Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Талғат ОМАРОВ: Алған асу аз емес, бағындырар белес көп

25.12.2013 2155 0 пікір

                                                            Білім мен білік ұштасса...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі биылғы жылды жоғары көрсеткіштермен, жақсы нәтижелермен қорытындылады. Алайда алған асулар көп болғанымен, болашақта бағындырар белестер аз емес.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет имамдардың білімі мен білігінің сапалы болуына маңыз беруде. Өйткені, Ислам тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуға үндейтін ғылым діні. Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша имам-молдалар арнайы біліктілікті арттыру семинарынан өтті. Адасқан ағымдардың ықпалына түсіп қалған жастарды бұл тығырықтан алып шығу үшін ең алдымен имамға қойылар талап пен міндет орасан зор. Дін қызметкерлерінің біліммен қарулануы аса маңызды. Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі «Құддыс ишан» мешітінде Сырдария ауданына қарасты ауыл мен қала имамдары бір айлық білім жетілдіру семинарына қатысты. Семинар мақсаты тек білім арттыру емес, бұл – имамдардың өзара танысып, тәжірибе алмасуына ашылған үлкен мүмкіндік. Әйгілі әл-Әзһар университетінің түлегі Мейрамбек Жәмиев имамдарымыздың білімін шыңдап, сауатын арттыруға үлес қосты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғалымдар тобы облысымызға арнайы келіп, имамдарға дәріс жүргізді. Облыс бойынша 208 имам діни һәм дүниеуи пәндер бойынша 455 сағат дәріс тыңдады. Бұдан бөлек еліміздің білікті ғалымдары облыстағы имамдарға «Скайп» жүйесі арқылы сабақ берді. Технологияның тиімді тәсілімен дәріс беру республика бойынша тұңғыш рет өңірімізде жүзеге асты.   


                                                           4 күнде – 40 кездесу

Елді елдікке, бірлікке, имандылыққа шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде насихат жұмысының маңызы ерекше. Бүгінде имамдар бірнеше мекемелер мен мектептерді аралап насихат жұмыстарын жандандыра түсті. Облыс деңгейінде жергілікті ақпаратты-насихат тобы құрылып, жер-жерлердегі кездесулерде, дөңгелек үстелдерде уағыз-насихат айтылды. 4 топтан құрылған 15 имам 7 ауданда, 37 ауылда, 135 мекемеде халықты имандылыққа шақырды. Сексеуіл, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында 4 күнде 40 кездесу ұйымдастырылды. «4 күнде – 40 кездесу» ұранымен имандылыққа ұйыстырған ұшырасулар Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған аудандарында жалғасын тапты. Дін қызметкерлері ауылдарды аралап, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін руханиятқа шөліркеген халықты уағызбен сусындап, саналарына ізгілік дәнін сеуіп, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Уағыз барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, халық көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.


                                                    Интернеттің игілігін көріп келеміз

ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның дамыған заманы. Дін адамы осы игілікті Ислам насихаты үшін пайдаланып, меңгергені абзал. Осы бағытта имамдардың интернетті үйренуіне, әлеуметтік желілерде белсенді болуына көңіл бөліп келеміз. Атап айтқанда, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде сайт бөлімінің  ұйымдастыруымен  қала және аудан имамдары мен мешіт хатшыларына ғаламтордың тиімді тұстары түсіндірілген семинар-тренинг өтті. Игі бастама мен елеулі оқиғаның куәгері болған ҚМДБ Дін істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы халықтың діни сауатын ашу бағытында интернетті белсенді пайдалануға үндеді. Расында да ақпарат заманында өмірдің ағысымен жүріп, білімді жан-жақты дамытуымыз қажет.   
 Әлеуметтік желілерде жақсы пікір қалыптастыру – бүгінгі күннің талабы. Ғаламторда Ислам насихатының көкжиегін кеңейту – игі жұмыстарымыздың басты бағыттарының бірі.
Өткен жылы облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты ашылды. Осыған дейін сайтымызда түрлі тақырыпта 882 танымдық-ағарту, діни мақалалар жарияланып, 260 оң пікір жазылды. Осы сайтта болашағымыз саналған балалар беті ашылды. Аталған айдарда қызықты бейнероликтер, мультфильмдер жарық көруде.
Қазақ халқы қашан да сөз қадірін сезінген, сөзге тоқтаған шешен ұлт. Сайтымызда ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, поэзия және ұлағатты сөздер айдары жұмыс істеп келеді.    
 Біз бүгінде жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай, имам-молдаларға еліміздегі діни ахуалды жақсартуға үлес қосып қана қоймай, асыл дініміздің баға жетпес құндылықтарын жұртымыздың жүрегіне даналық жолмен ұялату жауапкершілігі жүктеліп отыр. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдарын еліміздің игілігі мен көркем уағыз-насихаттың қамы үшін барынша пайдалануға мүдделік танытуымыз тиіс. Адамдар ақпаратпен азықтанып отырған осы кезеңде біз де халқымызды рухани һәм пайдалы ақпаратпен сусындатуымыз аса қажет.     
Бұқаралық ақпарат құралдарының халыққа иманды өмірді насихаттаудағы мол мүмкіндігі мен ақпарат ғасырындағы маңызды рөлін ескере отырып, осы жылы Қызылорда облысы бойынша имам-молдалардың 226 мақаласы жарық көрсе, телеарналарға 64 рет сұхбат берілді.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен облыстық телеарнадан «Дін мен діл» бағдарламасы 3 жылдан бері тұрақты көрсетіліп келеді. Аталған бағдарламаға жергілікті дін қызметкерлерінен бөлек, республикамызға белгілі дінтанушылар, ҚМДБ-ның білікті мамандары қатысуда.

                                                       Бақытымыздың бастауы – Тәуелсіздік

Асыл дініміз Ислам – Отанды сүюге, халықтың әдет-ғұрпын қастерлеуге үндейтін кемел дін. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз талай зұлматты бастан кешті. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы еді. Бүгінде сан ғасырлар арман болған Тәуелсіздігімізге 22 жыл толды. Бұл – ынтымақтастық пен татулықтың күні. Осы айтулы мерекенің қадір-қасиетін түсіндіру, жастардың бойына отансүйгіштік секілді асыл сезімді қалыптастыру – баршаға ортақ аманат. Осы орайда Қызылорда облысының мешіт қызметкерлері Мәдина Ералиева атындағы Мәдениет үйінде «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерекелік рухани, ғибратты кеш өткізді. Оқушылар Тәуелсіздік туралы ән-жырдан шашу шашып, ел ағалары ақыл-кеңестерін, ізгі ниеттерін білдірді. Игі іс-шара барысында «Тәуелсіздік жолы» деп аталатын сахналық көрініс қойылды. Кештен әсер алған оқушылар рухтанып, қанаттанып қайтты.
Алла тағала тәуелсіздігімізді, бірлігіміз бен ынтымағымызды мәңгілік еткей! Жаратушы Иеміз жеткен жетістіктерімізге береке беріп, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болғай! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

                                                                                                                                  Талғат ОМАРОВ,
                                                                      ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы,
                                                                         орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат