Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бақытжан Өткелбаев: Елбасы айтқан насихат

03.04.2015 1292 0 пікір

Қазіргі таңда көп нәрсеге етіміз үйреніп те кетті. Әлемде және елімізде болып жатқан көптеген әлеуметтік, қоғамдық өзекті мәселелерге немқұрайды қарайтын болдық. Небәрі он бес, жиырма жылдың ішінде қоғам қатты өзгерді. Бұрынғы құндылықтар құнсызға, құнсыздар құндыға айналды. Соның бірі – отбасы құндылығы.

Адам баласының әу бастағы жаратылу мақсаты – Құдайға құлшылық қылу. Құлшылық етуші адам баласының дүниеге дәстүрлі жолмен келуі – отбасыдан. Отбасы шайқалса – қоғам шайқалады. Қазақта «Отан – отбасыдан басталады» деген киелі сөз  қандай дөп айтылған десеңші.

2013-жылы елдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге назар аударып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыркүйектің екінші жексенбісін «Отбасы күні» деп белгілеген еді. Былтыр осымен қатар, «Мерейлі отбасы» конкурсын жарияланды. Еліміздегі ата-баба салтын ұстап, заманауи көштен де кері қалмай, үлгілі, өнегелі, дәстүрлі жолмен келе жатқан отбасыларды марапаттады. Мұндағы мақсат – жастарға үлгі көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, негізге қайта оралу болса керек. Дана халқымыз: «Өнегелі отбасының – өрісі кең» демей ме?!

Бүгінгі қоғамда елең етерлік маңызды әлеуметтік мәселелер көп. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жетімдер үйінде 40 мың жетім, қарттар үйін паналаған 7 мың қарт бар. Өз-өзіне қол жұмсау бойынша еліміз көш басында тұр, кәмелетке толмаған, мектеп жасындағы 20 мың қыз жүкті боп түсік жасатқан, маскүнемдік, есірткіге тәуелділік, бір жыныстылардың некелесуі, ұрлық, кісі өлтіру т.б. толып жатқан жантүршігерлік келеңсіз жайттар қаптап кетті.

Президентіміз былтыр, Ораза айында берген ауызашарда қоғамдағы әлеуметтік маңызы зор келеңсіз мәселелерге назар аударып, былай деген еді:

«Осы күні қарттар үйіне барсаң, бұрындары өзге ұлт өкілдері болса, қазір ақ жаулықты бәйбішелер, ақ сақалды қарттарымызды кездестіреміз. Сол кісілерден бұл қалай болды деп сұрасаң: «Қарағым оны не қыласың, осылай болды да» деп, өз перзентіне деген өкпе-назын білдіреді. Ертеректе бір адам қартайған әкесін шанаға отырғызып алып тауға апарып тастайды екен. Үйге келсе кішкентай ұлы шана жасап отыр екен дейді. Ұлына қарап: Балам, мұны не істемексің? – десе, ұлы: Өскенде сені осыған отырғызып алып тауға апарып тастаймын, – деген екен», – деп сөзін: «Сол үшін қазіргі кезде отбасы тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Осы күні жастарымыз Батысқа еліктейді. Біздің өз мәдениетіміз, өз менталитетіміз бар. Көбірек қайырымдылықпен, қоғамдық мәселермен айналысуымыз қажет, бір-бірімізге мейірімді болуымыз қажет», – деп аяқтаған болатын.

Осымен қатар, қай бір жылы мәдениет саласындағы степендияттарды құттықтау кезінде өнер қызметкерлеріне қаратып Елбасы: «Бізге өзгенің қаңсығы таңсық болмау керек», – деп қадап айтып еді.

Міне, сондықтан да біз отбасы құндылықтарын дамытуымыз керек. Дінімізді дәстүрімізбен тануымыз қажет. Он төрт ғасыр ғасыр бойы Ислам дінімен санамызда қалыптасқан әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, діни танымымызға оралуымыз қажет.

Жоғарыда әуелде Алла тағала адам баласын Өзіне құлшылық етуі үшін жаратқан дедік. Сол құлшылық ететін құлдарының көп болғанын қалайды екен. Ал, енді адам баласының дәстүрлі жолмен ұрпақ таратуы, оның иманды, адамгершілікке толы болуы – өте маңызды құбылыс.

Отбасының қоғамдағы және ақыреттегі маңыздылығына назар аударып Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін», – деген.

Ал, қасиетті Құран Кәрімде Исра сүресінің 23-24 аяттарында Алла Тағала біздерге әке шешемізге қалай құрмет көрсетуді бұйырып былай дейді: «Раббың өзіңе ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жаныңда кәрілікке жетсе, Оларға «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, оларға зекіме де және ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Олар мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды рахым-мейіріміңе бөлей көр!» де».

Әбу Хурайрадан (р.а) риуаят етілген хадис-шәріпте: «Бір күні бір адам келіп: «Уа Алланың Елшісі! Жақсылық жасап, жақсы мәміле көрсетуге кім лайықты?» – деп сұрайды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаң!» – деп жауап қайырды. Әлгі адам: «Одан кейін кім?» – дейді, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Анаң!» – деп жауап береді. Әлгі кісі: «Одан кейін кім?» – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы да: «Анаң!», – дейді. Әлгі адам қайта сұрайды: «Одан кейін кім?» – дейді. Алла Елшісі тек сосын барып (с.ғ.с.): «Одан кейін әкең», – деп жауап береді[1]».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Алланың разылығы ата-ананың разығында жатыр. Алланың ашуы, ата-ананың ашуына байланысты[2]», – делінеді.

Міне, қасиетті аяттар мен хадистерде ата-аналарымызға қалай құрмет көрсетуіміз керектігін тайға таңба басқандай етіп айтқан. Біз көбіне өсеміз, өнеміз деп тіршілік істейміз. Ал, өсіп-өну үшін дұға өте маңызды. Ал, ата-анамыздың бізге жасаған дұғасы бәрінен де маңыздырақ. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасы міндетті түрде қабыл болады: «Зұлымдық көрген бейшараның жасаған дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы», – деген[3].

Ата ананы құрметтемеген қазіргі жас ата аналар балаларына не тәрбие береді екен? Әке шешесіне жамандық істеп отырып, ертең қартайғанда баласынан жақсылықты қалай күтуге болады? Халқымызда: «Балалы болғанда білерсің, ата ананың қадірін», – деген бар емес пе?

Қазақтың атақты ақын, жырауы  Майлықожа Сұлтанқожаұлы бұл турасында былай деп жырлайды:

Қарамай кетсең анаға,
Қаларсың босқа табаға.
Ата-ана көңілін қалдырған,
Баланың бағы жанар ма?

Ата-ана сағын сындырған,
Кішінің жолы болар ма?
Оны да кейін сорлатар,
Өзінен туған бала да!

Әрине, ата-ана көңілін қалдырған баланың бағы жанбайды! Бүгінгі таңда әке шешелерін қарттар үйіне алып барып тастау былай тұрсын оларға қол жұмсау да жастар арасында белең алып барады. Теледидар мен интернет желісіндегі жаңалықтарға көз салсаң, жағаңды ұстайсың. Денең түршігеді. Мысалы, «Бір жас жігіт әкесін шауып өлтірді», «қыз бала анасын пышақтап өлтірді», «кәмелетке толмаған жас бала әкесін өлтіруге тапсырыс беріпті...т.б.» дегендей жалғаса береді. Бұлай кете берсе арты не болмақ?!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):     

 «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер», – десе, тағы бір хадисінде «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және ұмраның сауабы жазылады», – дейді.

Қарауыл Қанай шешен: «Ер басында бақыт бесеу: Астыңдағы атың жүрдек болса – жалғанның пырағы. Алғаның жақсы болса – үйің мен қонағыңның тұрағы. Балаң жақсы болса – екі көздің шам-шырағы. Әкең – асқар тау, шешең аққан бұлақ. Міне, бес бақыт осы», –  деген екен...

Бақытжан Өткелбаев


[1] Бухари, Әдеп, 2
[2] Тирмизи, Бирр, 3
[3] Ибн Мәжә, Дұға 11

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат