Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жомарт Кершеев: Азаттық - алашымның асыл қазынасы!

15.12.2013 2788 0 пікір

..Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық!

Талғат Ешенұлы 

 

Егеменді ел болу – алты Алаштың ғасырлар бойы аңсаған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы болса, бүгінгі қазақтың басына қонған бағы мен астына орнаған тағы.

Азаттық – тілге тиек етер ұлы тақырып.Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алады. Желтоқсанда жарқылдап, күллі жаһанға қазақтың қайраты мен айбынын танытқан жалынды жастардың қазаққа сый қылып тартқан азаттығы – осыған дәлел.

Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді. Артқа тастаған жиырма екі жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалардың саны көбейіп, білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдейе түсті. Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі азаттықтың арқасы, ата-баба мұрасымен қайта қауышқан қазақтықтың арқасы.

Егемендіктің таңы атқалы Тәңірдің жарылқауымен ТМД елдерінің көшбасында келеміз. Ешкімге жалтақтамай, басқаның жылтырағына елітпей еңсемізді түзеп, егемендігімізді нықтау үстіндеміз.

Алайда, тәуелсіздіктің туы көк аспанда желбірегенімен, тілдің байрағы бодандықта байлаулы қалып жатқаны да шындық. Жиындарда он қазақтың ортасында бір орыс отырса, бәрі оның шашбауын көтеріп, соның тілінде сайрай жөнеледі. Қызыл Кеңестің кезінде саясаттың қысымынан имендік деп ақталады.

Қазақ дінін – атаға, тілін – анаға теңеген халық. Олай болса, діні мен тілін жоғалтқан адам ата-анадан жетім қалған кісі сияқты.

Дін мен тіл – Тәуелсіздіктің түбірі һәм тұғыры. Ал, тұғырлы тәуелсіздіктің туын түсірмеу – азат елдің асылдарына аманат. Аманатқа қиянат жасау – опасыздық, әрі үлкен күнә. Бұл туралы Қасиетті Құранда:

وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ 

«Олар (мүмін-мұсылмандар) аманаттарын, уәделерін қорғаушы» («Муминун» сүресі, 8-аят), – делінген.

Әбу Хурайра (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпте: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір мәжілісте: «Қиямет қашан?», – деп сұрақ қойылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) сонда: «Аманат жойылса, қияметті күте бер», – деп жауап береді», – делінген.

Аманаттың жауапкершілігі өте үлкен, Алла тағала оны қорғауға, орындауға және оған зейінділік танытып, мұқият болуға  бұйырған. Аманатқа адал кісі мақталған, аманатқа опасыз адам датталған. Әрі, аманатқа қиянат жасамау – мүмін-мұсылманның сипаты екені айтылған.

Қазіргі таңда ғаламдағы барлық еңселі мемлекеттермен терезесі тең, иманға ұйыған егеменді елміз. Бұл бүгінгі елжанды ағалардың жанпидалығының арқасы. Аллаға мың да бір тәубе. Алдыңғы ұрпақ халық алдындағы азаматтық парызын өтеді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрды.

Алла тағала қасиетті Құранда:

 إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا مَابِأَنْفُسِهِمْ 

«Қай қауым өз жағдайын өзі өзгертпейінше, Аллаһ олардың жағдайын өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят), – дейді.

Егемендіктің ертеңі – бізге аманат. Өзімізден кейінгі ұрпаққа адалдықпен жеткізу жолында тер төгуіміз – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Ол барға қанағат, бүгінімізге шүкіршілік арқылы жүзеге аспақ.

«Ибраһим» сүресінің 7-аятында: «Егер (бергеніме) шүкір етсеңдер, Мен оларды арттырып беремін. Ал, күпір етсеңдер, әрине Менің азабым ауыр», – дейді.

Демек, Аллаһтың берген нығметтерінің жалғасымды болуы үшін және одан да үлкен нығметке, жетістіктерге жету үшін соған шүкіршілік ету қажет. Шүкір еткен пендесіне Аллаһ арттырамын деп уәде еткен, ал, күпір еткенге, яғни шүкірсіздікке салынғандарға азабының ауыр екенін ескертеді.

Аллаһ тағала халқымызды шүкір етушілерден етіп, тегеуріні теңдессіз тұлғалардың терімен жеткен Тәуелсіздігімізді баянды қылғай!

Жомарт Кершеев
"Нұр" Қазақ Египет Ислам университетінің 4-курс студенті 

Сурет kaznmu.kz сайтынан алынды

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат