Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Асылхан қажы Өмірзақұлы: Тұжырымдамадан түйгеніміз

21.01.2015 2055 0 пікір

Жақында жарияланған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасында еліміз үшін, әсіресе дін саласында кезек күттірмей атқарылуы керек болған аса маңызыды мәселелерді көтерген екен. Қашаннан да әр кезеңнің, әр заманның өзіндік талабы мен сұранысы болатыны белгілі. Тұжырымдамада қозғалған мәселелер дәл бүгінгі күнімізде туындап отырған жағдаяттарды реттеп, сан түрлі түйткілдердің түйінін шешуде маңызы зор болмақ деп ойлаймыз. Еліміздегі мұсылман жұртшылығының ұйытқысы болған ҚМБД-ның көтеріп отырған мәселелелерінің барлығы да аса маңызды. Соның ішінде көңілімізге қуаныш ұялатып, рухымызды серпілтіп тастаған нәрсе ол ағартушылық саласына деген бөлінген көңіл.

Жалпы ғылым-білім қай заманда да барлық саланың алдында тұратыны белгілі. Демек қандай да бір мәселенің шешімін осы ғылым саласына көңіл бөлуден бастау қажет болады деген сөз. Адамзат тарихына ой жүгіртер болсақ, мәселен Мұса (а.с.) пайғамбардың заманында сиқыр ілімі айрықша дамыған еді. Соған орай пайғамбарлығының дәлелі ретінде Мұсаны (а.с.) ең үздік деген сиқыршыларың өзін шаңына ілестірмей кететіндей бір мұғжизамен жіберді. Дәл сол секілді одан кейінгі кезеңде жіберілген Иса (а.с.) пайғамбардың заманында сол қоғамда емшілік, яғни медицина саласы алдыңғы қатарға шыққан болатын. Сондықтан да Иса (а.с.) пайғамбардың мұғжизасы кейбір ауруларды сипай салып қана емдеп жазу болды. Одан кейінгі кезекте ақырғы пайғамбар, ақиық елші Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) пайғамбарымыздың пайғамбар болып келетін қоғамы тіл өнері, әдебиет саласы аса маңызға ие болған қоғам болатын. Сол себептен Алла елшісінің мұғжизасы қасиетті Құран кәрім болды. Ғалымдардың айтуынша Пайғамбарымыздың мұғжизаларының ішіндегі ең үлкені осы Құран кәрім. Расында солай. Осы бір ғажайып кітап жер бетіне түскелі адамзат баласы одан руханиятты керегінше алуда. Соған қарамастан бұл кітаптың жарық нұры сарқылар емес. Керісінше ғасырдан ғасырға жасарып келеді. Бұл жерде баса назар аударатын бір мәселе алып келген шариғаты қияметке қайымға дейін жалғасатын ақырғы пайғамбардың мұғжизасының осы ғылым-білім саласына тікелей қатысты болуы. Демек ғылым маңыздылығы тұрғысынан барлық саладан бұрын тұрады. Қазақта да «Өнер алды – қызыл тіл» демейтін бе еді?

Құран кәрім басқа иләһи кітаптар секілді бас-аяғы бірдегеннен басы бүтін түсе салған жоқ. Аттай жиырма үш жыл бойы кезең-кезеңімен, белгілі бір жағдайларға байланысты белгілі бір уақыттарда бірте-бірте түсті. Мұны айтып отырған себебіміз қасиетті Құранның алғаш түскен аяты бар әрі соңғы түскен аяты немесе сүресі бар. Енді Құранның алғашқы түскен аяты баршамызға белгілі. Алақ сүресінің алғашқы бес аяты: «Оқы! (Бар әлемді) жаратқан Раббыңның атымен. Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, Раббың аса ардақты. Ол қаламмен жазуды үйреткен. Адамзатқа білмегенін үйреткен». Дініміз Исламда көптеген аса маңызды мәселелер бар. Алайда алғашқы аяттың ғылым-білімге тікелей қатысты болуы бұл оның бүкіл нәрсенің алдында тұратындығын нақтылай түспек. Сонымен қатар осы аталған бес аятты мұқият зерделеп қарайтын болсаңыз ілімге қатысты бес етістік қолданылған. Ғалымдардың айтуынша Құранда бір сөз екі немесе одан да көп мәрте қайталанар болса, Ұлы Жаратушымыздың ол нәрсеге пенделерінің назарын ерекше аудартуды қалағанын білдіреді.

Адамзат баласына екі дүние бақытын сүйіншілейтін Ислам діні жер бетіне келгелі жер беті жарық нұрға бөлене бастады. Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәсе­ле­лерін де оп-оңай шеше бастады. Мұның бірден-бір себебі дініміз білімге негізделген болатын. Ілім – жәннатқа апарар жол, жат елде дос, жалғыздықта сырлас. Ілім адам үшін екі дүниеде де құтылу жолы, дұшпанға қарсы қалқан. Ислам әлемінің айтулы ғалымы, ел арасында «хужжәтуль Ислам» (Исламның құжаты, тірі дәлелі) деген лақап атпен танымал болған хазірет имам Ғазали ілімнің құндылығын былайша түсідіреді: «Адамның басқа мақұлықтардан үстемдігі ілімде, күш-қуатта емес. Өйткені түйе адамдардан күштірек. Үстемдік ірілік тұрғысынан да емес. Өйткені піл адамдардан ірі. Батылдық тұрғысынан да емес. Өйткені арыстанның батылдығы адамның батылдығынан әлдеқайда басымырақ. Көп жеуде де емес. Өйткені бұқаның қарны адамның асқазанынан үлкенірек. Сондықтан ілім үстемдігі өте жоғары нәрсе» деген.

Ислам әлемі орта ғасырларда ғылымды шарықтатып дамытып, көптеген ғылым салаларында жаңалық ашылды. Оның себебі о баста пайғамбарымыз он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмыл­дырған игі бастамасы. Осылайша алғашқы ілім ошағы пайғамбар мешітімен (мәсжидуль Нәбәуи) басталған болатын. Кейіннен 830 жылы халифа әл-Мәмун тұр­ғызған Бағдаттағы әйгілі «Бәйтул-хикмә» (Даналық ордасы)  орталығы осының бірі. «Бәйтул-хикмә» аударма орталығы болатын − кітапхана, сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті «Бәйтул-хикмаға» қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде кең тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған.

Әмәуилер кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңін­де тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түс­кен. Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалуссия әмәуилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтер­ген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәде­ниет­тің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан.

Мінекей, Ислам тарихына зерделей қарап, көз жүгіртер болсақ ілім-білім саласы жан-жақты шешілген қоғамның басқа да түйткілдері өзінен-өзі шешіліп, сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайы жақсаратынын көреміз. Қазіргі таңда еліміз Қазақстан Аллаға сансыз шүкір әлемге танылып, біршама елдермен бір дәрежеде сөйлесе алатындай деңгейге жетті. Алайда руханият жағынан әлде де ақсап жатқан жақтарымыз біршама. Сондықтан да ҚМДБ-ның қарамағындағы имамдар мен исламтанушы, дінтанушы мамандарымыздың мойнына үлкен салмақ түсіп отыр деп ойлаймыз. Халқымыздың руханиятының, имандылығының жақсаруы жолында талмай қызмет ету тікелей біздерге міндет болып отыр. Осы орайда ҚМДБ-ның 2020-ға дейінгі даму тұжырымдамасында білікті мамандар дайындау, білім беру жүйесін жақсарту, кадрлық діни ахуалды тұрақтандыру үшін тиісті кадрлық резерв құру жоспарлануда екені айтылған екен. Бұл расында көңіл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар бүгінгі күні діни маманның қазіргі заманға сай біліммен жасақталған әрі зайырлы қоғамның да талап-мүдделерін дұрыс түсіне білетін тұлғаға айналдыру да қарастырылған.

Тұжырымдамада қарастырылған тағы бір аса маңызды мәселе, ана тіліміздегі діни әдебиеттердің тапшылығы. Осы мәселені шешу үшін ҚМБД жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оған аудармашы мамандарды тарту көзделіп отыр. Сол арқылы дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілген. Оған қоса ҚМБД жанынан баспа ашып, діни әдебиеттерді көптеп шығару жұмыстарын бір ізге келтіру назарға алынып отыр.

Елімізде діни кадр дайындайтын бірқатар медреселердің оқу бағдарламаларын әл-Азһар университетінің колледжінің оқу бағдарламасына сәйкестендіріп, нострификациялауды ҚМБД-ның көздеп отырғандығы тұжырымдамада айтылған. Бұл да жақсы жаңалық.

Осындай игі істердің жаршысы болған ҚМБД-ның осы бастамаларына ел азаматы ретінде әрбіріміз қолдау білдіріп, қолдан келер үлесімізді қосуға мүдделіміз деп ойлаймын. Себебі қоғамның игілігі үшін атқарылатын мұндай үлкен шаруалар бір адамның немесе бір мекеменің кірісуімен шешіле салмайтыны белгілі. Алла тағала бізді әрдайым осындай Өзінің жолында қолданып, ақиқат діннің қамымен ғұмыр кешуді нәсіп етсін. Іске сәт дейміз.

Асылхан қажы Өмірзақұлы,
Алматы қаласы, әл-Хамид мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат