Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нұрбек Есмағанбет: НЕКЕГЕ ОТЫРУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ

12.02.2015 4077 0 пікір

Нұрбек Есмағанбет,
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы 

НЕКЕГЕ ОТЫРУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ 

 يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

Күллі әлемдердің жалғыз Жаратушысы Алла Тағалаға мадақ, ал Оның дара елшісі, соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!  

Қасиетті Құран аяттарының бірінде адамзат өмірінің шежіресі бастау алған сонау алыс әрі сондай тылсым дәуірлер туралы былай делінеді:

«Әй, Адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында Алланың құзырында ең құрметтілерің ең тақуалыларың. Алла шексіз білім иесі, бәрінен хабардар».[1]

Аятта айтылғанындай бір ер мен бір әйелден таратылған адамзат баласы неке қиып, отбасын құру арқылы тіршілігін жалғап келеді. Ер мен әйел – отбасының іргетасы.

Әсілінде бұл Алладан түскен діннің әмірі. Құранда Алла Тағала "Зәрият" сүресінің 49-аятында:

وَمِن كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар», - дей отырып, жалғыздықтың тек Аллаға тән, ал өзге жаратылыстардың тағдырына жұптаса тіршілік ету тән екендігіне назар аудартады.

Некеге отырудың маңызы

Шариғатымызда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –  құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген.

Белгілі Ханафи мазхабының ғалымы ибн Абидин (р.а.): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған және кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ»[2] деп, некенің екі дүниелік ұлы құлшылық екендігін жеткізген-ді.

Шариғатта: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі деген ұғымды білдіреді.

Ілкі замандардан бері қазақ халқымыз «Үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады»- деп, шариғаттың осы бұйрығын ұстанып келеді.

Үйленуде жеке адамдар үшін де, қоғам үшін де дүние тіршілігіне сән беретін, ақырет тұрғысынан сансыз пайдалы ғанимет бар. Үйлену адамды күнәдан сақтайды, жауапкершілікке, бірлесіп тіршілік етуге  үйретеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) осы жағына назарымызды аударып былай дейді: 

يا معشر الشباب من استطاع منكم الباءة فليتزوج...

«Ей жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе».[3]

Имам Мәліктің сахаба Әнәстан жеткізген:

«Құл некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін бөлігіне (некеге) немқұрайлы болудан Алладан қорықсын!» деген мағынадағы Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисі бар.

Міне сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құбылыс болып табылады. Некемен жаңа бір отбасы құрылып, бір-біріне бөтен болған екі адам Алла алдында адал жұбай болып, жұптаса ғұмыр кешеді.

Некелесуге асығу

Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ананың «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз екендігі киелі Құран аяттарында баяндалады..

وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Араларыңдағы бойдақ (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші».[4]

Ал маңызды бір себебі болмаса да неке қиып, отбасын құрудан қашқан адам халық арасында адамгершіліктен қашқан адам саналса, шариғатта маңызды сүннетті тәрк еткені үшін жазғырылады. Себебі адам баласы, өз адамгершілік қасиеттерін, абыройын, намысын және өз жаны мен тәнін күнәға бой алдырудан үйлену арқылы ғана берік қорғай алады.

Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп өсиет етеді:

«Неке менің сүннетім. Кім менің сүнеттімнен бас тартса, ол менен емес, (яғни менің үмбетім емес)». Үйленіңдер. Расында мен, үмбетімнің көптігін мақтан етемін».[5]

Осыған ұқсас сөздермен аяқталатын мына хадисте үйленуді кейінге ысырып жүргендер үшін ой саларлық мағына бар:

جاء ثلاث رهط إلى بيوت أزواج النبي صلى الله عليه وسلم، يسألون عن عبادة النبي صلى الله عليه وسلم، فلما أخبروا كأنهم تقالوها، فقالوا: أين نحن من النبي صلى الله عليه وسلم؟ قد غفر الله له ما تقدم من ذنبه وما تأخر، قال أحدهم: أما أنا فإني أصلي الليل أبدا، وقال آخر: أنا أصوم الدهر ولا أفطر، وقال آخر: أنا أعتزل النساء فلا أتزوج أبدا، فجاء رسول الله صلى الله عليه وسلم فقال: (أنتم الذين قلتم كذا وكذا؟ أما والله أتي لأخشاكم لله وأتقاكم له، لكني أصوم وأفطر، وأصلي وأرقد، وأتزوج النساء، فمن رغب عن سنتي فليس مني.

Бірде үш адам Алла Елшісінің (ﷺ) үйлеріне келіп оның құлшылықтары жайлы сұрастырады. Оларға Пайғамбардың құлшылықтары жайлы айтылған кезде олар оны азсынғандай болады. Сосын былай дейді: «Алланың елшісімен біз тең бе? Оның өткен және алдағы барлық күнәлары кешірілген». Сөйтіп біреуі барлық түндерін намазбен өткізуге, екіншісі үзбей ораза тұтуға ал үшіншісі үйленбеуге бел буады. Алланың елшісінің (ﷺ) құлағына бұл хабар тиген кезде оларды шақырып алып былай дейді:

«Аллаға ант етейін, араларыңдағы Алладан ең қатты қорқатын менмін. Бірақ мен де кейде ораза тұтып, кейде тұтпаймын, намаз да оқып, аяқ созып та демаламын және үйленемін. Менің сүннетімнен бас тартушылар менен (үмбетімнен) емес».[6]

Расында неке қасиетті ұғым. Халқымыз оны қашан да «Ақ неке» деп ардақтаған. Қосылған бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық некесіз деп сөгіп, олардың балалары «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Сондықтан да некеден қашу қасірет, ал некесіз тұру халқымыздың ғұрпында да, ғұрпымыздың қайнар көзіндей болған Ислам шариғатында да барып тұрған үлкен күнә әрі қылмыс екендігін хадистерден аңғару қиын емес.

Үйленудегі мақсат

Әрине, адам үйленген кезде алға қойған бір мақсаты болуы керек. Бұл мақсат барша адамзатқа ортақ. Ол - өмірлік серігін тауып, сонымен өмірінің қалған бөлігін бөлісу. Әрі дүниеге ұрпақ әкеліп, соларды тәрбиелеп жетілдіру. Өмірдегі мұндай маңызды істерді адамның өзіне бөтен адаммен жүзеге асыруы қиынның қиыны. Сондықтан Жаратқан ер мен әйелдің арасына сүйіспеншілік пен бір тартылыс күшін жаратты.

«Бір-біріңе үйренісулерің үшін сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы Оның белгілерінен. Мұнда ақыл иелері үшін ғибрат бар».[7]

Ұлы Жаратқан тағы бір аятында былай деп дұға етуді үйретеді:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا

 «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер! Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!»[8]

Олай болса үйлену дегеніміз тек қосыла салу ғана емес. Қасында тынығып, дүние тіршілігінің рахатын табатын, өмірдің қызығы мен қиыншылығын бөлісетін ұя құру. Мұндай ұя тек неке қиюмен және үйленетін адамыңды дұрыс таңдаумен келері хақ.

Жұбай таңдау

Ер адам да, әйел заты да үйленетін адамының иманды да инабатты, салихалы болуына аса мән беруі керек.

«Салихалы әйел, жүйрік көлік, кең үй – бақытқа себеп. Мінезі жаман әйел, жаман көлік, тар және қысылыңқы үй бейбақтыққа себеп» деген пайғамбар өсиетінде терең мән бар.

قيل لرسول الله أي النساء خير قال التي تسره إذا نظر وتطيعه  إذا أمر ولا تخالفه في نفسها ومالها بما يكره

Әлдебіреулер Пайғамбардан (ﷺ): «Қандай әйел ең қайырлысы?» - деп сұрады. Ол: «Ері жүзіне қараған кезде қуаныш сыйлайтын, әмір берсе итағат ететін, қасында болмаған кезде малы мен ар-намысын қорғап отыратын әйел»,- деп жауап береді.[9]

«Әйел төрт нәрсесіне қарап таңдалады: Малы, тегі, сұлулығы мен діні. Сен діндарын таңда.[10]

Жүсіп Баласағұн бабамыз да жоғарыдағы хадисте баяндалғандай бойында мынандай қасиеттері мен сипаттары табылған қалыңдық іздеуге шақырған:

Егер әйел алам десең үздігіп,
Таңда жөндеп өте жіті көз тігіп.
Тегі таза, құтты болсын тамыры,
Ұяты мол, инабатты һәм ірі.
Қол тимеген, болсын аттап шықпаған,
Сенен басқа еркек бар деп ұқпаған.
Сені сүйіп, сенен басқа іздемес,
Жаман қылық, жарамсыз іс істемес.
Ей, адамзат, ердің ері болсаңда,
Қатарыңды ал, егер әйел алсаңдар.
Мінезін айт, қарамай-ақ әріне,
Болса мінез – жарасады бәрі де.
Құр қоздырып нұрлы жүздің жылуын,
Іздей көрме көрікті қыз сұлуын.
Тапсаң егер ақылды қыз көз жетіп,
Қапы қалмай, үйленіп ал тездетіп.
Ақылды әйел мал да жинар, өндірер,
Байып алып, өзіңе де өң кірер.
Пейілді әйел көрікті де, текті ғой,
«Әйел көркі – қылығында», – депті ғой!
Ойы таза болса әйелің – асыл жар,
Осы үшеуі бар-ақ жерде қосылар.
Есті әйелдің етек-жеңі кең келер,
Соны тіле, төрт құбылаң тең келер.
Дәл осындай әйел тапсаң – ардақты,
Соған тырыс – сол әкелер бар бақты!

Некенің жауапкершілігі

Үйленіп, неке қию арқылы адам баласы өз мойнына үлкен бір жауапкершілік алады. Сондықтан да, шариғатта ол үйлену рәсімімен, яғни имам мен куәгерлердің алдында сөз байласу, серттесу рәсімімен бастау алады. Осылай серттесумен, сөз байласуға негізделген некеден соң жұбайлардың бір-біріне сүттей адал, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек.

Үйленген соң өз жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу мұсылмандықтың көркем белгісі. Пайғамбарымыз (ﷺ) иманның кемелі мінездің кемелдігімен, ал мінездің кемелдігі өз жұбайына көрсеткен мінезбенен өлшенетіндігін мына хадисінде баян етеді:

أَكْمَلُ المُؤْمنين إِيمَاناً أَحْسنُهُمْ خُلُقاً ، وَخِياركُمْ خيارُكم لِنِسَائِهِ

«Мүминдердің ішінде иманы ең кемел болғандар мінезі кемел болғандар. Ал мінезі ең кемелдер жұбайына жақсы мінез танытқандар».[11]

Сондай-ақ кемшілік атаулыдан пәк болған Алладан өзге жұмыр пенденің барлығында кемшілік бар екендігі, оларды тек кешірумен жеңуге болатындығын мына хадистен аңғарамыз:

لا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً إِنْ كَرِه مِنها خُلقاً رضِيَ مِنْها آخَرَ

«Мұсылман ер мұсылман әйеліне кек сақтамасын. Оның бір мінезін ұнатпаса, басқа бір мінезін ұнатады».[12]

Ал бұл өмірдегі әйел адамның Жәннатының бағасы жайындағы хадисте былай делінеді:

أَيُّما امرأَةٍ ماتَتْ وزوْجُهَا عنها راضٍ دخَلَتِ الجَنَّةَ

«Ерін разы қылып бұл дүниеден өткен әйел жәннаттық».[13]

Егер, Құран аяттары мен пайғамбар хадистері бойынша әрекет етер болсақ, әрбір бойдақ некелі болып, әрбір отбасы босағасы берік, іргесі аман болары хақ.

Пайғамбардан (ﷺ) жеткен өнегелі өсиеттерді өрісі кең, тарихы кенен халқымыздың өз сөзімен өрбітер болсақ, «әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» қадірлі жан. Әйелінің абыройын қорғап, қадіріне жете білген ер азамат өзін де қадірлегені. Жарын жәбірлегені – өзін жәбірлегені болмақ. Себебі, Алла елшісі: «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен көркем мінезде, жақсы қатынаста болғандарың» дейді.

Ер мен әйелдің осылайша бір-біріне сүйеу болып, қамқорлық танытуы босағаның берік, іргетасының мығым болуының кепілі. Өзара түсіністік, риясыз сенім мен төзімділік қағидаларын бекем ұстанған берекелі шаңырақтың нағыз үлгісі де осы.  

Ақ некемен құрылған отбасы – Алланың адамзатқа сыйлаған мейірімі, оны сақтауға сіз бенен бізге әрқашан мүмкіндік берілген. Себебі, бұл нығмет бізді екі дүниенің бақытына қауыштырар Жаратқанның шарапаты. «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер! Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!»[14],-деген Құран аятын қадірлей білген ізгі жандардың жалғасы болуды Алла баршамызға жазғай!



[1] "Хужурат" сүресі, 13-аят
[2] Раддул мухтар кітабы.
[3] Сахих муслим
[4] "Нұр" сүресі, 32-аят
[5] Кутубу ситтә; 6564
[6] Бухари, Неке, 6/116
[7] "Рум" сүресі, 21-аят
[8] "Фурқан" сүресі, 74-аят 
[9] Нәсәи, Неке 14; 6/68
[10] Бухари, Неке 15; 6/123
[11] Тирмизи, Радаъ 11
[12] Муслим, рада, 61; 2/1091
[13] Тирмизи, радаъ, 10
[14] "Фұрқан" сүресі, 74 аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат