқу арқылы жәһаннамның азабынан қорғанып, жәннатқа қауышуларын қалайды. Оның разылығын алып, мәңгі азабынан құтылып, барша ағайын-туыс, дос-жарандарымен бірге соңы болмаған жәннат қуанышына жету жолында намазға асығу - адам баласы үшін нағыз бақыт сол шығар, бәлкім.

Шындап келгенде, бес уақыт намаз бар-жоғы бір сағат уақытымызды ғана алады екен. Ал, Алла тағала намаз оқыған құлдарына жәннат бақшаларында бақытты өмір сүру мүмкіндігін беруде.

Біздің тал бойы біткен бітіміміздің өзіндік ризықтары бар. Асқазан үшін түрлі-түрлі ішіп-жейтін, тіліміз үшін мыңдаған дәмдер, құлағымыз үшін бірінен-бірі асқан әдемі дауыстар, мұрын үшін түрлі иістер, көз үшін түрлі ғажайып көріністер жаратылған. Бұл мысалдар материалдық болмысымызбен байланысты. Әйтпесе, мұндай мүшелер адамдардағыдай кемел жаратылмаса да, хайуандарда да бар көрініс. Біздің негізгі байлығымыз ол - ақыл, рух, жүрек және сезім. Міне осындай байлықты әрдайым қорғау қажет. Алланың сыйлаған мүшелерін «Бұл менікі» деп қана қоймай оған аманатпен қарап, әр уақыт жаратқанға дұға етіп, шүкір және ғибадатпен өмір ағымын өткергеніміз дұрыс. «Бақара» сүресінің 152, 153-аяттарында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар. Ей, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла Тағала сабыр етушілермен бірге» - десе, тағы бір аятта сабыр және намазбен жәрдем сұрау керектігін әмір ете келеді де:«Бірақ Алладан қорыққандардан басқаларға ауыр келеді» деп, Құдайдан шын қорықпайтындарға намаздың ауыр жүк екенін көрсеткен. Онда былай дейді: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді». («Бақара» сүресі 45-аят) Демек, намаз оқымаудың ақыры Алладан шынайы қорықпауға әкеліп соғады.

Олай болса, дініміздің әмірі болған намаз жоғарыдағы аяттарда айтылғандай шүкіршіліктің нақ өзі екені ақиқат. Бізге берілген әрбір нығметті еске түсіріп, ақыретте сол нәрселерден сұралатынымызды жадыда ұстағанымыз артық болмас. Ол үшін «Тәкәсур» сүресінің 8-аятындағы: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар», - деген мәтіннің мағынасын ақылымыздан шығармай, маңдайымызды сәждеге қойып, қисапсыз несібемізге шүкір ете білейік. Ал, намазды көңілсіз емес, құлшынып, ерініп емес, сүйсіне отырып жасағанымыз екі дүниеде де пайда әкелмек.

Намаз – тал бойына ғибадаттарды қамтыған

Айтқанымыздай-ақ, намаз барша ғибадатты бір бойына топтап, өзінің ұлылығымен, ерекшелігімен кез-келгенді тәнті ете алады. Намаз – Алланың құзырына тұру болғандықтан оған ғана «Сүбханаллаһ» яғни «барлық мақтау Жаратқанға тән» деп мадақ айтамыз. Ақырет күні дидарына қауышып, бізге берер сыйына бөленетіндігіміз үшін «Әлхамдулиллаһ» «Аллаға шүкір» деп шүкір етеміз, құдіреттілігіне көз жеткізгендігімізден «Аллаһу әкбар» «Алла ұлық» деп ұлықтаймыз.

Жаратушы Раббымыздың барша жаратылыстан ұлық екендігінде талас жоқ. Өйткені, Ол құдірет иесі. Теңдесі, ұқсасы жоқ. Сондықтан оған «Сүбханаллаһ» деп құлдары тарапынан мадақтар мен мақтаулар айтылады. Бас иіп, итағат етуіміздің өзі оның ұлылығы мен құдіреттілігін мойындағанымызды білдіреді.

Әлемдегі барша әдемі көріністер Одан нәр алып, қуаттанып отырады. Сондықтан оны сүйгендіктен шүкіршілік білдіреміз. Міне, осындай «Сүбханаллаһ», «Әлхамдулиллаһ» деп айтатын тәсбихтарымыз намазда толығымен айтылады. Әрбір оқитын намазымызда ең әуелі «Аллаһу әкбар» деп ұлық сөзбен бастаймыз-дағы дереу «Субханәкә» дұғасын оқып және рукуғ пен сәждеде Алла тағалаға мадақтар айтамыз. Бес уақыт намаздың әрбір рәкағатында шүкіршілігімізді білдіріп, «Әлхамдулилләһ» сөзімен басталатын «Фатиха» сүресін оқитынымыз анық.

Рукуғтан тұрғанда «Рәббанә ләкәл-хамд» деп шүкіршілік тағы айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, тәсбих, тәкбир және хамд мадақтау сөздерін қамтыған намаз Алланың ұлы құдіретімен құлды нұрландырып отыратын ерекшелікке ие жалғыз ғибадат. Ал, намаздағы жасалатын әрекеттер де өз алдына мағына береді. Әдептілік пен тәртіпті көрсетеді.  Тік тұру, қолды біріне-бірін байлау құрметтің белгісі. Рукуғта еңкейіп иілу ол да құрмет. Ал тізе бүгу ұлы Жаратушының алдында әлсіздігімізді көрсету болып табылады. Сәждеге барып, маңдай тигізуіміз сүйіспеншілік пен құрметтің нағыз дәлелі. Яғни, бас иіп, сәжде етуіміз: «Аллаһым! материалдық және рухани тұрғыдан не нәрсе аманат еткен болсаң, оны сенің жолыңда жұмсаймын. Жаныммен, тәніммен саған мойынсұнамын», - дегенді білдіреді.

Намаз сонымен қатар жан-жануар, өсімдік, періштелер секілді жаратылыстардың да өзіндік құлшылықтарын бір бойына қамтып өткен. Өйткені періштелердің бір бөлігі әрдайым сәжде де, бір бөлігі әрдайым рукуғта, ал кейбіреулері тік тұрып Алланы ұлықтайды. Періштелер айрықша «Лә иләһә иллаллаһ» десе, бір тобы «Субханаллаһ», ал бір тобы «Аллаһу әкбар» деп, Алланы еске алып тұрады екен.

Міне, намаз олардың әрекетін әрі мадақтарын бір бойына қамтыған ғибадат. Намазда сонымен қатар парыз болған ораза, зекет және қажылық секілді ғибадаттардың да көрінісі бар. Намазға тұрған кісі ішіп-жеуден тыйылады. Бұл -  оразаның көрінісін еске түсіреді. Құбылаға қарап бет түзеу қажылықты еске түсіреді. Қажылық әрине Қағбада орындалады. Ал, намаздағы іс-қимылдарымыз денеміздің зекеті болып табылады. Егер намазды пендешілік түсінікке салып жәй ғана «құлап тұру» дейтін болсақ, оның мәнді де терең сырларын білмегендігімізден. Сол үшін намаздың қадір-қасиетін сезіне отырып орындаған нұр үстіне нұр болмақ.

Намаз - діннің тірегі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Намаз – діннің тірегі. Оны орындамаған күмәнсіз дінін жыққандай болады», - деген. Мәселен, бір құрылыстың ең негізгісі іргетас болса, онан кейінгі ең маңыздысы тірегі әрине оның қабырғасы. Сол секілді пәк дініміз Исламның шынайы иманнан кейінгі ең асыл тірегі намаз. Сондықтан әрбір мұсылманның ең басты парызы болған намазды дер уағында орындауы шарт. Ойлап көріңізші! Бір кісі сүйіспеншілігімен «Мен мұсылманмын» дейді. Бірақ күнделікті бес уақыт намазды оқымаса да кейбір құлшылықтың түрлерін аса мән бере орындайды. Ораза тұтады, садақа береді, жұма намазына қатысады. Әрине бұларды Алла әмір еткені үшін орындауда. Дегенмен Алланың айрықша назар аударып, көбірек әмір еткен бес уақыт намазын орындамауы, оған ықылассыздық танытуы шын мәнінде ақылға сыя ма?

 Жоғарыдағы хадистен түсінгеніміз мынадай, әрбір мұсылман ең алдымен бес уақыт намаздың ақысын беріп, мезгілінде орындамаса, қандай құлшылық жасаса-дағы өз дінін берік ұстап, оны шын мәнінде тік тұрғыза алмайды. Өйткені, діннің басты тірегі ораза, зекет немесе басқа ғибадат түрлері емес, ең негізгі тірегі намаз екені шындық. Өйткені, тұтатын оразамыз, дүние-мүліктен беретін зекетіміз, шамасы жеткен адамның қасиетті Қағбада жасайтын қажылық амалы әр жылдың бір мезгілінде ғана орындалса, ал намаз атты құлшылық жыл он екі ай бойы орындалатын парыз ғибадат болуымен ерекшеленеді.

Дайындаған Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат