Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жауапкершілік – екі дүниеде де бақытқа жетелейді

28.01.2015 2309 0 пікір

Адам баласын басқа жаратылыстардан ерекшелеп тұрған нәрсе – оның санасы. Саналы болу, әрине жауапкершілікті қажет етеді. Алла Тағала сынау мақсатымен жер мен көктегі барлық нәрсені аманат етіп адам баласының игілігіне ұсынған және оны сол аманаттар үшін жауапты еткен.

Хазірет Пайғамбарымыз (ﷺ) мұны қысқаша былай деп баяндайды:«Барлықтарың қойшысыңдар (шопансыңдар) және барлықтарың қол астарыңдағылардан жауаптысыңдар» (Бұхари, Жұма 11). Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір адам баласы сөзі мен әрекеті үшін жауапты болып саналады.

Алла Тағала адам баласының жауапкершіліксіз емес екендігін және құрдан-құр жаратыла салмағандығын былай деп баяндайды: «Сендерді бекерге жаратты және жанымызға қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» (Мүминун сүресі, 115-аят).

Саналы адам істеген әрбір әрекетіне дүниеде де, ақыретте де жауап бере алатындай түрде өмір сүруі қажет. Есепсіз, жауапкершіліксіз өмір сүрудің осы өмірде қандай қиыншылықтарға тап қылатындығын бәрімізде білеміз. Түрмеге түсу, айыппұл төлеу, банкротқа ұшырау, елге масқара болу, міне осылардың барлығы әдейі немесе немқұрайлы істелген істердің салдарынан орын алады. Алайда, жауапкершіліксіз істелген амалдың ақыреттегі жазасы тым ауыр болмақ. Бұл өмірде адамдарды алдау, соттарды жаңылту, заңды бұрмалау, көкелерді немесе құзертті пайдаланып, заңсыз жолдармен жалтарып, жазадан құтылғанмен, ақыретте үлкен сотта мұндай жолдармен ақталу әсте мүмкін емес. Өйткені, ол сотта бірегей әрі еш жаңылмайтын төреші – Ұлы Алла болмақ.

Ол өз сөзімен айтқанда «Ахкамул-хакимин» яғни, үкім берушілердің ең жақсы үкім берушісі. Алла Тағаланың сотында дәлелдерді жарамсыз ету немесе жойып жіберу әсте мүмкін емес. Әрбір нәрсе сақтаулы әрі қатаң бақылауда болады. «Расында адам баласын біз жараттық, көкейінің оған сыбырлайтынын да білеміз. Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Себебі, оның оң және сол жағында отырған екі періште оның не істегендерін жазып отырады. Адам бір сөз айтса, жанында оны бақылап отыратын бір періште болады» (Қаф сүресі, 16-18 аяттар).

Бұлардың барлығы бекерге жазылып жатқан жоқ. Өйткені, бейне таспаға түсіріліп жатқан әрбір іс махшарда алдымыздан шығады. Өміріміздің әрбір бедерін қамтитын «өмір» атты осы фильмімізбізге сыйлық алып бере ме, әлде құрдымға кетіреді ме, сол жерде белгілі болады. «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық қылса, соны көреді, ал кімде-кім шаңның тозаңындай жамандық істесе, оны көреді» (Зилзала сүресі, 7-аят). Адам баласы айналасындағы адамдардың алдында немесе өзі құрмет тұтатын кісілердің жанында сөзі мен әрекеттерін қалай байқап жүретін болса, сол сияқты әруақыт Алланың және періштелерінің бақылауында жүргендігін ешқашан есінен шығармағаны абзал.  

Үздіксіз мұндай сезімде жүру мүмкін болмағанымен, жиі еске түсіріп, жүріс-тұрысымызға көңіл бөліп тұрғанымыз жөн. Әйтпесе, өміріміз жауапкершіліксіз, өз бетінше өмір сүретін хайуандардың өміріне айналып кетпек. Иманды мүмин кісінің өмірінің мұндай болуы әсте мүмкін емес. Имансыз адамның ғана өмірі сондай болады. «Имансыздар дүниеде тек рахат алу үшін ғана өмір сүреді. Хайуандар жеген сияқты жейді. Олардың баратын жерлері – от» (Мұхаммед сүресі, 12-аят).

Өмірдің әрбір белесі сынақ болып табылады. Кез келген сынақтың соңында ұтысты болу немесе сүріну тұр. Сыйлық пен жаза сынақтың нәтижесіне қарай белгілі болады. Ақыреттегі жәннат пен тозақ осы дүниедегі сынақтың нәтижесін білдіреді. Одан бұрын адамның амалдары «мизанға», яғни таразыға тартылады.«Таразыда жақсылықтары ауыр басқан кісі өзін бақытты өмірде табады. Таразысы жеңіл болған кісі қиядан төмен қарай құлдилайды» (Қариға сүресі, 6-9 аяттар).

Адам баласының ақыретте үлкен сот алдында жауапқа тартылатындығы жайында көптеген аят пен хадистер бар. Солардың бірінде: «Олар сап-сап болып Раббыларының құзырына шығарылады. Оларға: «Ант етейік, сендер алғаш жаратқанымыздай алдымызға қайта оралдыңдар. Әлде, сендерді жауапқа тарту үшін бізді бір уақыт белгілемейді деп ойлап па едіңдер» делінеді. Амал дәптерлері ортаға қойылады. Сол кезде сен күнәһарлардың дәптерде жазылғандардан қалай қорыққандарын көресің. Олар: «Құрыдық! Бұл қандай кітап өзі? Үлкен-кіші ешнәрсені қалдырмай бәрін тізіп айтып шықты» дейді. Олардың істеген амалдары қарсы алдыларынан шығады. Раббың ешкімге зұлымдық жасамайды» (Кәһф сүресі, 48-49 аяттар).

Хазірет Пайғамбарымыз (ﷺ) адам баласының жалпы не нәрселерден сұралатындығын айтып өткен. «Пенде өмірін қай жолда өткізгенінен, ілімімен амал жасап-жасамағандығынан, дүние-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа жұмсағандығынан, тәнін қайда тоздырғанынан (яғни, күш-қуатын қайда жұмсағандығынан) сұралмайынша Раббысының құзырынан айрылмайды» (Тирмизи).

Хазірет Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы бір хадисінде былай деп бұйырады: «Қиямет күні адамдар бастарында Хазірет Юсуф, Хазірет Айюб және Хазірет Сүлеймен пайғамбарлардың болуымен үш топ халінде жауапқа тартылады. Алла Тағала дүниеде құл болған пендесін шақырып, одан: «Маған құлшылық етуіңе не кедергі болды?» деп сұрайды. Ол: «Мені бір адамға құл қылдың. Сол адам саған ғибадат етуіме мүмкіндік бермеді» дегенде, Ұлы Аллаһ Хазірет Юсуфты шақырады. Сосын: «Бұл да сен сияқты құл болған, бірақ құлдық оның маған ғибадат етуіне кедергі болмады» деп жауап береді. Кейін ол кісінің тозаққа тасталуы әмір етіледі. Кейін дүниеде ауру дертімен сыналған кісіні шақырып, оған да сол сұрақты қояды. Ол: «Маған дерт, сырқат бердің» дегенде, Ұлы Алла Хазірет Айюбты шақырады. Сосын: «Айюбты сенікінен де ауыр сырқатпен сынадым. Бірақ, сырқаты оның маған ғибадат жасауына кедергі болмады» деп жауап береді. Бұл кісінің де жәһаннамға тасталуы бұйырылады.

Одан кейін дүниеде патша болған кісі әкелінеді. Алла Тағала оған өзіне берген күш-қуат пен байлықты есіне салып, «саған берген зор мүмкіншіліктерді қалай қолдандың?» деп сұрайды. Сонда ол: «Патшалық саған құлшылық етуіме кедергі болды» дейді. Сонда Ұлы Алла Хазірет Сүлейменді шақырып, «Мына құлым Сүлейменге сенікінен де зор мүмкіншілік, шұғылданатын көп іс бердім. Алайда, бұл жағдай оның маған ғибадат етуіне кедергі болмады. Бар! Уәжің қабыл етілмейді» дейді. Бұл адамның да тозаққа тасталуы әмір етіледі» (Фахруддин Разы, Мафатихул-ғайб, 21/115).

Әркім өз әрекетіне сылтау табуы мүмкін. Бірақ, нәтижеде өз-өзін алдаған болып шығады. Алла Тағала ешбір адамға күші жетпейтін нәрсені жүктемейді. Әрі күші жетіп, бірақ істей алмаған көптеген нәрсесіне де кешіріммен қарайды. «Ол сендерді таңдады және дінде сендерге ешқандай ауыртпалық жүктемеді» (Хаж сүресі, 78-аят).

Әлемдерге рақым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз да (ﷺ) үмбеті үшін жеңіл нәрселерді таңдаған. Оларға зор мейірім танытқан. «Ант етейік, сендерге өз іштеріңнен сондай бір пайғамбар келді, оған сендердің қиналғандарың ауыр тиеді. Ол сендерге тым ынтық, мүминдерге аса мейірімді» (Тәубе сүресі, 128-аят). Осындай жеңіл діннің міндеттерін орындамау кез келген адамды дүниеде әрі ақыретте ауыр жағдайға душар етеді.

Әрбір қызметкер өзіне тапсырылған міндетті тиісті дәрежеде орындауға, сондай-ақ қызметін асыра қолданбауға тиісті. Олай болмаған жағдайда аманатқа қиянат еткен болады. Барлық пенде Алланың жер бетіндегі қызметкерлері болып табылады. Сондықтан, олар Алланың әмірлерін орындауға міндетті. Алланың міндетін орындамай, Оған қарсы шығу қандай да бір басшыға қарсы келумен тең емес. Адам баласы Алла Тағаланың жер бетіндегі халифасы, яғни орынбасары. Ол сана-сезім, білім және ерік күшімен қаруландырылған. Әрі жер мен көктегі барлық нәрсе оның қызметіне берілген. Сондықтан, оған жауапкершілік жүктелген.

Ұтысты болу мен ұтылу екеуі бір-біріне қарама-қайшы дүниелер. Осы жағынан алып қарайтын болсақ, адам болу тәуекелге бел байлау дегенді білдіреді. Онсыз да тәуекелге бел байламай, діттеген нәрсеге қол жеткізу де мүмкін емес.

Хайуандар саналары, ерік күштері болмағанымен кей кездері жазаға тартылып жатады. Мысалы, үстіне жүк артқызбаған есек яки ат қамшымен сабалады немесе жемінен айрылады. Қабаған ит қамалады немесе байланады. Тіпті, хайуандардың өзіне әрекеттеріне қарай мәміле жасалатын болса, саналы әрі ерік күші бар адам баласы әлбетте сөзі мен әректтеріне жауапты болмақ.

Адам баласына берілген нығметтер артқан сайын жауапкершілік те артып отырады. Оның есебін беру де қиындай түседі. Деректер бойынша Хазірет Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында бір жас жігіт мұсылман болған екен. Алланың Елшісі (ﷺ) оған «Тәкәсүр» сүресін үйретіпті, әрі оны үйлендіріпті. Сосын әлгі жігіт той күні көптеген дүние-мүлікке кенеліп қалады. Сонда ол мұндай үйленуді қаламайтындығын айтады. Аллаһтың Елшісі (ﷺ) одан мұның себебін сұрағанда жігіт: Сіз маған «Тәкәсүр» сүресін және сол сүредегі «Кейін ол күні нығметтерден міндетті түрде сұраласыңдар» деген аятты үйреткен жоқсыз ба? Мен мұншалықты нығметтің есебін бере алмаймын» деген екен (Фахруддин Рази, Мафатихул-ғайб, 21/77).

Көзге көрінетін, көрінбейтін, дүниелік және ақыреттік т.с.с. сан алуан нығметтер бар. Ұлы Алла адам баласына берген шексіз нығметін былай деп баяндайды: «Жер мен көктегі барлық нәрсені Алла Тағаланың сендердің қызметтеріңе ұсынғанын және ашық әрі жасырын түрде сендерге берген нығметтерін толықтырғанын көрмедіңдер ме?» (Лұқмансүресі, 20-аят); «Ол сұраған нәрселеріңнің бәрін сендерге берді. Егер Аллаһтың нығметтерін санамақ болсаңдар, санай алмайсыңдар. Күмәнсіз адам баласы тым залым әрі надан»(Ибраһим сүресі, 34-аят).

Мәселенің түп төркіні – осы сансыз нығметтің парқына жету, нығметтерден бұрын бұларды тарту еткен ұлы Жаратушыға шынайы көңілмен бет бұру, Оған шүкіршілік ету және нығметтерді жалғыз Оның разылығын табу жолында пайдалану. Біз қанша тырысқанмен, атқарған құлшылығымыз жұтқан бір деміміздің, ішкен бір шыны аяқ суымыздың ақысын өтей алмайды. Дегенмен, ең маңыздысы – шама-шарқымызға қарай құлдық міндетімізді тиісті дәрежеде орындауға күш салу, әмірлерге бойұсыну, тыйымдардан сақтану, көңілімізді оның разылығын табуға бұру әрі әлсіздігімізді мойындай отырып, Оның кешірімі мен рақымына сыйыну болмақ.

Біздің пендешілікпен өткізген өміріміздің майда-шүйдесіне дейін есебін бере алмасымыз анық. Дегенмен, ең болмаса сауаптарымыз күнәларымыздан көп болатын болса, иләһи кеңшілікке кенелетініміз рас. Хадис шәріпте баяндалғандай: «Кімде-кім майда-шүйдеге дейін есепке тартылса, құриды» (Бұхари, Ілім, 35).

Алла Тағала имансыздарға әділдігімен, ал мүминдерге рақымдылығымен мәміле жасайды. Біз оның рақымына сыйынамыз. Алайда, оның рақымына лайық болу үшін шынайы ниет, қажыр-қайрат, әмірлерге қолдан келгенше мойынсұну қажет.

Әрбір істің соңын бағып, дүние және ақыреттегі есепті ойлап өмір сүретіндер соңында құтылатын болады. Ал керісінше жауапкершіліксіз өмір сүретіндер дүниеде де, ақыретте де тұтылатын болады.

Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің де есебін ойлап құлан таза болуды жазғай. Әмин!

Ерғали Алпысбаев,
дінтанушы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат