Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ғайбат – екі дүниелік қасіретке себеп

12.12.2013 2687 0 пікір

Аллаһ сый етіп берген үлкен нығметтердің бірі тіл байлығы, яғни сөйлеу қабілеті.

Кемшілік атаулыдан пәк болған Аллаһ тағала «Рахман» сүресінде: «Аллаһ тағала адам баласына сөйлеуді үйретті», - дейді.  Алайда, қандай сөйлеу? Адамдарға пайда әкелетін бе? Әлде, адамдардың арасына от салып, сыртынан аңдып, біреуді мінеп түзеу үшін бе? Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде: «Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне анық сенсе тек қана жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», - деген. Аллаһ тағала үзілді-кесілді түрде тосқан үлкен күнәлардың бірі осы - ғайбат, яғни біреудің сыртынан ол қаламайтын сөздерді сөйлеу. Аллаһ тағала қасиетті кітабы Құранда: «Мұсылман мұсылманның бауыры мұсылман бауырыңызбен араларыңды жақсартыңдар», - деп бұйырған. Ендеше ғайбат адамдардың арасын ажырататын үлкен дерт. Айша (р.а.) анамыздан келген хадисте: «Бірде анамыз уа Аллаһтың елшісі, Сафияның бойының аласалығы туралы қалай ойлайсыз», - дегенде, Рахым Пайғамбары (с.ғ.с): «әй, Айша! Егер сен айтқан сөздерді теңіз суына тастаса теңіз лайланар еді», - деген еді. Бұл жерде Айша анамыз айтарлықтай ауыр сөздер айтқан жоқ, тек азғантай сөзге теңіз суы лайланса, онда қазіргі біздер айтып жатқан ғайбаттан бүтін дүние былғанып жатқан жоқ па?!

Жәбірден (р.а.) жеткен хадисте Аллаһтың елшісімен (с.ғ.с) бірге болғанымызда қолқаны қабар сасық иіс пайда болды, сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) білесіңдерме мынау ненің иісі - деді де, соңынан, бұл мұсылмандарды ғайбаттағандардың иістері - деді. Кейбір ғалымдар қазір неге сол иісті сезе алмай қалдық дегенге, себебі, ғайбаттың көптігінен дүние құдды тері өңдейтін орталыққа айналғандай. Онда жұмыс істейтін адамдар оның ортасында тамақ жеп отыра бергені сияқты деп түсіндіреді. Басқа хадисте: «Әй, тілімен иман келтіріп, жүректеріңе әлі де болса иманның нұры жетпегендер, мұсылмандарды ғайбаттамаңдар, олардың айыбын ашпаңдар. Кім бір мұсылманның айыбын ашса, Аллаһ оның айыбын өз үйінде ашады». Әбу Дәуд те бұл хадистен көргеніміздей ғайбат адамның абыройын төгетін амал екендігін көрсетеді.

Мағдан Аслами жеткізген мына оқиғаға қараңыз! Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір адам келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі, мені зинақорлық жасағаным үшін шариғат жолымен жазалауыңызды сұраймын» - дейді, сонда ол адамға тасборан бұйрылады. Мұны көрген екі кісі, - әй бейшара, үндемегенде мұндай қорлық көрмес еді ғой. Енді міне, ит өліммен өлді, - деп ғайбаттай бастады. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с), сәл уақыттан соң өліп, ісініп кеткен есекті көріп, - «Қайда әлгі екеуі», - деді. Мұндамыз, иә Аллаһтың елшісі – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Анау жатқан есекті жеңдер», - деді. Олар: «Қалай, иә, Расулуллаһ (с.ғ.с), ол өлексе ғой, өлексені қалай жейміз», - дегенде, Пайғамбармыз (с.ғ.с): «Сендер одан да жиіркенішті, мұсылман бауырларыңның етін жедіңдер емес пе! Ол қазір жәннат өзендерінде шомылып жүр», - деген.

Кемшілік атаулыдан пәк Раббымыз, «Хужурад» сүресінде былай деген: «Бір – біріңді ғайбаттамаңдар,  қайсы біреуің өлген баурыңның етін жегенін қалайды. Әрине, жек көресіңдер. Ендеше Аллаһтың азабынан қорқыңдар». Муғаз ибн Жәбәлдан келген хадисте: «Уа, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с)! Маған жәннатқа апаратын, тозақтан алыстататын бір амалды көрсетіңізші», - дегенде, Пайғамбармыз (с.ғ.с): «Сен сұраған амалдың ең үлкені мыналар» - деп, иманды, намазды, оразаны зекетті, қажылықты әмір еткеннен кейін, нәпіл ораза, нәпіл намаз және садақаны айта келе, осылардың барлығын қамтитын амалды айтайын ба? Ол тілге ие болу - деп, өзінің тілін көрсетті. Сонда Муғаз уа Аллаһтың елшісі (с.ғ.с), біз тозаққа тілімізбен сүйрелеміз бе? - дегенде, анам сенің жолыңда құрбан болғай, әй, Муғаз, адамдар тілінің жасаған күнәсі себепті тозаққа ұшырайды - деген. Бұл хадистен көретініміз, бүкіл амалды қамтитын нәрсе тіл екен. Бір шәкірт  өзінің ұстазын ғайбаттап жатқан адамды көріп, оны дереу ұстазына айтады,  мұны естіген ұстазы, оған бір уыс құрма беріп, сен мынаны сол адамға апарып бер, - деген екен. Мұны түсінбеген шәкірті, - неге олай істедіңіз, - деп сұрағанда, ұстазы: - ол менің дүниедегі жаман амалымды өзіне алып жатыр емес пе, сол себепті мен оған дүниеде сыйлық жасадым, - деп даналығын көрсетіпті. Адам біреуді ғайбаттағанда, оның жаман амалы өзіне жүктелетінін білу керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қиямет күні кей адамдардың кітабындағы жақсы амалдары өшіріліп беріледі. Ол адам иә, Раббым, мен амал еткен мынадай-мынадай жақсылықтар қайда? – дегенде, оған сенің амалдарың адамдарды ғайбаттау себепті өшірілген делінеді. Егер біздің жасаған барлық амалдарымыз ғайбат себепті өшірілсе, оған мүлде жоламағанмыз абзал.

Пайғамбармыз (с.ғ.с) айтады: «Мен Жәбірейілмен (ғ.с) миғражға көтерілгенімде бір қауымның қасынан өттім. Олардың жез тырнақтары бар, олар өздерінің беттерін және кеуделерін жұлып жатты. Сонда мен, - бұлар кімдер, - дедім. Олар адамдарды ғайбаттағандар, - деді. Көріп тұрғанымыздай ғайбат, екі дүние қасіреті екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім екі жағы мен екі аяғының арасындағыны сақтаймын деп, куәлік берсе, мен оның жәннатқа кіруіне куәлік етемін», - деген. Сөз соңында Аллаһ тағаладан сұрарымыз, бізге тек қана жәннаттық амал жасап, ғайбат атаулыдан алыс жүруді нәсіп етсін.

Серікхан Ахмадиев
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі
бойынша және «НҰР» орталық
мешітінің Бас имамы 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат