Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Имамдық - Пайғамбардан қалған сүннет

26.01.2015 3227 0 пікір

Бүгінгі қоғамда адам баласы ұстанып келе жатқан әртүрлі бағытты байқаймыз. Бір бөлігі тура жолын батыс мәдениетінен іздесе, екіншісі әлі де болса «коммунизмнен» күдерін үзбей жүр, ал үшінші бір топ дін деген осы екен деп түрлі ағымдардан ризығын іздесе, тағы біреулері күнә мен өркениет ұғымдарын шатастырып алған. Сондай-ақ, ислам дінін танымай жатып, ислам туралы пікір айтып, өзінше жол көрсеткісі келетіндер де табылды. Түсінген адамға мұның бәрі Алланың алдында ұнамсыз іс-әрекеттерге жатады. Адам бойындағы мұндай кемшіліктерді хақ исламның тағылымдар мен құндылықтарын таныту арқылы ғана тоқтатуға болады. Бұл жолда адамзат баласына ең алдымен үлгі болатын дара тұлға – Алланың Елшісі (с.ғ.с) ғана еді. Қазіргі уақытта Пайғамбар (с.ғ.с) да, оның көзін көрген сахабалар да жоқ. Ендеше, бұл міндетті бүгін кім көтереді? Әрине, Алла Елшісінің (с.ғ.с) соңынан ерушілер мойнына алады. Олар – дін ғұламалары, ғалымдар мен осы салада білім беріп келе жатқан ұстаздар мен мешіт имамдары. Осылардың ішінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көрсетіп кеткен құлшылық жолын жалғастырушылар мешіт иамадары. Егер имам және оның көмекшілері бұл міндетті тірілтпесе, онда қоғамның кері кетуімен қатар мұсылмандардың да арасына іріткі түсуі әбден мүмкін. Имам осы атқа лайықты болуы үшін ол қауымның алдына шығып, туралыққа бастайтын жанашыр жетекші, әрі сөзімен де ісімен де өнеге, үлгі болуы тиіс.

Ислам дініндегі ең алғашқы имам, мұсылмандардың істерін жүргізген үлгілі елші, әділ елбасы, әскери қолбасшы, тәрбиеші мұғалім, діндегі білікті мүфти, әсерлі насихатшы Алланың Елшісі (с.ғ.с) еді. Кейін оның ізін басып, артынан келген туралық иесі болған орынбасарлары бүкіл істерінде оны өнеге тұтты. Біздің де басты өнеге тұтарымыз, Алла Елшісінің (с.ғ.с) салып кеткен сара жолы мен даналығы болуы керек. Ендеше адамзаттың ардақтысы, кемел имам, асыл пайғамбар Мұхаммед мұстафа (с.ғ.с) адамдармен болған қарым қатынасында қандай болды? Соған тоқаталсақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір істі бұйырмас бұрын оны өз бойынан көрсете білетін. Оның ұсынған әр ісі Алланың разы болатын амалдардан  еді. Кейін сол ісін адамзатқа үлгі ете отырып, қоғамға өмір сүрудің жаңа ережесін үйретті.

Ең алдымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарды бағалай білетін, және оларға мән беретін.

Имамдық адамдармен қарым-қатынастан тұрады. Ал оның негізі тәсілдердің бірі, адамдарды бағалай білу. Әрине әр адам өзінің жақсы қырынан көрінгенін қалайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарды аса жоғары бағалайтын. Адамдармен қоян-қолтық араласатын, олардың қуанышы мен қайғысында қасынан табылатын. Егер біреумен сөйлессе, оны мұқият тыңдап, сөзін бітіргенше одан жүзін басқа жаққа бұрмайтын. Әнәс ибн Мәлик (р.а): бұл сипатын: "Алланың елшісі (с.ғ.с) біреумен жолығып әңгімелескен кезде, ол адам жүзін бұрмайынша, одан жүзін бұрмайтын. Сәлемдескенде ол адам қолын алмайынша қолын кері алмайтын. Сахабалармен отырғанда олардың алдында аяқтарын созбайтын" – деп баян етеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адам баласын аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағаланың асқан шеберлікпен жаратқан көркем туындысы болғандығы үшін құрметтейтін. Бұған мына оқиға дәлел болады: Бірде адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с) сахабаларымен отырған еді. Анадай жерде бір топтың мәйіт әкетіп бара жатқанын көре салған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) орынынан тұрып кетеді. Сонда жанындағылар: «Иә Алланың елшісі (с.ғ.с) бұл мұсылманның мәйіті емес, тұрмасаңызда болады», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман болмаса да, адам емес пе?» деп, бізге адам баласының бағасын көрсетіп кетті. Тіпті марқұмның артынан жаман сөз айтудан да тыятын.

Қайғыны бөліссең азаяды

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларының қайғысын бөлісіп, олармен үнемі жақын қарым-қатынаста болатын. Қандай да бір кішігірім болсын,  қиыншылыққа тап болса, олардың қасынан табылатын, және бұны кішкене істерден санамайтын. Адамдардың істеріне немқұрайлы қарайтындарға, қатаң ескерту жасап былай дейтін: "Кім бір мұсылманның бұ дүниеде қиыншылығына ортақтасса, Алла Тағала қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім тығырыққа тірелген біреуге жәрдемдессе, Алла оның дүние және ақыреттегі істеріне жеңілдік береді. Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның дүние мен ақыретте айыбын жасырады. Кім мұсылман бауырына үнемі жәрдемші болса, Алла да оның әрқашан жәрдемшісі болады".

Асқан ақкөңіл жан еді

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әрқашан күлімсіреп жүретін. Күлу дегеніміз тілдік мағынада – қуаныш, шаттану, сенімен біргемін деген мағыналар береді. Ал, Алланың Елшісі (с.ғ.с) әрқашан жымиып жүретін, жымиғаны қарқылдаған күлкіге ұласпайтын. Абдулла ибн Харис (р.а): «Пайғамбарымыз секілді үнемі жымиып жүретін ешкімді көрмедім», – дейтін.

Айша анамыз (р.а) былай дейді: «Бір адам пайғамбарымызбен тілдескісі келді. Ол адамның келе жатқаның байқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Бұл өз қауымының жиіркенішті адамы» деді. Ал ол алдына келген сәтте, оны күлімсіреп қарсы алды. Ол кісі кетісімен Айша анамыз (р.а) болған жайдың себебін сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: – Әй Айша, менің адамдарға қатал болғандығымды сен көріп пе едің? Қиямет күні, бойындағы жағымсыз қылықтарының кесірінен, адамдар одан безер болса, Алланың назарындағы ең жаман адам сол болады. Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың садақа. Ізгіліктің үлкен кішісі болмайды», – деп артына үлкен өсиет қалдырып кетті.

Сәлемге салғырт қарамайтын

Адамдармен қарым-қатынастағы ең үлкен және ең әсерлі жолы сәлемдесу. «Алланың алдында ең ұнамды адам,  сәлемдескенде бірінші болып сәлем бергені», – деп сөз басын сәлеммен бастау керектігін өсиет еткен. Қашанда  адамдарға бірінші болып сәлем беретін. Балалар мен әйелдерге де сәлемдесіп, егер кітап иелері сәлем берсе, оларға «уа алайкум» деп жауап қататын. «Салем Алланың сипаттарының бірі, оны жер бетіне орнықтырған. Олай болса оны араларыңызда жайыңыздар», – деп әмір етіп, амандасудың маңыздылығын меңзеп: "Иман келтірмейінше жаннатқа кіре алмайсыңдар, бір-біріңді жақсы көрмейінше толық мұсылман бола алмайсыңдар. Сіздерді бір-біріңізге жақындастыратын іс туралы айтайын ба? Араларыңызда сәлемді жайыңыздар». Осы сөздерімен «Сәлем» қоғамды бір-бірімен татуластыратын, өзара мейірімділік пен бауырмашылық сезімдерін ұялататын негізгі фатор екенін үйретіп кетті.

Бай кедей деп алаламайтын

Адамдармен қатынасында бай кедей деп бөлмейтін. Ол үшін бай- кедей, үлкен-кіші, мырза мен құл, барлығы тең болатын. Пайғамбарлықтың алғашқы уақытында оның жанындағылардың көбісі жастар мен кедейлер болатын. Екі дүние сардары маңындағы кедей жастардың әлемге әйгілі, барлық істі меңгерген, үлкен-үлкен жапуапты әрекеттердің басында болатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с) білген еді. Бір хадисінде: «Кедей-кепшіктерді іздеңдер, оларға қамқор болыңдар, сіздер тек қана кедейлердің арқасында Алладан жәрдем көріп, ырызықтанып жүрсіңдер», деген. Сахабалардан Абу Зарға (р.а) айтқан өсиетінің бірінде: «Жоқ-жітіктерді жақсы көріп, оларға жақын бол», деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сол кезеңде қоғамдағы көптеген құлдар мен жетімдерге – құл, күң деп емес, ұлым, бауырым деген сөздердің қолданылуын қалады. «Адамдар, Адам (а.с) балалары, Адамды Алла топырақтан жаратты», – деп адамдардың төркінінде өзгешеліктің жоқтығын айтқан.

Ешкімді ренжітпейтін

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мақтадай жұмсақ, нәзік мінезді жан еді. Ол қасындағыларға зиян тиетін ешбір нәрсе жасамайтын. Олардың көңілдерін көтеріп, ешкімді жамандамайтын. Адамдармен көркемдікте қарым-қатынас жасайтын. Қатал, өткір тілді, тасжүрек емес еді. Ешкіммен жұлыспайтын, ұрыспайтын, ешкімді кіналамайтын, сараңдықтан алыс, өзіне ұнамаған істен аулақ болатын. Өте әдепті еді. Өйткені, оны Раббысы өзі тәрбиелеген болатын. Ол адамзат үшін қашан да үлгі, өнге! Өзінің жіберілудегі негізігі мақсатын: «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін келдім», – деп жеткізсе, Ұлы Раббымыз Құранда "Сен ұлы мінездің иесісің" деген. Айша анамыз (р.а) айтады: «Бір күні Алла Елшісінің (с.ғ.с) бөлмесіне келіп, құбылаға бет бұрып, қолдарын жайып: «Аллаһым мен бір пендемін, егер құлдарыңның бірін ренжітсем, мені бұл үшін жазалай көрмеші», –  дегенін жеткізеді.

Қос ғаламның нұры шынайы мұсылманның сипатын былай айтатын: «Мұсылман тілімен және қолымен өзге мұсылманға зарар келтірмеген адам». Алла елшісі (с.ғ.с) бір мұсылманды ренжітіп, оған қиыншылық көрсеткен адамды, өзін ренжіткенмен тең екендігін, ал өзін ренжітсе Алланы ренжіткенмен бірдей екендігін ескерткен.     

Адалдық пен әділдіктің иесі

Адалдық Алла Елшісінің (с.ғ.с) ең үлкен ерекшеліктерінің бірі. Оның бұл ерекшелігін алғашқы жары және серіктесі хазреті Хадиша (р.а.) анамызға болған қарым қатынасынан білеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оны әрқашан есіне алып отыратын. Айша (р.а) анамыздан жеткен мына хадис оның дәлелі болмақ. Айша (р.а) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.а.с) әйелдерінің ішінде Хадишадан қызғанғанымдай басқасын қызғанбайтынмын. Тіпті, оны Алла Елшісінің (с.ғ.с)  жанынан ешқашан көрмегендігіме қарамастан. Алайда Алла елшісі (с.ғ.с)  Оны жиі есіне алатын. Бір қой сойғанда еттің жартысын Хадишаның достарына апарып беретін. Кейде шыдай алмай Алла Елшісіне «с.ғ.с): «Дүниеде Хадишадан басқа әйел жоқ па?», дейтінмін. Сонда Ол (с.ғ.с): «Ол осындай осындай болатын», – деп оның ерекшелігін  және ол балаларымның анасы деп айтатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүт анасына да өте адал еді. Көптеген жылдардан кейін Мекке фатх етілген кезде сүт анасы зиярат етіп келеді, сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с)  оның астына шапанын төсеп, құрмет көрсетті. Сүт бауыры Абдуллаһ келген кезде тік тұрып, қарсы алып, астына көйлегін шешіп төсеген, оларға көптеген сыйлықтар беріп тұратын. Мекке алынғасын, Алла елшісінің Меккеде қалатындығын ойлап алаңдаған ансарлықтарға: «Өлімім де өмірім де сендердің жандарыңда», – деген де Алланың соңғы Елшісі (с.ғ.с) болатын.

Қонақжайлылық пайғамбардан қалған іс

Ибн Сағдтың (р.а) риуаятында Абу Хурайра (р.а): «Алланың елшісі де аш қалатын», деп айтқанда Араж деген сахаба бұның қалай болатындығын сұрайды. Абу Хурайра (р.а), келіп кететін қонақтардың көп болуынан және одан ешқашан айырылмаған бір топтың болуынан, әсірерсе, Алла Елшісінің (с.ғ.с) Асхабус суфа тұрғындарынсыз ешқашан тамақ жемейтіндігін айтты.   Кедейлік, қиындық көрген сахабаларына көмек көрсетіп, сый беретін. Зиярат етіп әр жақтан келетін елшілерге тарту жасайтын. Мединеге келген қонақтардың күтілуі үшін, оларға арнайы сахабаларды қызыметке тағайындап, жол азық дайындатқызып беретін. Қонаққа қабақ шытқан, қонағын дұрыс күтпеген адамға хайыр болмайтындығын ескертті. «Қонақ келген үйге құт – пышақтың түйенің қарынына сұғылуынан да тез келеді», – деп қонақ келген үйде берекет болатындығын білдірді.

Балаларды өте жақсы көретін

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларын және немерелерін сүйіп, иіскеп әр қашан еркелететін. Балаларға өте мейірімді еді. Бұны барлығына қарата: «Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес», – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араб әйелдерінің ең хайырлысы, салихалысы, құрайыш әйелдері болғандығын «Олар балаларына өте мейірімді, ерлерінің тапқандарын жақсы сақтайтын», – деп бүлдіршіндерге мейіріммен қарау керектігін үйретті. Балаларға ешқашан қатты мінез танытпайтын, олармен жолыға қалса сәлемдесіп, тілдесетін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл ісі олардың ертерек бұғанасының қатуына үлкен септігін тигізді. Әлемдік психологияның  айтуынша адам қасиеті бала жастан қалыптасады. Ендеше Алла Ардақтысының (с.ғ.с) бұл ісінен осыны көреміз.

Науқастарды жиі зиярат ететін

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) науқастарды зиярат етуге аса мән беретін. Асхабының үлкен-кіші демей барлығын зиярат ететін. Науқас болған адамдарды, ер-әйел, үлкен-кіші деместен бәрінің халін сұрайтын. Мұсылмандардың, сондай ақ өзге дін өкілдерінің де қал-жағдайларын сұрайтын. Өзіне қызмет жасаған яхуди баласының қалын сұрай барғанда, оның мұсылман болуын қалап, артынша бала да мұсылмандықты қабылдаған болатын. Тіпті, екіжүзділердің көсемі Абдуллаһ ибн Убей, ибн Салулге науқастанғанда оның жағдайын білуге барған еді. Науқастардың жағдайын сұрауды әрдайым өсиет еткен. Қал сұрай барғанда ауруларына шипа сұрап, олардың көңілдерін көтеретін, және оны үмметіне де өсиет еткен. Сонымен қоса науқастың ем алуын қалайтын.

Сыйлық беруді ұнататын

Сыйлық бауырмашылықты арттырудың жолы екендігін көрсеткен сүйікті Елші (с.ғ.с), сыйлық беріп, өзіне де берілген сыйлықты қабыл алатын. Сый-сияпат беру адамдардың арасын жақындататындығын түсіндіру үшін: «Сыйлық беріңіздер, өйткені сыйлық жүрекке жылу беріп, ренішті басады», – дейтін. Берілген сыйлықты кіші демей, қабыл алуын қалайтын. Міндетті түрде сыйға сый беруді өсиетінде айтып кеткен. «Кімге бір сыйлық берілсе, оған да берсін, егер берері болмаса, алғысын айтсын, ашкөздік танытпасын». Өзіне сыйға берілгенді сыйға тартпайтын. Бұл да сыйлықтың салмағын білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өлім төсегінде жатқан сәтінде «Сіздерге келген топқа менің істегенімдей, сыйлық беріңдер»  деп өсиет қалдырды. Өйткені, сыйлықты исламды түсіндіру жолындағы себеп ретінде қолданған.

Міне, адамзаттың асылы, ғаламның рахым нұры болып келген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннетінен, сөздері мен іс-әрекеттерінен, өнегелі өмірінен кез келген адамға алатын мол тәлім бар. Жоғарыда айтқанымыздай осының барлығын асқан хикметпен, зор парасаттылықпен таныту имамдардың мойынына жүктелген жауапкершілік.

Имамдық пайғамбардан қалған сүннет, егер имам бұл міндетін түсініп, оны лайықты түрде атқарған болса, онда Алланың алдында имамның міндетінен жақсырақ міндет бар ма? Имамның сөзінен жақсырақ сөз бар ма? Расында, бұл Алланың елшісінің (с.ғ.с) жолы әрі бұл жолдан артығырақ болатын еш нәрсе жоқ. Сол себептен, ардақты Құран бұл жолдың иелерін құрметтейді: "Айт: Менің жолым осы – анық дәлелдің негізінде Аллаға шақырамын, мен және маған ергендер..". "Аллаға шақырған адамнан сөз тұрғысынан кім жақсырақ, әрі өзі жақсы іс қылса" және: "Мен, расында да, мұсылмандарданмын" – деген  болса". 

Талдықорған өңіріндегі орталық «Иман» мешітінің наиб имамы,
жастар ісі жөніндегі меңгерушісі Ардақ Нүсіпханұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат