Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Әсет Ануарбеков: БЕТАШАРДАҒЫ ИІЛУ

11.09.2014 2019 0 пікір

Дін мен дәстүр

БЕТАШАРДАҒЫ ИІЛУ

Беташар - қазақтың ежелден келе жатқан ізгі құндылығы бар ұлттық салт-ғұрыптарының бірі. Ата-бабаларымыз сан ғасырлардан бері, Ислам дінін ұстануымен қатар осындай ізгі дәстүрлерді ұстанып келеді. Алайда соңғы кездерде мұның Ислам шариғатына қаншалықты сай екендігі мәселесі күнтәртібіне еніп отыр.

Мұны анықтау үшін ең алдымен Ислам шариғатында салт пен әдет-ғұрыптың орны қандай екендігін анықтап алуымыз қажет.

Жаратқан Алла Тағала Құранның көптеген жерінде жалпы үкімді ғана беріп, ал оның егжей-тегжейін адамдардың өз жергілікті ғұрыптарына қалдырады:

Мысалға:

 وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلاَدَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَن يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ وَعلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ لاَ تُكَلَّفُ نَفْسٌ إِلاَّ وُسْعَهَا لاَ تُضَآرَّ وَالِدَةٌ بِوَلَدِهَا وَلاَ مَوْلُودٌ لَّهُ بِوَلَدِهِ وَعَلَى الْوَارِثِ مِثْلُ ذَلِكَ فَإِنْ أَرَادَا فِصَالاً عَن تَرَاضٍ مِّنْهُمَا وَتَشَاوُرٍ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْهِمَا وَإِنْ أَرَدتُّمْ أَن تَسْتَرْضِعُواْ أَوْلاَدَكُمْ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِذَا سَلَّمْتُم مَّا آتَيْتُم بِالْمَعْرُوفِ وَاتَّقُواْ اللّهَ وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ 

«Емізуді толық тәмамдағысы келетіндерге емізу мерзімі тура екі жыл. Ал олардың(анасы мен нәрестенің) нәпақасы мен киімдері ғұрып бойынша баланың әкесіне тиісті. Ешкімге күші жетпейтін жауапкершілік артылмайды. Ана да әке де баласы тұрғысында зиянға ұшырамасын. Мұрагерлікте де осылай. Егер араларында өзара келісіммен оны емізуден шығарғысы келсе, екеуіне де сөгіс жоқ. Сондай-ақ егер басқа бір әйелге еміздіргілерің келсе төлемақысын ғұрып бойынша өтейтін болсаңдар сендерге ешқандай айып жоқ. Алладан қорқыңдар және Алла барлық істегендеріңді көріп-бақылаушы екенін біліңдер». (Бақара сүресі 2/233)

Осындай аяттар Құранда көптеп кездеседі. Неке мәселесінде, мәһір мәселесінде, ажырасу мәселелерінде «ізгі ғұрыппен» деп келеді.

Демек Ислам шариғатында ғұрып, салт-дәстүрлер ізгі сипатта болса және Исламға қайшы болмаса оларды жалғастыруға болады, тіпті қажетті.

Ислам дініндегі шариғи үкімдердің кейбіреуі Исламнан бұрын да бар болған араб дәстүрлері екендігін білеміз. Айталық:

Ақиқа - (бесік той) пайғамбарымыз туылғанда атасы Абдулмутталиб қой сойып, дастархан жайғандығы және бұл ізгі шара Исламнан бұрын да араптар арасында ақиқа деп аталғандығы риуаяттарда айтылады. (Қараңыз: Имам Зәһәбидің тарихы)

Харам айлар – олар да Исламнан бұрын араб дәстүрінде болған үкімдер.

Өлген адамның туыстарына көңіл айту – ежелден келе жатқан адамзаттың ізгі дәстүрлері.

Мұндай мысалдардың тізімін көбейте беруге болады. Ұлттық дәстүрлерімізге келер болсақ,  Беташардың мәні - келінді өзі келін болып түскен әулетке таныстыру болып табылады. Беташар кезінде туыстарға сәлем салынып, келін иіледі. Мұндағы сәлем салу табыну емес, жәй ғана танысу сәлемі, құрмет сәлемі болып табылады. Егер Алладан басқаның алдында иілудің бәрі харам болса, Алла Тағала періштелерге Адам атамызға сәжде қылуларын бұйырмас еді:

«Сол кез періштелерге Адамға сәжде қылыңдар!-дедік. Бәрі сәждеге иілді, тек қана Ібліс даңдайсып, тәкаппарланды». (Бақара сүресі 2/34)

Оның да сәжде қылмауының түбінде Алладан өзгеге сәжде қылмаймын деген тәкаппарлық жатыр еді. Алла Тағала оған: «Өз қолыммен жаратқаныма неге иілмейсің?» (38/75) деп сұрауы Алланың жаратқанына құрмет көрсету қажеттігін аңғартады.

Сондай-ақ Юсуф пайғамбардың алдында иілген он бір бауыры мен ата-анасы оның өздерінен артық жаратылған Алланың сүйікті құлы екендігін мойындап, бір жағынан кешірім сұрау ниетінде иілген еді. (Қрңз: 12/100)

Ислам кішіпейілділікті насихаттай отырып, мұсылманның өзге мұсылмандар алдында, әсіресе өз туыстары алдында кішірейуін бұйырады. Келінді о бастан биязылыққа тәрбиелеуді мақсат тұтатын қазақтың игі дәстүрлерінің бірі беташардың игі тұсы бұл ғана емес. Келінді беташар арқылы барша әулетке таныстыру да оның негізгі мақсаттарының бірі. Сондай-ақ келін де сол арқылы қайсысы қайын атасы, қайсысы анасы, қайсысы қай туысы екендігін ажыратып алады. Бұл неке тойының қызығын да арттырады. Пайғамбарымыздың хадистерінде некелеріңде даңғыра ойнап, дабыл қағып, ауылға естіртіңдер деп бұйырылған.

«Некелеріңді жария етіңдер. Мешітте неке қиып, даңғыра ойнап, естіртіңдер!»(Тирмизи, неке, 6) Мұның мақсаты халық үйленгеніңді және  кімге үйленгеніңді білуі керек. Кім-кімнің әйелі, кім-кімнің күйеуі екендігін жұрт білуі керек. Неке тойының басты мақсаты сол. Әрі келіннің сәлем салуы бұл біздің қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінің, мақтануға тұратын салттарының бірі. Егер салтымыз болмаса, тіліміз болмаса, ұлттық нақышымыз болмаса Хужурат сүресінің 13-ші аяты кім үшін аятылған? 

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوباً وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Ей адамдар! Расында сендерді (ортақ) бір ер мен әйелден тараттық және бір-бірлеріңмен танысып-білісерсіңдер деп сендерді халықтар мен руларға бөлдік. Шүбәсіз Алланың алдында ең қадірлі-қастерлілерің тақуалығы басым болғандар». (Хужурат сүресі 49/13)

Олай болса беташардағы келіннің сәлем салуы Аллаға серік қату емес. Керісінше ізгі бір дәстүр. Тек кез-келген ісімізде адамгершілік шегінен тысқары шықпауға мұқият болғанымыз игі.

«Шүбәсіз Алла білуші, хабардар». (Хужурат сүресі 49/13) 

Ануарбеков Әсет 
Алматы орталық мешітінің ұстазы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат