Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Дүние - ақырет егістігі

29.12.2013 2418 0 пікір


Адамзат -бүгін адам, ертең топырақ
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ!

Абай

Рухтар әлемінен бастау алып, ана құрсағы, дүние тіршілігі, қабір әлемі арқылы ақырет жұртына тұрақтайтын адамзат көшінің сапары жалғасып келеді. Осы ұғымдардың ішіндегі бізге мәлім, мәлім бола тұра біз шеше алмас жұмбақтарға толы өмір жайлы сөз қозғаудың өзі біраз нәрсені талап етеді.

Иә, өмір, зымырап өтіп жатыр. Мұнда да адамзаттың өтер белестері бар. Шәкірім атамыз бұл кезеңді өлеңге қосып;

Өмірің басы – бала, ортасы адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң – деген.

Осынау көштің бел ортасындағы дүние тіршілігінде күндерді апта, аптаны ай, айды жылдар, жылды ғасырлар қуып келеді. Тағы да Абайша айтатын болсақ,

«Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл».

Біздің сіздермен бөліскіміз келгені адамның жастығы мен қарттығы яки уақыттың қалай өтетіндігі емес, өмірден кейін жалғасатын өмірге дайындалу. Өйткені кез келген қалаға бару үшін ең болмағанда қаражат дайындаймыз. Дайындықсыз сапардың берер қиыншылығы мен көрсетер машақаты аз болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Олай болса адамзат көшінің соңғы тұрағына құр алақан барудың ақырын сіз ойлап көріңіз.

«Барар жерің қараңғы,
Шам-шырағың сайлап ал», деген сөздің төркінінде көптеген мән жатыр. Оған дайындықты қалай жасаймыз, қайткенде жүзіміз жарық болады, шырақты қалай жағамыз, міне, осы сұрақтар мақаламызға арқау болмақ.

Қазақта «не ексең соны орарсың» деген қанатты сөз бар. Құранда бұл жайлы былай деген: «Ей, мүміндер! Аллатан қорқыңдар. Әркім ертеңі үшін не жібергеніне қарасын. Және Аллатан қорқыңдар. Шексіз Алла не істегендеріңді толық біледі» («Хашыр» 59/18).

Иә, ертеңімізге не жібердік? Өте маңызды сұрақ. Мұның жауабын тапқандар жемістілердің қатарында екендігі даусыз.

Дүниедегі адамның жағдайы диқаншының жағдайымен тығыз байланысты. Диқаншы дән себу үшін ыңғайлы уақытты көздеп, жер жыртып, баптап, дәнге қажетті тыңайтқыштарды дайындап болған соң ғана дән себеді. Дән септім болды деп жата бермейтіндігі тағы бар. Дән өнгеннен кейін де арнайы баптауды қажет етеді. Оның піскенін күтіп, дұрыстап орып алмасаң да жемісін жей алмайсың. Дәл осы сияқты біз де амалдарымызды Құранның көрсеткен құрал-қағидаларына сай әрекет жасамаған жағдайда жеміске жете алмасымыз хақ. Ендеше амаламыздың жемісін алғымыз келсе, амалдың дұрыс орындалу үлгісін Құраннан іздейік.

Алла Тағала Құран Кәрімде «Қасас» сүресі 77-ші аятында: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді ұмытпа». Саған Алла жақсылық жасағаны сияқты, сен де (басқаларға) жақсылық жаса», деп бұйырған. Иә, жақсылық жасауды әмір еткен. Мұның қандай жақсылық екендігі тағы сол Құранда:

«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар». («Бақара», 2/177)

Жарайды, жақсылық жасадым болды десек, қателесеміз. Енді егін еккен диқаншы сияқты, ары қарай баптауға тура келеді. Әрине, қалайша? Мұның да жауабы Құранда:

«Ей, мүміндер! Аллаға, ақырет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне соның мысалы: Үстінде топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырды. Олардың еңбектері еш болады. Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды».

«Ей, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы» («Бақара», 2/262, 264, 266, 267).

Иә, жасаған жақсылығыңды міндетсіну, амалыңды көкке ұшырады. Бердің бе міндетсінбе. Осы ретте «Жақсылық жаса да, теңізге таста, балық білсін, балық білмесе Халық (Жаратушы) білсін» деген сөздің төркінінде талай нәрсе жатыр. Сондай-ақ ешкімге керегі жоқ сапасыз нәрсені емес, жарамды, пайдаға асатын нәрсені берген жөн.

Адамдарға жағу үшін істеген амаларымыз ақыретте жеміс бермейтіндігін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисінен үйренуімізге болады: Бір жолы Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға:

-«Сендердің кішкене серік қосуларыңнан қорқамын»- деді.

Сахабалар:

- Уа Алланың Елшісі! Кішкентай серік дегенің не?- деп сұрағанда Хз. Пайғамбар былай деді:

-«Кішкене серік ол - Рия. Ақыретте адамдарға істегендерінің жазасы берілгенде Алла Тағала былай бұйырады:

«Тірі кездеріңде жағымпазданған адамдарыңның жанына барыңдар. Олар сендерге жәрдем берер ме екен?» (Ибн Ханбал, Ү, 428)

Тақырыпқа байланысты мына төмендегі хадисте:

-«Қиямет күні алғаш сұраққа тартылатын шейіттер болады. Алла Тағала оған өмірінде берген нығметтерін есіне түсіреді, ол да мойындайды.

Алла Тағала:

- Осы нығметтеріме шүкіршілік ретінде не істедің?- дейді.

Әлгі адам:

- Шейіт болғанша сенің жолыңда соғыстым,- дейді екен.

Алла Тағала:

-Өтірік айтасың. Сен қандай батыр жігіт десін деп соғыстың, мақсатыңа жеттің. Сөйтіп әлгі кісіні тозаққа алып кетеді.

Алла Тағаланың алдына білім алып, Құран үйренген адам келеді. Алла Тағала оған берген нығметтерін есіне түсіреді. Ол да мұны мойындайды.

Алла Тағала:

- Осы нығметтеріме шүкіршілік ретінде не істедің?- дейді.

Ол кісі:

- Білім алдым, үйреттіп әрі сенің разылығың үшін Құран оқыдым деп жауап береді.

Алла Тағала :

- Өтірік айтасың. Сен өзіңді ғалым әрі Құранды қандай тамаша оқиды екен деп айту үшін оқыдың, сен сол мақсатыңа жеттің. Сосын ол да тозаққа кетеді.

Сосын Алла Тағаланың алдына бай-бақуат адам келеді. Алла Тағала оған берген нығметтерін есіне түсіреді. Ол мұны мойындайды.

Алла Тағала:

- Осы нығметтеріме шүкіршілік ретінде не істедің?- дейді.

Ол адам:

-Садақа, зекет беріп, Сенің разы болатындай амал істедім,- дейді.

Алла Тағала:

- Өтірік айтасың. Сен барша амалдарыңды неткен жомарт адам деген атаққа жету үшін істедің. Ол мақсатыңа жеттің. Сосын ол адамды да тозаққа тастайды» (Мүслим, Имара, 152).

Алла Тағаланың разылығына бөленуді мақсат тұтпаудың негізінде өзгелердің алдында беделін өсіру, сеніміне кіру жатады. Мұның ақыры сан соқтырып, орны толмас өкініштерге апарады. Осылайша ол адамның құлшылығы Алла Тағалаға емес, жаратылғандарға арналады. Мұндай адамның шынайы мұсылман болуы мүмкін емес.

Құранда жақсылық жасаушыларға сыйлық берілетіндігі, жемісін алатындығы айтылған:

Сондай малдарын Алланың ризалығын тілеп, өз көңілдерін бекіту үшін Алла жолында сарып қылғандардың мысалы: Көтеріңкі жердегі нөсер жауып екі есе өнім берген бақша тәрізді. Сонда оған жаңбыр тимей, дымқыл тисе де өнім береді. Алла не істегендеріңді толық көруші» («Бақара», 2/265).

Сондай қайыр істегендер, бергендеріне міндетсіну, ренжіту араластырмаса, (беріп алып бұлданбаса, кейітпесе) оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Сондай-ақ оларға қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды. («Бақара» 2/262)

Қолымда беретін ештеңе жоқ, жақсылық жасау қолымнан келмейді десек қателескендігіміз. Өйткені жақсылық жасау тек қана әлеуметтік жағдайдың жоғары болуымен байланысты емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Әрбір адам, алтын, күміс және киімінен, бір саъ бидайы мен құрмасынан садақа берсін, мейлі ол жарты құрма болса да», деп бұйырды. Дініміз бойынша жақсы сөз, тіпті күлімсіреудің өзі мүміндердің сауап қазынасына садақа ретінде жазылады. Өйткені адамдардың арасында сүйіспеншілік пен достық қарым-қатынастар, осындай әрекеттер арқылы нығая түспек.

Құранда жасаған жақсылығыңның Аллатың жадынан орын алуын Имранның әйелінен үйреніміз. Оның қол жайып қылған дұғасы, бізге ізгі амалымыздың қабыл болуын да тілеу керектігін үйретеді.

Имранның жұбайы: «Раббым! Ішімдегіні азат қылған түрде Саған арнадым, менен қабыл айла! Расында Сен өзің аса естуші, білушісің» деді. («Әли-Имран», 3/35)

Ол ішіндегі сәбиін Аллатың жолына тапсырып қана қоймай, амалының қабыл етілуін тілеп, ары қарай жалбарынғандығы жақсылық жасаушыларға тамаша үлгі. Яғни, жақсылық жасау бір мәселе, ал оның қабыл етуі үшін жалбарыну да өз алдына бір мәселе.

Сонымен қатар ақыретке қамдану ақылды адамның ісі екендігін ұмытпағандығымыз жөн. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде былай деп келеді. Шаддад ибн Аустан (р.а) риуаят етіледі:

«Ақылды адам - өз нәпсісін тергеген және өлімнен кейінгіні көздеп амал істеген адам. Әлсіз адам - өзін нәпсі қалауына ергізген, және Алладан түрлі нәрселер армандаған адам». (Термизи, Ахмад, Хаким риуаят еткен).

Ақылды адам - өзін өзі есепке алып, нәпсісін жүгендеп, Алла Тағаланың көрсеткен шекарасында жүріп, ақырет үшін амал етеді.

Ал, ақымақ адам нәпсісіне еріп, Алла Тағаланың бұйрығын орындамай, тәубе етпей, «Мені кешіруін қалаймын» деп жүреді. Олар еңбек етпей табысқа кенелуді қалайтындықтан ақымақтардың қатарына кіреді. Олай болса, «бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біліңдер:

- өлместен бұрын өмірдің қадірін,
- ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін,
- дүниеде ақыретті жақсартудың қадірін,
- қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін,
- кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біліңдер», (Әбу Нуайм) деген Алла Елшісінің хадисін ескере отырып, саналы адамға сай мінез танытып, өмірімізге өң берсек, екі дүние де бақытқа кенелерімізге айқын, ағайын!

Қалдаров Берік Жақыпбекұлы

Төлеби ауданының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат