Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ: «Жоғалған ұрпақ»

20.12.2013 2405 0 пікір

Оларды қауіпті ортадан қалай қайтаруға болады?

Дін – Жаратушы мен адам арасын жақындастырушы һәм байланыс­тырушы ілім. Десек те: «Біз шын құлшылық қылудың мәнісін білеміз бе?», «Құдай жолы ұғымын сана түкпіріне қаншалықты орнықтыра алып жүрміз?», «Шын ғибадат ұғымын қаншалықты түйсіне алдық?», «Дінімізді шариғаттың тар шеңберінде қарастыру арқылы иманымыз бен рухани тінімізді әлсіретіп алмадық па?» деген сауалдардың көп көкейінде туындайтыны белгілі. Әрине, дүние кеңістігін шарпыған рухани және діни дағдарыс, оның қазақ қоғамын айналып өтпеуі, діни ахуал төңірегіндегі шиеленістердің белең алуы, жұрттың жат діни ағымдардың иіріміне тартылған жастарға: «Бұларға өзі не жетпейді?» - деп алаң көңілмен қарауы осы тектес сауалдардың бой көтеруіне, Исламның рухани әлеміне тереңдеп барудың ел ішінде кемшін түсіп жатқанына, ендеше, бұған «жүрек көзімен» қайта қараудың мезгілі жеткеніне түрткі болуда.

Бүгінде әлем құбылмалы әрі тербелмелі күйді басынан кешіп тұр. Қазақ қоғамының да дүние кеңістігін шарпыған дәл осындай діни-рухани дағдарыстан алшақ кете алмайтыны түсінікті. Сондықтан, ел ішінде Исламды белгілі бір хадистер мен аяттар аясында түсіндірмек болған, тура жолдан адасып, ақыр аяғында «басын қай жарға соғарын білмей дағдарған» жандардың кездесуі біз үшін таңсық болудан, я таңданыс тудырудан қалды. Осы орайда, шынымен де, «оларға не жетпейді?» - деген сауалдың туындары анық. Әрине, бұған бір сөзбен, иманымыз бен рухани тініміздің әлсіреуінен деп жауап беруге де болады. Бірақ, бұл мәселенің «күрделену бағытына» қарай дамып бара жатқанын көріп, әсіредіншілдік көріністерге үрке қарауымызға түрткі бол­ған мұндай жайттардың иірімі сан-салалы, ал тамыры тереңде жатқанын аңғарамыз.

Ал, аға буын өкілдерінің жат ілімдердің жетегінде кеткен жастардың діни көзқарастарын ұғына алмай, бас шайқауының сыры неде? Адасқан ағым­дар­ға еліккен, өздері де ада­су­шы­лыққа бой алдырған жандарды қалыпты ортаға қалай қайтаруға болады? Бұл өткен ғасырда Батыс әлемінде пайда болған «жоғалған ұрпақ» ұғымын еске салмай ма? Біз лаңкестік ағымдарға бой ал­дыр­ған жастарға қатысты туындаған осындай сауалдарымызды Дін істері агенттігінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері, белгілі абайтанушы Асан Омаровқа қойып көрген едік. Ол болмыс-бағдары күмәнді ұйымдарға тартылған жастар Батыстың «жоғалған ұрпақ» ұғымын расымен еске салатынын айта келе, бұған қатысты өз ой-пайымын былайша жеткізді: «Жоғалған ұрпақ» ұғымы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс қоғамында дү­ниеге келді. Өйткені, қалыпты өмірдің ойран-ботқасы шықты – бүкіл Еуропа ешқандай ма­ғынасы жоқ соғыс өртіне оранды. Материалдық күйзеліске бұрын-соңды болмаған ой-сананың тентіреуі қосылды – бұл Еуропа елдерін «коммунизм елесі» кезген, атеистік идеялар асқынған кез еді. Өмірі ойпыл-тойпыл уақытқа тап келген бүтіндей бір ұрпақ осылайша «жоғалған» болатын».

А.Омаровтың айтуынша,­ біздің қоғамдағы мұндай сипаттағы түйткілдердің пайда болуына белгілі бір жайттар түрткі болған. «Құдай аласапы­ран дәуірде өмір сүруден сақта» демекші, Кеңес Одағы ыдыраған 90-жылдар қы­зыл империя құрамында бол­ған ешбір халыққа оңайға соқпағаны хақ. Дәстүрлі қо­ғамға тән ар-адамгершілік ұғымдарын тек пайда табуға жанталаса ұмтылған жыртқыш, жабайы капитализм аяғымен таптап өтті. Мейірім, ізгілік, адамгершілік қасиеттер сыртқа тебілді. Бейнелеп айтқанда, ақшаны әке, сауданы шеше дегізген және кедей бай болсам, бай құдай болсам дейтін жаңа идеология қалыптасты. Бұл жағдайда сойылдың ұшы санасы толысып үлгермеген жас ұрпаққа тиетіні, ауырдың астында солардың қалатыны өз-өзінен түсінікті ғой», дейді бұл турасында А.Омаров. Оның пікірінше, дүдәмал ағымдарға бой алдыратындардың кейінгі толқынның арасында жиі ұшы­расатыны – осының көрі­нісі. Бұл ретте ол: «Сол жас буынның бәріне топырақ ша­шудан аулақпыз, бірақ бай­қап отырсақ, өмір жолын таба алмағандар, бағытынан адас­қандар артқы толқын інілер арасында көбірек сияқтанады да тұрады. Кейбірі байлыққа құнықты, кейбірі талантын тәрк етіп, өмірден түңілді, талайы түрмеге тоғытылды, жат діни ағымға арбалғандары қаншама дегендей, өмір шындығында жаншылған, тапталған тағ­дыр­лар тым көптігін көзі барлар өздері де көреді. Әсіредіншілдік, суицид, некеден ажырасудың көбейе түсуі де осы­ның көріністері. Демек, «жо­ғалған ұрпақ» тіркесі айналымға енуге, өмір сүруге құқылы сияқты», дейді.

Ал біздің адасқан ағымдар­дың қармағына ілініп, өз саналарын улаған жастарды қауіпті ортадан қалай қайтаруға болады деген сауалымызға ол: «Менің білуімде, қатыгез уа­қыт­тың «құрбаны» болған, қазіргі жастары 25-35 аралы­ғын­дағы ұрпаққа қоғам тарапынан түсінушілікпен қа­рау­шылық жетіспей келеді. Ұлы Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», деген ұлағатын ескеріп, тілге тиек етілген жоғалған ұрпағымызды қамқорлыққа алу, оларға кезінде алмаған жан жылуын жеткізу қоғамның үлкен борышы деп ойлаймын», деп жауап берді.

Сонымен, Пайғамбарымыз­дың: «Еш нәрсеге, тіпті, дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс бе­рілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисін Құранды «теріс оқитын» жастардың санасы­на қалай құюға болады? «Біз сендерді орта жолды ұста­на­тын қауым қылдық…», деген қасиетті Құран Кәрімнің санамызға сәуле құятын тағы бір аятын түйсігімізбен қан­шалықты түсіне алып жүрміз? Бұл сауалдардың барлығына жауап іздеу, ең алдымен, қо­ғам­ды рухани сауықтыру үшін қажет.

Осы орайда, діни сананы қауіптің түр-түрінен қорғау мен оның алдын алудың жол­дары көп жағдайда қаза­қы дүниетанымға, ұлы ой­шыл­дардың ілімдерімен сусындауға да байланысты екенін естен шығармаған жөн. Мәселен, нағыз асылдың жасық дүниемен алмастырылуы, діни әрі рухани ілім мен танымда қандай да болмасын ауытқулар мен адасулардың орын алуы, шын дін мен шатақ діннің аражігін айыру турасында Шәкәрім қажының «Тура жолда қайғы тұрмас» деген өлеңінде жақсы айтылған:

«Таза ақылмен таппаған дін

Шын дін емес – жындылық.

Қармалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз, құлақ», –

десе тағы бірде:

«Таза діннің шын негізін,

Ұстаған бір пенде жоқ,

Дүние толған көп шатақ дін,

Бәрі бірдей шатпырақ», –

дейді Шәкәрім.

Бұл жайлы өз қара сөздерінде Абай да аз айтпаған. Ойшыл­дың иманды әлсіретпеу, ғи­бадат қылу, құлшылық ету, пен­денің тура жолы сынды мәселелерді сын елегі мен ой­ сүзгісінен өткізіп, «Құдай жолы», «таза мұсылман», «то­лық адам» ұғымдарының мә­нісіне тереңдеп баруы – осы­ның айғағы. Мәселен, Абай: «Егер не түрлі болса да, я дү­ниеңнен, я ақылыңнан, я ма­лыңнан ғадалет-шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы», деп түсіндіреді. Сондай-ақ, Абай: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүректің ісі», деп «тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» дегенді санаға сәуле ретінде құяды. Аят-хадистерде де: «Адамның ең жақсысы – өзгелерге пайдасы көп тиген адам», я болмаса «Ешкімге жамандық жасама, өзіңе де ешкімнің жамандық жасауына жол берме», деп көрсетілуі – бағыт-бағдары бұлыңғыр, мақсат-мүддесі көмескі ағымдардың жетегінде кеткен, «бұлыңғыр әлемде» өмір сүріп жүрген жастарға ой салар-ақ дүниелер. Себебі, Әл-Ғымран сүресі, 140-аятта да: «Алла залымдарды сүймейді», делінген емес пе?!

Ендеше, қоғамды рухани жағынан сауықтыру уақыт та­лабы туындатып отырған мәселеге айналды. Бұл ретте, қазақ жерінен тамыр тарт­қысы келген болмысы жат дінсымақтардың таралу үрді­сі­не белгілі бір деңгейде шек­теу қою, дін айналасында қордаланған түйіндерді тар­қату мақсатында белгілі бір жұмыстардың басы қайы­рылғанын айтпай кетуге болмас. Мәселен, тиісті өзгерістермен толыққан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заң қабылданғаннан кейін, осы заңның талап-ережесіне сәйкес, өткен жылдың қазан айында 4,5 мың діни бірлестікті қайта тіркеуден өткізу жұмыстары жүргізілді. «Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу» деу бір қарағанда оңай атқарылар шаруа, айтар ауызға жеңіл сөз болып көрінуі мүмкін. Десек те, ол әлі күрделі де қауырт жұ­мыстарды қажет ететінін сала мамандары түсініп отыр. Олардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы конфессияларды жіктеу жүйесі едәуір жетілдірілген. Егер Дін істері агенттігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде конфессиялардың нақты саны 46 емес, 17. Алғашқыда 4,5 мың болған діни бірлестіктің орнында 3088 діни бірлестік пен олардың филиалдары қалған. Ал тіркелген діни бірлестіктердің саны жағынан ислам діні – 72 пайызды, православие – 9 пайызды, католиктік – 3 пайызды, протестанттық – 14 пайызды, ал қалған конфессиялар 2 пайызды құраған.

 Әрине, бір қарағанда діни бірлестіктерді реттеу мен жүйелеу мақсатында жасалған жұмыс аз емес секілді. Десек те, шетелден келіп, қоғамдық санаға іріткі салуы ықтимал түрлі діни ағымдардың бақы­лаусыз енуіне тосқауыл қою, дәстүрлі емес конфессиялар мен теріс пиғылды діни бір­лестіктердің санын азайту, олар­дың тамырын кесу үшін бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсу қажет. Себебі, иманы жарым, діни сауаты төмен жастар теріс ағымдардың тұзағына оңай ілігетіні белгілі. Ондай жастар Ханафи мазхабын ұстанатын халықтың сан ғасырлық өзіне тән дәстүрлерін теріске шығаруды мақсат тұтады. Өйткені, жастардың арасында дініміз бен ұлттық құндылықтарды бір-біріне қарсы қою үдерісі белең алуда. Ондай жастардың ұстанымдары жекелеген Құран аяттары мен хадистерге негізделуімен қауіпті болып тұр. Бір ғана мысал: такфиршілер бес уақыт намаз оқымаған адамдардың барлығын кәпірлер деп ұқтырса, салафия ағымына тартылған жас­тар қайтыс болған адамдардың басына зиярат қылу, әулиелерді құрметтеу, белгілі бір салт-дәстүрлерді ұстану сияқты әрекеттерді күнә деп ұғып, ұлттық құндылықтарымызға өз кесірін тигізуде. Бұл ретте, дінді бетперде ретінде пайдаланып, теріс пиғылдарын жүзеге асырып жүрген, діни сауаты төмен жастарды «өз қамқорлығына алған» ағымдардың әлемдік деңгейдегі белгілі бір саяси күштердің «саяси жобасына» айналғанын да аңғару қиын емес.

Мәселен, соңғы уақытта дін саласының мамандары жас­тардың шетелдердегі тео­ло­гиялық оқу орындарында білім алу тетіктерін реттеу қа­жеттігіне де айрықша мән беруде. Мұны жастардың «сая­си жобаның субъектісіне» айналуының алдын алудан туған ой деп те түсінген жөн. Себебі, мамандардың пайымынша, кейбір шетелдік оқу орындарының ұстанған көз­қарастары мен ондағы «тәлім беретін ұстаздардың» пікір­лері исламның дәстүрлі Ханафи мазхабына кереғар келуі мүмкін. Әрине, шетелдің шын мәнісіндегі теологиялық оқу орындарында діни сауат ашудың маңыздылығы мен қажеттігін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, шетелге кеткен жастар бағдары күмәнді, пиғылы теріс, белгілі бір мүддені ғана көздеп, бір­жақты білім беретін діни оқу орындарының қармағына ілініп, «тура жол» деп адасып, «шаһидтік» идеяның қақ­панында қалмасына кім кепіл?! Сол секілді интернет желілерінде тарап, жұртқа үрей туғызған «Сирияға аттанған қазақтар» туралы ақпарат әлі де зерттей, зерделей түсуді қажет етуде. Әлбетте, қай өңірден, қанша адамның шыққанын анықтау – құқық қорғау органдарының мәселесі. Десек те, бұған интернет арқылы белең алған экстремистік сипаттағы ақпараттардың әсері барын ұмытпаған жөн. Себебі, ол жастардың басым бөлігі ғаламтор желісі арқылы мәлімет алып, уағызшысымақтардың дәрістерін тыңдап, солардың жетегінде кеткен азаматтар да болуы мүмкін.

Сондықтан, көзқарастары «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» делінетін иманның үш тұғырына мүлдем кереғар келетін жастардың алдымен өзіне қиянат жасайтын, кейін төңірегіне қауіп төндіретін әсіредіншілдік әрекеттері қоғам болып ойлануды қажет етеді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат