Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Б.МАНСҰРОВ: «Олардың бірде-біреуі имамдар мен ұстаздардың уағыз-насихаттарын тыңдамайды» (СҰХБАТ)

13.04.2015 1330 0 пікір

Атырау облысы әкімі өткен жылды қорытындылаған есебі кезінде жас экстремистер туралы сөз қозғап, отанды экстремизм мен терроризмнен қорғау – тек мемлекеттің ғана емес, әр отбасының ісі деп баса айтқан болатын.

Дәстүрлі емес ағымдарға қарсы тұру мақсатында ақпараттық материалдар таратылып, көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатқандығынан хабардармыз. Бірақ әлі де болса өскелең ұрпақ арасында теріс ағымның шырмауына шырмалғандар саны азаяр емес. Әңгіме төңірегінде ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан МАНСҰРОВПЕН сұхбаттастық. 

Тілші: – Батыржан Берденұлы, облысқа имам болып қызметке келген осы аралықта қандай жұмыстарды жасап үлгердіңіз?

Батыржан Берденұлы:– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарып жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Сол уақытта атқарылған жұмыстарды сараптап, ой елегінен өткізер болсақ, ең алдымен имамдардың мешіттегі қызметтері бірізділікке қойылды. Аудандарға қарасты селолық округтерде, ауылдарда біз біле бермейтін «ауыл молдасы» атанып кеткен, ресми тіркелмеген имамдар көп.

Ауылдарда діни жоралғылардың шариғатқа сай өткізілуін жолға қою мақсатында орталық мешіт жанынан ашылған сауат ашу курсын былтыр қайта жандандырдық. Аудандар мен селолық округтерден барлығы алпысқа жуық молда тәлім алды. Екі айға созылған курсқа ұстаздар мен теологтар жұмылдырылды. Бұған қоса облыстық Дін істері басқармасымен бірлесе отырып, жеті ауданда конференция өткіздік.

Конференцияның өту барысында аудандар мен оған қарасты ауылдардағы діни ахуалмен танысуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ Алматыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайтын Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтына аймақтық имамдарымызды біліктіліктерін арттыруы үшін оқуға жібердік. Жас шәкірттердің дәстүрлі дінді үйрететін медресеге оқуға баруына мүмкіндік жасап, шәкірт дайындау ісін қолға алдық.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлының бастамасымен былтырғы жыл «Дін мен дәстүр» жылы болып айшықталған болатын. Соған орай дін мен дәстүр сабақтастығын айқындайтын көптеген іс-шаралар өткізілді. Бұған қоса өткен жылы қайырымдылық шараларды да көптеп ұйымдастыруды қолға алдық. Және де облыстық «Иманғали» орталық мешітінің жеке ресми сайты ашылып, жұмыс жасауда.

Жеті ауданның мешітінде теледидар орнатылып, «скайп» байланысы арқылы орталық мешітте айтылған теологтардың уағыздарын тікелей тыңдауға жағдай жасалды. «Скайппен» байланыс қазіргі кезде маман тапшылығына байланысты тоқтап тұрғанымен, алдағы күндері мәселе шешіледі. Сонымен қатар мешіттерімізде жалпы жамағатқа арналған сауат ашу курстарын мейлінше жандандырдық.

Тілші: – Жуырда Атырауда «экстремизмді насихаттаған» екі жастың ісі сотта қаралып, үкім шығарылғанын естідік. Мұндай фактілер өңірде жиі кездеседі. Жастардың жат ағымның жетегінде кетуі не себепті азаймай отыр? Ойыңызды білгіміз келеді?

Батыржан Берденұлы: – Елдегі жолға қойылған шариғатымызды, құлшылығымызды, дәстүрімізді, идеологияны құптамайтындарды жат ағымның жетегінде кеткендер деп атауымыз керек.  Қазақ – дәстүрінен, шариғаттан еш жаңылмаған халық. Қазақ халқында ислам діні енгелі бері имамдарға қарсы пікір айтылмаған. Имамдар мен халық арасында келіспеушілік туындамаған. Ал енді теріс діннің арбауына түскендер «ата-бабаларымыз адасқан екен» деп, барлығын теріске шығаруда.

Қарап отырсақ, тәуелсіздік алғалы мешіттер көбейді. Имамдардың біліктіліктері арттырылуда. Білікті мамандар өсіп келе жатыр. Алайда «экстремизмді насихаттағандар», жат ағамының жетегінде кетушілер азаймай отыр. Олардың бірде-біреуі имамдар, ұстаздар мен теологтардың уағыз-насихаттарын тыңдамайды, барлығын бұрысқа шығарады. Шетелдегі шейхсымақтарының ғана тілін алатын олар өзгенің сөзіне құлақ аспайды. Міне, сондықтан олардың үгіттерін тыңдап, жолынан адасқандар қатары азаймай отыр. 

Тілші: – Теріс ағымның арбауына түскен жастар арасында некеге отыру ісіне жауапкершілік танытылмайды. Ер азаматтар арасында жолдасына үш рет «талақ» айта салып, ажырасып, екінші, одан үшінші әйел алатындар көбейіп кетті. Бұған байланысты не дейсіз?

Батыржан Берденұлы: – Айша анамыздан (р.а.) жеткен деректе Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» - деген.

Неке – Алланың аманаты. Алла тағала адам баласын жұп қылып жаратты. Отау құруына шариғат жолын көрсетті. Құранда Алла тағала отбасы құратын азаматтарға әуелі некеге отыруды және оны сақтауды бұйырады. Ал теріс діннің арбауына шырмалғандар некені ойынға айналдыруда. Бұл жаға ұстатарлық жағдай, күн өткен сайын белең алуда.

Әйтпесе дүниеге салиқалы ұрпақ әкелген аналарымыздың «талақ» жасап, шариғат бекіткен уақыттан (күтетін мерзімнен) аттап, яғни араға уақыт салмай басқа күйеуге тиіп кете беретін жағдайлар біздің тарихымызда болған емес. Неке қай уақытта бұзылады және ажырасқан әйел екінші рет күйеуге қай мезгілден бастап шығуына болады, міне бұлардың барлығы шариғатта айқын көрсетілген. Ал әлгілер біз шариғатты ұстанамыз деп, аят пен хадистің талабын түсінбей, тіпті өздерінің қай ағымның жетегінде кетіп бара жатырғандарын ұқпайды.

Тілші: – Қазақ қыздарының бойындағы ұяңдық пен биязылық қасиеттер жоғалып бара жатқандай көрінеді. Олай деуіміздің себебі, қазақ қыздарының ашық-шашық киініп, ұятсыз қылықтарға барғандығын көрсететін видеокөріністер әлеуметтік желілерде жиі жарияланады. Қыздарымыздың бұлайша ерсі әрекеттерге баруы, ұлттық тәрбиені жоққа шығарғандық емес пе?

Батыржан Берденұлы:– Қазақ қыздары қашанда ибалылығымен, инабаттылығымен ерекшеленген. Ар-ұятты, иманды жоғары санаған. Батыстың мәдениетіне еліктеген бойжеткен қыздарымыздың арасында ерсі әрекеттерге барып жүргені баршылық. Ашық-шашық киініп, өзіңіз айтқандай ұятсыз әрекеттерге баруы кеңінен етек алып барады. Бұл да дәстүрімізді аяққа таптау деп түсінемін.

Біз шетелдің технологиялық озық жетістіктеріне қызығушылық танытуымыз керек, алайда өзге елдің мәдениетіне қызығудың қажеті жоқ. Себебі қазақ мәдениетінен асқан мәдениет жоқ. Қызға қырық үйден тыйым салған қазақ мәдениетін ұлықтай білгеніміз жөн.

Тілші: – Сирияға кетіп жатқандар арасында атыраулықтардың да бар екенін білеміз. Тіпті аз емес. Облыстың бас имамы ретінде айтыңызшы, осыған тоқтау салу үшін не істеу керек?

Батыржан Берденұлы:– Мұның барлығы – дінді дұрыс түсінбегендіктен болып отырған жағдай. Діндар адам ата-анасына, Отанына қамқор болады. Сирияға кетіп жатқандар – Отанын басқа нәрсеге алмастырғандар. Оның соңы мемлекет құруға алып келмейді. Ол жердегі мақсат басқа. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінде осы мәселеге қатысты пәтуа, яғни үкім шығарылды.

Онда «Тәкфир» сөзінің мағынасы және оның қазіргі таңдағы мұсылмандардың сеніміне қатысы, жиһад ұғымы жайында түсінік берілді. Бүған мемлекет тарапынан да тыйым салынған. Мұндай жағдайды болдырмау үшін кеңінен түсіндіру-насихаттық шаралары көптеп өткізілуде. Бір сөзбен айтқанда, мұндай жағдай Отанымызда уағыздалған дінге емес, өзге жақтан келген насихаттың соңынан кетіп жатқандардың әрекеттерінен туындап отыр.

Тағы да қайталап айтамын, кез келген діндар бауырларымыз өз еліміздегі Діни басқарманың мамандарынан дін үйренер болса, жолынан адаспас еді. Мұнымен қоса таза, пәк дініміздің атын бұлайша қорлауға болмайды. Дін - ол рухани тәрбие. Дінін ұстанған кісі әуелі, Алласына құлдық жасаған соң, ата-анасын тыңдайды, солардың разылығын алады. Сирияға аттанғандардың қай ата-анасы перзентінің бұл ісіне разы болып отыр?!

Құдайға шүкір, бүгінде имамдардың да кәсіби біліктілігі мейлінше артып келеді. Облысымызда екі теолог жұмыс жасауда. Алайда, жасыратыны жоқ, Сирияға кетіп жатқандар қатарында жерлестеріміз де бар болып отыр. Меніңше, оларды «Сирияға кетіп жатыр» деп бұқаралық ақпарат құралдарында өзіміз жарнама жасап жатқандай көрінеміз. Керісінше ондайларды халық арасында қарабет қылып, масқаралау керек сияқты.

Телебағдарламалар, деректі фильмдер арқылы да теріс діннің арбауынан сақтандыру шаралары жасалуда. Осы орайда кез келген ата-ана баласының не қызының намазға жығылып, дінге бетбұрғанын байқаған болса, одан шошынбасын, оларды дер кезінде мешітке әкеліп, имамдардан дәріс алуын қадағалауын сұрар едім.

Тілші: – сұхбатыңызға рахмет! 

Арайлым БАҒЫТЖАН
m-astana.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат