Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нәпсіңді тізгінде, бауырым!

29.12.2013 2444 0 пікір


Аллаһ нәпсіні сынайын деп ең әуелі отқа салады. Оттан шығарып алып: «Сен кімсің, Мен кіммін?»,– деп сұрағанда нәпсі: «Мен менмін Сен сенсің»,– деп жауап береді. Жаратушы оны мұзға салып, сұрағын қайталайды. Нәпсінің жауабы өзгермеді. Аллаһ тағала енді нәпсіні аш қалдырады. Нәпсі сонда ғана: «Мен құлмын, Сен Жаратушысың» деп жауап береді. Демек, аштық сөзсіз нәпсіні тияды. Бұдан шығатын қорытынды Рамазан айында нәпсіге қыл бұрау салынып, пенде өзін тәрбиеледі. Хазреті Мәуләна:

«Денеге көп мөлшерде тамақ беру дұрыс емес. Адамның рухани азығы илләһи махаббат пен ақыл. Қашан осы құндылықтардан айырылып қалса жүрек тыныштығынан айырылады. Ондай кезде адам тоймайды, қанағаттың не екенін ұмытады».

Лұқпан хакім ұлына:

«Асқазаның толғанда ойың ұйықтап, ақылың үнсіз қалады. Құлшылық жасауға денең «көнбейді».

Ал, аз ішіп-жеу мен оразаның 10 түрлі пайдасы бар.

Ораза ұстасаң көңілің тынышталып, зейінің күшейеді. Тоқтықта салғырттыққа салынып, ұмытшақтық пайда болады;
Оразада жүрек сезімталдығы күшейіп, құлшылықтан рухани ләззат аласың. Тоқтықта жүрегің қатаяды да (қарайып) ғибадаттың ләззатын сезіне алмайсың.
Оразада мінезің жұмсарып, қарапайым бола түсесің. Тоқтықта тәкапарлыққа, мақтаншақтыққа, ашуға бой алдырасың.
Ораза ұстасаң жоқ-жітіктің қамын ойлайсың. Тоқтықта оларды ұмытасың.
Ораза ұстасаң нәпсінің жетегіндегі армандырыңа тосқауыл қойылады. Тоқтықта оны жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбайсың.
Ораза ұстасаң денең әрқашанда сергек, керісінше жағдайда ұйқы мен ғапылдыққа тап боласың.
Ораза ұстасаң құлшылықты атқару жеңіл, тоқтықта жалқаулыққа салынасың.
Ораза ұстасаң денсаулығың күшейіп, тоқтықта аурушаң боласың.
Ораза ұстасаң денең жеңіл тартып, рахатқа кенелсең, тоқтықта денең ауырлап, өзіңді жайсыз сезінесің.
Ораза ұстасаң жомарт әрі қайырымды жанға айналасың. Бұл қасиет пендені жәннатқа жетелейді. Тоқтықта ысырапқорлық пен сараңдыққа бой алдыруың әбден мүмкін. Бұл қасиет пендені тозаққа итермелейді.

Негізінде Пайғамбарлардың өзі Пайғамбар болмай тұрып, аштықпен сыналған. Мысалы:

Тәурат түсерден қырық күн бұрын хазреті Мұса (ғ.с.) ас-сусыз қалса, Иса (ғ.с.) пайғамбар да Інжіл түсер алдында осындай жағдайға тап болған. Соңғы пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Құранның алғашқы аяттары уаһи болмай тұрып, Меккенің маңындағы һира үңгірінде бір ай уақытын құлшылықпен өзкізді. Бұл уақытта Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) тамақсыз, сусыз қалған күндері көп болды. Демек, Аллаһ тағала Өз елшілерін (ғ.с.) ашықтыру арқылы Жаратушысына жақындап, барынша жақындай түсуі үшін рухани кемелдікке бет бұрғызды. Ал, ораза кезінде адам баласы бұл кемелдіктің алғашқы дәмін татады. Хазреті Мәуләна осы жайлы:

* Оразаға құлшыныс таныт, сабыр сақта, оны тастама, үнемі Хақтың разылығын көзде!
* Адамның намаз оқуға көңілі аууы, ауыз бекітуі – пендені Хақтың өзіне жақындатуының белгісі.
* Рамазан айы келді, қолымызға ғашықтық пен иман патшасының байрағы берілді. Ендігі жерде тағамнан бойыңды аулақ ұста. Өйткені көктен рухани азық келді әрі рухани дастархан жайылды.
* Бізді жаман қылықтар мен күнә жасауға итермелейтін нәпсіміз тазалануға зәру. Рамазан айында келгенде, күнә қақпасының есігі қирап, жан нәпсіге тәуелділіктен арылады, тақуалық биігіне бет алады. Тек Аллаһ тағаланың разылығына жетуді көздейді.
* Ислам ғимаратының негізін бес бағана құрайды. Аллаһқа ант етейін, осы бағаналардың ең күштісі – ораза.
* Аллаһ тағала осы бес негіздің әрқайсысында оразаны, оразаның тағдырын жасырған. Онсыз да ораза Қадір түні сияқты жасырын ғой.
* Шайтанның ішін жаратын қанжар іспетті, әзәзілді өлтіріп, нәпсінің қанын ағызу үшін оразадан асқан қандай ізгі амал бар?
* Нәпсімен шайқаста түсіп жеңгісі келген күрескер үшін ораза – бақайшығына дейін қаруланған жүз мың қолдан да артық.
* Өзің байқамайсың, тамақ жеген кезіңде ішіңе кір толады. Ораза болса монша секілді. Сені әрі рухани әрі барлық кірлерден, барша жамандықтардан тазартады.
* Нәпсіңмен айқасқа түскенде: «Мен оразамды соншалық оп-оңай бұза салмаймын» деп бойыңды теже, алақаныңды ысқыла, аяқтарыңды нықта, табандылық таныт!
* Енді тағамды күйсеуіңді қой, дәмі бал ораза келді. Бүгінге дейін ішіп-жеудің игілігін көрдің, енді оразаның игілігін көр.
* Рамазан айында ішіп-жеуге, тамаққа, жаман сөз сөйлемеуге сабыр сақтағандықтан, осы сабыр сенің рухани түсінік аяңды кеңейтеді. Көкірек көзіңді ашады.
* Сен білім нұрымен нұрланған айуан көріп пе едің? Тән де бір – айуан. Айуанның қамын күйттеймін деп оразаны тастама.



Олай болса, Рамазан – ой әлемінен шарқ ұрып даналық іздейтін шұғылалы шақ. Рамазан – рухани дімкәстіктен арылу үшін илаһи ем-дом іздейтін медет айы. Рамазан – жыл бойы қара басыңның қамын күйттеп жүрген пенделердің енді бір сәт рухани шөлін басатын жылымық мезгілі. Рамазан – пендешілік қасиеттердің көзі суалып, періште пейілдің салтанат құрар жұлдызды кезеңі. Рамазан – күнұзақ ашқұрсақ жүріп, нәпсісін тұсаулаған жандарды төзімді һәм сабырлы болуға үндейтін сындарлы уақыт. Рамазан – Аллаһ тағаланың нұр-шапағатына бөленген жандарды қайырымды болуға баулитын мейірім айы. Рамазан – бай оғлан мен жоқ-жітікті, бай мен кедейді теңестіріп, бір дастарханнан дәм татқызатын берекелі кезең. Рамазан – сансыз рухани сауалдардың жауабын іздеп, жүрек көзі ашылып, адамзат баласының илаһи шешіммен арқа-жарқа қауышатын кезеңі.


Ораза ұстаған бір күні сахаба Абдуррахман ибн Ауфқа (р.а.) мол дастархан жайылған еді. Ол дастарханға қойылған түрлі дәмге қарап тұрып:

«Мұсғаб ибн Үмәйр (р.а.) Ұхыд соғысында шейіт етілді. Ол менен да артық жан еді. Алайда кебіндер кезде бір шапаннан басқа ештеңе таппадық. Әлгі шапанмен басын жапсақ аяғы, аяғын жапсақ басы ашық қала берді… Кейіннен көп дүниеге тап болдық. Шынымды айтсам, жасаған жақсылықтарымыздың қайтарымы осы дүниеде берілмесе екен деп қорқамын» деді. Соны айтта да Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) иегі кемсеңдеп, көзіне жас алды. Артынша тамаққа қарамастан дастарханнан тұрып кетті (Бұхари, Жәнәиз, 27).



Осынау оқиғаларға қарасақ, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабаларымыздың сұмдық жоқшылықта өмір сүрсе де, құлшылықтарын қалт жібермегенін байқаймыз. Өйткені олар ғибадатты Ұлы Жаратушы міндеттеп отырғанын жақсы ұғынған. Бұған ешқандай сылтау жүрмейтінін жақсы пайымдаған. Сондықтан да ашқұрсақ жүре тұра оразасын үзбеген, аштықтан есін білмей талып құласа да тақуалықтан ажырамаған, бойын тіктеуге әл-дәрмені қалмаса да шамасы жеткенше отырып намазын оқыған.

Осман Нұри Топбаш

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат