Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Монах неге күмілжіді?

29.12.2013 2158 0 пікір


Бәйбішем екеуміз бір ай бойы туған-туысты аралап, елге қайтарда Қарағандыдан пойызға отырдық. Біздің купеміздегі бос орынға ұзын бойлы, шұбатылған қара көйлек киген бір жігіт келіп орналасты. Жөн сұрастық. Ол өзі жайлы айта жөнелді, орысша сайрап тұр. Ұлты неміс екен. Қырғызстанда Қант деген жерде туып, балалық шағын сонда өткізіпті.

– Менің әке-шешем діндар кісілер болатын. Олар әуелі Латвияға көшіпті. Ол кезде кеңес адамдарын шет мемлекетке бей-берекет жібермейтін заң қатал еді ғой. Содан араға біраз жылдар салып, Германияға қоныс аударған. Мені сол Латвияда дін оқуына берді. Білім алуды Германияда жалғастырдым, одан Римге барып, Ватиканда жоғарғы діни оқу орнын бітірдім. Қазір сонда Рим папасының қасында жұмыс істеймін, үлкен дәрежеге жеттім. Жасым 40-та, аты-жөнім – Шнайдер, әкемнің есімі Антонио. Дінім – кfтолик, священникпін, діни философия ғылымдарының докторымын, - деп визиткасын ұсынды. Әңгімеміз орысша өрбіді. Дін мәселесін қозғап, пікір алыса бастадық.

Мен қажылыққа барып, Мекке, Мединада болғанымды, ислам жөнінде айттым. Сонда ол дәстүрлі 4 діннің бәрін де оқығанын, білетінін аңғартты.

– Жарайды, білсең. Осы сендер, католиктер, неге монах боласыңдар? Әйелдер де, еркектер де өмір бойы үйленбейді, отбасын құрмайсыңдар, сенен ұрпақ қалмайды. Аллаһ тағала Адам (ғ.с.) атаны топырақтан жаратқан, ал кейін оның қабырғасынан Хауаны жаратқан. Екеуін қосып, отбасын құрып, солардан ұрпақ тараған. Сендер тіпті Аллаһ тағаланың жаратылысына қарсылық танытып отырсыңдар. Сен дүниеден өткен соң Шнайдер атың өшеді, - дегенімде ол:

– Біз ант береміз,–деді.

– Кімге?

– Рим папасына, содан кейін священиктерге.

– Ал, сол антты бұзатындар бар ма?

– Иә, бар. Антты бұзып, монахтықтан кетіп қалатындар кездеседі.

– Әй, айналайын, монах бауырым, енді ұят та болса сұрайын. Аллаһ тағаланың жаратылысы бойынша еркек әйелді қажетсінеді. Сонда не істейсіңдер? - дедім.

– Отыра қалып Інжілді оқып, Құдайға сыйынамыз, - деп жауап берді.

Католик діні туралы ептеп білетінім монах жігітке тағы да сұрақтар қоюыма итермеледі.

– Егер бір кісі үлкен күнә жасап қойса, мысалы кісі өлтірсе, не бір монах әйелді зорлап қойса т.б. күнәлар жасаса, Құдайға сыйынатын жерлерің костелде (шіркеудің ішінде) екі бөлме болады. Сонда біреуінде священик, екіншісінде әлгі күнәһар отырады. Күнәһар ештеңе жасырмай болған істі жайып салады, ал священик әбден егжей-тегжейіне жетіп, оның «күнәсін кешіреді». Әй, сонда ол кім, күнәні кешіретін?! Ол да дін жолында жүрген пенде. Күнәні кешіретін, не кешірмейтін жалғыз Аллаһ тағала емес пе?!

Ол сөзімді бөлген жоқ.

– Енді, үшінші сурет мәселесі. Иусус – Иса (ғ.с.) пайғамбардың, не болмаса анасы Мәриямның және неше түрлі апостолдардың, мысалы апостол Петр т.б. ( барлығы 12 апостол бар) бейнесін шіркеу қабырғасына, төбесіне бояумен салып, әшекейлеп қоясыңдар. Халыққа сол бейнелерді сатып таратасындар. Олар бір бөлменің бұрышына іліп қойып, сол суретке ылғи шоқынып жүреді, айналып келгенде суреттерге, мүсіндерге табынады. Будда дінінде де солай. Будданың керемет алтын жалатылған мүсіндерін жасап, соған сыйынады.

Барлығымыз Құдай жалғыз дейміз. Біздің дінімізде Құдайға серік қоспау аса маңызды. Сендер серік қосасыңдар, неше түрлі сурет, мүсіннен Құдай жасап, табынасыңдар. Өз басың осыны дұрыс деп ойлайсың ба?

Енді төртінші мәселе. Сендер Иса (ғ.с.) пайғамбарды: «Біздің Құдайымыз дейсіңдер де», іле-шала: «Ол Құдайдың баласы», - деп өзгеріп шыға келесіңдер. Әй, айналайын, ол адам баласы Мәриямнан туылған. Сәби болған, өсіп ер жеткен, Аллаһ тағала Оған (ғ.с.) ерекше сана, ақыл, ой дәреже беріп, пайғамбар еткен. Ал, сендер: «Ол әкесіз туылған, ерекше туылған, Құдайдың баласы», - дейсіңдер.

Інжілде де, Құранда да жазылған Құдайдың белгілі – пішіні жоқ, оны ешкім де білмейді. Аллаһ тағаланың пішіні қандай екенін ешкім де көрген емес. Аллаһ тағала адам баласы секілді туылмаған, туылмайды да!

Ал сендер Иса (ғ.с.) пайғамбарды, кәдімгідей анадан туылған Құдай дейсіңдер. Жарайды сендер айтқандай-ақ Иса (ғ.с.) Құдайдың баласы, тіпті Құдай-ақ бола қойсын! Астапыралла! Сонда сендер өз сөздеріңе өздерің қайшы келіп отырсыңдар ғой. Үнемі: «Құдай жалғыз» дегендеріңмен, Құдай екеу сияқты. Біріншісі Аллаһ тағала да, ал екіншісі оның «баласы» Иса (ғ.с.) пайғамбар екен.

Бұл айтқандарыма монах қарсы уәж айта алмай, күмілжіді де қалды. Ертеңіне Алматыдағы Н.Тілендиев көшесіндегі костелге барып, монах Шнайдерді Тастақтағы мешітке ертіп әкелдім.

– Міне, қара мешітте ешқандай сурет жоқ, кұбылаға қарап намаз оқимыз, - деп, оны отырғызып қойып екі бас сәлем намазын оқыдым. Ол өмірінде бірінші рет мешітке кіргенін, құлшылық үйінің өте киелі орын екенін мойындады.

Содан үйге ертіп келіп, дастарқан жайып, қазақтың қонақжайлығын көрсеттім. Керемет риза болып, рахметін айтып аттанды. Сол жігіт өз елі – Италияға, Ватиканға барғанда және Рим папасына жолығып, естіген-көргендерін айтатын шығар деген үміттемін.

Қайыржан Макин

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат