Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Сағындым саңлақ сардарым

27.01.2015 2015 0 пікір

Сағындым сені әлемнің нұры сардарым,
Замандасың боп қасыңда бола алмадым.
"Бисмиллә" деймін еске алып Алла есімін, 
Алладан келген жырымды саған арнадым.

Сен келмес бұрын қара түн еді мына әлем,
Надандық басқан, адамдық қашқан күнәмен.
Нұрландыруға тот басқан жұмыр жүректі,

Алланың сөзі әлемге түскен нұр әуен.

Шыр етіп өмір есігін ашқан сәтіңде,
Қарсы алды бәрі өздері білген мәтінде.
Жер менен тау-тас, көк аспан, барлық тіршілік,
Қош келдің! - деді адамзат білмес жат үнде.

Пайғамбарлардың соңы боп келдің әлемге,
Ибраһимнің( а.с.) дұғасы болдың әуелде.

Пайғамбар Иса( а.с) сүйінші еткен есімді,
Сағына күтті, сарыла күтті әр елде.

Есімің сенің "Мақтаулы" деген мағына,
Туылдың барлық әлемнің ар мен бағына.
Мейірімдісі әлемде барлық әкенің,
Адал да әділ некелі барлық жарына.

Өмірге келген сәтіңнен бастап арайлап,
Ататын әрбір ақ таңға куә әр аймақ.
Он бес ғасыр өтсе де әлі сөнбеген,
Есімің сенің бәріне мәлім мол айғақ.

Нұр тұлғаң сенің әлемнің тербеп бесігін,
Жасыңнан болды Мұхаммадул әмин ( с.а.у) есімің.
Қараңғылықтың қақпасын жауып мәңгіге,
Айқара аштың жарық бір нұрдың есігін.

Сарыла күтті Алладан түскен Құранды,
Күткені сонша, солығып жүздер қуарды.
Хақ сөзін Нәби( с.а.у) жеткізді барлық жүрекке,
Нұрланған жүрек мейірім толып қуанды.

Мінезің Құран, ақ жүзің айдай нұрланған,
Алланы сансыз ұлықтап өттің бір болған.
Жібіді сонда тас болған небір жүректер,
Иман келтірді, тіпті, бір тобы жындардан.

Кішіпейілділік, туралық иесі Нар тұлға ( с.а.у.),
Парасатпенен қолбасшы болды халқына.
Мейірім иесі баршаны басқан бауырына,
Ахметтің ( с.а.у.) қалды теңдессіз мінез артында.

Жартылыстың бәрінен көркем мінезің,
Пайғамбарлардың сұлтаны ( с.а.у.) болдың бір өзің.
Салауат айтсам өзіңе арнап әрқашан,
Бойымды билеп, тербейді шексіз бір сезім.

Шаттық бір сезім санамды билеп барады,
Хақ ислам діні әлемге нұр боп тарады.
Тақуалықпенен құлшылық етіп адамдар,
Жәннаттың нұрын жәудіреп күтер жанары.

Сағындым Сенің ( с.а.у.) кіршіксіз нұрлы жүзіңді,
Хақ дінім келіп, қараңғы түнек үзілді.
Алла мен Саңлақ Хабибулланы ( с.а.у.) ұлықтап,
Асқақ сезіммен Қағбаға бұрдым жүзімді.

Сағындым сені Расулалла ( с.а.у.) сұлтаным,
Сыйладың маған әлемнің сөнбес нұр таңын.
Сағынып жүрмін, жабығып жүрмін сені ойлап,
Жанымнан артық шашыңның әрбір бір талы.

Сағындым Сәруар пайғамбар ( с.а.у.) деген есімді,
Алладан келген хақ дінің нұр боп есілді.
Алладан басқа тәңір жоқ деген хақ сөзден,
Айырмас ешкім Мұхаммад ( с.а.у.) деген есімді.

Сағынып жүрмін сарқылмас бақыт иесін,
Әлемнің Нұрлы нәбиі ( с.а.у.) сондай ұлы есім.
Шапағатшысың махшарда тұрған сәтте Сен ( с.а.у.),
Күн туар сонда кім қайда барады білетін.

Сағындым Сені ( с.а.у.) сағыныш сезім жалындап,
Бақыттың нұры Хақ діннен ғана табылмақ.
Алла мен Оның елшісін ( с.а.у.) сүйсе әр адам,
Нұрланып жүрек, жамандықтардан арылмақ.

Тура жол бізге Құран мен Сенің( с.а.у.) сүннетің,
Амал қып өтер артыңда қалған үмметің.
Жердегі ғұмыр кешетін әрбір пендеге,
Хақ ислам дінін жеткізу менің міндетім.

Алла мен Сені ( с.а.у.) ұлықтап өтем асыра,
Нәсіп ет Алла жәннатты күтем асыға.
Салауат айтам Расулалла ( с.а.у.) күн-түні,
Жәннатта мәңгі дос болу үшін қасыңа.

Уа, Алла кешір жырымның кеткен кем тұсын,
Ұлысың Алла, Үстемсің мәңгі, Сен шынсың.
Қасықтай қаным, шыбындай жаным қалғанша,
Жырлаймын әркез Алла мен Оның елшісін ( с.а.у.).

Сыдық Жансанбай

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат