Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Данияр қажы Жұмабаев: ҮМІТ ПЕН ҮРЕЙ

08.04.2015 2863 0 пікір

Дініміз адамнан әрі қорқу иесі, әрі үміт иесі болғанды талап етіп, Құран Кәрімде:

إِنَّ رَبَّكَ لَسَرِيعُ الْعِقَابِ وَإِنَّهُ لَغَفُورٌ رَّحِيمٌ   

 «Ақиқатында, Раббың ең тез жазалаушы және де мейірімділік пен рақым иесі[1]».

Расында, Раббымыз өзіне қарсы келгендерді аса қатты жазалайды. Ал, өзіне итағат еткендерді көптеген сый-сыяпатқа бөлеуші. Алла Тағала осы аятпен мұсылманның әрдайым қорқу мен үміт арасында өмір сүруі керек екендігін бізге білдіріп отыр. Бұл екі сипаттың біреуін естен шығарып, тек біреуін ғана басшылыққа алу адамзатты үлкен қателікке алып барады. Құл болу – бойында қорқу мен үміт қатар орныққан адамның ғана сипаты. Күнделікте бес уақыт намазда  оқып жүрген «Фатиха» сүресіндегі Аса Қамқор, Ерекше мейірімді деген сөздер күллі мұсылман үмбетінің үмітін оятады. Өйткені, Алла өзінің құлдарына мейірімді, қателіктерін кешіріп, кемшіліктерін толықтырушы және тәубемізді қабыл алушы. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» болғандықтан, пенденің қателесуі заңдылық. Сүрінген соң қайта бой тіктеуге, шалынып барып тұра білу қажет. Ислам адамдарның жанына үнемі үміт сыйлайды. Құран аяттары мен пайғамбарымыздың хадистеріне зер салсақ, бұл пікірімізді қуаттайтын көптеген хабар табамыз. Құран Кәрімде:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«Мұхаммед, оларға былай де: «Әй, күнә жасауда шектен шығып, өздеріне зиян еткен құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Ол күнәлардың барлығын кешіруші. Өйткені, Ол тым жарылқаушы, өте мейірімді[2]» және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لو يعلم المؤمن ما عند الله من العقوبة ما طمع بجنته احد ولو يعلم الكافر ما عند الله من الرحمة ما قنط من جنته احد

«Егерде мүмин Алланың азабының қандай екендігін білгенде жәннаттан үміті үзілер еді. Кәпір де Алланың мейірімділігін толығымен білгенде, оның жәннатынан дәмелі болар еді[3]», – дейді. Алла Тағала Құранда үрей мен үміт жайында:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا إِنَّ رَحْمَتَ اللّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ 

«Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар. Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын[4]».

Үміт – Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Бұл жайлы екі әлем сардары (с.ғ.с.) құдси хадисінде:

انا عند ظن عبدي بي و انا معه اذا ذكرني

«Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын[5]», – деген.  Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Атам қазақ айтқандай, «үмітсіз – тек шайтан». Алла Тағала Құранда:  

قَالَ وَمَن يَقْنَطُ مِن رَّحْمَةِ رَبِّهِ إِلاَّ الضَّآلُّونَ

«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді[6]»,– дейді. Хадисте: «Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді[7]», – делінген.

Фатиха сүресінің «Қиямет күнінің Иесі» деген аятын оқығанымызда ақырет күні жайлы ойланып, қорқа білуіміз қажет. Әлемдердің Раббысы болған Алланың ғана билігі жүретін күнде адамдар өзінің үлкен де кіші күнәларын көреді. Шаңның тозаңындай болған жаманшылық та таразыда ауыр салмақ басып, жазаға ұшырататынын естен шығармай, үрейде болуы қажет. Осы сияқты аяттарды оқығанда алдыңғы салиқалы салафтар сияқты бойымызды үрей билеп, күнәларымыз үшін азап бар екенін естен шығармауыз қажет. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірінен келтірер болсақ, Айша анамыздың жеткізген бір хадисінде Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде Алла елшісінің (с.ғ.с) реңі өзгеріп, бір орнында тыным таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты. Айша анамыз: «Уа, Алланың Елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді. Алайда, сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын, бұның себебі неде?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «О, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болған-ды. Ол қауым азап келместен бұрын «бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын», – дейді. Оның бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді. Алла елшісінің (с.ғ.с) тәрбиесінен өткен Абдулла ибн Аббас: «Олардың жүрегі қорқыныш қанжарымен жараланған, көздері үнемі мөлтілдеген жасқа толы. Олар: «өлім аузын ашып күтіп, мазар алдымызда қолын жайып, кел-келдеп тұрғанда, қиямет бәріміздің ортақ жиналатын, жәһаннам бәріміздің басып өтер жеріміз. Раббымыз Алла Тағаланың алдында жауапқа тартылатынымызды біле тұра, қалайша масайрап қуанамыз?!» – деп, Алладан шынайы қорқатын мүміндердің үрейін айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және  көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, өмірлерін «ақыретте жағдайымыз қалай болар екен» деген үреймен өткізген. 

"هُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلَّذِينَ هُمْ لِرَبِّهِمْ يَرْهَبُونَ

«Раббыларынан қорыққандарға тура жол мен рақымдылық бар[8]», – делінсе,

رَّضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ ذَلِكَ لِمَنْ خَشِيَ رَبَّهُ

«Алла олардан разы, олар да Алладан разы болды. Міне, осы сый-сыяпат Алладан қорыққандар үшін[9]», – деу арқылы қорқудың пайдаларын көрсетеді. Қиямет күні Алла Тағаланың аршының көлеңкесін паналайтын жеті топ жайлы мәшһүр хадисте олардың бірі – Алладан қорқып көз жасын төккендер екені айтылады. Ақыретте тозақ отын сөндіретін ең күшті құрал да – Алла азабынан қорқып шыққан көз жасы. Адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  Ибн Мәсғудқа айтқан бір өсиетінде: «Егер маған қауышуды қаласаң, менен кейін қорқуды көбейт», – дейді. Құранда Жаратушымыз:

فَلاَ تَخَافُوهُمْ وَخَافُونِ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ

«Егер шынайы мүмін болсаңдар, олардан қорықпаңдар, тек менен ғана қорқыңдар[10]», – деу арқылы шынайы мүміннің тек қана Алладан қорқатынын, түптеп келгенде қорқудың да иманнан екенін ұқтырады. Басқа бір аятта

يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا

«Олар қорқып әрі дұғаларының қабыл болуын үміт етіп, Раббыларынан тілек тілейді[11]» – деп, Алладан қорыққан құлдарды мақтайды. Өйткені, үнемі күнә-қателіктерін ойлап, жүрегі елжіреп, Жаратушыдан қорқып жүрген пенде әр қадамын аңдап басып, байқаусызда шайтанның қақпанына түспес үшін сақтығын күшейтеді. Муаз ибн Жәбәл: «Жәһаннам көпірінен аман-есен өтпейінше, мүміннің жүрегі орнына түспейді, қорқынышы басылмайды», – деп айтқан. Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда,  теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш қана – нағыз қорқыныш. Амалдарына сеніп, қорқыныш сезімін жоғалту дұрыс емес. Өкінішке орай, көптеген дінге жаңадан келген бауырлар жаңа сезімнің желеуімен осы менің ғана амалым дұрыс екен, осы мен ғана саф, таза дінмен жүреді екенмін деп, өзінің амалына сеніп, шектен шығып кетіп жатқандарының куәсі болып жүрміз. Ақиқатында,  таза, пәк және мейірім діні болған Исламды біз осылай ұстануымыз қажет пе?

Ханзаланың (р.а.) мұңды кейпін көрген Әбу Бәкір (р.а.): «Ей, Ханзала қалың қалай?» – дейді. Ханзала  (р.а.): «Несін сұрайсың, мұнафық болып кеттік қой», – дейді. Сонда Әбу Бәкірдің: «Қалайша мұнафық болдың?» –  дегеніне: «Алла Елшісінің (с.ғ.с) жанында отырсам, оң жағымда жәннәт, сол жағымда тозақ тұрғандай боламын, сондай  бір керемет сезімге енемін. Ал, үйге келсем, қу тіршіліктің қамыменен баяғы сезім жоғалып кетеді», – деп Ханзала көз жасына ерік береді. Оған қоса Әбу Бәкір  (р.а.) де егіледі. Сонда Ханзала (р.а.): «Әбу Бәкір, саған не болды?» – деп сұрайды.  «Мен де сен сияқты мұнафық екенмін», – деп жауап беріпті Әбу Бәкір (р.а.).

Қараңызшы, қандай сахабалар! Әбу Бәкір (р.а.) дүниеден өткенде Омар (р.а.) жылап тұрып: «Уа, Әбу Бәкір! Сен өзіңнен кейін болатын халифаларға неткен ауыр жүк тастап бара жатырсың», – деген. Осман (р.а.) да Омар  (р.а.) бұл дүниемен қоштасқан сәтте дәл осылай айтқан екен. Назар салсақ, бұл әйгілі сахабалардың ешқайсысы өз амалына сенбей, үнемі үрей құшағында болған. Өзгені өзінен артық санаған. Әбу Һурайра (р.а.) мынадай хадис риуаят етеді:

قاربو و سددوا واعلموا انه لن ينجو احد منكم بعمله قالوا يا رسول الله –و لا انت قال- ولا انا الا ان يتغمدني الله برحمة منه و فضل

«Ешкім істеген амалымен ақыретте құтыла алмайды», – дейді. Мұны естіген сахабалар шошына: – Сен ше, пайғамбарым? Сен де амалыңмен құтыла алмайсың ба? – деп сұрайды. Сонда Екі дүние нұры (с.ғ.с.): – Иә. Егер Алланың мейірімі мен кеңшілігі болмаса, мен де құтыла алмаймын[12]», – деген. Біздің де  үмітіміз – Алланың мейіріміне бөлену, ал қорқынышымыз – Жаратушы Иеміздің қаһарына ұшырау. Қорқыныш дегеніміз амалымызға сеніп, ақыретте қапы қалмау, мұны жасадым ғой, жеткілікті деп  шайтанның шырмауына ілінбеуіміз. Өйткені, ұлы Раббымыз Құранда:

 وَلَا تَمْنُن تَسْتَكْثِرُ

«Қылған ісіңді көп міндет қылма[13]», – деп  әмір етеді. Біздің әр басқан қадамымыз үміт пен қорқыныштың ортасында болуы қажет. Алланың мейіріміне жеткен адамдардың қатарында болсам екен, ақиқатқа жеткендердің қатарында менің атым да жазылса екен деп үмітте болу, менің ізгі амалдарым аз емес пе екен деп үрейлену – мұсылмандар сипаты. Міне, осындай мұсылмандар жайлы Алла Тағала өз сөзінде: «Кімде-кім Раббысының алдында тұрудан қорықса, өзінің нәпсісінің беріліп азғындап кетуінен тыйса, ол кісінің баратын мекені жәннәт болады», – дейді. Сонымен қатар, оларды мейірімінен үміт үзбеуге шақырып: «Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер», – деп бұйырып тұр. Бірақ үміт деген осы екен деп кей жандардың «Алла кешіреді» деген желеумен күнә жасап жатқандары жаныңа батады. Бұл – қорқынышты ұмытудың зардабы. Әнас ибн Маликтен жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» – деп сұрады. Ол: «Уа, Расулалла! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды[14]», – деген.

Пенденің жасаған құлшылығына сеніп арқа сүйеп, Алланың рақымдылығынан үміттену қаншалықты дұрыс емес болса, «Алла кешірмейді» деп жұрттың берекесін алып, бала-шағаны, күнделікті тіршіліктің бәрін ысырып қойып, тек құлшылықпен айналысу да қате. Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Рақымы мол Алла Өзінің ұлылығы мен рақымдылығы себепті тозақты бір қамшы ретінде жаратқан, соның көмегімен Алла құлдарын жәннатқа жетелейді[15]», – деуі арқылы Алланың бұл ісі Оның рақымдылығынан туындағанын көрсетеді. Қорқу мен үміттің тепе-теңдігін сақтай білу аса маңызды. Егер жүректе Алланың азабын елемейтін  сезім басым болса, оны қорқынышпен, егер Алланың рақымы мен мейіріміне деген үмітсіздік басым тұрса, оны Аллаға деген  үмітпен емдеу керек. Әйгілі сахаба Омар (р.а.): «Қиямет күні жәннатқа тек қана бір адам кіреді делінетін болса, ол адам мен шығармын. Ал, егерде тозаққа тек қана бір адам кіреді делінетін болса, ол адам мен шығармын деген үмітпен өмір сүріп келемін», – деп бізге үлгі көрсеткен екен. Жәннат пен тозақтың қай-қайсысы да бізге жақын тұрады. Осыны біле тұра адамда үрей мен үміт сезімі болмаса, өмірін бостан босқа өткізгені. Ал, мүмін дегеніміз – осы екі сезіммен өмір сүретін адам. Міне, осы ұстаным адамзат баласын әрдайым дұрыс ғұмыр кешуге бағыттайды.

Данияр қажы Жұмабаев,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысының өкіл имамы


[1] Ағраф сүресі, 167-аят
[2] Зүмәр сүресі, 53-аят
[3] Муслим
[4] Ағраф сүресі, 56 аят
[5] Бұхари
[6] Хижр сүресі, 56 аят
[7] Ибн Әбу Дуния
[8] Ағраф сүресі, 154-аят
[9] Бәиина сүресі, 8-аят
[10] Әли Имран сүресі, 175–аят
[11] Сәжде сүресі, 16-аят
[12] Муслим
[13] Мүдәссир сүресі, 6-аят
[14] Тирмизи
[15] Ибн Мажа

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат