Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Тұрар ӘБУОВ: Дәстүріміздің негізі дінімізде

26.12.2013 2419 0 пікір

Тұрар ӘБУОВ,
«Сырдария-Руханият» қоғамдық
қорының төрағасы,
Қызылорда облыстық
діни кеңес беру орталығының жетекшісі

Қазақ тарихы ерте заманнан басталатын байырғы халық. Көнеден бүгінге дейін жеткен өзіндік мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Қазақ жеріне Исламның келгеніне он екі ғасырдан асқандығын, ұлтымыздың мың жылдан астам уақыт Ислам дінінің қағидаларын ұстанып өмір сүргендігін ескерсек, халықтың өн бойына сіңісті болған әдет-ғұрып пен дәстүрімізге ерекше мән берілу қажеттілігі айқындалады. Себебі, дәстүр халықтың рухани танымының күнделікті тыныс-тіршілігі мен іс-жүзіндегі бірден-бір көрінісі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уа саллам өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысы жайлы: «Менімен менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы үй тұрғызған бір кісі сияқты. Әдемі көркем етіп салады, тек бір бұрышында бір кірпіштің орны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп ұнатып: «Әттең мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш Мен боламын», – деген екен. Көріп отырғанымыздай, Пайғамбар (с.ғ.с.): «мен сол үйді бұзып, қайта тұрғызушымын» деген жоқ, керісінше, «толықтырушымын, аяқтаушымын», деп айтты. Мұның өзі асыл дініміздің адамзат қоғамында бұрыннан қалыптасқан ізгілік үлгілерін қиратушы емес, керісінше, толықтырушы екендігін білдіреді.

Сондықтан егер дін мұраттарын жолын өмірімізге енгіземіз десек, алдымен Құран мен Сүннетке қызмет жасаған ғұлама бабаларымыздың мұрагері ретінде әрі өмірін дін даналығымен өрнектеген дана халықтың ұрпағы ретінде сол баһадүр бабалардан қалған сара жол, даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып кемелдендіруіміз керек. Әйтпесе, дәстүрді мансұқтау дегеніміз, дайын үйді бұзып далада қалумен бірдей.

Ұлттың құндылығы мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, ұлттың біртұтас болмысын құрайды. Ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан.

«Тәрбие ана құрсағында жатқаннан басталуы керек» дейді педагог-ғалымдар. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», – бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Мәселен, мәйітке деген құрметке тоқталсақ, мұндағы басты мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап өтіп, мал союда емес, ағайын-туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда жатыр. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Баян-Өлкеден Баянауылға келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе, мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі Қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Мұның өзі мұсылманшылықпен қабысып жатқан жоралғы.

Біз әке тұрып ұл сөйлегеннен безетін, ата-ененің қалауын қабағынан сезетін, ата-анасы жынды болса, байлап бағатын, қолдағыны бөліп беріп көрші мен қонақтың көңілін табатын, қызына қырық үйден тыйым салатын, тағы да басқа көптеген мүміннің сипаты, мұсылманның мұраты саналатын асыл қасиеттерді отбасы ошақ қасында бойға сіңіретін салт-дәстүрі бар халықпыз. Атадан мұра болып қалған нақыл сөздер мен өлең-жырлардың имандылыққа баулуда алар орны айрықша. Солардың бірнешеуіне тоқталар болсақ, мысалы,

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,

Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп, – деп әһлі сүннәнің ақидасын өлеңмен өрнектеген Мәшһүр Жүсіпті,

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Бізден бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын, үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер! –деген Шортанбайды,

Қараңғы қабірде жатпақ қиын,

Таңла мақшар болады ұлы жиын.

Намаз, ораза, ғибадат бек пайдалы,

Алладан тілек қылып, күнде сыйын.

Жігіттер, өлім – рас маған нансаң,

Ораза ұста, намаз оқы, тілімді алсаң.

Ораза ұстамай, намазды оқымасаң,

Әрине, күнәсі не, өлмей қалсаң – деп ақыретті еске салған Шал ақынды,

Алла деген ар болмас,

Алла деген пенделер,

Еш нәрсеге зар болмас, – деп Аллаға арқа сүйеуге  шақырған Бұхар жырауды ақиқат жолынан адасқан деп кім айта алады?

«Хужжатул-Ислам» яғни «Исламның анық дәлелі» атанған Имам Ғазали артында өшпес мұра қалдырған мәшһүр ғұлама екендігі баршамызға белгілі. Оның  еңбектерінің ішіндегі ең көлемдісі әрі елге танымалы «Ихия улумид-дин» кітабы болып саналады. Иман, ғибадат, мінез-құлық тақуалық, нәпсі тәрбиесі, әдеп сияқты тақырыптарды қамтыған осы кітаптың тамақтану және қонақ күту бөлімінде мынадай әдептер қамтылған: қолға су құю, тамақты жасы үлкен, абыройлы кісінің бастауы, қонақтан алдын ала сұрамастан тағам әкелу, мүмкін болғанша дастарқанға қонаққа қойылатын барлық ас түрін әкелу, үй иесінің тамақты соңынан аяқтауы, табақтың өзіне жақын жерінен жеуі, асқа, нанға деген құрмет, тамақты ортақ табақтан жеу, табақ алынбайынша тұрып кетпеу, қонақтың ас иесіне дұға жасап бата беруі, тамақтан соң қолға су құю және т.б.

Қорыта айтқанда, Имам Ғазали келтірген осы мұсылмандық әдептерінің  барлығы дерлік ұлттық тәрбиеден сусындаған қазақтың әрбір ұл-қызының бойынан табылады.

Жуырда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ұлттық салт-сана мен асыл дініміздің тығыз байланысын баяндайтын «Дін мен дәстүр» атты құнды еңбек қалың оқырманға жол тартты. Бұл нағыз көзбен оқып, көңілге тоқитын кітап. Онда дәстүріміз дінмен сабақтастырылған, шариғи үкімдермен айқындалған, қасиетті Құран аяттарымен, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерімен дәйектелген. Осындай еңбегі арқылы халықты діни білім нәрімен сусындатып жатқан Бас мүфтиімізге Алла разы болсын!

Лайым, қашанда дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, ата-баба жолынан тағылым, өнеге алатын өрелі ұрпақ болып қала берейік.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат