Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бурхан Абдулхаким: Алла Елшісінің (ﷺ) қоғам өкілдерімен қарым-қатынасынан алатын үлгіміз

24.01.2015 1838 0 пікір

Алла Елшісінің (ﷺ) қоғам өкілдерімен қарым-қатынасынан алатын үлгіміз

 

Балалармен қарым-қатынасы

Алла елшісі (ﷺ) балаларды жақсы көретін және оларға мейірім, шапағат көзімен қарайтын. Ата-аналарды балаларының мәселелерін шешуде олардың деңгейіне түсіп, мұң-мұқтажын мұқият тыңдауға үгіттейтін. Пайғамбар (ﷺ) балаларды құшағына алатын, сүйетін және олармен бірге ойнайтын. Бірде Пайғамбардың (ﷺ) немересі Хасанды сүйгенін көрген Акра бин Хабис есімді сахаба: «Сіз де балаларды сүйесіз бе? Менің он балам бар, ешқайсысын сүйген емеспін» дейді. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «Мейірім көрсетпейінше, мейірім көрмейсің[1]» деп, балаларды сүюдің өзі мейірімділіктің белгісі екенін ескертеді. Басқа бір жағдайда Пайғамбарға (ﷺ)  «Сіз де балаларды сүйесіз бе?» - деген кісіге «Алла жүрегіңнен мейірімді алған болса, мен не істей аламын?» - деп, жауап бергені айтылады. Пайғамбар (ﷺ) қандай жағдайда болмасын балаларының бетін қайтармауға тырысатын. Хадистерде Алла елшісінің  (ﷺ) немересін құшақтап мешітке келгені, намаз басталғанда немересін жерге отырғызып өзі намазға тұрып, сәждеге кеткен кезде баланың оның арқасына асылғандығынан сәждені ұзартқаны айтылады[2].

Пайғамбарымыз (ﷺ) балалардың қасынан өтіп бара жатып оларға сәлем беретін, жағдайларын сұрайтын, олармен үлкен кісімен сөйлескендей сөйлесетін. Балаларына, немерелеріне өздері жақсы көретін лақап аттарын қойып үстіне мінгізіп ойнататын, олармен әзілдесіп, шаттық сыйлауға тырысатын. Осы үшін де Алла елшісін (ﷺ) балалар қатты жақсы көретін. Сапардан оралған сәтте бәрі шулап алдынан күтіп алатын. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) Мединеде Абу Аюб ал-Ансаридың үйіне қонаққа бара жатқанда Наджар тайпасының кішкентай қыздары Пайғамбардың алдынан шығып, өлең айтып береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) күлімсіреп: «Сендер мені жақсы көресіңдер ма?» деп сұрайды, олар: «Иә, Алланың елшісі!» дейді. Бұл жауаптарына Пайғамбарымыз (ﷺ) да: «Алланың атымен ант етемін. Мен де сендерді жақсы көремін!» - деп, үш рет қайталайды.[3]

Пайғамбардың (ﷺ) дәуірінде балалар қоғамның бір бөлігі болып саналатын. Айт, Құрбан мейрамдары кезінде олар да ата-анасымен мешітке келетін, мерекелік іс-шараларға қатысатын. Пайғамбардың (ﷺ) кезінде мешітке еркектер мен қоса әйелдер де келіп намаз оқитын. Кейбір әйелдер мешітке балаларын да ертіп әкелетін. Кейде намаз үстінде баланың жылаған даусын естігенде Алла елшісі (ﷺ) сәбидің көп жылап қиналмауы үшін қысқа сүре оқып намазды тезірек бітіруге тырасатын.

Хижраның тоғызыншы жылы Медине қаласына 70-80 адамдық Бани Тамим тайпасынан делегация келеді. Олардың арасында жас бала Амр бин Ахтам да болатын. Делегация басшылары баланы түйелердің басына қарауыл қылып тастап,  өздері Алла елшісімен (ﷺ) кездесуге барады. Пайғамбар (ﷺ) өз үрдісі бойынша келген делегация мүшелерінің барлығына сыйлық таратып шығады. Әдетінше араларында сыйлық алмай қалған адам бар ма деа сұрайды. Делегация мүшелері түйелерін қарауылдапқалған кішкентай баладан басқасының барлығы сыйлық алғандығын айтады. Мұны естіген мейірім Пайғамбары (ﷺ) ол баланың да отырысқа келуін сұрайды. Алайда, Қайыс бин Асым атты Бани Тамим тайпасының адамы ол баланың әке тарапынан құрметі жоқ екенін білдіреді. Сонда Алла елішісі (ﷺ): «Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Ол делегациямен бірге келді және сыйлықтан өз үлесін алуға оның да құқығы бар» деп, баланы шақырып оған өз хақысын береді.[4]   

Сондай-ақ Алла елшісі (ﷺ): «Алладан қорқыңыздар. Балаларыңыз арасында әділетті болыңыздар!»[5] деп, ата-аналарға балалары арасында қыз-еркек, әлсіз-күшті деп бөлмей, бәрін тең көруге бұйыратын.

 

Жастармен қарым-қатынасы

Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандардың тек бірнешесі 50 жас жуығында, тағы біршамасы 35 жас аймағында болатын. Ал қалған иман келтіргендердің барлығы дерлік 30-дан төмен жастардан құралатын. Сол себепті бастапқы кездерде Исламның күшеюінде, жан-жаққа таралуында мұсылман жастарының рөлі өте зор еді. Алла елшісі (ﷺ)  жастармен көп жұмыс істейтін, жастарынының кішілігіне қарамастан олармен ақылдасып, жауапты қызметтер беретін. Мысалы, Пайғамбар (ﷺ)  уахиді жаздыру үшін жазушыларды көбіне жастардан алатын, және жазу-сызу сауаты барларын сахабарларға ұстаз қылып тағайындайтын. Кейде оларға өзі бола тұрса да мәселелерге пәтуа беруге рұқсат бергізетін.

Соғыс кездерінде арасында Омар бин Хаттаб, Абу Бакр Сыддық сынды үлкен сахабалар болған әскердің өзіне жастарды қолбасшы қылып тағайындағаны туралы хабарлар бар. Ту көтеріп жүру құрметін де көбіне жастарға беретін. Мәселен Табук жорығында Зайд бин Сабитке, Бәдір соғысында хазіреті Алиге туды өз қолымен ұстатқан болатын. Ал 18 жастағы Ұсама бин Зәйдты Сирияға жіберген әскерге бас қолбасшы қылып тағайындағаны айтылады.

Алла елшісі (ﷺ) қарттық есік қақпай тұрып жастық дәуреннің қадірін білуге, бойда күш болып тұрған кезде білім-ғылым алып қалуға, уақытты барынша пайдалы өткізуге шақыратын. 

 

Қарттармен қарым-қатынасы

 «Кішкентайларымызға мейірім етпеген, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес!»[6] деген хадисі арқылы Пайғамбарымыз (ﷺ) жасы кішілерге мейіріммен, жасы үлкендерге құрметпен қарауды бұйыратын. Жастардың үлкендерді сыйлауға құштарлығын ояту мақсатында Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде кім бір адамға оның жасының үлкендігі үшін құрмет көрсетсе, Алла Тағала оған да қарттық шағында қызмет ететін біреуді нәсіп етеді»[7] - дейтін.

Пайғамбардың (ﷺ)  өзі де үлкендерге көп құрмет көрсететін, оларға мейірім көзімен қарайтын. Бұған мысал, Меккенің алынуы кезінде Абу Бәкр жасы жүзге жуықтап қалған әкесін Пайғамбардың (ﷺ) құзырына әкеледі. Бұны көріп ыңғайсызданған Алла елшісі (ﷺ) Әбу Бәкрге: «Қарт әкеңді үйіңде қалдырсаң, мен өзім барып зиярат ететін едім ғой» - деп, қазыналы қарттарға құрмет көрсетудің аса маңызды екендігін аңғартады.

Үлкендерге құрмет көрсету ата-анамыздан басталуы қажет. Құран Кәрімде де Алла Тағалаға құлшылықтан кейін бірден ата-анаға құрмет көрсетуге әмір етеді. Пайғамбар (ﷺ) да өз хадисінде адамға ең пайдалы амалдарды тізгенде, әуелі уақытында оқылған намаз, одан кейін ата-анаға жақсылық жасаудың келетінін айтады. Сондай-ақ ең ауыр күнәнің де Аллаға серік қосқаннан кейін ата-анаға құрметсіздік көрсету екендігін ескертеді.

 

Әйелдердермен қарым-қатынасы

Исламға дейінгі надандық дәуірінде әйелдердің жағдайы өте аянышты еді. Олардың қоғамдағы қарапайым құқықтары қорғалмайтын, мирас та берілмейтін. Міне, осындай әйелдерге қатысты жағымсыз стереотиптерді Алла елшісі (ﷺ) өзіне келген пайғамбарлық қызметі арқылы бір жолата жойды. Пайғамбар (ﷺ) әйелдерді ер адамдар секілді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танитын. Ер кісілерге өз әйелдеріне сатып алған мүлкі не күңі ретінде емес балаларының анасы, отбасысының тірегі ретінде қарауын насихаттайтын. Бұл тұрғыда Алла елшісі (ﷺ): «Дүние бір өткінші өмір және бұл өткінші өмірдің ең жақсы нығметі ол – жақсы әйел», - деу арқылы әйелдің ер ксінің өміріндегі маңызын атап өтеді.

Пайғамбар (ﷺ) өз әйелдерін ұратындар жайлы: «Сендер күндіз әйелдерін құл секілді ұрып, түнде қастарына келіп жататындар сынды болмаңдар»[8], - деп әйелді ұруға тыйым салатын. «Мұсылмандардың иманы ең толық болғандары – көркем мінезді болғандары. Ал ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізбен жақсы болғандарыңыз»[9] - дейтін.

Алла елшісі (ﷺ) Құран мен сүннетті үйретуде де әйел-еркек деп ажыратпайтын.  Өзіне келіп жатқан уахиды бәріне бірдей жеткізетін. Әйелдерге бөлек күндер айырып сол күндерде оларға дәріс беретін.

Пайғамбар (ﷺ) заманында әйел ұстаздар да бар еді. Алла елшісі (ﷺ) әйелдерінің ішінен Хафса анамызға жазу-сызу үйреткен болатын. Үй ішінде де Пайғамбардың (ﷺ) әйелдері қыздарына, ал олар өздерінің құрбыларына білім үйрететін. Осылайша барша мұсылман әйелдер білім алатын.

Алла елшісі (ﷺ) үйінде жұбайларымен өте жұмсақ болатын. Олармен сәті түссе әзілдесетін, ойнайтын (Айша анамызбен жүгіріп жарысқаны туралы деректерде айтылады). Кейбір мәселелерде олармен ақылдасатын.

 

Жетімдермен қарым-қатынасы

Пайғамбардың (ﷺ) өзі анасының құрсағында алты айлық кезінде әкесінен, алты жасында анасынан айрылған жетім болатын. Сондықтан Алла елшісі (ﷺ) жетімдердің ішкі сезімдерін, мұң-мұқтажын басқаларға қарағанда жақсы түсінетін. Пайғамбардың (ﷺ) жетімдерге деген қамқорлығын оның өзіне қызметші ретінде берілген Анас бин Маликпен арақатынасынан жақсы ұғуға болады. Сол себепті Алла елшісінің (ﷺ) көркем мінез-құлқы, адамдармен әсіресе жетім балалармен әдемі қарым-қатынасы туралы хадистердің көбісі Анас бин Маликтен жеткен. Анас қанша жыл қызмет етсе де, Алла елшісінің (ﷺ) оған бір рет те ұрысып не жекіп сөйлемегенін айтады. Тіпті Анастың қателігі үшін ескерту айтып жатқан әйелдеріне «Балаға тиіспеңдер!», - деп араша түсетін.

Жалпы, Пайғамбарымыздан (ﷺ) жетімдерге қамқорлық көрсету, оларға мейірімді болу тұрғысында көптеген хадистер жеткен. Соның біршамасына тоқталайық.

Жетімдерге жақсы қатынаста болуға адамдардың құштарлығын ояту мақсатында Алла елшісі (ﷺ): «Мұсылман үйлерінің ішіндегі ең жақсы үй – отбасында жетім болып, оған жақсы қарым-қатынаста болған үй. Ал ең жаманы болса, үйінде жетім болып оған нашар қарым-қатынаста болған үй»[10] дейді.

Бірде Алла елшісі (ﷺ) әкесі Ұхыд соғысында шейіт болған Башир бин Акраба атты баланы көру үшін үйіне барады. Үйінде жылап отырған Баширды көріп Алла елшісі (ﷺ): «Жылама, мен сенің әкең, ал Айша сенің анаң болуын қалайсың ба?», - деп баланы жұбатады. Башир бұған «Иә» деп жауап береді[11].

Пайғамбар (ﷺ) жетімдерге қамқор болудың өзі діни қызмет екенін айтып, оларға мейірім танытқан адамдарға Ақыретте үлкен сыйлықтар бар екенін хабарлайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір сөзінде: «Кімде-кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиген шаштың көлеміндей оған сауап жазылады. Кімде-кім жанындағы жетім балаға не қызға жақсы қарым-қатынаста болса, мен ол адаммен Жұмақта мына екі саусақтай боламыз»[12], -деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын бір-біріне тигізіп көрсетеді.

Бірде өзінің жүрегінің қаттылығын, мейірімсіздігін шағымданып келген кісіге Алла Елшісі (ﷺ) жетімге қамқорлық жасап, мейірім көрсетуді, оның басын сипап, өзі жеген тамақтан оған да жегізуді өсиет еткен екен. Міне, бұл да болса жетімге қамқорлық көрсетудің қатайған жүректерді жібітетін қуатқа ие екендігіне дәлел болса керек?!

 

Аударған: Бурхан Абдулхаким



[1] Бұхари, 7-75.

[2] Ибн Ханбал, 6-467. Бұхари, 7, 75-75.

[3] Диярбакыр, Хамыс тарихы. Мысыр, 1302, 1-385.

 

[5] Бұхари, 3, 133-134.

[6] Ибн Ханбал, 2-185.

[7] Тирмизи, 4-372.

[8] Мүслим, «Жәннат» 49.

[9] Абу Дауд, «Сүннет» 15.

[10] Ибн Мажа, 2-1213.

[11] Бұхари, «Ат-Тарих ул-Кабир». Хайдарабад 1941, 2-78.

[12] Ибн Ханбал, 5-250.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат