Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық болуын көздейді

23.01.2015 1806 0 пікір

Ахметжан қажы Керімбек,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы 

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық болуын көздейді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күллі әлем мұсылмандарының наразылығын тудырған Франциядағы «Charlie Hebdo» журналы редакциясында орын алған оқиғаға байланысты  өз ұстанымын білдіріп, арнайы мәлімдеме жасады.

Өз мәлімдемесінде ҚМДБ-ының Төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі Франциядағы  «Charlie Hebdo» журналы редакциясында болған оқиғаға алаңдаушылық білдірді және жергілікті жұртшылықты сабырлыққа шақырды.

Қазіргі кезде еліміз дүниежүзіне ынтымақты, бейбітшілікті ту еткен бірден бір мемлекет ретінде танылып отыр. Діндераралық татулық, этносаралық келісім – қашанда еліміздегі басты ұстанымдардың қатарында тұрады. Сондықтан да барша азаматтарды сабырлылыққа, төзімділікке шақыру, тұрақты түрде өркениетті жолды қарастыру – еліміз үшін аса маңызды.

Ұлы Құдіретті Жаратушы Иеміз Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әл-Ғимран» сүресінің 103 аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», — дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш рет былай деп қайталаған: «Сендерге жамағатты өсиет етемін. Бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғыз бастылармен бірге болады. Екі кісіден алыс жүреді. Кім жәннаттың ортасын қаласа, жамағаттан бөлінбесін. Кімді істеген жақсылығы қуантып, жамандығынан жеркенсе, міне сол нағыз мүмін», — делінген» (Муслим).

Ардақты ағайын! Құрметті мұсылман бауырлар!

Бейбітшіліксүйгіш қасиетті Ислам діні қоғамда тыныштық болуын көздейді, пендені имандылыққа шақырады, ізгілікке тәрбиелейді. Асыл дініміздегі басты бағыт, берік байлам, ұтқырлы ұстаным осыны көздейді.  

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оған қарасты еліміздегі мешіттер кез келген экстремистік көріністерді және лаңкестік іс-әрекеттерді қолдамайды.

Оңтүстікқазақстандық күллі мұсылман қауымының атынан Алла тағаладан жер бетінде тыныштық орнатуын тілейміз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат