Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Дастан Құрманбаев: Тіл түзелсе, діл түзеледі

17.02.2015 2124 0 пікір

Адам баласы ұйқыдан оянғанда бүкіл дене мүшелері тіліне қарап: «Біз үшін Құдайдан қорық. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен бұзылсаң, біз де бұзыламыз», - деп жалына бастайды[1] екен. Әрі осы көрініс әр күні таңертең қайталанып отырады. Иә. Неге жалынбасын?!...

Біреу аузына арам ас алмаса да, қолымен ұрлық қылып, аяғымен қылмысқа бармаса да, тілінен шыққан бірауыз күнәлі сөзі себепті жан-тәнімен жаһаннамда күйіп-жануы әбден мүмкін. «Басқа бәле тілден», – деп бекер айтпаса да керек ата-бабамыз. Кейбір статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдер күніне шамамен 15-20 мың, ал еркектер шамамен жеті мыңдай сөз сөйлейді[2] екен. «Тозақты көрдім. Ішіндегілердің көпшілігі – әйелдер[3]», – деген пайғамбарымыздың () хабары да осыны меңзеген болар бәлкім...

Алла Тағала мұсылман әйелдерін олардың қатарынан болудан сақтасын! Көбіміз осыншама мөлшерде күн сайын айтып жүрген сөздеріміздің әрбірі үшін қиямет күні Алланың алдында есеп беретінімізді қаперге ала бермейтініміз де рас. Мұғаз ибн Жабал (р.а.) атты сахаба осыған аң-таң болып, бір күні Пайғамбарымыздан () былай деп сұраған болатын: «Уа Алланың пайғамбары, сонда біз айтқан сөздеріміз үшін де жауапқа тартыламыз ба?». Сонда, пайғамбарымыз () оған: «Ол не дегенің, әй Мұғаз?! Тілімен тапқан күнәсі үшін адамдар тозақ отына етбетімен лақтырылмай ма?![4]», – деп, тілдің қасіретті кесапаты бар екенін білдірген еді. Сондықтан, сауап та, күнә да тапқызатын тіліміздің осындай бәлесінен құтылуымыз үшін, біз не «жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, тек жақсы сөз айтуымыз керек, не «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» демекші, үндемей жүруіміз қажет. Бұны пайғамбарымыз () бізге былай деп бұйыған: «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне сенетін болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін[5]».

Жоғарыдағы статистикаға қайта оралсақ, көп сөйлейтін мылжың адамдар күніне 45 мыңға жуық сөз сөйлесе, сөзге сараң жандар 500-ақ сөзбен кеш батыратын көрінеді. Демек, сөздік қорымызда жақсы сөздер саны аз болып жатса, күнімелік 500 сөзбен де үйтіп-бүйтіп күнелтуге болады деген сөз. Есесіне «үндемеген үйдей бәледен құтылады» емес пе?! Бәлкім біреулер «Ислам діні – тым қатыгез. Бірауыз сөзге бола азапқа душар боласың» деп, түсінбеушілік танытатын да шығар. Алайда, Алла Тағала аспан мен жердей Жұмақты да сол бірауыз сөздің құны еткенін ұмытпаған жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім шын жүректен «лә иләһә иллә Алла» деп айтса, оның орны – Жәннат болады[6]», – деп хабарлаған. Бұл да – бірауыз сөз. Тіпті, байқасаңыз «лә иләһә иллә Алла» кәлимасын айтқанымызда ерін ерінге тимейді. Осыншалықты жеңіл сөз!

Тағы бір хабарларда Пайғамбарымыздың () : ««лә хәулә уә лә қууата иллә биллә» деп көп айтуға тырысып бағыңдар, ол Жәннаттың қазынасы[7]», «Кімде-кім «субханаллаһи уа бихамди» деп айтса, оған Жәннатта бір құрма ағашы отырғызылады[8]», – деген хадистері және бұдан да басқа «күнәсі теңіздің толқынындай болса да кешіріледі», – деген сықылды көптеген уағдалары бар.

Тіл қару іспетті. Қарумен жазықсыз жандардың қанын төгіп, қарғыс пен лағынеттің астында қалуға болатынындай, Отан қорғап жауға қарсы соғысып, азаматтық борышымызды атқаруға да болады. Кейде адам өз қаруымен өзін өлтіріп алып та жатады емес пе?

Тілімен адам мұсылман болып, тілімен кәпір болады. Тілден өтірік, өсек, ғайбат сияқты күнәлі сөздер де шығады, сондай-ақ, сәлем беру, сауқат сұрау, рахмет айту сияқты сауапты сөздер де шығады. Осындай қарапайым сөздерді күнделікті айтып жүруді әдетке айналдыру арқылы-ақ қаншама сауапқа ие боламыз десеңізші?! Ең бастысы, жақсысынан жаманын ажыратып, орындысынан орынсызын айырып, сауапты сөз не, күнәлі сөз не екенін тани білу қажет. Бір шәкірт ұстазынан сұраған екен: «Аузымнан шыққан сөздерімді қалай бақылауға алсам болады?» деп. Сонда ұлағатты ұстазы: «Қиямет күні адамдардың амалдары өлшенетін таразы құрылады. Оның екі табақшасы ғана болатыны да мәлім. Бір жағына пенденің жақсылығы қойылса, екінші жағына жамандығы қойылып, таразы тартылады. Сен алдымен айтқалы жатқан сөзіңді ертең таразының қай жағынан көреді екенмін деген сұраққа жауап тауып, сосын барып сөйле», – деген екен.

Иә. Әрбір сөзін саралап сөйлеу – нағыз мұсылманның қасиеті. Ұлы тәбиғин ғалым – Хасан әл-Басри: «Мұсылманның жүрегі тілінің алдында, ал мұнафықтың тілі жүрегінің алдында», – деп айтқан екен. Яғни, мұсылман ойланып барып айтатын болса, мұнафық айтып барып ойланады. Ал «айтылған сөз – атылған оқ»! Бүгін өзіміз тілімізге қолдан қақпақ қоя білмесек, ертең есеп берер күн келгенде еріксіз мылқау боламыз. Бұ дүниеде уақытша тығырықтан алып шығып, алдап, амалдап жүрген тілдер о дүниеде ләм-мим деуге шамасы жетпей қауқарсыз күйге ұшырайды. Алла Тағала оны Құранда былайша бейнелеп: «Ол күні олардың ауыздарын мөрлейміз. Бізге олардың қолдары сөйлеп, не істегендеріне аяқтары айғақ болады[9]», – дейді.

Қорыта келе, орыстың «тіл Киевке жеткізеді» деп жүрген екі елі еттен тұратын тілі оңғыр Киевке ғана емес, тозаққа да жеткізеді, жұмаққа да жетелейді демекпіз. «Уа Алла, бізге Сені зікір етуімізге, Саған шүкір етуімізге бір Өзің жәрдем бере гөр[10]». 

Дастан Құрманбаев,
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің 
1-курс магистранты


[1] Әт-Тирмизи. №2047 хадис.
[2] http://www.bolshoyvopros.ru/questions/319064-skolko-slov-govorit-chelovek-v-den.html
[3] Әл-Бухари. №304 хадис
[4] Әт-Тирмизи. №2616 хадис.
[5] Әл-Бухари. №5672 хадис.
[6] Әл-Бухари. №94 хадис.
[7] Әл-Бухари мен Муслим.
[8] Әт-Тирмизи №3466 хадис.
[9] Ясин: 60 аят.
[10] Пайғамбар (с.а.у.) дұғасы. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат